..."/>
ЗЕРТТЕУ

Жаңа ғарыш дәуірі!

КЕРІ САНАҚ БАСТАЛДЫ

Адамзат ең соңғы рет Айға 1972 жылдың желтоқсанында аяқ тіреді. «Аполло-17» астронавты Харрисон Шмиттің ай аппаратына қарай кетіп бара жатқан сәті бейнеленген.

РЕДАКЦИЯ ЕСКЕРТПЕСІ: Бұл кескін – NASA түсірген 18 фотодан құрастырылған панорамалық суреттің бір бөлшегі. Ғарышты игеруге әлем ғалымдары бар күшін салуда. Бұл бағытта Байқоныр ғарыш айлағының орны ерекше. Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш ісін дамыту жұмыстарының қарқынын жылдан–жылға үдетіп келеді.

NASA / АЙ МЕН ЖЕРДІ ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ.


Елу жыл бұрын шілде айында ғарышкерлер алғаш рет ай бетіне аяқ басты. «Аполло-11» миссиясының жетістігі адамзаттың өршілдігі мен өнертабысын паш етті. Қазір ай қайтадан күн тәртібінде тұр. Жаңа буын ғылым мен пайданың ұштас­қан тұстарымен бетпе-бет келіп жатыр.

Аты шыққан ғарышкерлердің және көпшілікке есімдері аса таныс емес қаһармандардың жолын жануарлар ашып, ғарышқа адамзаттан бұрын ұшқан болатын.

Ғарышқа алғаш шыққандар қатерлі миссия үшін қажетті қабілет-біліктілігі бар деп есептелген әскери жаттығудан өткен ғарышкерлер еді.

Ғарышқа адам баласынан бұрын ұшқандардың қатарында шыбын, маймыл, тышқан, ит, қоян мен егеуқұйрық бар.

4 қазан, 1957. «Спутниктің» ұшырылуы теледидардан көрсетілді. Ол уақытта бұл БАҚ құралы енді шығып, жаңадан кең етек жая бастаған еді. КСРО-ның адам жасаған аппараты ғарышқа шығаруы АҚШ-қа жаға ұстатып, супер-державалар арасындағы ғарыш жарысы басталды.

1961 жылы сәуірде Гагарин Жерді айнала ұшып, ғарышқа шыққан алғашқы адам атанғанға дейін, яғни үш жылдан астам уақыт бұрын Кеңес үкіметі итті ғарышқа ұшыр­ған еді. Лайка Жер орбитасын айналған, бірақ сапар кезінде өлген алғашқы жануар еді. АҚШ ғарышқа Хэм есімді шимпанзені ұшырған. Ол аман қалып, 1961 жылдың мамыр айында ғарышқа шыққан алғашқы амери­калықтың жолын ашты.

19 тамыз, 1960. Кеңес ғарыш кемесімен Белка мен Стрелка есімді екі ит пен бір қоян, қырық тышқан, екі егеуқұйрық, сансыз шыбын мен саңырауқұлақ сияқты кейбір өсімдік түрлері космосқа ұшырылып, қайта оралды. Бүгінде қаһарман атанған иттер Мәскеу музейінде көрмеге қойылған.

Дискриминацияға қарамастан, әйелдер де ғарыш ізашарлары болған. Кэтерин Джонсон ұшу траекториясының есеп-қисабын шығарған математик. Соның арқасында Гленн 1962 жылы Жер орбитасын айналған алғашқы америкалық болды. Сол уақыттардағы ғарышкер Валентина Терешкова Жер орбитасына шыққан алғашқы әйел атанды (1963 жыл). Ғарышқа жеткен алғашқы америкалық әйел атану үшін Салли Райд 20 жылдан кейін ғана «Чалленджерге» отырды.

16 шілде, 1969. «Аполло-11» экипажы, соның ішінде Айға қонған алғашқы үш астронавт ғарыш кеңістігіне Columbia деп аталатын мына командалық модульмен шықты. Олар Жерге капсуламен оралды. Ол Гавайидің оңтүстік-батыс жағалауындағы суға барып қонды.

«Адамзат баласы ең алғаш ғарыш кеңістігіне Қазақ жерінен аттанды. Содан бері мыңдаған адам аспанға самғап, ғылыми зерттеулер жүргізіп келеді. Байқоңыр ғарыш айлағы өз саласы бойынша әлемдегі ең ірі кешендердің бірі саналады.  Бір атап өтерлігі, Қазақстан Республикасы Үкіметі ғарышты игеру жұмыстарының қарқынын жылдан-жылға арттырып келеді».

Ескі де болса сенімді технологиялардың арқасында Байқоңыр ғарыш айлағынан наурыз айында «Союз» зымыраны ұшырылды.

Алғашқы құрастырушылар мультисатылы ұшырғыш аппарат адамды айға жеткізе алатынын есептеп шығарды. Сатурн V осы мұратқа жетіп, ғарышқа жол ашты.

Константин Циолковский адамзат тағдыры жұлдыздар арасында жатқанына сенетін. 1900-шы жылдардың басында ол Жердің тартылыс күшінен сытылып шығатын есептің теңдеуін шығарды. Сондай-ақ ол аралас сұйық зымыран отыны мен көп сатылы жану схемасын пайдалану арқылы Айға сапар шегетін ғарыш кемелерінің жұмыс принципін де ұсынды.

Одан бөлек Герман Оберт пен Роберт Годдарт та осыған ұқсас қорытынды жасады. Қырық жылдан кейін осы «үштіктің» идеясы өмірде жүзеге асып, «Аполло» экипажын ғарышқа шығарған алып Сатурн V зымырандары пайда болады. Биіктігі 111 метр, сұйық сутегі, сұйық оттегі және керосинмен ұшатын ол бұрын-соңды жасалған зымырандар ішіндегі ең қуаттысы еді. Нацистік Германияның ғалымы Вернер вон Браун Екінші дүниежүзілік соғыс­тан кейін өз командасының көбін АҚШ-қа көшіріп, кезекпен жанып, үш сатыдан тұратын Сатурн V зымыранының жобасын жасайды. Зымыран технологиялары әлі де Циолковскийдің теңдеуін басшылыққа алады. Алайда, адамзатты жұлдыздарға қарай бұрын-соңды болмаған қашықтыққа апарған Сатурн V ғарыш кемесінен асып түсетін технология әлі ойлап табылған жоқ.

Бес шұңқыр пішіндес қозғалтқыш Сатурн V зымыранының бастапқы кезеңін іске қосады. «Аполло» миссиясының көп бөлігі Жер орбитасынан тысқары өтіп, ақыр соңында айға жеттік. Бес қозғалтқыш қосылғанда Гувер бөгетінен 85 есе көп қуат мөлшері бөлінеді.

