"/>
ТАБИҒАТ

Тілсіз жаумен арпалысқандар

Жаз сайын сайдың тасындай іріктелген орман өрт сөндірушілері Алясканың шалғай жерлеріне парашютпен түсіп, тілсіз жаумен күресте басын қауіпке тігеді.

Құрал-саймандар сөмкесіне камерасын орнатқан Мэтт Оклиф команданың ең соңынан сығырая жанған бореалды орман жанындағы қону алаңына секірмек. Өрт сөндірушілер сөмкелеріне 50 келіге дейін жүк тиеп, санаулы минуттар ішінде ұшаққа отырулары тиіс. Олардың миссиясы – өрт күш алмай тұрып, оны бақылауға алу.

Кешкі сағат 21:47-де дабыл қағылғанда күн әлі тас төбеде тұрған болатын. Бұл Аляска үшін қалыпты құбылыс.

Дабыл қоңырауы естілісімен тоғыз смоук­джампер киім ауыстыруға тұра жөнелді.

Радиобайланыстан «Бірінші топ, дайындал!» деген бұйрық айтылды. Итчи, Блумкер, Обрайан, Диберт, Сиуше, Коби, Суон мен Крамер есімді үздіктерден құралған топ селк ете қалды. Форт-Уэйнрайт базасында күні бойы орын таппай жүрген олар шалғай аймақтағы орман өртімен күресу үшін ұшақтан секірер өз кезектерін тағатсыздана күтіп жүрген еді.

Оларға киім ауыстырып, ұшаққа мінулері үшін бар болғаны екі минут қана берілді. Олар бірден тізеқап пен қалқандарын киіп, комбинезондарына сүңгіп, зілдей нейлон арқандарды асып алды. Комбинезон балағының кең қалтасының біреуінде құрылғыларды қуаттауға арналған күн батареясы мен су өткізбейтін плащ болса, екіншісінде энергетикалық тіскебасар мен 45 метрлік арқан, сондай-ақ ағаш басына ілініп қалған жағдайда арқанмен түсуге арналған құрылғы бар. Бұған артқы үлкен қалтадағы шатыр мен парашютке арналған су өткізбейтін дорбаны тағы қосыңыз.

2016 жылдың маусымы, Брукс Рейндж. 320-сыншы өртке шамасы жетпеген смоукджамперлердің бір жағына шығысқан Fire Boss («Әуе тракторы») ұшағы су шашып барады. Жалғыз моторлы ұшақ бірнеше минут сайын 3000 литр су толтырып, оны шашатын понтонмен жабдықталған.

Қалған смоукджамперлер, яғни арнайы өрт сөндіруші жасағының десантшылары оларды тез ортаға алып, негізгі және қосалқы парашютті киюге көмектеседі. Кейін әрбіреуі өзімен бетті бұталардан қорғайтын тор шлем, бір литр су, былғары қолғап, каска, белгі беруші ракета, пышақ, компас, радио мен өрттен қорғайтын арнайы алюминий қапшығы бар жеке құрал-сайман сөмкесін алады.

Екі-ақ минуттың ішінде әрқайсысы жалпы салмағы 50 келіге жуық құрал-сайман артып, ұшу жолағында тұруы тиіс. Сырттан қарағанда олардың қабат-қабат киініп алғаны көзге оғаш көрінгенімен, әр адамның артқаны ит тұмсығы батпайтын, шалғайдағы орман өртімен күресу үшін уақытпен сыналып, сұрыптаудан өткен дүниелер.

Өрт сөндірушілер орнына жайғасқан соң бортында паддондарға оралған өртке қарсы күрес жабдықтары (бірге тасталынады) бар ұшақ асыққандай гүрілдей жөнелді. Ұшақ әуеге көтерілген бойда диспетчер өрттің координаттарын хабарлауға кірісті. Жол ұзақтығы: 1 сағат 28 минут.

