NATIONAL GEOGRAPHIC

Жанға жайлы жағажай

Маусым, 2014. «Д-күнінің» 70 жылдығы құрметіне арналған отшашу. Осы күні 156 мың әскерден құралған одақтастардың қарулы күштері неміс армия­сына соққы беру үшін Франция жағажайына табан тіреп, кескілескен соғысқа араласты.

Соғыс ізі мәңгілікке қалған Нормандия жағажайлары кез келген фотограф үшін таптырмас мүмкіндік.

Маусым, 2014. Колвиль-Сюр-Мер, Франция. Америкалық солдаттардың зираты.

Маусым, 1974. Омаха, АҚШ. «Д-күнінің» 30 жылдығына орай сахналанған азат ету ұрысы көріністерінің бірі.

Әлем тарихын өзгерткен жағалауларға деген 45 жылдық сүйіспеншілік.

Мен Нормандияға алғаш рет 1974 жылы аяқ бастым. Ол кезде мен 27 жастағы, Францияның президенттік сайлауын түсіріп жүрген жай ғана жаңалықтар фотографы едім. Менің сапарым одақтас әскердің әуеден түсу күнінің («Д-күні») 30 жылдығына тұспа-тұс келді. Француздардың америкалық ардагерлерді әлі күнге азат етушілер ретінде құрметпен қарсы алуы мені тәнті етті – екі ел арасындағы жылы қарым-қатынас бүгін де сақталып отыр.

Мамыр, 1994. Кап-блан-Нез мүйісінде сақталған неміс бекіністерінің орны

Сол сапарымнан бері мен бұл жағалауларға кемінде он шақты рет оралғаным бар. Келіп кеткен сайын өткеннің өшіп кетуіне қарсы тұрған киелі жерге тамсанудан танбадым. Бірге өскен жігіттердей өте қарапайым көрінетін көптеген ардагермен кездесіп те үлгердім. Олардың бастан кешкені тұнып тұрған тарих. Әрбірінде бір-бір фильмге арқау болатын ерекше оқиға бары сөзсіз.

Маусым, 1974. Сарбаздың Пуэнт-дю-Ок шыңына оралған сәті. Әскери-диверсиялық топ құрамында ол осы жартасқа көтерілген еді. Мамыр, 1994. Кап-блан-Нез мүйісінде сақталған неміс бекіністерінің орны.

Мен адамдарға, әсіресе, жастарға өткеннің мән-маңызын, одақтастардың Францияны азат еткені әлемді қалай өзгерткенін фото тілімен жеткізіп, генерация арасында көпір құруды борышым деп білемін. ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде Лондоннан түнгі радиохабарын таратқан америкалық тілші Эдуард Марроу­­ды баяғыдан пір тұтамын. Омаха жағажайында қыдырып жүрген кезімде смартфонымнан оның хабарын тыңдау арқылы 1944 жылдың маусым айында болған оқиғаны көз алдыма елестеткенді жақсы көремін.

Маусым, 2014. «Д-күні» қарсаңында Франция даласына әуеден 13 мыңдай парашютші түсті. 70 жылдан кейін сол бір тарихи сәт Сэнт-Мер-Эглис қаласы маңайындағы ен далада қайта сахналанды.

Кей-кейде тарихты ұмыт қалдыратынымыз бар. Біздің естеліктеріміз ескіріп, шаң басады, ақыры кітап беттерінде құр сөздерге айналады. Бірақ Нормандия­­ны дәл осындай тағдыр күтіп тұр деп айтуға аузым бармайды. Жас болсын, жасамыс болсын, Омаха жағажайында жүріп, тарихты сезіне алмаған жанды көрмедім.

Маусым, 1944. Роберт Капаның әйгілі фотосында «Д-күніндегі» Омаха-Бич секторы көрсетілген. Одақтас күштердің Францияны азат етуі ІІ дүниежүзілік соғыстағы әскери күш-қуат балансын өзгертті.

Мақала мен фото авторы: Дэвид Бернетт


2 Views
Authorization
*
*



Registration
*
*
*
Password generation