..."/>
САЯХАТ

Дамудың жарқын үлгісін көрсеткен – Шымкент

2000 жылдық тарихы бар
Шымкент – Қазақстанның ең көне қалаларының бірі. Ұлы Жібек Жолының бойында орналасқан шаһардың әсем табиғаты мен халқының қонақжайлылығы туралы аңыз-әңгімелер ел ішінде жиі айтылады. Жалпы қазақты әлемдегі ең қонақжай халық десе, ал еліміз бойынша қонақ күтуде алдына жан салмайтындардың көшін шымкенттіктер мен оңтүстік халқының бастап тұрғанын ешкім жоққа шығара алмас. Шымқала сондай-ақ қазақ елінің негізгі сауда-саттық, мәдениет пен өнеркәсіп орталықтарының бірі.

«National Geographic Qazaqstan» журналының шығармашылық тобы Шымкент қаласына арнайы келген экспедицияның бірінші күні шетелдік туристер ішінен шығыс асханасын таңдаған италиялықтармен кездесті.

Құс ұшар биіктен қарағанда, заман талабына сай бой көтерген биік үйлермен бірге, жасыл-желек ағаштармен көмкерілген көріністі тамашалай аласыз. Жылдың он айында төбесінен күн сәулесі түсіп тұратын қалада бүгінде жанға жайлы дүниенің барлығы бар. Соның арқасында Шымкент Қазақстанның кез келген қаласында кездесе бермейтін артықшылықтар мен ерекшеліктерге ие. Оған мына деректер мен дәйектер дәлел бола алады. Тұрғындар саны бір миллионнан сәл-ақ асатын қаладан 300-ден 700-ге дейінгі орынға шақталған бес жүзге жуық тойхана, әлемдік брендтерді саудалайтын жиырма шақты сауда және ойын-сауық орталығы, әр көшеде қаздай тізілген кафе мен мейрамхана, қысы-жазы жұмыс істейтін оннан астам спорт кешені, сәні мен салтанаты келіскен жүзге жуық қонақүй, түрлі бағыттағы оннан астам саябақ пен 600-ден астам ағаш түрі өсірілетін Дендропарк бар. Ал өнерсүйер қауым үшін екі бірдей (қазақ және орыс) драма, бірнеше жекеменшік, қуыршақ, Опера және балет театрлары, филармония, Цирк пен ондаған музейдің есігі үнемі ашық тұрады.

Ауа райы жергілікті халықтың бау-бақша өсіріп, төрт түлік малмен шұғылдануына өте қолайлы. Соның есебінен қаладан арзан көкөніс, жеміс-жидек пен еттің түр-түрін қысы-жазы қолжетімді бағаға сатып алуға болады.

Шымкент тоғыз жолдың торабындағы Қазақстан мен Орталық Азияның түйіскен жерінде орналасқан. Сондай-ақ, Еуропа жерінен бастау алатын автожолдар Шымкентті басып өтіп, Оңтүстік-Шығыс Азия, одан әрі алыс және Таяу Шығыс аймағын жалғайды. Ал өткен жылы еліміздегі үшінші мегаполис атанған Шымкент шаһары шығысында – Жамбыл, солтүстігінде – Қарағанды, батысында – Қызылорда облысымен, оңтүстігінде – Өзбекстан Республикасымен шекаралас жатыр. Қала – Орынбор-Ташкент, Түркістан-Сібір, Ташкент-Шымкент-Тараз-Алматы, Ташкент-Шымкент-Түркістан-Самара, сондай-ақ «Батыс Еуропа және Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында орналасқан. Ал қаладағы халықаралық әуежайда елімізге келетін туристер санын арттыру мақсатында жаңа терминалдың құрылысы басталды.

Ақмешіт үңгірі Түркістан облысы Бәйдібек ауданы аумағында, Шымкент шаһарынан 70 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Өлке тұрғындары бұл жерді көнеден келе жатқан аңыз-әңгімелерге толы тарихи қастерлі орын ретінде біледі. Сондықтан да бұл нысан соңғы жылдары жалпы­ұлттық мәртебеге ие қасиетті орындар қатарына ілігіп отыр.

Шымкент маңында суға шомылуға, жағажай спорт түрлерімен айналысып, балық аулап, аңға шығуға, сондай-ақ киелі жерлер мен табиғи ескерткіштерді атпен аралап шығуға жағдай жасалған. Шымкент қаласы «Мәдени серіктес астаналар» бағдарламасына сәйкес 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болып бекітілді. Шымкент қалалық Туризм басқармасының басшысы Тұрар Ахметовтың айтуынша, Шымқала осы күні өзіне туристерді көптеп тарту мақсатында еліміздегі ірі мегаполистермен достық бәсекеге түскенін айта кетуіміз керек. Соның арқасында қалаға келген қазақстандықтармен қатар шетелдік туристер саны да жыл өткен сайын артып келе жатқаны байқалады. «Ал мұндай үрдіс өз кезегінде қаланың одан әрі гүлденуіне ықпал етіп, үздіксіз дамуына оң әсерін тигізіп отыр», – деді Тұрар Ахметов.

