.

55 мың шақырым жолды жүріп өткен саяхатшы

Жуырда ғана Кіші (умра) қажылыққа велосипедпен барып қайтқан белгілі саяхатшы Талғат Жұмабеков «National Geographic Qazaqstan» журналының Нұр-Сұлтандағы бас кеңсесіне арнайылап келіп, алдағы жоспарымен бөлісті.

50 жастағы жиһангездің сөзіне қарағанда, әлемді аралауға арнаған төртінші сапары барысында ол Солтүстік және Оңтүстік Америка құрлығын толықтай велосипедпен кесіп өтпек. Нақтырақ айтар болсақ велошабандоз маусым айына (сапар бір айға созылады) жоспарланған келесі сапарында Алясканың (АҚШ) Солтүстік мұзды мұхитымен түйісетін тұсынан түсіп келіп, Аргентинаның Антарктида жарты аралдарымен шектесетін Горн мүйісіне дейінгі аралықты жүріп өтпек.

«Өзім аралаған барлық елде біздің мемлекетімізді, тіліміз бен дәстүрімізді насихаттап жүремін. Бір қуанарлығы Еуропа елдері, Азия мен Африка, Парсы шығанағы мен ТМД елдері маған жылы шұрай таныта отырып, жақсы қарсы алып отырды. Арасында өзіміздің қаракөз қандастар да кездесіп қалып жатты. Ұққаным әлем халықтары біздің мемлекетті біледі, әрі сыйлайды екен», – деді Талғат Жұмабеков.

Саяхатшы кейінгі 5 жылда 40-тан астам мемлекетте болып, 55 мың шақырым жолды артқа тастаған. Оның айтуынша, сапар барысында ауа-райының құбылуына байланысты орын алатын қиындықтармен қатар, бір елдің аумағынан екіншісіне өтерде құжатқа қатысты түрлі кедергілердің болып тұруы заңды. «Кез келген сапардың өз қиындығы мен тауқыметі болатыны белгілі. Саяхаттаудан ләззат алғысы келген адам қандай да қиындыққа қасқая қарсы тұра білуі қажет. Сонда ғана алдыңа қойған мақсатыңа да, арманыңа да жетесіз», – деді велошабандоз.

Талғат мырза осы жолғы сапары барысында қысқаметражды фильм түсіріп қайтпақ.

Фото: Ерболат Шадрахов

0
       

Пікір жазу

Кіру
*
*



Тіркелу
*
*
*
Жаңа құпия сөз