Қатты гүрілден әңгімелесу мүмкін емес болғандықтан әр адам тыныш қана белгі күтіп отырады. Қайда бара жатқанын білгенімен бірде-біреуі үйлеріне қашан оралатынынан хабарсыз. Орала алса, әрине. Өрттің аумағы мен соққан желдің қауіпі де белгісіз. Олар табиғаттың ең асау әрі болжап білуге келмейтін дүлей күшімен жекпе-жекке бара жатқанын ғана біледі.

Дерек Паттон мен Спенсер Робертсонның Аляскадағы Беттлс маңына түскен найзағайдан тұтанған 323-інші өрт бетін қайтарғаннан кейін дем алып жатқан сәті. Жыл сайын «Аляска смоукд­жампер жаттығуының» өзіне жүздеген үміткер ішінен он шақтысы ғана іріктеліп алынады. Үміткерлердің тұмса табиғатта өртпен күресу тәжірибесі болуы міндетті.

Бақылаушы Билл Креймер қолын көтеріп, «ілгекті тексеру» керектігін ыммен түсіндірді. Әр жігіт өзімен бірге секіретін серіктесінің құрал-жабдығын соңғы рет тағы тексеріп шықты.

Найзағай себеп болған өрттің қалың түтіні көзге іліккенде олар Брукс жотасының Оңтүстік аймағындағы Солтүстік полюс шеңбері үстімен ұшып бара жатқан еді. Крамер есікті ашып, сыртқа басын шығарды да жағдайды баяндады: «Өрт нөмірі 320, аумағы 6 гектар, 70%-ы белсенді, бұғы қыналы бұталар мен қара шырша жануда, батысқа қарай 2,4 шақырым жерде Иниакук көлінің батыс пен солтүстік жағалауында 11 нысан бар».

Ұшқыш 450 метр биіктікте айналшақтап жүр. Крамер секіру орнын анықтап, гофр­ленген үш қағаз лентаны лақтырады. Аспанда айнала ұшқан сары, көк пен қызыл-сары келген ашық түсті үш қиынды желдің бағыты мен жылдамдығын анықтау­­ға мүмкіндік береді.

«Есікке жақында», – деп айқайлады Крамер. Тізімді бастап тұрған Итчи атымен белгілі 49 жасар Джефф МакФетридж ұшақтан аяғын салбыратты. «Дайындал!» деп айқайлаған Крамер сәлден кейін арқасынан қағып, белгі берді. МакФетридж ұшақтан секіріп кетті. Үш смоукджампер соңынан ілесті. Екінші кезекте тұрған тағы төртеуі еш ойланбастан төмен қарай сүңгіді. Сәлден кейін олардың қызыл, ақ пен көк парашюттері өртке оранған орман үстінде қалықтап ұшып бара жатты.

Көктен түсіп келе жатқан сегіз жігіттің кәсібі 1937 жылдан бастау алады. Сол жылдың тамыз айында Йеллоустон ұлттық паркінің шығыс бетіндегі ағашқа найзағай түсіп, ол кішігірім өртке негіз болғанымен ақыр аяғында 15 өрт сөндірушінің өмірі мен 700 гектар жерді жалмаған қайғылы Қарасу өртіне ұласқан еді. АҚШ орман қызметінің тергеуі нәтижесінде шалғайда жатқан аудандардағы бұндай айтып келмес апаттардың алдын алу үшін кең таралмай тұрып көзін жою керек деген шешім қабылданды.

Орман қызметі 1930 жылы парашютпен түсетін шағын топтардың тиімділігін шалғай аудандарда сынақтан өткізе бастайды. 1940 жылдың 12 шілдесінде алғашқы арнайы жасақ Айдахо штатының Нез-Персе ұлттық орманындағы Мартен Крик өртінің ортасына түсіп, қауіптің бетін сейілтеді. Кейінгі ондаған жылдарда орман қызметі төменгі 48 штатта мұндай топтардың жеті базасын құрып, екі жер ресурсын пайдалану бюросын ашады. Оның бірі – Аляскада. Бүгінде шалғайдағы орман өртімен күресетін 450-дей смоукджампер бар.

