ЗЕРТТЕУ

Су сапасына қатысты соғылған қоңырау

Америкалықтардың төрттен бірі ішетін судың құбыр жүйелері қауіпсіздік туралы заңнама талаптарына сай келмейді.

Кіші қызым су ішкісі келетінін айтқан кезде асүйдегі шүмек суынан беремін, өйткені оны таза әрі қауіпсіз деп есептеймін. Іс жүзінде, көбісі солай ойлайды. Алайда, бұл рас па?

22 наурыз біз үшін Ұлыстың ұлы күні болғанымен әңгіменің әлқисасы тура осы күнге белгіленген Дүниежүзілік су күні мен АҚШ-тың ауызсу мәселесі туралы болмақ. Америкалықтардың долбарлап айтқанда 1/4-і ішетін су АҚШ-тың «Қауіпсіз ауыз су туралы» Заң талаптарына сай келмейтін су жүйелерінен келеді. Талаптарды орындамау су сапасын тексерудегі олқылықтардан бастап, су құрамында қорғасын мен күшәланың қауіпті деңгейде болуына жол беруге дейін барады. Бұл шағын елдімекендерден бастап, үлкен қалаларға дейін белең алған.

Ел бойынша су жүйелері ескірген, олардың күтімі нашар әрі жаңартуға ауадай мұқтаж. Бұдан да сорақысы, олардың кейбірі қызметін дұрыс атқармайтын мекемелердің қарауында. Осындай біліксіздік, әлеуметтік-экономикалық және нәсілдік бөлініс сол аймақтың тұрғындары ауызсудан ауырып-ауырмауын анықтайтын фактор болып табылады. Өкінішке орай, үйімізде ағып жатқан су таза деуге келмейді.

Ластану көзі мен оның денсаулыққа әсеріне қарай ол түрлі ауру тудыруы мүмкін. Нейрологиялық проблема, бала дамуының бұзылуы (қорғасын салдарынан), гармондардың бұзылуы (перхлораттар), сондай-ақ тері, қуық пен бүйрек қатерлі ісіктеріне шалдығу (күшәла салдарынан) ықтималдығы көбейді.

Таза су – әр адамның құқығы. Ол адамның түсі мен табысына қарамауы керек. Америкада 1974 жылы қабылданған «Қауіпсіз ауыз су туралы» Заңы барлық қоғамдық су жүйелеріндегі ластаушы заттардың мөлшерін бекітті. Осы федералдық заңдар елдің экологиялық деградациялау деңгейі шектен шыққан кезде қабылданған еді.

Осы заңдар және де штат пен қала деңгейіндегі басқа да нормативтік-құқықтық нормалар ластану деңгейін азайтып, қоғамдық денсаулық мәселелерін шешуге үлкен үлес қосты. Бұған қарамастан, өңірдің жағдайы мәз емес. Мәселен, Пуэрто-Рико суының сапасы сын көтермейтіні сонша ол бүкіл АҚШ бойынша судың тазалығы жөнінен соңғы орында тұр. 2017 жылғы «Мария» дауылына дейін де жағдай осындай болған. Мен қызмет ететін Табиғи ресурстарды қорғау кеңесі (ТРҚК) деп аталатын ұйым жүргізген талдау 2015 жылы пуэрториколықтардың түгелдей дерлігі АҚШ-тың «Қауіпсіз ауыз су туралы» Заң талаптарына сай емес су жүйелерінің суын және олардың шамамен 70 пайызы ішек таяқшасы, залалсыздандырудың жанама өнімдері мен т.б. заттармен ластанған көздерден алынатын шүмек суын пайдаланатынын көрсетті.

«Мария» дауылы толық масштабты гуманитарлық дағдарыс тудырды. Адамдарда ауызсуды токсикалық көздерден алудан басқа амал қалмады. Нәтижесінде олар іш ауруларымен жан сақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Қазірдің өзінде, дауылдан кейін бір жыл өтсе де, пуэрториколықтарға суды қайнатып ішу қажеттілігі жөнінде ескертілуде.

Климат өзгерісі дауыл сезондарының интенсивтілігі мен ұзақтығын арттыруына байланысты Пуэрто-Риконың жағдайы нашарлайтыны анық. Бұл аралдың су мен электр тоғы инфрақұрылымына дәл қазір инвестиция салуымыз қажет екенін білдіреді.

