ЗЕРТТЕУ

Көлеңке кезгендер

Қалдық бар да, егеуқұйрық та бар.

Егеуқұйрықтар біздің көлеңкеміз сияқты. Біз жердің үстін мекен етсек, олар астында тіршілік етеді. Біз, көбіне, күндіз жұмыс істесек, олар тас қараңғыда жорытып жүреді. Қалай болғанда да, адам өмір сүретін жерлердің бәрінде дерлік егеу­құйрықтарды кездестіруге болады. Мен туып-өскен Сиэтлде егеуқұйрықтар кәріз құбырлары ішіне өрмелей алатындығымен ерекшеленеді. Дәл қазір менің туған қаламда ұзын, үсті-басы малмандай норвегиялық егеуқұйрық танауын унитаздың суынан шығарып тұрған болуы бек мүмкін. Сиэтлде қара егеуқұйрық та кездеседі. Олар ағашта өмір сүріп, телефон сымдарының бойымен зымырауға бейімделген. Орта ғасыр­­да оба ауруын таратқан да осы егеуқұйрық болатын. Бір сарапшының айтуынша, соңғы онжылдықта Сиэтл мен Буэнос-Айрес арасындағы қалалық кеміргіштің саны 15-20 пайызға артқан. Көгершін, тышқан, торғай, өрмекші сияқты көбейіп жатқандары ішінде ең табыс­тысы – осы егеуқұйрық. Олар жиіркеніштілігімен әрі арамзалығымен де танымал. Олар қаланың тозығы жеткендігінің белгісі әрі індет тасушы ретінде қабылданады. Қорқыныш пен жиіркеніш тудыруда егеуқұйрық кез келген қалалық тіршілік иесін басып озады. Біз де оларды жек көреміз. Бұл кішкентай құбыжық шынымен осыған лайық па? Олардың бойындағы біз жек көретін ластық, көбейгіштік, аман қалуға деген адам нанғысыз ептілік қасиеттері біздің бойымыздан да табылады. Олардың жиіркеніштілігі өзімізге тартқан. Көп жерлерде егеуқұйрықтар біз тастаған қоқыс пен біз елеусіз қалдырған қалдықтың арқасында тіршілік етеді.

Нью-Йорк, егеуқұйрықтар кәріз жүйесінде түнгі аңшылыққа шығуға дайындалуды. Кеміргіштерді зерттеуші Бобби Корриганның айтуынша, соңғы онжылдықта қаладағы егеуқұйрықтардың саны 15-20%-ға артқан. Жеуге жарайтын ас қалдықтары көп шыққан сайын, сол жердегі егеуқұйрықтардың да саны артады.

Кеміргіштерді зерттеуші Бобби Корриган: «Бәріне кінәлі мына өзіміз. Біз өз үйімізді таза ұстамаймыз», – дейді.

Корриган – қалалық егеуқұйрықтарды зерттеудің жетекші сарапшысы. Ол 1981 жылдан бері осы кеміргіштерді зерттеп, дүниежүзі бойынша егеуқұйрықтармен алысып жүрген қалалар мен компанияларға консультациялық қызмет көрсетеді. Сиэтлде егерқұйрықтардың дабыл қағарлықтай деңгейде – «әжетханаларда пайда болғанын» маған айтқан да сол.

Онымен rattus астанасына айналған оңтүстік Манхэттеннің саябағындағы көгалда кездестім. Корриган басына каска, үстіне неонды сарғылт түсті желетке киіп алған, ал қойнына дәптерін қысып алыпты. Оның бұл саймандары бізге гүлзарлар мен метро туннельдерінен еш кедергісіз өтуімізге көмектеседі. Корриган Лонг-Айлендте туып өскен.

Нью-Йорк. Егеуқұйрықтар төменгі Манхэттеннің төңірегіндегі қоқыс жәшігін тіміскілеуде. Жергілікті тұрғындардың ғана емес, Таймс-сквер, мейрамхана мен театрға, шалғайдан келушілердің жеуге жарамды қалдықтары егеуқұйрықтардың өсіп-өніп, тез тарауына сеп болып отыр.

