ЗЕРТТЕУ

Сегіз қырлы, бір сырлы – Леонардо

Бес ғасыр бұрын дүние салған да Винчидің жасампаздығы тозған жоқ. Өнертап­қыш ғұламаның хаты ғылымға әлі күнге дейін үлес қосып, бүгінгінің ғалымдарына ой салуда.

Қас қағым сәтте ғасырлар тоғысады… Мен Леонардо да Винчидің суреттерінен құралған королева коллекциясын көру үшін Виндзор қорғанына арнайы келдім.

Горгульялармен безендірілген арка тәрізді жасалған дарбазадан ішке енгенде Леонардо мені Ренессанс дәуіріне бірден ертіп әкетті.

Қорғанның айбынды баспаханасында 1500-ші жылдардың соңында дайындалған былғары альбомға үңілгенімде суретшінің сыбыры құлағыма естілгендей болды. Сыртында дақ іздері қалған альбом алтынмен әспеттелген. Оған Disegni di Leonardo da Vinci Restaurati da Pompeo Leoni, яғни Помпео Леони сақтаған Леонардо да Винчи суреттері деп жазылыпты.

Мына алтын жалатылған мыс шар Леонардоның суретші Андреа дель Верроккиьодан тәлім алып жүрген кезінде жасалған және ол оның өмірінде ұзақ уақытқа із қалдыр­­ды. Фотода Санта-Мария-дель-Фьоре шіркеуінің күмбезіне найзағайдан келген шығынды тексеруге шыққан Сандро Шивениннің қылтиған сәті берілген.

Леони есімді италиялық мүсінші Леонардо да Винчидің суреттерін оның адал шәкірті Франческо Мельцидің ұлынан сатып алып, оларды кемінде екі альбомға біріктірген. 1690 жылға қарай Леони түптеуі деп танылған 234 фолио парағы мен Леонардоның шексіз қиялынан құралған альбомдар корольдік коллекция қатарын толықтырады.

Royal Collection Trust ұйымының суреттер мен сызбалар бөлімінің басшысы Мартин Клейтон парақтар таңдамасын ортаға жайып салды: ботаника, геология, гидравлика, сәулет өнері, әскери техника, геометрия, картография мен анатомия. Ол белгісіз дүниені ұғынуға қолжеткізу үшін сия, бор мен күміс қарындаштың көмегімен ғаламның сан қилы құпияларын ашуға тырысты.

Әр сызбаның терең мағынаға ие екеніне таңғалмасыңа амалың қалмайды. Бас бармақтан да кішкентай ең шағын фрагментте болар-болмас бірнеше штрихпен сызылған әйел кеудесін көруге болады. Қызыл түсті бор және бүгілген штрих-белгілермен бейнеленген көрініс ана құрсағындағы ұрық суреті.

Бекіністерді атқылайтын зеңбіректер; көлеңкенің толық әрі селдір қараңғылығы; адамның бас сүйегі, жүрек, аяқ пен адам келбеті – Леданың суретінен қария адамның қисайған ұсқынына дейін барлық нәрсе визуалдық дәлдікпен жасалған.

Леонардо қалың ортаға таңдай қақтырар талантымен Флоренцияда жүрген кезінде танылып, алғашқы табысын сонда тапты. «Ол күш-қуаттың сәні, символы еді», – дейді ғалым Паоло Галуцци. Мына фотода италиялық көше суретшісі Вальтер Конти туристермен суретке түсу үшін Уффици галереясына қарай бара жатыр. Ол Леонардоның даңқты тұлғасын сомдауда.

«Мына парақтардағы Леонардоның суреттеріне қарап-ақ оның тақырып талғамағанын әрі жаңа дүниені еркін қабылдағанын көруге болады, – дейді Клейтон, – адам сенгісіз кең көлемде жұмыс істейтін ақыл-ойды көру – адам жанын тебірентеді».

Табиғатынан әр нәрсені түртіп алып отыруға жаны құмар Леонардо білімін жетілдіруге келгенде «қанағат» дегенді білмейтін. Ол сан алуан сұрақтардың жауабын білмейінше тыным таппайтын. Істелуі қажет шаруалар тізімінде айды ұлғайтып көрсететін көзілдірік жасау мен күлкі себебін баяндау да бар. Діңгек қалыңдығы мен ағаш бұтақтары арасындағы өзара қатынасы қандай, суды ауадан не нәрсе айырады, рух қайда, түшкіру, есінеу, қарын ашу, шөлдеу мен нәпсіқұмарлық деген не секілді сұрақтар мазалайтын оны.