КЕННЕДИ ҒАРЫШ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ КЕЛУШІЛЕРГЕ АРНАЛҒАН КЕШЕНІ, NASA. ФОТОНАҚЫШТАР: СОВФОТО/UNIVERSAL IMAGES GROUP/SHUTTERSTOCK (СПУТНИК); OMIKRON/SCIENCE SOURCE/GETTY IMAGES (EXPLORER); ДЖИН ДЖ. ПУСКАР, AP/SHUTTERSTOCK (КАПСУЛА); СПУТНИК/SCIENCE PHOTO LIBRARY (САЛЮТ, ЛУНА-9); НАСА (ОЛДРИН)


1960-шы жылдары Ай әлі де ашылмаған құпия әлем еді. «Аполло» миссиясы арқылы көбірек дерек жинауға тырысқан NASA ай бедерінен түрлі қону алаңдарын таңдады. Солардың ішінде жоғалған лава мұхиттары орнында қалған қараңғы, тегіс жазықтықтар мен метеор әсерінен пайда болған төбелер де бар.

1969 жылдан 1972 жылға дейін АҚШ астронавтары алты алаңға қонды. Әрқайсысы түрлі ғылыми мақсаттар үшін таңдалды. Олардың барлығы айдың сол жақ теңбіл бетінде-тұғын. Ол жерлерді айдың орбиталық аппараттары мұқият зерттеген болатын, әрі Ғарыш сапарларын басқару орталығы астронавтармен тікелей байланысты сақтай алатын.

Ғарыш агенттіктері экипажсыз зондтар жіберіп көрді. Оның арқасында сонау шалғайдағы Ай жүйесіне бару үшін адамның қауіпсіздігіне алаңдаудың қажеті жоқ еді. Ғарыш аппараттары басқа тағы 60 айды зерттеп, тіпті, олардың біріне – Сатурнның серігі Титанға – қонуға да қол жеткізді. Айдың өзінде робот-зондтар төрт алаңда іздерін қалдырды.

Наурыз айы. «Союз» ғарыш аппаратының Қазақ елінің Байқоңыр ғарыш айлағындағы ұшу алаңына қарай тасымалданып бара жатқан сәті. 1960-жылдары Кеңес Одағы кезінде жасалған ұзақ ғұмырлы жоба әлі күнге Ресей ғарыш бағдарламасында қолданылады. «Спейс Шатл» ғарыш кемелері 2011 жылы пайдаланудан алынып тасталғалы бері АҚШ астронавтары Халықаралық ғарыш станциясына «Союз» кемесімен ұшуға мәжбүр.

Қытай жыл басында Chang’e 4 аппаратын айдың арғы бетіне қондырып, тарихта жаңа парақ ашты. Айға аттандырылған алғашқы жеке аппарат сәуірде күл-талқаны шықты. Бірақ жобамен айналысатын Израильдің коммерциялық емес ұйымы ат суытпай қайтадан талпыныс жасайтынын мәлімдеді.

Көштен қалып кетпеу үшін АҚШ астронавтардың Айға кері оралуын жеделдететін технологиялары бар аппараттар сериясын ұшыруды жоспарлап отыр.

1966 мен 1967 жылдары бес жер серігі айды суретке түсіріп, Аполло экипажы қонатын алаңдарды анықтауға көмектесті.

Аполло сапарының мақсаты айдың сол жақ бетіне қону болатын. Қазір экипажсыз аппараттар ай мен одан тысқары әлем туралы тың деректер ашуда.

15016-шы Ай сынамасы. Базальт түріндегі жыныс тот баспайтын болаттан жасалған, іші тазартылған ағынды азоты бар құтыда сақталған.

Астронавтар тау жыныстарын, жұмыр тастарды, топырақ пен шаң жинады. Сондай-ақ  олар өздері әуес, сенім-нанымдарындағы заттарын да ғарышқа ала кетті.

Гемини-6 бортында Уолтер Ширра гармоникасымен Jingle Bells әуенін орындады, осы кезде Томан Стаффорд қоңырауларын шылдырлатып тұрды. Осылайша ғарыштағы алғашқы тірі музыка 1965 жылдың 16 желтоқсанында ойналды.
Айға қонғаннан кейін Базз Олдрин сегіз сантиметрлік бокалымен қасиетті шарабын ішеді. Ол бокал Хьюстон жанындағы бұрын өзі барған шіркеуде әлі күнге дейін қолданылып жүр.

Төрт жылдан астам уақыт ішінде NASA астронавтары 382 келі Ай тасын Жерге әкелді. Бірақ ең құнды сыйдың салмағы жоқ: ол Жердің суреттері. «Аполло-8» миссиясының астронавы Уильям Андерс 1968 жылы Рождество қарсаңында осындай өшпес кадрды түсіріп алды. Суретте Жер ғаламшарымыз айдың таза кратерлі көкжиегінен көкпеңбек болып көрінеді.

Астронавтар фото түсіріп, ай жыныстарын жинаумен шектелмеді. Олар, сонымен бірге, Жерден өздерімен бірге бірқатар заттар апарғаны бар.

Джон Яң (Джемини-3) бортқа жасырын түрде тұздалған етті сэндвич алып кіргені белгілі. Ол әріптесі Гус Гриссоммен оны бөліседі. Сэндвич қоқымдары кабинада қалқи бастағанда Гриссом оны қалтасына салып қояды.

NASA-ның ең көп сұранысқа ие ғарыш фотоларының бірі – көк мәрмәрдай Жер ғаламшарының мына бейнесі 1972 жылы «Аполло-17» миссиясының Айға бара жатқан кезінде 29 мың шақырым қашықтықтан түсірілген.

Базз Олдрин («Аполло-11») Евхаристия күнін атап өту үшін өзімен бірге шарап, нан мен тостаған алып шыққан. Оның экипаждағы әріптесі Нил Армстронг болса Wright Flyer ұшағының бір бөлшегін алып кеткен. Алан Шепард («Аполло-14») ай бетінде екі гольф добын ұру үшін алты түрлі гольф таяғының басын шұлығына жасырған. Чарльз Дюк («Аполло-16») отбасылық суретін орап алып шығып, Декарт тауында тастап кеткен.

Ай бетінде қалдырылған ескерткіш дүниелердің ең әсерлісі, бәлкім, «Аполло-15» миссиясы кезінде Дэвид Скотт қалдырған алюминий фигура шығар. Ол қаза тапқан 14 астронавт пен ғарышкердің есімдері жазылған тақтаның жанына қойылған.

1967 жылы «Маттель» компаниясы алғашқы шынайы ғарыш кейіпкері «Майор Мэтт Мейсон» ойыншығын көпшілік назарына ұсынды.

Шоу-бағдарламалардан бастап, кино, ойыншық, азық-түлік пен болмысымызға дейін ғарыш біздің санамызды жаулап алды.