Арнайы жасақтың сарбазы үйлердің жанынан шыққан өрт ошағының маңына қонуды көздейді. Бұл команда мүшесі Майк Микмилланның түсірген суреті. Оның айтуынша, аспанға көтерілген көк түтін тез таралатын өрт – гоблердің белгісі.

«Өртті аумағы ұлғаймай тұрып, қонақ бөлмесіндей ғана жерді алып жатқан кезде сөндіру қаражатты үнемдейді, орманды, тұмса табиғат пен мал-мүлікті сақтайтыны айтпаса да түсінікті, – дейді Ұлттық Смоукджампер Ассоциясының вице-президенті әрі бұл жасақтың бұрынғы сарбазы Чак Шалей. – Бұл заңдылық бүгінгі күні де өміршең».

Бұрынғы шалғай жатқан аудандарға даму жете бастағандықтан мұндай жасақтардың қызметін пайдалану қажеттілігіне күмән келтіретіндер бар. Ал өрттің 90 пайызы жол бо­­йынан бір шақырымнан аспайтын жерлерде болатындықтан оның ошағына көлікпен-ақ жетуге болады. Алайда Алясканың ішкі аудандарына, аумағы шамамен Колорадо, Вайоминг және Монтанамен тең аймақтардың басым көпшілігіне жету әлдеқайда қиын. Ұшақ болмаса болмайды. Шалғайдағы көптеген өрттер ауыздықталмаса да, адам өмірі мен мал-мүлікке қауіп төнсе, осы арнайы жасақ алғашқы боп көмекке аттанады.

Аляскадағы орман өртін сөндіруші жасағының қатарына қосылу үшін жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен 200 адам өтініш беріп, олардың шамамен оны ғана таңдап алынады. Үміткерлерге деген талап өте жоғары. Олардың жабайы табиғатта 5 пен 10 жылға дейінгі еңбек өтілі болуы тиіс, олар кемінде 60 рет отырып-тұрып, 35 рет кеудені жерден көтеріп, 10 pет тартыла алуы шарт. Сондай-ақ, жүксіз олар 9 минут 30 секунд ішінде шамамен 2,5 шақырымды немесе 22 минут 30 секунд­­қа жетпейтін уақытта 5 шақырым жерді, ал арқасына артылған 50 келілік жүгімен олар 5 шақырымды 55 минутта жүгіріп өтуге қауқарлы болуы тиіс. Жынысына қарамастан бұл арнайы жасақ мүшелері өз қызметін сақтап қалуы үшін осы сынақты жыл сайын тапсырып отырады.

«Біз стрестік жағдайда өз міндетін мүлтіксіз атқаратын адамдарды ғана таңдап аламыз, – дейді экс-жаттықтырушы Роберт Иегер, – кез келген жағдайда олардың жүйкесі сыр бермеуі керек. Бойындағы адреналинін қадағалап, өмір мен өлім арасында қалған жағдайда жылдам шешім қабылдай алатындай қабілет тек үздіктерде болады».

Бес апталық оқыту курсына қатысқандар өртпен күресудің жай-жапсарын білгенімен парашютті жылдам әрі дәл реттеуді, жел мен жер, сондай-ақ парашюттің жағдайы мен қону аймағының ерекшеліктері секілді үнемі ауысып тұратын көптеген факторларды қаперге алуды олар біле бермейді. Жаңадан келгендер кем дегенде 20 рет ұшақтан секіріп көреді. Айтылған сын-­ескертпеге құлақ аспаса, қабылданғандардың өзі аластатылуы мүмкін. Әдетте, олардың 40 пайызы сынақтан өтпей қалады.

Ал сыннан сүрінбей өткендер элиталық қауымдастық құрамына кіреді. Олардың арасында Эверест тауының шыңына шыққан алғашқы америкалықтардың бірі Вилли Ансолд, Аполла 14 командалық модулінің ұшқышы Стюарт Руса, Вьетнамда қаза тауып, Құрмет медалін иеленген барлау офицері Кен Сислер мен 1981 жылы қатарға қосылған алғашқы әйел Диан Шоумэн бар.