 

Ньюйорктықтар дене бітімі иттен кем түспейтін егеуқұйрықты көргендерін әңгіме еткенді жақсы көреді. Дегенмен, Корриган естіген Ирактан келген ең үлкен егеуқұйрықтың салмағы 816 грамм екен. Ол кімде-кім салмағы бір килограммдық егеуқұйрықты тапса, соған $500 беретінін айтқанымен, бұл соманы әлдекімнің иеленетініне оның күмәні бар.

Бүгінде «сұр не қоңыр» деген атымен танымал – Rattus norvegicus, яғни норвегиялық егеу­құйрық Нью-Йоркта ең кең таралған түрі. Денесінің ең үлкен тұсы бас сүйегі болып табылатын осынау сұр егеуқұйрықтар өздерінен сәл ғана үлкен кез келген қуысқа сыйып кете береді.

Сұр егеуқұйрықтар жақындарымен тіршілік етеді. Олар бір мезетте екіден он төртке дейін төлдеп, азын-аулақ аумақты ғана айналсоқтап жүреді. Оныншы аптада олар індерінен шығып, шағылысатын жұп іздеуге кіріседі.

Корриган екеуіміз егеуқұйрықтардың ізіне түстік. Сот ғимаратының жанындағы гүлдер егілген топырақты ол етігімен ақырын әрлі-берлі жүріп, басып көрді. Асты босаңдау жерді байқаса, орнында бір-екі рет секіріп қояды. Бір кезде, жақын маңдағы қуыстан бір егеуқұйрық атып шығып, қаша жөнелді. Сол сәтте мен өзімді біртүрлі сезіндім. Алайда ньюйорк­тықтардың басым көпшілігі бұл зиянкестің түбегейлі құрығанын қалайды.

Уашингтон. Құстарға да зиянын тигізетін уға балама – арнайы жаттықтырылған паттердейл- терьер төбеттері егеуқұйрықтармен алысуда. Өз иттері жайлы «Зиянкестермен бірегей күрес» компаниясының негізін салушылардың бірі Скотт Маллани: «Олардың бәрі кеміргіштің көзін жоюды қалайды», – дейді.

Корриганмен егеуқұйрық аулауға шығардан бір апта бұрын қала мэрі Билл Де Блазио «Жаңа қатаң жою» жобасын қолға алған еді. Ол жобаға бөлінген 32 миллион АҚШ доллары қаладағы егеуқұйрық санын 70%-ға дейін азайтуға бағытталған.

Көптеген қалалар бұл зиянкестердің көзін у қолдану арқылы жоюға тырысады. Корриганның айтуынша, улы заттар тиімсіз. Бір-екі тістеген соң жайсыздықты сезінген егеуқұйрықтар оған екінші мәрте жақындамайды. Жою индустриясы бұл сүтқоректілерді бірден өлтірмейтін антикоагулянттар, яғни қанды сұ­­йылтқыштарды қолданады. Одан егеуқұйрықтар іштей қансырап, біртіндеп, яғни ұзақ қиналып барып өледі. Мұндай тәсілді суқаны сүймегенімен Корриган үшін бұл зиянкес тарататын кесел мәселесі әлдеқайда маңызды. Сондықтан, ол клиенттерімен білімін бөлісуін жалғастыра береді.

Әрі қарай біз Трибека саябағына ауыстық. Корриганның айтуынша, онда егеуқұйрық аңшылықты меңгеріп, кептерді ұстап алудың айла-тәсілдерін үйренген. Десе де бүгін түнде саябақтың іші тыныш. Бұған себеп әлгінде ғана қала жұмысшылары егеуқұйрықтардың індеріне құрғақ мұз бен мұздатылған көмірқышқыл газын тастап шыққаны болса керек. Корриганның айтуынша, бұл егеуқұйрықтарды өлтірудің гуманды жолы. Еріген мұздан шыққан көмірқышқыл газы іннің ішін толтырады. Оны иіскеген егеуқұйрықтар терең ұйқыға кетеді де, қайта оянбайды.

