..."/>
ТАБИҒАТ

Дермене

Осы бір өсімдік атауын біз ең алғаш 1967 жылы жазушы Әнуар Әлімжановтың «Білім және еңбек» журналында жарияланған деректі шығармасынан оқып білгенбіз. Ол туынды қаламгердің Шығыстың ұлы ойшылы әл-Фараби туралы жаңадан жаза бастаған «Ұстаздың оралуы» атты тарихи романының алғашқы фрагменттері еді. Міне, сонда Әбунасыр бабамыздың әкесі үлкен қолбасшы болғаны, көктем шыға бере ол кісі шаһардан әскерін шығарып, алыстағы далада жаттығу жүргізетіндігі айтылады. Сондай бір кезекті жасақ әзірлігі кезінде әскербасы оған өз нөкерлері арасынан қастандық жасалады. «Суық хабар шаһарға жетіп, жас Әбунасыр өзінің жанашырларымен қырға жеткенде, – дейді автор, – өлімші болып жараланған тархан беткейдегі дала шөбі – дерменені тырмыса ұстап жатыр еді. Баласы келіп басын сүйегенде, әбден әлсіреген ол: «Кегімді алыңдар… Қанға – қан! Аяушылық болмасын…» – деді де үзіліп кетті. Ал уысында бір түп дермене қалып қойды. Бұл 877-жылғы көктем еді».

Содан соң… иә, содан кейін өзіміз сөз етіп отырған шөп ежелгі Русьтің Волынь жылнамасында айтылады. Онда ұлы даланың оңтүстігіндегі аптап күн астында емдік жусан өсетіні баяндала келіп, оған: «түсі бозғылт, дәмі ащы оның өткір исін бір рет сезіп-білген адам мұны ешуақытта ұмытпайды», – деген анықтама беріледі. Атап айтарымыз, бұл сөздерде ешбір жалғандық жоқ. Неге десеңіздер оған тағдырдың жазуымен туған жерінен ерте қол үзіп, жат жерде ғұмыр кешкен атақты Бейбарыс сұлтан өміріндегі мына мысал анық дәлел. Мәмлүктер көсемі, сонымен қатар Тигр мен Евфрат және Ніл сияқты үш өзен аралығы елдерінің билеушісі болған бұл бабамыз өзінің сәби кезіндегі есінде қалған бір елесті өле-өлгенше ұмытпаған. Ол – кең дала…  Сондағы жайқалып өскен дермене атты жусанды алап… Оның құрғақ ауадағы өзегіңді ашар өзгеше исі… 1270-1300 жылдардағы Мысыр жазбалары мұрағатында сақталып қалған аталмыш дерек негізінде 1969 жылы жазушы Морис Симашко «Емшан» атты хикая жазғаны бар. Қаламгер осы шығармасының басына ХІХ ғасырдың ортасында өмір сүрген ақын Аполлон Майковтың дермене жусаны туралы: «Степной травы пучок сухой…» – деп басталатын өлең жолын эпиграф етіп алған. Ойланып көрген адамға мұның да өзіндік сыры болуы мүмкін. Ал, жазушы Дулат Исабековтің 1980 жылы жарық көрген «Дермене» атты көркем туындысы ше? Мұнда да біз сөз етіп отырған өсімдік сөз болады. Оны кеңестік кезеңдегі ауыл адамдарының Арыс бойынан орып, дәрі-дәрмек жасайтын мекемеге шикізат ретінде өткізіп, тіршілігін түзеуге деген қарекеті шығармада нанымды суреттеледі.

***

 Сонымен…

***

Дермене қандай өсімдік? Біздің білетініміз – оның дүниежүзінде бір-ақ жерде, атап айтқанда Оңтүстік Қазақстанда ғана өсетіндігі. Одан соң шипалық қасиеттерінің мол екендігі. Осы арада: «Аталмыш өсімдікке байланысты берілген бұл «мінездеме» нендей дәлелге сүйеніп айтылып отыр?» – деген сұрақтың да туындауы мүмкін. Оған қайтарар жауабымыз мынау.

Дермене жусанының қасиетін өлке халқы өткен ғасырларда-ақ, оты мол өрістен гөрі осы бір өсімдік өскен тақыр жерге қарай ентелеп тарта беретін қой отарларының қимылынан білді деуге болады. Өйткені оған жайылған малдар тұяқ арасының қиылып ақсақ болу, тазқабақ қотыр шығу сияқты кеселдерден сап тыйылған. Ол ол ма, денесіне май жұқпай жүрген арық қойлардың өзі әлгі жерге барғанда оңалып кетіп отырғаны малсақ халықты қатты таңдандырған. Бұл өсімдік бертініректе адамдарға да көмекке келе бастады. Соның ең бастысы – дермененің іш құрылысы ауруларын, әсіресе ішек құртын түсірудегі қасиеті еді.

Бұл аңыз ба, әлде шындық па? Шындық. Олай деуімізге 1884 жылы дәл сол аймаққа, атап айтқанда Шымкентке неміс капиталистерінің негізгі шикізаты дермене болып табылатын сантонин зауытын салуы. Ол қазіргі Қазақстан территориясындағы фармацевтикалық тұңғыш, ал дүниежүзі бойынша сантонин шығаратын бірден-бір кәсіпшілік еді. Өйткені оған кажетті өсімдік Қазақстанның оңтүстігінде өсетін дермене болатын. Басқа жерде бұл шөп өспеді және жерсінбеді. Өлкенің шалғайлығын қиынсынған неміс кәсіпкерлері артық шығынды азайту мақсатында дерменені Германияда өсіру үшін көп әуреленді. Бірақ одан еш нәтиже шыққан жоқ. Бөгде жерді менсінбеген дала өсімдігі Еуропа топырағына тамыр жаймай-ақ қойды.