Оның суреттерінің танымалдығы басымырақ болғанымен, Леонардоның қолжазбалары мен сызбалары оның данышпандығын күллі әлемге паш ететіндей. Оның мағыналы ойлары – өзі сынақтан өткізген гипотезалар, өзі бастаған интеллектуалдық, ғылыми және философиялық ойларын Виндзорда, Париж, Лондон, Мадрид, Турин, Миландағы кітапханалар мен Билл Гейтстің жеке коллекциясында сақталған 7000 парақтың әрқайсысынан байқауға болады.

Бес жылдық реставрация­дан кейін Леонардоның «Бақсылар мінәжаты» туындысының ұзақ уақыт кір мен күңгірттенген лак астында жасырынған бояулары мен суреті жарыққа шықты. 1481 жылы бітпей қалған осы сурет те, соның ішінде өзі енгізген түзетулер Леонардоның ойлау қабілетін көрсетеді. Туынды Уффизидегі Леонардоға арналған бөлмеде көрмеге қойылған.

Леонардоның дүниеден озғанына биыл 500 жыл толатындықтан суретшінің қойын дәптерлері де ренессансты бастан кешіруде. Ғалымдар оның туындыларына терең бойлап, көпшілікке беймәлім шығармаларын жариялай бастаса, музейлер көрмелерін өткізуде.

Атап өтерлігі, Леонардоның қойын дәптерлеріндегі парақтар осы бір данышпан тұлғаның түрлі сала мамандарының қолына түсіп, таң-тамаша етуде. Олар Леонардоның еңбектерін өз жұмыстарында пайдалана отырып, жаңа идеяларға қолжеткізуде. Ғылым, медицина мен технология нені әрі қалай істей алатындығымыздың шекарасын жылжытқан болса да, Леонардоның сызбалары әлі де үйренуіміз қажет көп дүниенің бар екенін аңғартатындай.

Өнер тарихшысы әрі ғалым Леонардо Мартин Кемптің сөзімен айтқанда: «Көрегенділік, қиялға берілгіш ұлылық пен визуалдық зеректік тұрғысынан оған дейінгі тұлғалардың ешбірі онымен салыстыруға келерлік дүние тудырған емес. Одан кейінгі ғасырларда да салыстыра алатындай туындылар туралы бейхабармыз».

Леонардо 1452 жылы 15 сәуірде Флоренция мен Пиза аралығындағы Тускан даласының таулы қаласы – Винчидің маңында, некесіз отбасында дүниеге келді. Көпшілік оның анасы жергілікті ауыл тұрғыны Катерина ди Мео Липпи деп есептейді. Әкесі Сэр Пьеро да Винчи мамандығы бойынша нотариус еді. Некесіз тумағанда Леонардо да әкесінің жолын қуу керек-тұғын.

Денедегі әр талшықты түсіну үшін Леонардо жануарлар мен адам мәйітін сойып, бөлшектеп қарауға құмартқан. Мына парақта ол қол, иық, аяқ сүйектері мен бұлшық еттерін бейнелеген. Леонардоның анатомиялық трактат басып шығару жоспары болғанымен, ол ешқашан жүзеге аспаған. Егер ол табысты болғанда қазіргі анатомияның атасы деп те танылар еді. Бұл атаққа кейіннен Андреас Везалий ие болды.

ROYAL COLLECTION TRUST/© ҰЛЫ МӘРТЕБЕЛІ ІІ ЭЛИЗАВЕТА ПАТШАЙЫМ


Винчи қаласы адам шабытын оятатын көркем шаһар болса, зәйтүн бақтары, бұлыңғыр тау шыңдары мен Италияның батыс жағалауындағы тау сілемдері Тускан даласының қазір де Леонардоның жастық шағындағыдай әр нәрсеге құштар екенін көрсетеді.

«Винчиде бұл көріністі orizzonti geniali, яғни «дана көкжиек» деп атайды», – дейді Леонардо музейінде істейтін Стефания Марвогли. Құрақ көрпедей бірігіп тігілген әркелкі ландшафтыдан тұратын біртұтас әлем Леонардоның табиғатта іздеген байланыстарын байқататындай: ғаламды біріктіретін оюлар.