Қорек іздеп, үйге түскен егеуқұйрықты өлтіретіндердің санаулысы ғана бұл күрестің уақытша әрі жергілікті сипатпен шектелмейтінінен үмітті. Корриганның айтуынша, бұл зиянкестерді улағаннан кейін, аман қалғандары індерді қайта толтырғанша көбейе береді, ал жаңа ұрпақ түн ауа Нью-Йорк жаяу жолдарына тасталған көптеген қоқыс қаптарын тауып алып, тіршілігін жалғастыра береді. Қалалар қоқыс-қалдықтарға деген түсінікті түбегейлі өзгертпейінше, Корриган айтқандай, «бұл соғыста егеуқұйрықтар жеңіске жете бермек».

Сұр егеуқұйрық алғаш Азия далаларында пайда болған деседі. Олар адамдарға ілесе өмір сүрсе, аш қалмайтындарын сол жақта үйренген болуы мүмкін. 1500 жылдары олар Ұлы жібек жолы арқылы Еуропаға әкелінген («норвегиялық» деген қате атау егеуқұйрыққа толы норвегиялық кеменің Англия портына келіп тоқтаған кезде пайда болса керек). Бұл кеміргіш бүгінгі АҚШ аумағын онда адам аз тұрғанда – 1750-ші жылдардан бастап жаулай бастаған.

Иттер кей егеуқұйрықтарды аллеяға тасталған жыртық кілемнің астына қуып келгеннен кейін, олардың адам әріптестері зиянкес қашып кетпес үшін қолдарына хоккей мен лякросс таяқтарын алып, кеміргіш жолын бөгейді. Ал індеріне тығылмақ болғандарын адамдар күрекпен қазып шығарады.

Шатыр немесе қара егеуқұйрық атауымен де белгілі Rattus rattus бүкіл әлемге тараған түрдің бірі. Олар үнді субконтинентінде пайда болып, біз егіншілікпен айналыса бастағалы, яғни соңғы мыңжылдықта адамдардың ортасына бейімделген болуы мүмкін. Егеуқұйрық Еуропаға 300 жылы Рим империясының құлдырауы қарсаңында жеткен.

Сұр мен қара егеуқұйрықтар саудагерлермен бірге әлемді шарлап жүріп, қалдығымызды жеп, азығымызды ұрлау үшін тұрақтады. Бүгінде Африканың әрбір орташа фермасы өнімінің 15%-ы осы зиянкеске жем болады. Азияда жалпы кеміргіштердің жылдық жейтін күріші 200 миллион адамды тамақтандыруға жетер еді.

Rattus-тың үшінші түрі – кішкентай егеуқұйрық – тіптен басқа әңгіме. Таити мен басқа аралдардан келген полинезиялық зерттеу­шілер оларды талғажау ету үшін әдейі әкелген. Олар егеуқұйрық конфиін жасау үшін оны өз майында қуыратын болған, ал терісінен әдемі жамылғылар жасаған.

Полинезиялықтар Тынық мұхит аралдарын жаулап алған кезде, кішкентай кеміргіштер олармен бірге жаңа аралдарға қоныс аударады. Егеуқұйрықтардың генеологиялық шежіресі аралдардың қашан әрі қандай кезекпен ашылғанын анықтауға өз үлесін қосқаны да бар. 1200-1300 жылдары полинезиялықтар мен олардың компаньондары жарқанаттардан басқа ешқандай сүтқоректі кездеспейтін Жаңа Зеландияға аяқ басты.

Шалғайдағы кей шағын аралдарға егеу­құйрықтар басқыншылардан кем емес залал келтірген. Пасха аралында олар жаңғақтың түгін қалдырмай, пальмаларды жойған деген күдік бар. Басқа аралдарда олар теңіз құстарының жұмыртқасы мен балапанын жеп, олардың тіршілігіне қауіп төндірген.

Кеміргіштерді құрту тақырыбына оралсақ, табиғат жанашырлары бірінен соң бірі үлкен аралдарда амбициялы улау кампаниялары арқылы егеуқұйрықтардың көзін жоюға тырысып келеді. Антарктидаға жақын маңдағы 3900 шаршы шақырымды алып жатқан оңтүстік Георгия егеуқұйрықтардың көзін жоюдан рекорд жасады. Бес жыл бойы 13 миллион долларға аралдың қатып қалған ландшафтысына 300 метрикалық тонна у тасталғаннан кейін, 2018 жылдың мамырында аралда егеуқұйрықтың қалмағаны жарияланды. Бұл зиянкестің қырылуымен табиғат жанашырлары аралда альбатрос, қаратұмсық, бізтұмсық шағала, дауылпаз, оңтүстік георгиялық жадырақ, бізқұйрық үйректердің саны күрт көтеріледі деп жорамалдап отыр.