Америка бойынша таза ауызсумен қамтамасыз етудің алғашқы қадамы – ақпараттандыру. 2016 жылы Нью-Йорк штаты АҚШ-тағы ауызсудың құрамындағы қорғасынды тексеруді талап еткен алғашқы штат болып тіркелді. Бұл талап «Қауіпсіз ауыз су туралы» Заңда қарастырылмаған.

Тексеріс Нью-Йорк штатының 82% орта мектептеріндегі ағып жатқан ауызсуында қорғасын деңгейі рұқсат етілген мөлшерден асатынын көрсетті.

Қорғасын туралы деректерге ие бола отырып, орта мектептерінде оқитын 2,7 млн. баланы қорғап, өзгелерге үлгі болуға штаттың мүмкіндігі бар.

Қорғасын тақырыпқа арқау болғанмен де, бұл мәселенің басы ғана. Тіміскілеген сайын, ластаушы заттар тізімі де шұбатыла берері анық: Висконсин сүт фермалары маңайындағы ішек таяқшалары, Айова өзендеріндегі тыңайтқыштардың нитраттары, Охайо, Оклахома, Пенсильвания мен Солтүстік Дакота сияқты штаттардағы қойнауқатта пайдаланылатын гидрожарылыс флюидтеріндегі қорғасын, сынап пен уран. Тефлон құрамындағыдай улы химикаттардың кең таралғаны соншалық, олар АҚШ халқының 98 пайызынан және әлемдегі кез келген халықтың қан құрамынан табылады (Тақырып бойынша көбірек мағлұмат алу үшін алдыңғы беттегі «Перфторакилдік және полифторакилдік химиялық заттар: көбіміздің ағзамыздағы химикаттар» мақаласын оқыңыз не thedevilweknow.com вебсайтын ашыңыз).

Күрмеуі қиын түйткілдің түйіні тарқалмастай болғанымен бір жағадан бас шығарсақ, шешілмейтін мәселе жоқ. Ол үшін қарапайым нәрседен бастау керек, айталық, қорғасын құбырларды алмас­тыру және тозығы жеткен басты су магис­тральдарын жөндеу. Артынша ауызсу жүйесіне түспес бұрын сарқынды судың жақсырақ тазалануы үшін көп деңгейлі фильтрация мен өңдеу процес­терін қамтитын ескірген су инфрақұрылымын модернизациялау. Ластаушы заттардың заңмен қадағалануын арттырып, ауыз суды қорғау талаптарын күшейту және су сапасын тексеруді оңтайландыруымыз қажет. Осының барлығын орындай отырып, ел бойынша табысы жақсы жаңа жұмыс орындарын да ашуға болады.

Өткен екі сайлауда қалай дауыс берсеңіз де сіз ластанған ауызсу үшін дауыс берген жоқсыз. Сондықтан, бәріміз бірге үкіметті осы мәселеге жа­­уапты етуіміз қажет. Мұны Уашингтондағы биліктен бастай аламыз. Меніңше, олар халық денсаулығы мәселесінде өз жауапкершіліктерін жеңілдетуге тырысып бағуда.

1970 жылы миллиондаған америкалықтар көтеріліп, қоршаған ортаны қорғау мен денсау­лық сақтауды күшейтуді талап етті және соған қол жеткізді де. Шамамен 50 жылдан кейін тағы бір сілкінуіміз қажет боп тұр.

Осы тұста мәселе бізге тіреледі. Сіз таза табиғат үшін көшеге шеруге шыққандарға қосыла аласыз. Өзіңіз тұратын жердің су мәселелерімен қаныққаннан кейін су ресурстары басқармасының жалпы жиналыс не қоғамдық тыңдау шараларына қатысуыңызға болады. Өз өңіріздегі құзыретті органдарға қоңырау шалып, су сапасы сізге және отбасыңызға маңызды екенін айта аласыз. Таза суға деген құқығымызды қорғау – бұл сіздің таңдауыңыз.

Автор: Ри Су, иллюстрация: Даду Шин


Ри Су қатарында екі миллиондай мүшесі бар қоршаған ортаны қорғау саласындағы «Табиғи ресурстарды қорғау кеңесінің» президенті. Осы лауазымға дейін ол жер ресурстарын қорғау, климат өзгерісі секілді мәселелермен айналысқан.


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе,
shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

0
Кіру
*
*



Тіркелу
*
*
*
Жаңа құпия сөз