Өрт сөндіру десантшылары 320-шы өрт ошағы деп тіркелген, жалыннан 50 метрге жетер-жетпес жерге араңдап қалмас үшін жамбастарына жантая қонды. Бірден парашюттерін жинап алып, поддондарға тиелген бензоара, күрек, шартылдақ, кетпен секілді өртке қарсы техникаларды түсіре бастады.

«Жел бағытын өзгертті, енді ол солтүстіктен емес, оңтүстіктен соғып жатыр», – деді оқиға орны командирі МакФетридж.

Оқиға командирі Тай Хамфри арнайы техниканы өрт маңына түсірген пилотпен байланысқа шықты. Экипаж мүшелері ағаш үстіне түскен парашютті жинап жатыр.

Әдетте жігіттерде жүкті жинап жататын уақыт жоқ. Олар бірден өртке аттанады. Жалын шырша ағаштарын шарпып өтіп, нәзік бұғы мүгін де құшағына ала бастаған. Орман іші түтіннен көрінбейді. Ұшында жуан резеңке қалағы бар шартылдақпен жігіттер өрт шетін соққылай бастады. Алайда биылғы маусым аса құрғақ болғандықтан, бұғы мүгінің білтесі 15 сантиметрге жеткен. Олар жолын бөгесе де, өрт қайта-қайта лап қойып отырды.

«Өрт бет қаратар емес», –дейді МакФетридж. Жігіттер жақын жердегі жылғаға жүгіріп, төрт 19 литрлік cұйықтыққа арналған қаптарын суға толтыра бастады. Зор денелі, 36 жасар Эван Карп өрт ошағына қарай тұра жүгіргенде қалған жігіттер су сорғысын қондырып, шланг төсей бастайды.

МакФетридж бұйрық та, тапсырма да бермейді. «Әркім өзіне жүктелген міндетті жақсы біледі, – деді ол кейіннен, – команданың кереметтілігі де осында».

Бір смоукджампер камераның босап қалмауын қадағалап отырғанда, төрт жігіт өртке сол қапталдан, ал үш жігіт оң қапталдан тойтарыс беріп жатты. Түтінге тұншыға өрт шетімен бойлаған жасақтың негізгі міндеті отты иіріп, мүлде басып тастау.

Соның арасында бұл өрт сөндірушілер ор қазып, ағаштарды кесіп отырады. Өрт келесі күні ғана, таңғы үштер шамасында ауыздықталды. Шаруа біткенде ғана олар беті-қолдарын күйе басқан күйі қаптарын жайып, көз іліп алды. Таңғы жетілерде олар өрт шекарасына қайта оралды.

Бастапқы соққы аяқталды, МакФетридж өрт аумағы бойымен жүріп өтті. Бар-жоғы 13 гектар, бұл бұған дейін болған өрттермен салыстыруға келмейді. Десек те дер кезінде алдын алмағанда тілсіз жау жүздеген, тіпті мыңдаған гектарды жалмап өтер еді. Ол диспетчерге хабарласып, жағдайды баяндады. Қайтып алып кететін көлік жолға шыққаны белгілі болды. Ендігі кезек Алясканың жергілікті байырғы тұрғындарынан құралған өрт сөндірушілерде. Өрттің толық сөнгеніне көз жеткізу үшін олар тікұшақпен әуеге көтеріліп, әр шаршы метрді мұқият қарап шығады.

Келесі күні кешкі 9 болмай 8 өрт сөндіруші 80 шақырым жердегі Алясканың түбіндегі алақандай Беттлс ауылына тік­ұшақпен жеткізіледі. «Тапсырма орындалды» деп ойлады олар…

Смоукджамперлер иілгіш біліктегі ұшында қатты резеңкесі бар қаққышты жібіген тоңнан төмпешік боп қалған шөп пен жанып жатқан мүкті төмен қарай қопсыту үшін пайдалануда. Бұндай батпақты, қылқан жапырақты орман солтүстіктің жоғарғы ендіктері үшін қалыпты көрініс.