Раптор, Хула, Дерби, Минкс есімді төбеттердің арқасында сол түні бір сағаттың ішінде қала бақандай 31 егеуқұйрыққа кеміді. Минкстің бір өзі он минуттың ішінде 17 зиянкестің түбіне жеткен кездер болды. Иттерге деген сұраныс жоғары. Олар Уашингтонның әртүрлі аймағында аптасына бірнеше түн егеуқұйрық аулайды. Бұл тәсілге куә болғандар, әдетте, оларға қошемет көрсетіп жатады.

Жаңазеландиялық арал халқының мақсаты тіпті зор. Олар қақпан мен улы жемді аралдың 260 000 шаршы шақырым жеріне шашып, егеу­құйрықтың көзін жойып, жергілікті сирек кездесетін құстарды, соның ішінде символдық құс – ұшпайтын кивиді сақтап қалуды көздеп отыр.

Мен ел астанасы Веллингтонда егеуқұйрығы жоқ алғашқы шұратқа мойын бұрдым. Аумағы 225 гектардан асатын қорықтың аты – Зеландия екен. Ол биіктігі екі метрлік металл қоршаумен қоршалған. Тордың тығыздығы сонша, арасына егеуқұйрықтың сыюы екіталай. Қорық ұшпайтын алып құс такахе мен жабайы хихи секілді сирек кездесетін құстардың мекеніне айналған. «Ғаламдық қала ландшафтысында Зеландия – мақтануға тұрарлық феномен, себебі бұл – қала биологиялық әралуандылыққа кенде деген түсінікке кереғар», – дейді қорықтың табиғат қорғау жөніндегі менеджері Даниель Шэнахэн.

Қорықтағы жергілікті құстардың саны артқалы олар қоршаудың сыртына шыға бастады. Мұны ескерген жаңазеландиялықтар құстардың көбеюіне қолайлы тіршілік ортасын, яғни «қасиетті орын» қалыптастыру мақсатында Зеландияның айналасындағы саябақтардағы егеуқұйрықтар мен өзге де жыртқыштарға қарсы соғыс ашып, азаматтық топтар құруда. Бүгінде веллингтондықтар демалыс күндерін кеміргіштерді өлтіру отрядымен зиянкестерге қақпан орнатып, оны қайта жинаумен өткізеді. Соның арқасында жоғалып кеткен солтүстік аралдық ашамай арқалы гуй не тиеке секілді құстардың қаланың ортасында салған тәтті әндері қайта естіле бастады.

Дегенмен, кей жаңазеландиялықтар «Жыртқыштан ада – 2050» науқанына күмәнмен қарайды, себебі онда ақкіс пен аустралиялық опоссумдардың көзін жою да қарастырылған. Веллингтондағы Виктория университетінің биологы Уэйн Линклейтер науқанды «нәтижесіз», ал умен өлтіруді жауыз­дыққа теңеп отыр. Барлығы келіп жануардың көзін жоюға тіреледі. Оның айтуынша, көптеген жергілікті жан-жануар жыртқыштық болғанынан емес, малды шектен тыс жаю мен тіршілік ортасының жоғалуы салдарынан қырылуда. Солтүстік аралдағы маори тайпаларының бірі – Нгативай мүшелері де бұған наразы. Өйткені тынық мұхиттық егеуқұйрық түрін Жаңа Зеландияға олардың полинезия­лық ата-бабалары алып келген. Сондықтан, олар өздерін ара-тұра талғажау ететін егеуқұйрықтардың қорғаушыларымыз деп есептейді.

Солтүстік аралының солтүстік-шығыс жағалауларындағы бір тайпа Зеландияға тұп-тура керағар қағида ұстанады. Тік болғанымен әдемі жартасты шағын Мауитаха аралында әлемдегі жалғыз егеуқұйрық қорығы бар. Күндердің күнінде бұл мекен елдегі полинезиялық егеуқұйрықтар кездесетін жалғыз орынға айналуы мүмкін.

