ЗЕРТТЕУ

Қызметтің үлкен-кішісі жоқ

Баяку болмаса Порт-о-Пренст нәжіске бататын еді. Қала саулығы үшін аса маңызды қызмет атқарғанымен, олар өз жұмыстарын құпия ұстауға мәжбүр.

Бұл Эгзайлин Синат. Ол Bayakou, яғни әжетханаларды тазалайтын жұмысшы. Мына фотоны мен Эгзайлин Гаити астанасы Порт-о-Пренс­тегі бірнеше отбасыға арналған шұңқырлы әжетхананы тазалап жүргенде түсіріп алғанмын. Жұмысы көңілге жағымсыз болса да, Эгзайлин проблеманы шешудің жолдарымен айналысады, мейлі, бұл тұрпайы естілсін, бірақ бұл бейшара антисанитариялық жағдаймен күресудің бір амалы.

Маған National Geographic журналы үшін далада дәрет сындыру туралы мақалаға фото дайындау тапсырмасы берілген еді. Санитария­­сы жоқтың қасы соғыс пен қақтығыс тақырыптарында жұмыс істеп жүрген мен үшін бұл аса бір үлкен мәселе емес-тұғын. Бас қатыратын нәрсе – әр адам баласына ортақ осындай дөрекі тақырыпқа көзтартар көркем суреттерге қол жеткізу еді. Адамдардың артынан жуыну бөлмесіне не дәретханаға ілесу де біз ойлағандай оңай шаруа емес екен. Ал оларды бұл табиғи қажеттілік жайында әңгімеге тарту тіптен қиын. Мәселенің қоғамға оң өзгерістер әкелетін қырларын талқылауды ысыра тұрайық.

Гаитиде баякулер өз жұмыстарын мінсіз атқаратынына қарамастан тұрғындар оларды көргенде тас лақтырады. Сондықтан, баякулердің көбі түнде жұмыс істеуге мәжбүр. Олар бұл кәсіптері жайлы, тіпті, өз отбасыларына да айтпауға тырысқанымен, олардың жалақысы тым тәуір әрі оларға деген сұраныс жоғары. Олар болмаса Порт-о-Пренст нәжіске бататын еді.

Жобаның ең қиын тұсы фотоға түсуге келісім беретін баякуді табу болды. Бес айымды кейіп­кер іздеуге сарп еттім. Ақыр аяғында жұмысының журнал бетіне жарық көруін қалаған Эгзайлинды таптым. Ол өз кәсібі абыройсыз деген оймен келіспейді. Ол ісін мақтан тұтады және өзіне құрметпен қарағанын қалайды.

Эгзайлин мен оның екі әріптесімен түнгі мезгілде бірнеше үй арасындағы аулада кездесетін болып шештік. Қорғаныш құралдарын өзіммен бірге алсам да іске келгенде бұған бара алмайтындығымды аңғардым. Баякулер өз ісінің шебері әрі бұл олардың кәсібі болғандықтан жиіркенгенімді көрсетпедім.

Қала ұйқыға батып, ауладағы шамдардың көбі өшіп тұрды. Үй сыртындағы әжетхана шұңқыры бір жылдан бері тазаланбаған екен. Эгзайлин ең «балғын» қабатын сылып алу үшін тесікке үңілді. Екі әріптесі адам сындырған дәретті қапшыққа күрекпен салып, ауыздарын буып қойды. Олар Эгзайлинге қарағанда тәжірибелі екені көрініп-ақ тұрды.

Эгзайлин Синат көп отбасылық аула әжетханасындағы қалдықтарды қолымен тазалайды. Жұмысы абыройсыз болғанымен, жалақысы тәуір.

Қолқаны қабатын иіс пен асқан қолайсыздық мән бермес үшін үшеуі түні бойы шылым шегіп, ішімдік ұрттаумен болды.

Күрек жетпеген жерге Эгзайлин түсті. Ол осыған дейін шұңқыр ішінен жылан мен адам мәйіттерін де көргенін айтты. Айтуынша, жыландар оған дұшпан екен. Шұңқырда кернеу­­лі сымды байқамай ұстап қалған әріптесінің бірін тоқ та соққан екен.

Бұл – көзге көрінетін қауіптер. Көрінбейтіндеріне аурулар жатады. Сондықтан болар Эгзайлиннің денсаулығы жиі сыр береді.

Жұмыстан кейін баякулер әдбен жуынады. Көбісі киімдерін былғамас үшін жалаңаш күйде жұмыс істейді. Қасында мен жүргендіктен болар Эгзайлин киімін шешкен жоқ.

Әжетхана иесінің көңілі толмағандықтан киімін ауыстырып үлгерген Эгзайлинге жұмысқа қайта кірісуге тура келді.

Нәжіс өңдейтін мекеме бар болса да, артынша олар нәжіс толы қаптарды арбамен өзенге апарып, ішіндегісін түгел суға ағызып жіберді. Өйткені қаптарды онда жеткізу үшін көлік керек, ал бұлардың көлігі де, шығындалатын артық қаражаты да жоқ.

«Сөз соңында айтарым, Эгзайлин, қызметтің үлкен-кішісі жоқ, сіз қоғамға керексіз!».  

Авторы: Андреа Брюс


4 Views
Authorization
*
*



Registration
*
*
*
Password generation