320-сыншы кодты өрт ауыздықталғаннан кейін екі келеңсіз оқиға орын алды: бірі жергілікті Аляска тобының құрал-саймандары Фэрбенксте кідіргендіктен, олар тазалау жұмыстарын жүргізе алмаған; екіншісі, солтүстіктен жел тұрып, шоқтарға қайта «жан бітіпті». Өрт тұтана бастағанда ұшып шыққан тікұшақ кері қайтуға мәжбүр болды. Түс ортасында от шарпыған аймаққа қайта оралғанда жалын 60 гектар жерге жайылып үлгерген. Тез арада қосымша көмек қолы шақырылды. Осылайша сегіз адамнан тұратын тағы бір арнайы жасақ көмекке келді. 16 жігіт оң қапталды тоқтатуға Иниакук өзенін пайдаланып, сол қапталдың жаңадан маздаған өрт сызығын бөгеуге кірісіп кетеді. Қурап қалған шөп пен ағаш бұталардың кесірінен өрт өрши түсті. Көп мөлшердегі су болмаса, шыдас берер түрі жоқ. Тілсіз жауға соққы беру үшін смоукджамперлер 3000 литр су тасымалдау мүмкіндігі бар аэротозаңдандырғыш әуе «тракторын» шақырады. Суды тастаған ұшақ, уақыт үнемдеу үшін Иниакук өзенін пайдаланып, сағатына 130 шақырым жылдамдықта су бетімен сырғи ұшып, 3000 литр суды жинап, оны жалынды қайта көздейді.

Жалын, сонда да дес берер емес. Жалындағаны соншалық, ол су құйған сайын өршіп бара жатқандай. Желден күш ала жанғаны құдды жасыл орман ішінде балқыған жанартаудай көрінеді. Ұзына бойы аспалы, алып су құйылған күбісі бар, бір мезетте 6000 литр суды шаша алатын CL-415 амфибия ұшағы көмекке шақырылды. Әуе күштері тілсіз жауды бомбалап жатқанда, жердегі жігіттер орман арқылы өтетін cолтүстік беттегі қорғаныс шебін құру үшін ағаштарды отап, бұталарды шауып, отты соқпақтап жанталасуда. Жеті сағаттан кейін ғана, яғни кешкі онға таман, сол қапталдаға Иниакук өзен маңындағы шайқас жеңіспен аяқталды.

Түн ортасында көздері жасаурап, денелері әбден қалжыраған смоукджамперлер өрт маңындағы лагерьге аттанды. Олар дайын аспен қатар чили, үрмебұршақ, сардиналар секілді күш-қуат беретін тамақ жейді. Алайда бұл түннің арнайы тағамы – көк пияз бен бұрыш қосылып, қуырылған ет екен.

Масаларға таланып жатса да ішінен әңгіме айтуға құмар біреуі – Дэвид Блумкер өз иығын шығарып алған кезді есіне ала бастады. Жағдай Аляскада өрт маусымы аяқталып, Монтана штатындағы Кутенай ұлттық қорығына парашютпен түскен кезінде болған: «Кейін жел тына қалды да мен байқамаған бөрене үстіме құлады, ˗ деді өмірінің жиырма жылын өрт сөндіруге арнаған 45 жасар Блумкер. – Аяғым қалың шөпке оралып қалғандықтан қашып үлгермедім, әп-сәтте гүрс ете қалды. Иығымды сындырып, үстіңгі ернімді жырып өтті. Содан бірнеше шақырым жердегі тікұшақ қона алатын жерге сол хәлімде жетуіме тура келді». Жігіттер үнсіз бастарын изесті, көбі бұл оқиғамен таныс. Бұл уақытты тиімді өткізудің ғана емес, бір-бірін үйретудің де жолы. Жапандағы жабайы табиғатта тілсіз жаумен күресудің өмірлік сабақтарының көптігі сонша, санаулы жаттығу жеткіліксіз. Құбылмалы желдің өзгеруі, көктемде лап беруі үшін қыстан аман қалған шоқ, негізгі және қосалқы парашюттің істен шығуы, бензоарамен «тіл табыса алмау», осында жұмылдырылғаннан кейін сол күйі үйіне оралмаған әріптестер, осындай өмірден түйген жүздеген мысалдар алау айналасындағы қалжыраған өрт сөндірушілердің басынан өткен не өтеді.