Нгативайдағы табиғи ресурстар менеджері әрі менің Мауитахадағы жолнұсқаушым Хори Парата бұқаралық жиындардың біріне торға салып әкелінген кіші егеуқұйрық туралы әңгімесін айтты. Егде жасқа келген кісі оның қасына барып, етегі жасқа толғанша кеміргішпен сөйлесіпті. Сөйтсе ол кісі «кеміргіштер жоғалып кетті» деп ойлаған екен.

Раджастхан, Үндістан. Жұрттың бәрі бірдей егеуқұйрықты жек көре бермейді. Әлемдегі осы кеміргішке арналған жалғыз ғибадатхана Карни Мата болса керек. Мұнда түптамырын Үндістан субконтинентінен алатын, кейіннен қалаға ағылған қара егеу­құйрықтарды реинкарнацияланған ертегіші деп қабылдап, оларға сүтпен ас ұсынады.

Бірде Уашингтонда өткізген жаздағы түндеріміздің бірін фотограф Чарлзь Хамильтон Джеймс екеуміз арнайы жаттықтырылған паттердейл-терьер төбеттерін қолданатын «Зиянкестермен бірегей күрес» компаниясы өкілдерімен бірге адамдардың құтын қашыр­ған егеуқұйрықтарды аулауға шықтық.

Мейрамханаларға толы Адамс-Морганның ауданында ұйымшыл төбеттердің бір ғана дәлізде 31 егеуқұйрықтың көзін жойғанына куә болдық. Бұл – олардың аз ғана бөлігі екені шүбәсіз, бірақ осындай тәсіл арқылы аман қалғандары қорыққаннан қоныс аударуға мәжбүр болады екен. Терьерлер өз жұмыс­тарына кіріскенде, «қасапханадан» қашып кетпес үшін жұмысшылар хоккей таяқшаларымен егеуқұйрықтардың жолын бөгейді.

Жиіркенішті түріне қарамастан, егеуқұйрықтардың жақсы қасиеттері де баршылық. Олар ақылды әрі жанашыр деуге де болады. Өздеріне еш пайдасы тимесе де, тіпті құтқарудың орнына шоколад жейтін таңдауы бар болған күннің өзінде егеуқұйрықтар екінші тордағы тұқымдасына көмекке келгенін көрсеткен зерттеу бар. Бұл зерттеудің авторы, Чикаго университетінің нейробиологы Пегги Мейсонның түсіндіруінше, серігін құтқарғаны жаңа босаған егеуқұйрықтың соңына түсіп, оған секіріп мініп, үстін жалайды екен. «Осылайша олар уайымға салынған тұқымдасын жұбатады, – дейді ол. – Соған қарамастан, көбіміз егеуқұйрықты жек көреміз».

«Осы құйрығы болмағанда, бәрі егеуқұйрықтарды асырар еді», – дейді Лонг-Айлендте бұл кеміргішті үй жануары ретінде сататын Лауринда Уильямс.

Лондондағы гигиена мен тропикалық медицина мектебінің мінез-құлықтарды зерттеуші ғалым, жиіркеніш сезімі бойынша сарапшы маман Вал Кертис бүкіл егеуқұйрық халықтар арасында жиіркенішті сипатқа ие екенін айтады. «Біз өзімізді ауру ететін дүние­лерден бойымызды аулақ ұстауды үйренуге бейімбіз», – дейді ол. Егеуқұйрықтардан қауіп көрмегендер, мұнымен келіспегендерге қарағанда осы зиянкес жұқтыратын аурулардан көз жұмып келген. Сондай-ақ, олардың ұрпақсыз қалу қауіпі де жоғарырақ. «Сондықтан, біздің көбіміздің бойымызда туа біткен жиіркену сезімі бар, – дейді Кертис, – дәл сол туа бітетін сана бізді азуы алты қарыс жолбарыстан алшақ ұстатады».

Әке-шешесінің Лонг-Айлендтегі үйінің егеуқұйрықтар асырайтын бір бөлмесінде Уильямс маған олардың талғампаз түрі мен қоңырқай түстілерін көрсетті. Ол кеміргіштерді ауыртпай асырау мен мінезі жеңіл әрі байсалдыларын таңдау оңай емес екенін айтты. Бұл өте көп жұмысты қажет етеді.