Ғарыш жарысы қауырт үдеуімен өмір салтымыз трансформацияланып келеді.

Спутниктің ғарышқа шығуына байланысты реплика мен өлеңдер қаптап, Life журналы АҚШ-тың алғашқы астронавтары «Меркурий жетілігі» туралы эксклюзивтік мақалаларын жариялады. Сиэтлдегі Дүниежүзілік көрме үшін «Спейс-Нидл» мұнарасы салынды. Стэнли Кубрик «2001 жылдың ғарыш одиссеясы» фильмін түсірді. Ғарыш тақырыбы кино, телевидение, музыка, сәулет өнері мен дизайн индустрияларында көрініс тапты. Зымырандардың сүйір, аэродинамикалық сызықтары машиналар мен пойыздардың сырт келбетін жобалауға шабыт берді.

«Ғарыш дәуірінен шабыт алған алғашқы машина» деп Firebird III көлігін General Motors жасап шығарған болатын. Оның газтурбиндік қозғалтқышы мен жеті қанаты бар еді. 1958 жылы осы концептуалдық көлікте компьютер, электрондық басқару құралдары, сондай-ақ жылдамдық арттыруға, тежеуге және бұруға арналған джойстик бар-тұғын.

GENERAL MOTORS МҰРА ОРТАЛЫҒЫ


Ғарыш тақырыбы әлі де болса бұқаралық мәдениеттен ұзаған емес. NASA логотипін татуировкадан фургондардың төбесіне дейін түрлі жерден көруге болады. Осыған дейін «Жұлдыз жолы», «Джетсондар», «Морк және Минди», «Жұлдыз соғыстары» сондай-ақ қазіргі уақытта көрсетіліп жүрген Марс ғаламшары туралы фильмдер мен ғарыш тақырыбындағы телешоу мен бағдарламалар пайда болды. Сондай-ақ өмірге келген дүние­лер арасында гравитация күшіне қарсы шариктік қаламдар, астронавт балмұздағы, ай жүрісі биі және ғарыш тауы да бар.

«Дұрыс нәрсе», «айға ұшу» мен «жарық жылдары» деген тұжырымдамалар күнделікті қолданысқа енді. «Ракета жанармайы» деп аталатын, тіпті сондай дәмді беретін сыра да бар қазір. Ал, сөз таппай қалсаңыз, «Хьюс­тон, бір проблемаға тап болдық» дей салуыңыз да мүмкін.

2015 ж. көрсетіліп, 80 шақ. жоғары ұшқан Virgin Galactic компаниясының ғарыш кемесі. NASA бұл қашық-тықты ғарыш шекарасының басы деп есептейді.

Ондаған жылдар бойы бір орыннан тапжылмаған сияқты көрінуіміз мүмкін. Алайда зерттеу мен пайдаға кенелу  бәсекелестігінің арқасында ғарыш саяхатының жаңа дәуірі есік қағып тұр…

Марстағы ауа райы өте құбылмалы келеді. Ол жақта астронавтарға минус 60°C-тен плюс 20°C-ке дейін температура айырмашылығына шыдамды скафандр қажет. NASA қаржыландыруымен Солтүстік Дакорта университеті зертханасы жасаған эксперименталдық скафандр 350 компоненттен тұрады.

NASA КЕННЕДИ ҒАРЫШ ОРТАЛЫҒЫ


Елу жыл бұрын тура осы уақытта адамзат Жер серігі – Айға қадам басып, тарих парағына өшпес із қалдырды. Алғаш рет басқа әлемнің есігін ашу адамзаттың ғылымдағы ұлы жетістігі әрі екі супер держава арасындағы эпостық бәсекелес­тіктің кульминациясы болатын. New York Times газеті мұқаба бетіне Арчибалд Маклиштің жырын басса, Америкадағы «ең сенімді адам» рөліндегі жаңалықтар дикторы Уолтер Кронкайт «500 жылдан кейін адамзат айды үйге айналдырғанда бұл жетістікті ең өжет қадам деп есептейтін болады» деген сөздерін айтты. Ал ең маңыздысы – бұл жарыстың аяқталуы не, тіпті, бір кездері ақыл-ойға да кіріп-шықпайтын меженің бағындырылуы да емес. Бұл жетістік, шынымен, тек алғашқы қадам еді. Бұл адамзаттың өз болашағының көкжиегін зерттеп, тіпті, тіршілік етуге болатын жерлерге көз тастаған жаңа дәуір бастамасы еді. Құрлық кезуден бастап, теңіз жолдары ашылғасын ғаламшардың әр түкпіріне қол соза бастадық. Әуені бағындырумен Жер үстіне шығып, әуе шарлап, мына жаңа әлемнің жиһанкезі болу тағдырымызға жазылды. Біз ғарыш кезушілері едік және көп ұзамай планеталар арасында саяхаттаушыларға айналар едік. «Жерліктер» деген сөз бұдан былай бізді сипаттауға жеткіліксіз болар еді. 1969 жылы 20 шілдеде «Аполло-11» миссиясының Бүркіт модулі ай бетіне қонған кездегі эйфория мен жетістік шаттығы буымен адамзат осындай ойға келді. Ұлы саяхат бір қадамнан басталады. Адам үшін бір қадам – адамзат үшін алып адым! Сол дәуірдегі АҚШ Ұлттық аэронавтика және ғарыш кеңістігі басқармасының басшысы Томас О.Пейн көп ұзамай Марсқа жетуді мақсат етіп қойған-тұғын. Ол жіті маршруттық деректері сызылған жобаны көздеді. Ол National Geographic журналында жарық көрген де еді. Ұшу күні: 3 қазан 1983 жыл. 12 адамнан құралған экипаж ядролық ракетамен ұшатын 75 метрлік ғарыш кемесінде екі топқа бөлінді. Марс орбитасына ену күні: 9 маусым 1984 жыл. Марс бетін сексен күн зерттеуден соң, Жер орбитасына оралу күні: 25 мамыр 1985 жыл. Айға жету адамзат мәртебесін көтергендей болды, одан әрмен ғарышқа тереңірек самғаймыз деген сенімділік пайда болды. «Қайда барсақ та, «сіздер, америкалықтар осыған қол жеткіздіңіздер деп емес, біз жасадық» деген сөзді естідік, – деп «Аполло-11» миссиясының пилоты Майкл Коллинс сол кезді еске алды, – біз адамзат, адам баласы осыған қол жеткіздік!»

CST-100 Starliner ғарыш кемесінің бөлшектерін орналастырып жатқан маман. Бұл Boeing компаниясы жасап шығарған ХҒС-на бес жолаушыға дейін тасымалдай алатын жаңа капсула-аппараты. Суға қарағанда жерге қонуға ыңғайлы етіп жасалған аппарат қону кезінде жылдамдықты азайтуға арналған парашютпен жабдықталған. Әр капсула он мәртеге дейін қолдануға жарамды. Осы жылдың аяғында компания сынақ жүргізуді жоспарлап отыр.