Әрбір смоукджампер шалғайдағы тілсіз жаумен күресте аман қалуы үшін уақытпен сыналған 50 келіге жуық құрал-сайман арқалайды.

  1. Тор іспеттес шлем десантшының бетін бұталардан қорғайды.
  2. Құралдарын салып жүруі үшін комбинезон бірнеше қалталы етіп тігіледі. Кеуде тұсында қосалқы парашют бар. Тізеқап киімнің ішкі жағында қалады. Ауыр былғары қолғап пен етік қосымша қорғайды.
  3. Радиобайланыс.
  4. Жеке жүк сөмкелерінде су, белгі беруші ракета, компас, GPS, тамақ, су өткізбейтін плащ, өрттен қорғайтын шатыр, шам мен құрт-құмырсқаға қарсы спрей секілді заттар болады.
  5. Парашют контейнер десантшыны алдымен тепе-теңдікте ұстау үшін шығарылатын тежегіш пен жасыл бауын жұлқи тартқанда толық ашылатын негізгі парашюттен тұрады.
  6. Ағашқа қонған жағдайда түсуге арналған жабдықтар.
  7. Үлкен сөмкеде қажеттінің бәрі бар.
  8. Мүктің сулы қабатында жанған өртті сөндіру үшін қаққыш қолданылады.
  9. Өртті өшіру үшін қапшықты сулап не сулы мүкпен толтырып қоюға болады.
  10. Кішкентай ағаш пен бұталарды шоқтан тазалау үшін кетпен қолданылады.

 


Блумкер орнынан тұрып, қаңылтыр құтыдағы тамақ қалдығын отқа тастап, келесі әңгімеге арқау болған белбеуіндегі Смит пен Вессонның 44-калибрін дұрыстады.

«Бэр-Лейк көлінің маңындағы орманға қарай бет алған болатынбыз. Осы маңда үйге баса-көктеп кіретін, қолға үйретілген аюдың барын естідік. Өрттен лагерьге қайта оралғанымызда, аю құрал-саймандарымыз­­ды шашып кетіпті. Келесі күні аю қайта оралып, бір шатырымызға баса көктеп кіріп келді. Бензоараны іске қосып, оны үркітіп, қуып жібердік. Кешке аю қайта оралып, бұл жолы қорықпайтынын аңғартты. Ашуына мініп, кей жігіттерді ағаштар арасымен қуа бастады. Сөйтіп аспанға бір-екі рет оқ атқанымыздан түк шықпағандықтан ағаштың тасасында тығылып тұрып атып қалып едім аюдың қақ маңдайына тигіздім».

Бұл оқиға шалғайда кездесетін мың қауіптің бірі ғана. Әңгіме біткенде жігіттердің кейбірі қалың ұйқыда еді.

Таңғы жетіде олар 320-ға қайта оралды. Түнде жел бағыты тағы өзгеріп, жалын 250 гектарды жалмап үлгеріпті. Ол шоқтарын жан-жаққа кемінде 50 метр жерге лақтырып жатыр. Өзеннің арғы беті ырыққа көнбейтінін тез түсінген жігіттер оңтүстік шепті сол қапталмен біріктіру үшін қимылдай бастаған. Олар сағаттар бойы дамыл тапқан жоқ.