Леонардоның балалық шағы туралы дерек жоқтың қасы. Тек кей жазбаларда ғана оның Винчиде ата-әжесімен тұрғаны айтылады. Сол жерде ол бастауыш білім алған. Жасөспірім шағында әкесі оның сурет салу өнері бар екенін байқайды. Ұлының салған туындыларын сол заманның белгілі суретшісі Андреа дел Верроккьиоға көрсеткен кезде ол Леонардоны Флоренциядағы шеберханасына шәкірт етіп қабылдауға келіседі.

Әуел бастан Леонардо өз қатарластарынан оқ бойы озық жүріп, кейін ұстазынан да асып түсті. Леонардоның ең бастапқы кезеңдегі тырнақалды еңбегі сия-қаламмен салған Арно даласының пейзажы еді. Ол бұл туындысын 1473 жылы 21 жасында салған. Ал бірнеше жылдан кейін ол алғашқы тапсырысын қабылдап, шіркеуге алтарь жасап, ал бір топ монах үшін «Бақсылар мінәжаты» деп аталатын сурет салып береді.

Нью-Йорк өнер академиясының бейнелеу бөлімінің директоры Майкл Гримальди (ортада) бала кезінен Леонардоны пір тұтатын. Филадельфиядағы Дрексель университетінің медицина колледжімен өзіндік ынтымақтастықта Гримальдидің студенттері (ақ халаттылар) Дрексель студенттерімен (түрлі түсті медициналық костюм) адам денесін зерттеп, суретін салу үшін бірігіп жұмыс істеуде. «Лекцияға қарағанда мәйітпен жұмыс істеу пайдалырақ», – дейді Гримальди.

Леонардо өзі туралы шамалы жеке естеліктер қалдырғанымен біздің қолымыздағы деректер мардымсыз. Ол гомосексуалист болған деп те айтуға әбден болады. Өмірінде оған екі рет еркекпен жыныстық қатынасқа түсті деп айып тағылса да, екеуінен де ол ақталып шыққан. Ол тордағы құстарды сатып алып, босатып жіберіп отыратын. Солақай жігіт Лео алқызыл түсті жейде кигенді ұнататын. Оның сазды дауысы әдемі еді. Ішкі әлемі бай, адамдармен жақсы қарым-қатынаста болатын. Сиракуз университетінің өнер тарихы бойынша құрметті профессоры Гари Эдкенің айтуынша: «Лео ішінде сыр бүгіп, терең ойлайтын данышпандардың қатарынан емес тұғын. Ол отырыстардың сәні еді».

46 жылдық мансабының басым бөлігін Флоренция мен Миланда өткізген Леонардо білім десе ішкен асын жерге қоятын. Ол латын тілінде оқыды, поэзияға әуес болды. Эвклид пен Архимедтің еңбектерін жата-жастана оқитын. Басқалары түйедей айқын нәрселерді көрсе, ол ұсақ-түйектерді назардан тыс қалдырмайтын – мейлі ол геометриялық бұрыштар болсын не көз қарашығының ұлғаюы болсын – арасындағы байланыстарды іздей отырып, бірінен екіншісіне оп-оңай көше беретін. Ол гүлдердің, ұшатын аппараттардың нобайларын сызған, ол тіпті бастығы Дюк Людовико Сфорцаның өтініші бойынша соғыс құралдарының жобасын да дайындап, Флоренция мен Пиза арасындағы Арно өзенінің ағысын реттеу жобасымен де айналысқан.

Леонардо әр нәрсені қағаздың арты мен бұрыштарына оңнан солға қарай – айнада көрінетіндей етіп жазатын. Нақты бір реттік тәртібі жоқ жазбалардың кейбірі бүгінде бөлек парақтарда сақталған; басқалары қазіргі таңда альбомдарға біріктірілген. Ұқсас тақырыптар, көбіне, әр жылдары толтырылған әртүрлі парақтарда кездеседі. «Ол бақылау жүргізген сайын оның ойында сұрақтан-сұрақ пайда болатын. Ол кесе-көлденең жүретін», – дейді Флоренциядағы Галилео музейінің директоры Галлуцци.

Ауа мен судың ортақ қасиеттері бар екенін көрсетуге Леонардоның жеткілікті құрал-саймандары болмаған. Мына фотода Пенсильвания мемлекеттік университетінде істейтін Гари Ситлс көзбен ажыратуға келмейтін құбылыс: ауадағы турбуленттілікті көрсету үшін визуализация техникасы – шлирен әдісін пайдалануда.

Лестер кодексінде Леонардо судың тау басына қалай шығатынын зерттей отырып, су ыстық температура әсерінен жоғары көтеріледі деген бастапқы ойынан түбегейлі бас тартады. Ол судың буланатынын артынан жауын арқылы циркуляцияға ұшырайтынын білген.