Күн шығуға әлі біраз уақыт бар. Оңтүстік Қазақстанның шалғай даласында жалғыз автобус жүйткіп келеді.

Ақыры автобус жалғыз қақпасы бар жолға бұрылып алып, қирауға шақ қалған бірақ әлі де эксплуатациядағы ғимаратқа келді. Қазақ пен орыстардан құралған қарулы күзет қызметкерлері бұл жерді қоршап алғанға ұқсайды, айнала толы прожектор. Ангар ішінде су жаңа ракета жылтылдап тұр.

Қызылорда облысы аумағында орналасқан Байқоңырға келуімнің себебі қарапайым, Жер шарының осы нүктесінен ғана тұрақты негізде адам ғарышқа ұшып жүр. Бұл адамдардың ғарыштағы барар жері де біреу-ақ: Айға дейінгі қашықтықтың мыңнан біріндей ғана жердегі, яғни 400 шақырымдай биіктіктегі Халықаралық ғарыш станциясы.

NASA шатл кемесін ғарышқа ұшыруын доғарғалы бері, яғни өткен сегіз жылда америкалық астронавтарды ғарыш станциясына апарудың жалғыз жолы – құны шамамен бір адамға 82 млн. АҚШ доллары тұратын, ресейлік серіктес «Роскосмос» ғарыш агенттігінің аппаратымен ұшыру.

Айға барғалы елу жыл өтсе де, ғарыштағы біз жеткен жер осы. Біз дегенде адамзатты айтамыз. 1969 жылғы болжамдармен қарар болсақ, бұл еш адым жасамадық дегенмен бірдей естілетіні анық. 1972 жылға дейін 12-ақ адам айға барып қайтты. Олардың бәрі АҚШ азаматы және бәрі ер адам екен. Демек, Ай мен ғарыш станциясынан басқа адам аяғы ешбір жерге тиген жоқ деген сөз. Басқа қырынан қарағанда, әрине, біз ғарышта керемет дүниелер жасап жатқанымызды да жоққа шығаруға болмайды.

Біз күн жүйесіндегі басқа планеталарды зерттеу үшін экипажсыз зондтар жіберіп, таңдай қақтырар фотолар мен құнды деректерге қол жеткіздік. Егіз Voyager кемелері Күн жүйесін жарып өтіп, жұлдызаралық кеңістікке шықты. Адам жасаған аппараттар арасында мұндай жетістікке жеткен бірде-бір техника жоқ. Олар Жерден 17 млрд. шақырымнан астам қашықтықта жүр және әлі күнгі дейін ақпарат жіберіп жатыр.

Егіз Voyager кемелері ғарыш кеңістігінде мәңгі сапар шегетіндіктен және күн мен Жердің өмірі шектеулі болғандықтан (уайымдамаңыз, оған дейін әлі көп бар), бір күні седан көлігі өлшеміндегі осы мәңгілікке ғалам кезуші екі кеме біздің тіршілік еткеніміздің жалғыз дәлелі болып қалуы әбден мүмкін. Десек те, бізден кейінгі тіршілік түрлері сол уақытта жұлдыздар арасында саяхаттап, ол үшін бізге ризашылық сезімде болатын да шығар.

Ал, егер солай болатын болса, ол осы уақыт кезеңін – 2010-шы жылдардың аяғы мен 2020-шы жылдардың басы – «инфлекциялық өзгеріс» деп көрсетуі мүмкін. Көп елдердің, соның ішінде Қазақстан да бар, Жер серіктерінің жаппай ұшыруын бақылаған физик Джим Керавала бүгінгі коммерция­лық ғарыш индустриясындағы «құтырған» белсенділікті осылай сипаттайды.

«Біз ғарышта өмір сүру мен адамзаттың болашақта мына әлемнен тыс дүниеге шығу дәуірінің нағыз бастамасы алдындамыз», – дейді Керавала (Керавала қазір OffWorld компаниясын басқарып отыр. Бұл компания күн жүйесінің ішкі жағын тіршілік пен өркениетке қолайлы, жасыл әрі қонақжай ету мақсатында миллиондаған роботтарды пайдалануды көздеп отыр).

NASA Ай бетінде табылған шаң мен тас қабаттарын қазып алып, оны алып кету үшін RASSOR деп аталатын мобильдік робот-палтформа жасап шығарды. Ол мына жерде Кеннеди ғарыш орталығында тамашалауға қойылған. Тартылыс күші жеңіл ортада жұмыс істеуі үшін ол кері бағытта айналатын тартылыс пен салмақ күшіне тәуелсіз шөміш барабанымен жабдықталған.

Кереваланың шытырмандық болжамы көп пікірталас тудырады. Мұның бір себебі, баяғыдан келе жатқан ескі «ғарыш деген оңай емес» түсінігінің шындығы. Өркениет көші іс жүзінде ешқашан сүрінбестен, құламастан алға баспаған.

Алайда ғарышта әлдебір алып нәрсе болып жатқанын теріске шығаруға да болмайды. АҚШ-тың екі ғарыш компаниясы SpaceX пен Boeing өздерінің ғарыш кемесі модельдерін сертификаттауға жақын. NASA директоры Джим Брайденстайн айтқандай, «бұл NASA компаниясын америкалық астронавтарды Америка ракетасымен Америка топырағынан ұшыруға жақындатып отыр». Бұл кемелер осы жылдың аяғы не келер жылдың басында экипажды миссияларды тасымалдай алатын болады.

Ал осы уақытта, адам баласын ғарыш туризмінің жаңа дәуіріне жақындата отырып, Virgin Galactic пен Blue Origin жеке компанияларының ғарыш кемелері айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Айтар болсақ, олар қалтасы қалың клиенттерді ғарыштың шеті, яғни Жер үстінен 90-100 шақырым биіктікке алып шығып, салмақсыздықты сезіндіріп, ғаламның қара кеңістігі мен Жердің қисайған көгілдір сұлбасын көрсетеді. Осының барлығы небәрі қазіргі бағамен 200 мың АҚШ доллары шамасында болмақ және екі компания да бағалардың тез түсетінін және ғарыш кемелерін көбейтумен қызметтер түрі артатынын айтады.

Blue Origin компаниясы да адамды қайтадан айға апару жарысын жандандыруда. Ол мамыр айында Blue Moon деп аталатын айға қонатын аппарат жасап жатқанын мәлімдеді. Роботталған көлік 6,5 тонна жүк тасып, 2024 жылға таман астронавтарды ай бетіне жеткізе алатын болады.