Раджастхан, Үндістан. Карни Мата ғибадатханасындағы күш сынасып, мықтыны анықтаған екі егеуқұйрық. Бұл кеміргіш балаларына бас-көз болудан жалықпайтын қоғамшыл сүтқоректі. Зерттеу көрсеткендей, олар тұқымдасын кішкентай тордан құтқару үшін тәттіден де бас тартуға дайын. Осы арқылы кей ғалымдар егеуқұйрықтар эмпатия сезімінен ада емес деген шешімге келген.

Уильямс үлкен торға жақындап барды да, семіз сұр егеуқұйрықты алып шықты. Оның аты – Декстер. «Мынау – менің жаным. Жақсы көретін егеуқұйрығыңа қатты бауыр басып қаласың», – дейді ол.

Мен Декстерді қолыма алып едім, ол айналасын мұқият шолып шықты. Оның қолымда соншалықты дірілдеп тұрғанына таң қалдым.

Қазір Корриганның жанына жақын егеуқұйрығы жоқ, бірақ бұрындары ол кеміргіштерді асыраған. Ондаған жылдар бойы осы зиянкесті зерттеген Корриганның оларға деген сыйластығы ғана емес, махаббаты да артыпты.

«Мен бұл титтей мақұлықты қатты құрметтеймін. Мен оны жақсы көремін. Олар менің өмірімнің парадоксы», – дейді ол.

Ол қан сұйылтқыштарды емес құрғақ мұзды пайдаланса екен дейді. Негізінде бұл әрекет егеуқұйрықтардың қиналып өлулерін азайту үшін ғана жасалып жатқан жоқ. Нью-Йорк халқы қаршыға, бүркіт секілді жыртқыш құстардың улы егеуқұйрықты жеп өлгенін қаламайды. Бұл зиянкес паразит ретінде саналады, ал жыртқыш құстар – табиғаттың қалаға оралуының белгісі.

Ғалымдар бүгінде егеуқұйрық санын бақылауда ұстауда соңғы қадам –бедеулікті тарататын гендік инженерлік әдісті ойлап табуға барын салуда. Егер ғалымдар мұның күтпеген салдарының қаупін жоя алса, күндердің-күні егеуқұйрықтарды усыз-ақ құлақ естімеген ауқымда жойып жібере аламыз.

Оларды қайта сағынуымыз мүмкін бе? Егеуқұйрықтар көзі жойылса, Нью-Йоркта қаршыға мен бүркіттің саны азаяды. Әдетте кеміргіштер тобымен тазаланып тұратын тонна-тонна тамақ қалдықтары бір орында шіриді. Youtube желісінде егеуқұйрықтың пиццаның бөлігін метро баспалдақтарынан төмен қарай сүйреп бара жатқан видеосы кең тарап, видеоға қалдырылған пікірлердің бірінде: «Нағыз ньюйорктық!» деп оған қошемет те көрсетілген.

Ко Дунг, Вьетнам. Көше сатушылары қақталған егеуқұйрықтарды азық ретінде сатуда. Олар күріш алқаптарының жауы саналады. Дегенмен, 7,5 миллиард тұрғынымен бірге есепсіз егеуқұйрығы бар ғаламшарымызда бұл кеміргіштің жиіркенішті әрі дәмді, қасиетті әрі қорқынышты болуына мүмкіндік бар.

Мінсіз емес бұл санитар бізге өз қоқысымыз­да батып қалмауымызға көмектеседі. Жақсы көре алмасақ та, оларды аз ғана құрметпен қабылдай алсақ, дұрыс болар еді. Чайна-таундағы сорпа дайындайтын асхананың сыртында Джонатан Хинкепи есімді жұмысшымен әңгімелескенім бар. «Егеуқұйрықтар сіздің мазаңызды ала ма?» – деп сұрадым мен қоқыс қапшығында сайран салған егеуқұйрықтардан көзін алмай отырған одан мен. Оның: «Егеуқұйрық та тірі жан ғой. Мен олардың болғанына қарсы емеспін», – деген жауабы маған ұнағанын жасырмаймын…

Авторы: Э.Маррис, фото: Ч.Х.Джеймс


0
Кіру
*
*



Тіркелу
*
*
*
Жаңа құпия сөз