Леонардо үшін ғылым қағидалары – бақылау, гипотеза мен эксперимент – өнерде де аса маңызды еді. Виргиния университетінің Өнер мен гуманитарлық ғылымдар жөніндегі декан көмекшісі Франческа Фиоранидің айтуынша: «Ол бір саладан екіншісіне оңай өтіп, алғашқысынан түйгенін, екіншісінде қолданатын. Оның ең ұлы таланты білімді көрнекілеу қабілеті еді», – дейді ол.

Мұның ең жарқын көрінетін тұсы – Леонардоның анатомия зерттеулері. Ол адам өлігін паршалап, оларды бөлшектеуден танбайтын. Леонардоның замандастары, соның ішінде оның бәсекелесі Микеланджело да өздерінің адам денесі туралы көркемөнер ұғымын жетілдіру мақсатында бұлшық еттер мен сү­йектерді зерттеген.

Леонардоның қойын дәптеріне тірнектеп жүріп жиған ғылыми деректері оның қағаз бетіне түсірген әрбір туындының іргетасы болатын. Оның анатомиялық зерттеулері бет-әлпет мимикасының биологиялық негізінен хабардар ететіндей. Қабақ шытуға қай жүйке себепші, ал ерін шүйіруге, езу тартуға болмаса таңдануға ше? Жазбаларынан осы сұрақтардың да жауабын аңғаруға болатын. Ол дәстүрлі түрде кескіндеуді тоқтатып, фигуралар мен заттардың контурларын жұмсартып беретін сфумато әдісіне көшті. Өткір көзбен бақылау қабілеті Леонардоға сезімтал адамдардың жан дүние­сіне эмоционалдық тұрғыда терең бойлауға мүмкіндік берді.

Леонардо байқағанын қойын дәптерлеріне түсірумен шектелген жоқ; ол табиғи құбылыстардың механикалық заңдылығын түсіну үшін эксперименттер жүргізді. Әсіресе, ол судың қасиеттеріне тәнті болатын. Мына парақта ол бөгет қойғанда және шлюзден бассейнге сарқырап аққан кезде судың иірім жасай отырып қалай ағатынын суреттеген.

ROYAL COLLECTION TRUST/© ҰЛЫ МӘРТЕБЕЛІ ІІ ЭЛИЗАВЕТА ПАТШАЙЫМ 2018 ЖЫЛ


Алайда Леонардоның тапсырыстарды ұдайы кешіктіретін әдеті клиенттерінің ығырын шығаратын. Оның көптеген жұмысы аяқсыз қалған, солардың қатарында «Бақсылар мінәжаты» еңбегі де бар. Зерттеушілер мұны Леонардоның жаңа тақырыптарға деген таусылмас құштарлығы және перфекционизмімен байланыстырады. Тағы бір себебі – ол тапсырыс берушінің қойған талабына қанағаттанбай, әрбір кіріскен істе өз-өзінен асып түскісі келетіндігінде еді. «Леонардо үшін процестің өзі ләззат беретін болған, яғни мәселе финалға жетуде емес», – дейді Нью-Йорктегі метрополитен көркемөнер музейінің графика бөлімінің кураторы Кармен Бамбак.

Шынымен, Леонардо білімін кеңейткен сайын оның өнерінде туындыларын қорытындылайтын «нүкте» табу қиындай түсті. «Ол сурет салып жүріп, реңктің шексіз градацияларын жасап, ең жоғарғы, ең интенсивті жарықтан ең терең көлеңкеге дейін ауысуға болатынын түсінді», – дейді Бамбак. Леонардоның еңбектеріне жасалған ренгтендік талдаулар пентименто деп аталатын үстінен қайта бояу арқылы түзетулер өте көп қолданылғанын көрсетеді. Шексіздік – зерттеудің практикалық мәніне ие болған нағыз шынайы концепцияға айналды: үйренетін дүние еш таусылмайды.

Бұл Леонардоның өз қойын дәптерлерін неліктен баспаға бермегендігін түсіндірсе керек. Ол көптеген тақырыптар, соның ішінде геология мен анатомия бойынша трактаттарын соңына дейін жеткізгісі келген. Оның орнына ол сызбалары мен қолжазбаларын өзінің сенімді серігі Мельциге сұрыптауға берген. Леонардо көз жұмғаннан кейін ондаған жылдар өткенде ол жазып қалдырған түпнұсқа парақтардың үштен екісі не төрттен үші жоғалып кетті. ХVIII ғасырдың соңында «аман» қалған парақтардың көбі жарық көре бастады – бұл уақытта ол қайтқалы екі ғасырдан астам уақыт өтіп кеткен-тұғын. Нәтижесінде, Лоренза айтқандай, «Леонардоның ғалым ретінде қалдырған мұрасы туралы білетініміз аз».