Ғарышты игеру ісі америкалық компаниялар және Байқоңырдағы ғарыш бағдарламасымен шектелмейді. Қаңтарда Қытай айдың арғы бетіне экипажсыз аппаратты «жұмсақ» қондыру арқылы Жер серігін игеруде «жаңа парақ ашқанын» мақтанышпен мәлімдеді. Ол жерге бұрын ешқандай аппарат бармаған-тұғын. Осы ғарыш кемесі «мини биосфера» мен өздігімен жүретін құрылғыны айға апарған болатын. Мақсат жеміс шыбындары мен түрлі өсімдіктер мен тұқымдардың бірлес­кен күйде Ай шарттарында өсіп-өспейтінін анықтау еді. Сәуір айында Қытай келесі онжылдық ішінде айдың оңтүстік полюстік аймағында ғылыми-зерттеу станциясын салуға ниетті екенін мәлімдеді. Десек те Қытай ғарыш агенттігі «тайконавтарды» (қытай астронавтары) қашан ай бетіне апаруға талпынып көретіні туралы тіс жарған жоқ.

Өз-өзін «жаңа бастаған жігерлі ел» санайтын Израильде сәуір айында қуаныш пен қайғы қатар орын алды: SpaceIL деп аталатын коммерциялық емес консорциумы ай орбитасын айналған алғашқы жеке кәсіпорын ретінде тарихқа енді. Алайда, олардың Израильді ай бетіне аппаратын «жұмсақ» қондырған төртінші ел ету жоспары іске аспай, техникасы қирап қалды.

Жапонияда JAXA ресми ғарыш агенттігі наурыз айында астронавтардың ай бетінде он мың шақырымнан астам жол жүрулеріне мүмкіндік беретін өздігімен жүретін экипажды аппарат жасау үшін Toyota компаниясымен бірге жұмыс істеп жатқанын жариялады.

Бүгінгі таңдағы ракета индустриясының басым бөлігін супер миллиардерлер арасындағы делебе қоздырған сайыс қыздырып отыр.

Осы ғарыш титандарының көбінде нақты мақсат-мұраты да жоқ емес, бірақ жалпылай алғанда, осының барлығының қаншалықты дұрыс екенін талқылау ешкімнің ойына да келген жоқ. Ғарыш пен сауда ісінің жілігін шаққан Джефри Безос айтқандай, егер күн жүйесі мың Эйнштейн мен мың Моцарты бар триллион адамға пана бола алатын болса, Amazon компаниясының іргесін қалаған адамның «жермен шектелмей, көк аспанда көбейе бастауымыз керек» деген үндеуіне құлақ асамыз ба?

Сонымен бірге, коммерциялық ғарыш компанияларының жарнамалық материалдарындағы «ғарышты игеру – ол Жерді сақтап, оны жақсырақ мекенге айналдыру үшін керек» деген жер жарған ұрандары мен мақсат-мұраттары туралы жазғандары ерекше көзге түседі.

«Әлемге жақсы өзгеріс әкелу үшін ғарыш есігін ашамыз» (Virgin Galactic, іргесін қалаған миллиардер Ричард Брэнсон). «Жерді аман сақтау үшін… ғарышқа шығып, оның шексіз ресурстарын игеруіміз керек» (Blue Origin, қожайыны Джефри Безос).

Ғарышқа не үшін ұшамыз? Елу жыл бұрын сұрақтың жауабы жеңіл еді. Айға жету үшін! Әрине, енді жаңа ашылымдар үшін. Ал мемлекет деңгейінде – турасын айтқанда, мәртебе үшін!

Бүгін осы сауалды қойсаңыз, неше түрлі жауап естисіз. Зерделеп қарауға тұратын дүние көп, өйткені, не істеп жатқанымызды немесе не істеуді көксеп отырғанымыз­ды ұғынбай, ғарышқа баруымыз керек не керек еместігін түсіне алмайсыз.

Қазақстандағы ангар сыртына қасымдағы көбі орыс, кейбірі канадалық тілшілерден құралған топпен бірге мен де автобустан шықтым. Айнала шеңбер құрай тұрып, жер тепкілеп, аяғымыздың құрысын жазып алдық. Желтоқсан айының басы, күн суық: минус 14°С. Жел ызғарымен температура одан да суық болып сезіледі.

Біз қауіпсіздік қоршауының шетінде тұрмыз. Бер жақта біздің тобымыз камералары мен қойын дәптерлерімен, ал ар жақты қарулы күзет қызметкерлері униформаларының жағасына жапсырылған рациямен сөйлесіп жатыр. Ракета теміржол вагонында тұр: түбінде төрт конус пішіндес зымыран тасығыш, төбесіне жарық түспен Ресей туы салынған ақ цилиндр. Пойыз жаймен уілдеп, қозғала бастады. Ол бірнеше шақырым жердегі ұшыру алаңына беттеп барады.

Ұшырудың өз драмасы бар, өйткені қазан айындағы алдыңғы ұшыру кезінде сапар жерден 93 шақырым жоғарыда кесілуге мәжбүр болды. Датчиктегі ақау салдарынан ғарышкерлер мінген капсула ракета мен зымыран тасығыш жиынтығынан ажырады. НАСА астронавы Ник Хаг пен ресейлік космонавт Алексей Овчинин жан түршігерлік жағдайда төтенше қонуды жүзеге асырып, апаттың алдын алды.

«Экипаждың жолы болды, – деп түсіндірді подполковник әрі Ирак соғысының ардагері және тікұшақ пилоты Анне Маклейн NASA жаңалықтар конференция­сында, – алайда, орбитаға шыққан әр экипаж жетістікке жетті деуге болады. Ғарышқа самғау оңай іс емес».

МакКлейннің мына нәрсені білгені жөн: NASA астронавы, ол ұшқалы жатыр, мен Космодромдағы көріністі бақылауға келдім.

Қазір «Роскосмос» мәселенің шешімі табылып, «Союз» зымыран тасығышы еш қиындықсыз ұшырылуы керектігін айтады. Шындығында, арнайы карантин аймағындағы әйнек қабырға артында МакКлейн мен басқа екі экипаж мүшелері бізге бас бармақтарын жоғары көтеріп, ағылшын, орыс және француз тілінде бәрі дұрыс екенін білдіріп отыр.

Ұлы дала елінің мақтанышы Байқоңыр­да ракета сәтті ұшырылып, бір жарым шақырым қашықтықта тұрған тілшілер мен мамандар бұған өз көздерімен куә болды. Бес шақырым алыстан бақылайтын Канаверал мүйісіне қарағанда бұл әлдеқайда жақын қашықтық. Көріністің ғажайып әсерінен денеңдегі әрбір түк тікірейіп, ракета құйрығы тұтанған кезде шығатын алып алқызыл жалын, мотор гүрілі мен жердің дірілдеуі қатты әсер етеді. Ал осы зымыранның ең басында үш адам көкке аман-сау самғап шығатындарына сеніп отырғандарын ойласаң, ішіңді толтырған сезім тулап тасып кететіндей.

