САЯХАТ

Оғаш кескіндер ошағы

Венецияда жүріп, фотограф қалыптан тыс дүниеге куә болды. Оның жаралы жанына шипа болған қаланың судағы қисайған көрінісі еді.

лемнің шегімен кезіккенде XVI ғасырдағы еуропалық картограф кішкентай мыс глобусқа «Абайлаңыз: шекараның сыртындағы дүние зерттелмеген әрі қауіпті. Бұл жерде айдаһарлар бар» деген ескерту жазған.

Жапониядағы гейшаның құпия өмірі, адам саудасындағы трагедиялық жағдай… Мен өмір бойы белгісіз әлемді фотоға түсірумен келемін. National Geographic журналының тапсырмасы бойынша Венецияғы аттандым. Онда зерттелмеген, таңсық дүние жоқ. Әрбір кірпіш, әрбір соқпақ, 400 көпірдің түгелі картаға түсірілген. Фотоаппарат ойлап табылғалы мұнда келіп, төмендегі гондола мен судағы шағылысқан бейнелердіі суретке түсірмеген фотограф қалмаған шығар, сірә! Несін жасырайын, Венециядан түк таппаймын деп ойладым.

Судан төнген қауіп пен венециялықтардың мұның алдын алу әрекеттерін құжаттау менің басты тапсыр­мам еді. Өкінішке орай, мен түсірген шағылысқан бейнелерде сұрағымның жауабы жоқ еді.

Түндердің бірінде телефоным шырылдап сала берді. Ағам екен. Ол анамның ауруханаға түсіп қалғанын, сол себепті де менің шұғыл түрде ауылға қайтуым керектігін айтты. Анам өз заманының әйелдер арасындағы алғашқы жиһангездің бірі. Ол Вайомингтегі көмір шығаратын қалашықты артта тастап, әлем шарлап кеткен кезінде қолында мен, қасында әкем және екі ағам бар екен. Қорқу мен шаршауды білмейтін анам менің де өзімше «пионер» болғанымды қалайтын. Анам менің саяхатқа деген құштарлығымды тудырып, үнемі қолдайтын. «Төмен қарама, әрекет ет! Үлкен құрдымды екі аттап өте алған ешкім жоқ!» – дейтін ол маған.

Мен Венецияға оралдым. Бірақ шіркеуде жағылған шамдар мен канал бойындағы жаназа қайығын көріп, Шіркеудегі хор дауысын естігенде аза бойым қаза болардай еді.

Каналдардағы шағылысқан бейнелер түсіндіре алмайтын бір жолмен мені баурап алды. Оларды суретке түсіру үшін жиі тоқтадым. Уақытым құр бекерге жұмсалып жатыр деп ойлаған жанымдағы италияндық көмекшім мұндайда абдырап қалатын, өйткені ол мұндай абстрактілі фотолар журнал бетіне басылмайтынын білетін. Алайда ол сұрақ қойған сайын мен де қырсыға бастадым. Ара-тұра шыққан көз жасымды көрсетпес үшін оның көзінен таса жүріп те сурет түсіргенім бар.

Жұмысымның нәтижелерін көрсету үшін Уашингтон қаласына оралғанымда жеке әрі кәсіби өмірімде басқа да бірнеше оқиға орын алып үлгерген еді.

Дей тұрғанмен күзге жоспарланған, реті бойынша соңғы тағы бір сапарым бар еді: бұл жолы acqua alta, яғни маусымдық су тасқынын түсіруім қажет еді. Бұл мезгілде ауық-ауық Венеция көшелерін су басып қалатын. Бұрын болмаған шағылыстарға куә болып, сол бейнелерден жаным жай табатын еді. Самал жел не жүзіп өткен қайықтың қозғалысынан кенет түстері мен оюлары өрнектеліп кететін қою қара судың тербелісінен тұңғиық ойға шомып, айналада жападан жалғыз қалғандай сезінетінмін.

Венециядағы маусымдық су тасқыны кезінде Әулие Марко алаңындағы басқаларына қарағанда анығырақ көрінетін ғимараттың шағылысқан бейнесі. Осы күнге дейін Кобб алдыңғы беттегідей абстрактілі фотоларды өз қорында сақтап келді.

Тапсырмам біткен кезде осы шағылысқан суреттерді ешкімге көрсеткен жоқпын. Жасырын әлемді   жаным қалап түсірген фотоларда ешкімнің шаруа­­сы да болмас еді деп ойладым. Сондықтан бұл кадрларды ұмытып та кеттім.

Бұл суреттерге компьютерімді шарлаған басым тек бес жылдан кейін қайта тап болады. Оларды өңдей бастағанда сурет арасынан оғаш дүниелер шыға бастады: ақылға қонымсыз аңыздағы айуандар, мультфильм кейіпкерлері, карнавал маскалары, жылан мен гротескілік фигуралар. Осыншама уақыт бойы олар менің қиялымды «іске» қосқанымды күтіп жатыпты. Кім біледі, бәлкім, өзгенің айтқанынан алшақтап, фотография мен өмірдегі өз бағытымды табуға, өз жүрегімнің түкпіріндегі дүниені зерттеуге батылдығымды қайраған да солар шығар?!

Автор және фото: Джоди Кобб


114 Views
Authorization
*
*



Registration
*
*
*
Password generation