Леонардоның зерттеулері, постулаттары мен тың жаңалықтары оның артынан ергендердің қолына тигеніменен, арада ғасырлар өтсе де біз оны әлі толық түсіне алмай келеміз.

Инженерлік-техникалық принциптерге қызыққан Леонардо көпір, ғимарат пен әскери құрал-жабдықтардың жобасын жасаумен де айналысты. Бәрінен бұрын ол адамдар үшін ұшу аппаратының жобасын жасағысы келді. Сол үшін де Лео 20 жылдан астам уақыт құстарды зерттеумен болды. Атлантикалық кодекстегі бір парақта ол механикалық қанат жобасын сызған.

VENERANDA BIBLIOTECA AMBROSIANA/BRIDGEMAN IMAGES


Бүгінде Леонардоның қойын дәптерінің қалдырған мұралық құндылығы зор. Ирландиядағы Лимерик университеті жанындағы медицина мектебінің хирургия бөлімінің меңгерушісі Калвин Кофи ғажап бір жаңалық ашқан кезде бірнеше жыл бойына зерттеу жүргізіп келе жатқан болатын: Леонардоның шамамен 1508 жылы жасаған бақылауы ол растағысы келген теорияны жарыққа шығарған. Кофи шажырқайды, яғни аш ішек пен тоқ ішекті асқазанның артқы қабырғасымен жалғайтын желпуіш тәріздес құрылымды зерттейді. 1858 жылы «Грей анатомиясы» жарияланғаннан бері студенттерге шажырқай бірнеше бөлек құрылымдардан құралған деп оқытылып келеді. Алайда сан мәрте жасаған оталардан кейін Кофи шажырқай ұзынынан созылған бір ғана орган деген ойға келеді.

Гипотезасын дәлелдеу үшін әріптестерімен бірге осы құрылымның анатомиясын зерттей бастаған кезде ол Леонардоның суретін тауып алады. Онда Лео шажырқайды бір бүтін орган деп сипаттаған екен. Бұл сәт Кофидің есінде ап-анық қалды. Алдымен бір қарап ысыра салған ол артынша одан көз алмай тесіле қарапты.

«Көргенім мені естен тандырды, – дейді ол, – бұл біз көрген нәрсемен сәйкес келетін еді. Бұл – абсолютті шедевр».

2015 жылы жариялаған зерттеу тобы ашқан жаңалығына шолу материалында Кофи Леонардоның суретін салып, мәтінде ол туралы былай деп жазды: «Қазір біз Леонардоның интерпретациясы дұрыс болғанын білеміз». Кофи өзінің ғылыми презентациясында Леонардоның сызбасы салынған слайдты көрсетіп, оның органды бүтіндей бөлшектеу қабілетіне таңданысын жасырмайды – құрылымның күрделі қабаттарына қарамастан мұны істеу асқан шеберлікке баланады. «Оның табиғат пен биология туралы интерпретацияларының ақиқаттығы соншалық, бүгіннің өзінде оның істегендерін қайталай алатын хирург таба алмайсыз», – дейді Кофи.

Леонардоның қырағылығы табиғаттың құдыреттілігіне деген сенімінен туындайды. Ол жазып кеткендей, «адамның жасампаздығы ешқашан табиғаттан асып түспейді, біз бұл жалғанда өзіндік орын табатын, қарапайым бірақ асқан сұлу әлденәрсе жасай алмаймыз. Өйткені табиғат жаратқан әлемде керексіз не басы артық нәрсе жоқ». Әр күретамыр, әр тін, әр органның бір мақсаты бар – бұл Франсис Чарльз Уэллстің мансабын өзгерткен жаңалық.

Дэвид Лентинктің Стэнфордтағы зертханасында докторанттар арнайы дайындалған туннель ішінде ауа турбуленттігі мен жылдамдығының әсерін PigeonBot робот-құсына зерттеуде. Алынған деректер оларға құстың ұшу механикасын түсінуге көмектеседі.

Англияның Кэмбридж қаласындағы Корольдік Папворд ауруханасында аға кардиохирург болып істейтін Уэллс 1977 жылы Корольдік көркемөнер академиясында өткен Леонардоның анатомия­лық суреттері көрмесіне тап болып, шалқасынан түсе жаздайды.