Ғарышта жүрген адам саны үшеуден алтыға шығып, екі есе артпақшы. Үш аптаға жетпейтін уақытта қазір ғарыш станция­сында жүргендер үйге оралып, Жер атмосферасынан тыс тіршілік ететін адам саны қайтадан үшке түседі. 7,6 миллиард шамасындағы қалғандарымыз ше? Әзірге, біз жерге байланғанбыз.

Алайда, жуырда Америка Құрама Штаттарының астронавтарды ғарышқа жеткізуінің бір емес, екі жолы пайда болуы мүмкін. Осылайша, ақыры NASA еш баламасыз Ресейдің «Союз» ракетасына тәуелділіктен құтылады. Жаңа ғарыш кемелері айға, астероидтарға, тіпті, Марсқа ұшатын ұзақ сапарларға шығудың алғашқы қадамы болмақ.

Осылайша, бірнеше айдан кейін Флоридадан бір-ақ шықтым. Ауа райы тамаша, бір шақырымдай қашықтықтан Атлант мұхиты мен мұндалайды. Жер үстінен 50 метр биіктікте тұрмын.

Бұл Канаверал мүйісіндегі Әскери әуе күші станциясы. 41-ші ракета ұшыру кешенінің төбесі. Нысан тарихы 1965 жылдан басталады. Сол кезде осы жерден «Аполлонға» дейінгі ғарыш бағдарламаларының ракеталары ұшырылатын. Осы жерден, айналып келгенде Boeing компаниясының CST-100 Starliner ғарыш капсуласы ұшырылмақшы. Капсула бір уақытта Халықаралық ғарыш станциясына бес адамды апара алады.

Лифтіден шыққаннан кейін алғаш көзіме түскені ұшыру кешенінің арғы түкпіріндегі жерге бастайтын төрт параллель арқанды жолақ болды.

«Егер астронавт болсаңыз, шынымен, ана арқанмен түсуді қаламас едіңіз», – дейді Boeing пен Lockheed Martin компаниялары арасындағы ULA біріккен кәсіпорнының ұшыру операциялары директоры Тони Талиансич. Ол мына соңғы минутта жарылыс, өрт не басқа да төтенше жағдайлар болса, кемеден шығуға арналған 400 метрлік арқанды жолақтар құтқару жүйесінің аса маңызды бөлігі екенін айтып түсіндірді.

NASA-ның ғарыш сапарларының  қауіпсіздігін азайтудың үздіксіз талпыныстарына қарамастан, ол әлі де қауіпті шаруа болып табылады. Негізінде, астронавтардың ғарыш кемесінің капсуласына жайғасуы бомбаның басына шыққанмен бірдей. Олар бақыланбалы режимде осы «бомбамен» ғарышқа ұшып шығуға сенім артады.

135 ғарыш шатл кемесін ұшыру операциясының екеуі қайғылы жағдайда апатпен аяқталды. Әрқайсысында жеті адам опат болды. Егер осы опат көрсеткіші деңгейін осы елдегі өзіміз сенім артқан коммерциялық әуе лайнерлеріне байланыстырар болсақ, онда күніне 500 апатты оқиға жағдайын бастан кешер едік.

Талиансич Starliner экипажының капсуласы қай жерде орналасатынын және герметикалық камераға кіру есігін көрсетті.

Starliner кемесін бір сағаттай бұрын осы маңайдағы зауыттан көрген болатынмын. Дәлірек айтқанда, мен конус пішіндес капсуланың үстіңгі және төменгі бөліктерін жоғары температурадан қорғайтын сыртқы қабығынсыз, ғарыш кемесінің ішіне қарай спагеттидей шұбатылған, ирелеңдеген бума-бума кабель-сымдары ашық күйде көрініп тұрған кейпінде көрдім.

Қолайлылығы арттырылған орындықтары және үлкейтілген иллюминаторлары, сондай-ақ көңіл-күй көтеретін ішкі LED шамдары бар ғарыш кемесінің кабинасы «Аполло» капсуласымен салыс­тырғанда XI ғасырдың бұйымы екені анық байқалады. Жетілдірілген шамдар астронавтардың ұйқы циклдерін және эмоцияларын ретке келтіруге көмектеседі. Бұл – кез келген ғарыш агенттігі үшін айларға созылатын Марс миссиясына адам жібермес бұрын шешілуі тиіс бірнеше аса маңызды қиындықтардың бірі.

Сонымен, Марс сапары қашан ұйым­дастырылады?

Қызыл планетаны зерттеу бойынша NASA-ның нақты бір мерзімдік кес­тесі жоқ. Ал бұл уақытта әрі адамның әрі ғарыш кемесінің мүмкіншіліктерін сынап көру мақсатында қайтадан астронавтарды айға жіберуге назар аударылып отыр.

«Ай сынақ полигоны, ал Марс – көкжиектегі мақсат», – дейді NASA-да істейтін Брайденстайн. Бұл оның наурыз айында ғарыш агенттігінің ұсынылған бюджеті туралы презентация барысында айтқаны.

Айда тіршілік орнату үшін астронавтар су, оттегі және адам мен машина үшін отын ретіндегі гелийді табу жолдарын іздестіруі қажет (гелий-3 газының айда қоры мол деген болжам бар. Оны болашақта ядролық синтезбен қозғалатын ракеталарға пайдалануға болады). Сондай-ақ  ай басқа бағытқа ұшуда аялдау пункті қызметін атқара алады: оның тартылыс күші Жерге қарағанда алты есе аз болғандықтан кемені айдан тыс жаққа ұшыруға анағұрлым аз қуат қажет.

Ғарышты зерттеуді жақтайтындар осы индустрияға бөлінетін қаражатқа көңілдері толмайды. Олардың айтуынша, мұндай бюджетпен Марсқа жету тым баяу болмақ. Брайнденстайн мұнымен келіспейді. Ол бұл жеке компаниялардың экипажды кемелерді қондыру мүмкіншіліктерін іздестіруге ұмтылдыратынын айтады. Starliner немесе Crew Dragon деп аталатын SpaceX нұсқасы, яки екеуі де адамзаттың келешектегі ғарышты зерттейтін аппараттары бола алады.

Десек те, Жерге оралайық.

Біз елу жыл бұрын көпшілік болжаған заманда емес екеніміз анық. NASA-да істеген Пейн айтқандай Марс қана емес, сонымен бірге Юпитердің айларына да барамыз деген жорамал да іске аспай қалды. Тіпті, біз айға да оралған жоқпыз. 1992 жылы өмірден озған Пейн бұл уақытта мыңдаған адам демалысын айға саяхаттау­мен өткізеді деп сенген болатын.