«Арнайы жасақтың өрт сөндіру десантшылары бұндай өзгерістерге қырағы болуы керек, – дейді Макфетридж, – желді бақылауда ұстау мүмкін емес. Ажал құшуың да мүмкін».

Құрғақ бұғы мүгінің арқасында өрт айналаға тез тарауда. Жігіттердің дені бұл жерді оқшаулау үшін оңтүстікке қарай кетті. Бензоарасы бар екі жігіт өрт етегіндегі көзге көрінгеннің бәрін жайпап жатыр. Команда мүшелерінің кейбірі жанбаған ағаш діңдерін өрт аузынан арашалап, жасыл алқапқа тасуда. Қалғандары өртті шартылдақпен қаққылап әуре. Әуе «тракторы» әр төрт минут сайын тас төбеңнен гүрілдей өтіп, су шашады. Үсті су болған жігіттер кейін шегінді.

Әбден қалжыратқан жұмыстан кейін жаңа өрт ошағының солтүстік пен батыс етектері бақылауға алына бастағандай еді солтүстіктен соққан желден «шабыт» алған өрт енді оңтүстікке бағыт алды. Оның бетін қайтаруға 16 өрт сөндірушінің шамасы жетер емес. Жалғыз жол дер кезінде шегіну.

Ертеңіне тілсіз жау 600 гектар аумаққа тарағаны белгілі болды. Өрт сөндірушілер шабуылдан, қорғанысқа көшуге мәжбүр болып, приоритет Иниакук көліндегі бірнеше күрке мен үйшіктерді аман алып қалуға берілді. «Зодиак» кемесі арқылы олар көлдегі өртпен күресу нысандарына шланг, су сорғылары мен шашқыштарын тасып, шешуші шайқасқа әзірленді.

Өртке ең жақын Джефф Пурдің кабинасы тұр. Ол өз күркесін 1976 жылы соққан. «Бірегей өрт сөндіру жасағын өз көзімен көргеніме қуаныштымын, – дейді қасқыр, сусар мен сілеусін терілерін орыс саудагерлеріне сататын Джефф, – көмекке әрдайым ризамын».

Бұл өрт туралы хабар берген Пэт Гедеки өз үйшігін күйеуі екеуі 1974 жылы соққан. «Осының бәрі бізді құтқару үшін жасалып жатқанына сене алар емеспін», – дейді ол.

Қыс бойы бықси жанған «Үлкен батпақ өрті» 2016 жылдың ыстық, құрғақ әрі желді көктемінде Тананадан оңтүстік-батысқа қарай 90 шақырым жерде қайта оянды. Өзен жағасындағы жалғыз күркені қорғау үшін өрт сөндірушілер жіберілгенімен ақыр аяғында жалын 18 мың гектар жерді жалмап өткен.

Ондаған су шашқыш пен жүздеген метр шлангінің дымқыл болуы да аса маңызды.

Кешкі онға таман жасақ сарбаздары лагерьге оралды. Әбден шаршағандары отыр­ған жерінде ұйықтап қалған. Қалғандары банкідегі шабдалыны бір-біріне берісіп, қап-қара саусақтарын ыдысқа сап, іліккендерін олжа қылуда. «Әй, жігіттер, естеріңде ме…», – деп біреуі әңгіме бастауда.

Осылайша Иниакук көліндегі өртке алғашқылардың бірі болып тойтарыс берген сегіз смоукджампер 16 күндерін сарп еткен. Апаттың салдарынан 140 мыңнан астам гектар жер отқа оранғанымен аймақтағы үй-жайдың барлығы аман қалды. «Өрт жаз бойы толастаған жоқ, қыркүйекте кері қайтқанымызда да жағдай өзгермеді, – дейді Пэт Гедеке. – Өрт қар жауған кезде ғана сөнді. Бұл өртке табиғат ананың ғана шамасы жетті, қалай болушы еді?»

Авторы: Марк Дженкенс, фото: Марк Тиессен


Authorization
*
*



Registration
*
*
*
Password generation