100 жастағы қарияның мәйітін тілімдерге бөлгеннен кейін Леонардо медицина тарихында атеросклероздың алғашқы сипаттамасын ұсынды. «Тамырлардағы мына қаптама апельсин қабығындай қызмет атқарады, – деп жазады ол, – уақыттың өтуімен қабық қалыңдаған сайын жұмсақ масса да азаяды».

Оның жүрек клапандарына жасаған зерттеулері де, яғни Уэллс­тің мамандығы, оның сәуегейлігін көрсетті. Олардың қалай жұмыс істейтінін түсіну үшін Леонардо су және шөп тұқымдарымен толтырылған қолқа клапанының әйнек моделін жасады. Бұл оған қан ағысының заңдылығын, клапандардың қалай ашылып-жабылатынын ұғынуға көмектеседі. Оның егжей-тегжейлі деректері 1960-шы жылдары нақты расталады.

Бәрінен бұрын, Леонардоның сызбалары Уэллстің жүрек құрылымы мен жұмыс принципінің талғампаз логикасына көзін ашты. Күздің бір таңында Уэллс Папворт ота залында пациенттің ашық көкірегі үстінен қарап тұрып мені жақынырақ тартты.

«Көріп тұрсыз ба? Ғажап, – дейді ол қос жармалы қақпақшаны көрсетіп, – мына органның жұмыс істеуі үшін дененің қандай күрделі процестен өтетінін ойлаңыз». Уэллстің хирургиялық көзқарасы Леонардодан үйренген принциптерге сүйенеді: қақпақшаның күрделі құрылымының әр бөлігінің өз міндеті бар, олар өздерінің функциясын атқару үшін өз орындарына қойылған.

Бұл Уэллстің «бұзылған» қақпақшаларды емдеу әдісінің негізін қалыптастырды. «Қысқышымдағы мына кішкене нәрсені көрдіңіз бе? Бұл – үзілген сым. Проблеманың ошағы осы», – дейді ол. Уэллс толық қақпақшаны алып тастап, орнына жасанды моделін салуды таңдауына болар еді. Көптеген хирургтар мұны дұрыс көреді.

Леонардоның қойын дәптерлері кейіннен ешқашан жасалмаған өнертабыстарға толы, солардың ішінде дайверлерге су астында тыныстау­­ға арналған аппарат та бар. Пацифист Леонардо «адамдардың арам пиғылы үшін» су астында тыныстау аппаратын құрастыру технологиясын ашпайтынын айтқан. Ол мұндай қулықтар кемелерді батырып, ондағы адамдарды өлтіруге қолданылады деп қауіптенген.

БРИТАНИЯ КІТАПХАНАСЫНЫҢ КЕҢЕСІ /BRIDGEMAN IMAGES


Оның орнына Уэллс бастапқы құрылымның барынша көп бөлігін сақтап, әр бауды Gore-Tex сымымен мұқият алмастырып жатқанын қарап отырмын. Леонардо Уэллске қақпақшаның өзіне тән шебер жұмыс істеу қабілетін толық пайдалануды үйретті. Уэллс жүрекке жасаған әр операциясында осы қабілетті сақтауға тырысады. «Бұл ой-сана төңкерісі болды», – дейді ол. Уэллс өз идеяларын 256 беттік «Леонардоның жүрегі» атты кітабына енгізген.

Леонардоның құстардың ұшуы туралы кодексі биолог әрі инженер-механик Дэвид Лентинктің Стэнфорд университетіндегі биологиялық зерттеулер лабораториясынан да табылады. Оған барған кезімде Лентинк қолыма сұрақтар жазылған бір парақ қағазды ұстатты. Леонардоның осы сұрақтарына Дэвид пен оның 10 аспиранты әлі жауап беруге тырысып бағуда: қанат қаққан құс­ты алдыға жетелейтін қандай күш? Құстың бұлшық еттері қанат қағуды қалай реттейді? Құстар қалай қалықтайды? «Бұл сұрақтар өміршеңдігін әлі жойған емес», – дейді Лентинк.

Лентинк пен оның зерттеу тобының хай-тек құрал-жабдықтарды пайдалану мүмкіндігі зор. Сенсорлар мен жоғары жылдамдықта фотоға түсіретін аппараттардың көмегімен зерттеу тобы құстардың ұшу кезінде тудыратын көтерілу күшін өлшей алады. Ұзындығы шамамен екі метр жел туннелі мамық жел мен турбуленттілік жағдайын симуляциялайды. Бұл құстардың қанаты желдің ағысына қарай қалай қимылдайтынын түсінуге көмектеседі.