1969 жылы жасалған ұлы болжамның шындыққа айналуы, әрине, мүмкін – бірақ, ол айға қонуға 100 жыл толу уақытына таман болатын шығар.

«Бір күні Марсқа көшем» деп ниет білдірген Илон Маск бұл бәйгеде озып шығатындай көрінетін санаулы тұлғалардың бірі. Ол экипажды SpaceX кемесі Марс бетіне 2024 жылы қонады деп есептейді. Бұл оптимистік жоба үмітсіз әрі ақылға қонымсыз деп көпшілік тарапынан қаперге алынбады. Сәуір айында АҚШ үкіметі бекіткен тәуелсіз талдау NASA-ның Марсқа адам жіберуі 2034 жылдан бұрын орындалмайды деген қорытынды шығарды. Марс жобасын жақтайтын басқалары бұл оқиғаның 2040-шы жылдардың басына келуі әлдеқайда ықтималдырақ деп есептейді.

Қону мен зерттеуді іске асыруға болады. Бірақ көптеген сарапшылар аспандағы өмір туралы батыл болжамдарды қисынсыз деп есептейді.

Өткен жылы ғарыш конференциясында Планетарлық қоғам директоры Билл Наймен жолықтым. Ол Марс бір күні адам тіршілігі үшін терраформаланады деген идеяға көзін аларта қарады.

«Ол шамадан тыс суық, ол жақта су жоқ, азық жоқ! Айтпақшы, онда демалатын ауа да жоқ», – деді ол (Най қызыл планетаға миссиялар жібергенді жөн көреді, тұрақты қоныстануды емес).

Атап өтерлік тағы бір жайт: біз атқаратын қандай жұмыс болса да, роботтар оны жақсырақ орындай алады (яғни, ғарышта), алайда сол жақтағы сиқырлы көріністің ғажап сәтін адам ғана сезіне алады. Адам жібермей-ақ, ғарышта адам таңғаларлық нәрселер істедік. Біз берген бағыт пен команда арқылы ұшатын және жер бетінде сансыз басқа тапсырмаларды орындай алатын жерсеріктерін ұшырдық.

Зондтар егжей-тегжейлі суреттер жіберуін жалғастыруда. Жуырда ғарышқа телескоп ұшырмақшымыз, оның қуаттылығы соншалық жарығы миллиардтаған жыл бұрын шыға бастаған ғарыш түкпіріндегі жұлдыздарға көз тастауға мүмкіндік беретін болады.

1977 жылы жіберілген, титімдей ғана ядролық генератордан қуат алатын егіз Voyager зонды өз айналасындағы денелер туралы ақпаратты әлі күнге жіберіп жатыр. Оның бортындағы ақпарат жіберетін радио-трансмиттер қалыпты электр шамы тұтынатын мөлшерде қуат жұмсайды.

Voyager кемелерінің әлі ғарыш кезіп жүргені біздерге басқа ойлар да салады. Адам баласы мұндай сапарға жарамайды. Ауа, азық пен суға деген қажеттілігіміз, ғарыш радиациясынан не күн жарқылынан қорғануды қаперге алсақ, барудың қажеті қанша деген заңды сұрақ туады. Сирек кездесетін материалдарды табу үшін астероидтарды қазудан бастап басқа ғаламшарлардың фотосын түсіруге дейін түрлі жұмыстарды экипажсыз зондтар артық орындайды.

Десек те, ешбір экипажсыз зонд жалғыз адамның қасымыздағы айға алғаш аяқ басқандағы толқу, тебіреніс не тәнті болу сезімін ешқашан бере алмайды. Қаласа, күндердің күнінде Марсқа да жететініміз анық. Егер адамзат баласында Эверестке шығу, полюстерге жетуге деген құмарлығымыз, Марс пен одан тысқары әлеммен шектеліп қалмақ емес.

«Біздің болмысымыздың фундаменталдық бір шындығы бар: адам зерттемей тұра алмайды, – деді 1971 жылы Ай бетінде тұрып радио-байланысқа шыққан «Аполло-15» миссиясының командирі Дэвид Р.Скотт. – Және бұл зерттеу солардың ішіндегі ең ұлысы».

Сонымен бірге, егер Жер беті тіршілікке жарамсыз болып қалса, мал-жанның аман қалуы үшін амал ету мәселесі де бар. Бұған біздің бақылауымыздан тыс күштер әсер етуі мүмкін, айталық, динозаврлардың көзін құртқан астероидтар, немесе өз ақымақтығымыздан туған ядролық қару соғысы, яки климаттың күрт нашарлауы.

Біз «А» жоспары туралы уайымдап келдік және бұл дұрыс. Өйткені, бұл қолдағы ең жақсы, бәлкім,  жалғыз жоспар. Қоршаған ортаны қорғау ісінің белсенді азаматы Билл МакКиббен айтқандай: «Жер шарының ең сұрапыл деген бөлігінің өзі адамзат үшін басқа табылған, баруға болатын жерлермен салыстырғанда анағұрлым қонақжай».

Ғарыш игерудің бірінші кезеңінің басты ирониясы сол, космоста алғаш түсірілген айдың не басқа планеталардың емес, өз ғаламшарымыздың фотолары болады. Мына фотолар қоршаған ортаны қорғауға деген қозғалысқа жан бітіріп, көп адамдарды «осы ақшаның бәрін неге өз планетамыздың проблемаларын шешуге жұмсамасқа» деген қарапайым сұраққа итермеледі.

«Осы ақшаның бәрі» дегенде жартылай ғарыш игеру бағдарламасы айтылады. Кей жылдары оған федералдық бюджеттің 4,5 пайызына дейін бөлінді (бүгінгі таңда NASA бюджеті оның 0,5 пайызын құрайды). Ер мен әйел астронавтарды Марсқа жеткізу осы күнге дейін кемінде сондай қаражат талап етуі әбден мүмкін еді, сондықтан бұл жобаны осы күнге дейін іске асырмай келгенімізді ақтайтын жақсы себеп бар.

Қазір ғарыш игерудің екінші кезеңіне аяқ басып келеміз. Бұл кезеңде қайта пайдалануға болатын ракеталар тәріздес толассыз инновациялар ғарышқа шығу құнын төмендетіп жатыр. Бұл бүгінге қарағанда келесі онжылдықта не отыз жыл ішінде Марсқа бару әлдеқайда арзанға шығатынын сөзсіз дәлелдейді.