Қаладан бір жарым сағаттық жердегі Тянь-Шань тауы етегінде Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы Орталық Азия мен Қазақстан бойынша ең алғаш қорғауға алынған аймақтың бірі болып табылады. Оны құру бастамасын 1920 жылы танымал гидробиолог А.Л.Бродский көтерген. Қорық бүгінде аймаққа ғана тән өсімдіктер мен жануарлардың отаны ретінде ЮНЕСКО-ның бақылауында тұр. Бұл жерден тауешкі, марал, елік, сілеусін, қар қабыландары мен қасқыр­ларды, сондай-ақ Тянь Шань қоңыр аюын да кездестіруге болады. Қорық құстар мен өсімдіктер әлеміне де өте бай. Майдаларын айтпағанда онда мұртты гриф, бүркіт пен қыран секілді ірі жыртқыш құстар да мекендейді. Теңіз деңгейінен 3000 метр биіктікте орналасқан ұңғымаларда тастарға қашалып салынған түрлі бейнелерден тұратын «сурет галереясын» да кездестіруге болады. Тау етегінде көздің жауын алатын қарлы шыңдардың бөктерінде түрлі-түсті альпі гүлдері жайқалып өседі. Солардың бірі Шымкенттің символына айналған грейг қызғалдағы. Жылына небәрі 10-15 күн ғана гүлдейтін гүл әр маусымда аймақты қызыл кілемге орайтындығымен ерекшеленеді.

Шымкент қаласының эмблемасында қызғалдақ гүлінің бейнеленуі бекер емес. Себебі әлемде ол гүлдің 34 түрі кездессе, оның 12-сі тек қазақ жерінде ғана өседі.

Шымкенттің соңғы жылдардағы даму қарқыны расымен де адам таңғаларлықтай. Ал Шымкент қаласы атауының шығу тарихына келер болсақ, оның мағынасына қатысты ортақ пікір жоқ. Бұл жұмбақтың нақты жауабын белгілі зерттеуші-ғалымдар таба алмаған. Біреулер қала атауы «қала-бақ», «жасыл қала» десе, біреу­лер «жердің бет қабатымен қапталған қала» дейді. «Шым» сөзі жердің беткі қабаты, шымды қыртысы, ал «кент» қала, шаһар деген мағына береді. Кейбір зерттеуші-ғалымдардың па­­йымдауынша, «Шымкент» сөзі көне шығыс тілінен шыққан. Шығыс тілдеріндегі «чиминь» («чемень») деген сөздер «жасыл алқап», «көк жайлау» деген мағына береді. Шаһар еліміздің экономикалық, әлеуметтік, ұлттық қауіпсіздік және демографиялық дамуына айтарлықтай үлес қосып отыр. Мәселен, республикамыздағы әрбір бесінші нәресте Шымкентте немесе облыс аумағында дүние келетіндігі көп жайтты аңғартып тұрғандай. Бір ғана мысал. Бар болғаны 30 жыл ішінде тұрғындарының саны бірден 258 % артып, территориясы екі есе ұлғайған Шымкент қаласының даму қарқыны осы күні көкке ұмтылған зымыранға ұқсайды. Сол себепті болар бұл қала бүгінде кім-кімді де тамсандырып, таңқалдырмай қоймайды.

Қалада көшпенді халықтардың ұмыт болған тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпын насихаттап, дәріптейтін музейлер, түрлі ұйымдар мен бірлестіктер жұмыс істейді. Мәселен, «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы» ұйымдастырған кезекті этно-танымдық шара барысында тәлімгерлер жастарға ат ерттеу, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ секілді ұлттық ат спорты ойындарының қыр-сырын үйретіп жатыр.

Күнделікті күйбең тіршіліктен шаршасаңыз, сапалы қызмет көрсету үлгісін көріп, тіл үйірер дəмді тағамнан дəм татқыңыз келсе, Шымкентке келіңіз.

Шымқала жылдың қай мезгілі, күннің қай уағында болмасын сіздерді құшақ жая қарсы алуға әзір!

Қалада сауда-саттық жасаудың қай түрі болса да жақсы жолға қойылған. Ондағы базарлардан сіз қалағаныңызша қыш, киіз, алтын, күміс пен қоладан жасалған әшекей бұйымдармен қатар, тұрмыс­тық заттардың сан мыңдаған түрлері мен ұлттық нақышта тігілген киімдерді сатып ала аласыз.

Ауа райы температурасы кемінде тоғыз ай бойы плюсті көрсетіп тұрса да, қалада мұзайдыны сарайы жұмыс істейді. Сондай-ақ үлкен теннис кешені, Әлия Юсупованың гимнастика мектебі, футбол мен минифутбол және баскетбол алаңдары мен үйірмелер бар. Бұдан өзге тек қана көшпенділерге тән садақ ату және ат спорт түрлерімен шұғылдануға барлық мүмкіндік жасалған.

Авторы: Дәурен Құдайберген, фото:  Никита Бассов, Somnam Sutipond, Adnan Atac және Sasin Tipchai

Authorization
*
*



Registration
*
*
*
Password generation