Примитивті көрінсе де Леонардоның су асты құрылғысы бүгінгі күні әскерилер қолданатын жабдықтың алғышарты болатын. Мессина қаласында Италия әскери теңіз флотының арнайы жасақ өкілі 300 метр тереңдікке дейін бойлау­­ға мүмкіндік беретін герметизацияланған сүңгу костюмінде жаттығуда.

Зертхананың ерекше жобаларының бірі – PigeonBot деп аталатын механикалық құс. Оның қауырсынды қанаттарын Лаура Матлофф жасаған, ал радио-бақылау жүйесін аспирант Эрик Чаң басқарады. Матлофф қауырсындардың сипаттамасын анықтау үшін рентгендік микроскопты пайдаланды. Қауырсын тағылған қаңқасы мен буын қосылыстары үш өлшемді принтерде басып шығарылды. PigeonBot акселерометр, гироскоп, барометр, ауа жылдамдығы датчигі, GPS құрылғысы, компастар мен ұшу ақпаратын лаптопқа жіберетін радиотаратқыштармен жабдықталған.

Ұшыру сынағында мен олармен қайта жүздестім. Чаңның «да­йын» деуімен Матлофф роботты ауаға жіберді. Чаң оны қондырғанға дейін робот-құс секундына 10 метр жылдамдықпен ұшқанын көрдік. PigeonBot жай ғана шоу көрсетуге арналмаған. Құстың ұшу алгоритмін реверсивтік технология әдісімен қайталау ұшу динамикасын адым-адым процеспен зерттеуге және дененің әр бөлігінің функциясын жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді. Леонардоның мұндай мүмкіндігі болмаған. Заманауи технология бір күні Леонардо артынан қуалаған құпияларының сырын ашып беруі мүмкін. «Ол күн алыс емес», – дейді Лентинк.

Сондай-ақ Леонардоның қойын дәптерлерінде гипотетикалық ойлар да кездеседі. Атлантикалық кодекс пен тағы бірнеше шағын қойын дәптердегі суреттер поляк пианисі Славомир Зубзицкийді біртуар данышпанды зерттеуге итермелеген. Ол Леонардоның музыкасын сүйіп тыңдайды.

Зубрицкий Польшада, Краков қаласында Леонардо шабыттандырған виола органистада ойнап отыр. Ат жалымен қапталған төрт шеңберлі ысқыны педаль іске қосады, ол ішектерді шалып, әуезді әуен тудырады.

Көптеген шығармалары арасында Леонардо қайта өрлеу дәуіріндегі лира да браччо ішекті аспабымен әуендер де жазған. Сондай-ақ акустика қыр-сырлары мен музыка өнері туралы зерттеулерін де жазып қалдырған. 2009 жылы Зубрицкийді иілген ішекті-пернелі виола органиста музыкалық аспабының сызбалары есеңгіреткені бар. Оның шырмауына түскен Зубрицкий оны жасауға кіріседі.

Леонардоның ешбір сызбасында егжей-тегжейлі түпкі ой жоқ. Зубрицкий күн сайын төрт жыл бойы қатарынан аспап дизайнын зерттеуге бес сағат уақытын жұмсайтын. Ол ағаш өрнектерін сынады, 61 перне қажет екендігін есептеп шығарып, ішектерді тартуға мүмкіндік беретін ат жалымен қапталған төрт шеңберлі ысқы жасаудың жолын тапты.

Нәтиже – ғажап! Зубрицкий нақыштап жасап шығарған виола органиста перненің полифониялық қабілетін бойына сыйғызып, ішектердің жан тебірентер диапазонымен бірден бірнеше мелодия ойнауға мүмкіндік береді.

Леонардоға азаматтық және әскери мақсаттарда карталарды сызу тапсырмасы берілген болатын. Мына Тоскана аймақтарының бірінің суреті оның географиялық ақпаратты бейнелеу өнерімен ұштастыру қабілетін көрсетеді. Ол қалалар мен жазық далалардың құс ұшар биіктіктен қарағандағы көрінісін қағаз бетіне түсірген.