Кез келген ғарыш кәсіпорнындағы ауыр оқиға не трагедия, әдетте, олардың бәрін артқа, кейде көп жылға кері ысырып тастайды. Қаржыландырудың шет-шегін таппайсыз, мәселен, астероидтарды қазу жобасы тұралап қалғанға ұқсайды. Ғарыштағы сирек кездесетін минералдардан триллион доллар не одан да көп пайда табуға болатын деген тұжырым (өнеркәсіп көшбасшыларының айтуынша) дұрыс та бұрыс та болуы мүмкін. Бірақ оны табуға керекті технологияны жасауға 100 немесе 200 миллиард доллар қажет болса ше? Бәс тігуге бұл тым көп ақша. Түптеп келгенде, ғарыштың «қара, яғни жаман» жағы да бар. Әңгіме қара шұңқыр туралы да емес. Мәселе АҚШ, Қытай мен Ресейдің ғарыш қаруын құрас­тыруға кіріскендігінде болып отыр (үшеуі­ де қорғану мақсатында деп айтады).

Жер серіктерді жоя алатын зымырандар, қуатты лазер қарулары ғарыш соғысына әкеп соғуы әбден мүмкін. Қазақстанның ен даласында ұшырылған «Союз» ракетасын көруге бара жатқан сапарымда алдымен Мәскеуге тоқтадым. Ондағы ойым кейбір космонавтармен жолығып, музей аралап қайту. Өйткені  Совет ғарыш бағдарламасы қамшылаған жарыссыз NASA астронавтарының айға барған ерлігін түсіну қиын.

Америкалықтар айға қону жарысын, өз сөздерімен айтқанда, футбол ойынына ұқсатады. Сайыстың көп бөлігінде кімнің алда болғаны ешкімнің есінде де емес, оған мән бермейді де. Маңыздысы, кімнің жеңгені, тіпті, осы мақсатқа жету үшін олар 0:3 болып жеңіліп жатып, қуып жетуге мәжбүр болса да… Сол голдар арқылы АҚШ-тың мерейі үстем болды. Нүкте.

20 ақпан, 1962. Жер орбитасына шыққанда Джон Гленнің үстінде болған ғарыш костюм. Герметизацияны 27 түймелік қамтамасыз етті.

Бірақ Ресейден ғарыш жарысына мүлде басқа көзқараспен кетеді екенсіз. Орыстарша айтқанда, бұл сайыс жеңіл атлеттердің көпсайысындай еді және америкалықтар соңғы айналымды жеңіп, абыройын асқақтатса да, орыстар ұпай санымен озды.

Шынымен, Кеңес Одағының бұл сайыс­тағы «бірінші орындары» аз емес екен: алғашқы талпыныс, алғашқы жерсерік, алғаш ұшырылған жан-жануар, ер мен әйел адам, көп адамнан құралған экипаж және ашық ғарыш кеңістігіне шыққандар да осы одақ өкілдері. Бұл миссиялардың жүзеге асуында Байқоңырдың қосқан үлесі орасан екені айтпаса да түсінікті. 

Ал енді «Байқоңыр» ғарыш айлағы туралы қызықты деректер назар аударсақ. 1950 жылы Қазақ даласында ғарыш айлағын салу құрылысы басталғанда ықтимал қарсыластарды алдау үшін Қарағанды облысының Байқоңыр деген жерінде тағы да бір ғарыш алаңы салынған. Жер шарын алғаш рет айналып шыққан «Восток-1» кемесінің ұшу мерзімі – 108 минут.

50 жылдың ішінде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан 1500-ден астам әртүрлі мақсаттағы ғарыш аппараты, 100-ден астам континентаралық баллистикалық ракета, негізгі ракеталардың 38 түрі, сондай-ақ 80-нен астам ғарыш аппараты және оның модификациялары ғарышқа ұшырылды. 

2000 жылы Қазақстан Республикасының тұңғыш ғарышкері – Тоқтар Әубәкіров «Жыл адамы» деп танылды. Көптеген адамдар біле бермейді, бірақ 1998 жылы ғарышқа екінші рет ұшқан Талғат Мұсабаев «Мир» орбиталық станциясын құтқарды. 2001 жылы Талғат Мұсабаев америкалық турист Денис Титомен бірге (әлемдік біріншілік) ғарышқа ұшты.

Коммунистермен болған ғарыш сайысында Президент Джон Кеннеди астронавтарды айға қондыруға yәде етіп, артынша сол жобаны толыққанды жүзеге асырып шықты.

Қызығы сол, мен Ресейде жүріп жолыққан ғарышкерлер америкалық әріптестерімен екі көзқараста ортақ сияқты көрінді. Біріншісі, олардың ғарышта өткізген уақыты Жерді қорғауға деген құлшыныстарын арттырған. Екіншісі, адамзаттың ғарышты игеру ісін шешімді түрде қолдаса да, олар ғарышты тұрақты және кеңінен отарлау сандырақ сөз деп ойлайды.

«Негізі, бұл … жағымды нәрсе емес», – дейді Виктор Савиных. 79 жастағы Савиных Ресейде танымал тұлға. Ол 1985 жылы тозығы жеткен «Салют» ғарыш станциясын жөндеудегі батылдығымен есте қалған. «Ол жақта бағыт-бағдарыңызды жоғалту оңай, ешнәрсе есіңізде қалмайды. Миға көп салмақ түседі. Күннен көзіңіз шағылысады. Сөзбен айтып жеткізу қиын. Денеңіз әлсірейді», – дейді ол. Десе де, ол Безостың болжамы орындалуы мүмкін екенін растады.

«Менің оған жауабым жоқ, – дейді Савиных, – енді жаңа буын мен одан кейінгілері онымен айналысулары керек». Ғарыш индустриясы жөніндегі конференцияның соңына таман АҚШ астронавтары әлемнің әр түкпірінен мектеп оқушылары жіберген видео-сауалдарды көрсетті.

«Бір галактикадан екіншісіне бару мүмкін бе»? – деп сұрады бір бес жасар бала. «Оның терең ойлануы қуантады», – деп жауап берді үш ғарыш шатл миссиясына қатысқан ардагер астронавт Крис Фергюсон. Ол ғарыш станциясына Boeing Starliner кемесінің алғашқы сапарына қатысуы керек болатын. «Галактикадан галактикаға бару үшін жарық жылдамдығы деген пәлекетті бағындыруымыз қажет», – деп ол залдағыларды бір күлдіріп алды.

«Ол соны бағындыратын технологияны жасайтын болады», – деп сөзге араласты SpaceX  пен Crew Dragon миссиясының алғашқы сапарымен ұшпақшы болып жатқан астронавт Виктор Гловер.

«Бізді де өздеріңмен ала кетіңдер», – деді зейнеткер астронавт, ғарыш станциясына екі мәрте барып қайтқан Николь Стотт.

Гловер езу тарта күлімдеп, қорытынды сөзін айтты: «Ол сізге байланысты, аға!» 

 

Авторы: Надия Дрейк, фото: Дан Винтерс


Authorization
*
*



Registration
*
*
*
Password generation