ROYAL COLLECTION TRUST/© ҰЛЫ МӘРТЕБЕЛІ ІІ ЭЛИЗАВЕТА ПАТШАЙЫМ 2018 ЖЫЛ


Жаздың бір кешінде ол Швецияның оңтүстік жағалауындағы Кальмар қорғанында қайта өрлеу дәуірі музыкасын ойнауға отыр­ды. Виола органиста кабинет рояліне ұқсаса да, ол толыққанды шертпелі аспаптар ансамбліндей естіледі.

Леонардо музыканы бейнелеу өнерінен кейін екінші, тіпті мүсіншіліктен жоғары орынға қойған. Ол музыканы «figurazione delle cose invisibili», яғни көрінбейтін дүниенің фигуралары деп атаған. Сондықтан да Леонардоның шимайларынан шыққан асқақ музыка тыңдарман көңілінен шықпауы мүмкін емес.

1516 жылы Леонардо өміріндегі соңғы «жорығына» шығып, Францияның Амбуаз қаласына көшеді. І Франциск королі оған еңбегіне ақы және өзі қалаған туынды жасау еркіндігін ұсынды. 64 жасында Леонардо көптеген суреттері мен жанынан еш қалдырмаған үш туындысы – «Баптист Иоанн», «Әулие Аннаның қасындағы Мадонна мен нәресте Христос» және «Мона Лизаны» алып, Клос-Люсе деп аталатын шағын қорғанға көшті. Ол кезде Леонардо корольдік үшін гидравлика мен жаңа корольдік резиденция жобасын дайындап, корольдің құрметіне мерекелік шара ұйым­дастырды. Сол кезде оның дүниедегі бар қызығы сорпа ішу еді.

1519 жылдың 2 мамырында Леонардо 67 жасында қайтыс болады. Ол жойқын жел мен суды сипаттайтын тасқын суреттерінің серия­сын аяқтап үлгереді.

Виргинияда орналасқан АҚШ ұлттық геокеңістік барлау агенттігі физикалық қасиеттер туралы деректер жинау үшін күрделі технологияларды пайдаланады. Агенттік карталары апатты жағдай кезінде аса маңызды ақпарат береді. Мына фотодағы экрандарда Антарктиканың резолюциясы жоғары суреттері көрсетілген.

Бүгінгі Клос-Люсе – Леонардоның «тірі» монументі. Ол Леонардо сызған сәлбен мен басқа да өсімдіктерге толы жайылған парк ішінде орналасқан. Балалар ойнайтын параболикалық тербелме көпір мен тасбақаның сауытына ұқсайтын брондалған танк Леонардо сызбаларынан алынған.

Лоренза мен Кемптің Лестер кодексінің жаңа талдаулары болашақтың ғалымдарына да ой салады. Талдаулар көрсеткеніндей, Леонардо заманауи геология іліміне де ықпал еткен болуы мүмкін. Жиырма жылдан асқан, майдан қыл суырғандай жүргізілген зерттеуден кейін Мэт Бамбач төрт томдық Leonardo da Vinci Rediscovered (Қайта ашылған Леонардо да Винчи) кітабын жариялады.

Галуцци ең үлкен қойын дәптер – Атлантикалық кодекстің іздеу дерекқорын жүргізіп келеді. Исааксон олардың барлығы бір халықаралық консорциум тарапынан толықтай аударылып, сандық форматқа ауыстырылатын күнді аңсайды. «Сол кезде Леонардоны барлық сән-салтанатымен көретін боламыз», – дейді ол.

Италияның солтүстік-батысындағы атақты Каррара карьерінде – бес ғасыр бұрын Микеланджело мүсін жасамақ оймен мәрмәр таңдау үшін келген жер – Леонардоның мүсіні тұр. Роботикалық-мүсіндеуге маманданған италиялық «Торарт» компаниясы жасаған мына фигура Уффизи галереясында тұрған, ХІХ ғасырда соғылған мүсіннің көшірмесі б.т. Қолөнершілер көшірме не түпнұсқа мүсін сомдауда компьютерлік сызбаларды, роботталған скальпельдерді, жоғары қысымды су ағыны мен өз еңбектерін пайдаланады.

Леонардо білім қуалаудың шегін білмейтін де, көрмейтін. Оның қойын дәптерлері де қайта ашылуға әрдайым дайын.

«Мен Леонардоны зерттеп біттім деген кезде, – дейді оны елу жылға жуық уақыт зерттеген Кемп, – ол қайта айналып алдымнан шыға береді, шыға береді».

Авторы: Клаудиа Калб, фото: Паоло Вудс пен Габриэль Галимберти


4 Views
Authorization
*
*



Registration
*
*
*
Password generation