Дермене жусаны XIX ғасырдың соңғы кезеңіндегі 16 жыл ішінде медицина қызметкерлерін бір ғана қасиетімен, адам және мал организміндегі ішек құртын жоюға тосқауыл болу ерекшелігімен табындырып келсе, XX ғасырдың басында оның тағы бір пайдалы сыры ашылды. Ол – бұл өсімдіктен сол кездегі парфюмерия өндірісіне өте қажет катализатор – эфир майының өндіріле бастауы. Содан соң тағы бір препарат – даркинол алынды. Міне осы қасиеттері ғалымдардың оған үсті-үстіне баса назар аудара түсуіне бірден-бір себеп болды.

1980 жылғы іссапарымызда біз Шымкент облыстық өлкетану музейінен Ұлы қазан төңкерісіне дейінгі сантонин зауыты жайынан мәлімет беретін шағын бұрышты көріп, танысқанымыз бар. Соның ішінен  байқап қараған адамға мына бір жайт еріксіз көзге түсетін. Ол – әлгі өсімдіктен алынған дәрі-дәрмектердің жыл санап мол сұранымдарға ие болғандығы.

1917 жылғы төңкерістен кейін Кеңес өкіметі одақтағы, соның ішіндегі Қазақстандағы Риддер, Қарағанды сияқты көптеген ірі кәсіпшіліктерді шетел капиталистерінің тырнағынан ажыратып алып қалғаны бәрімізге жақсы мәлім. Олардың қатарына осы өзіміз сөз етіп отырған Шымкенттегі сантонин зауытын да қосуға болады. Оған Халық Комиссарлары Кеңесінің 1920 жылдың 16 қыркүйектегі тиісті орындарға     осы мәселемен айналысу жолындағы жазған ескерту хаты куә. Соның нәтижесінде үлкен де игі іс жүзеге асты. Бұл – сол жылдың 22 қарашасында Еңбек және Қорғаныс Кеңесінің әзірлеуіндегі В. И. Лениннің өзі кол қойған «Шымкент сантонин зауытың басқаруды ұйымдастыру жөніндегі» қаулы еді. Міне, содан бері өз цехтарында 500-ден астам медициналық препараттар жасауға  қол жеткізген Шымкенттегі бұрынғы Ф.Э.Дзержинский атындағы фармацевтика зауыты, қазіргі «Химфарм» бірлестігі бір кездегі сантонин кәсіпшілігінің негізінде осылай өмірге келіп, осылай жұмыс өнімін арттырып, белгілі болған еді.

Дермене өсімдігінің ХХ ғасырдағы жағдайы қандай болды? ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығында ше? Бұл сұраққа жауап берер болсақ, кеңестік кезеңде оның фармацевтика үшін өте қажет шикізат болғандығы. Оған дәлел – бір кездегі Шымкент облысының Бөген ауданынан «Дермене» атты арнайы шаруашылықтың құрылып, 1950-1991 жылдары осы бағытта жұмыс істегендігі. Оны 1980 жылы өзіміз барып көрдік те.

– Біздің «Дермене» шаруашылығы КСРО Медицина өнеркәсібі министрлігінің Бүкілодақтық «Союзлекарспром» бірлестігіне қарайды, – деген еді сонда кеңшар директоры Асылбек Мұсаұлы Маралбаев. – Ұжымымыздың негізгі міндеті – дермене жусанын одақтағы фармацевтика зауыттарында жеткілікті түрде әзірлеу және Орта Азия мен Қазақстандағы емдік қасиеті бар жабайы өсімдіктерді өзіміздегі кеңшар бөлімшелерінде жерсіндіріп, одан мол өнім алуға қол жеткізу. Бұл бағытта табыссыз да емеспіз.

Директордың әңгімесіне қарағанда «Дермене» өсімдік шаруашылығы жылына 1000 тоннадан астам өнім дайындайтын болып шықты. Мұны олар Ташкент, Баку, Қазан мен Житомир қалаларына жөнелтіп отырады екен.

Емдік қасиеті бар жабайы өсімдіктерді біздің шаруашылыққа шоғырландыру жайындағы жоғарыда айтқан сөзімізге келетін болсақ, – деген еді Асылбек Мұсаұлы, – мұның өзі 1977 жылдан  бастап екі бағыт бойынша жүзеге асуда. Оның біріншісі – кейбір шикізат шөптерді осында жерсіндіру де, екіншісі – сол өсімдіктер өсетін аймақтың дайындау мекемелерімен байланыс жасап, оны жинаттыру.

 Мұны нақты мысалдармен түсіндірсеңіз?

Ол оңай. Мәселен, біздің ауданда өсетін емдік шөп – дермене. Шаруашылық бүгінгі күннің талабына байланысты тек осы жалғыз түрлі өніммен шектеліп қалмайды ғой. Сондықтан оған кейінгі кездері осы өңірде өсетін мия, меңдуананы жинастыру косылды. Мұнымен бірге сана секілді кейбір шөптерді жерсіндіре де бастадық. «Союзлекарспромның» нұсқауында бізге жоғарыдан басқа да өнімдерді өткізу тапсырылған. Олар Түркіменстанда өсетін Рихтер сораңы, Тәжікстандағы унгерн, Өзбекстандағы інжір жапырағы. Бұл сол аймақтардағы дайындау мекемелері арқылы жиналады да осы жерге шоғырланып, Шымкенттегі фармацевтика зауытына жөнелтіледі.

1980 жылғы сол жүздесуде кеңшар директоры Асылбек Маралбаевтың сөзінен біз көп нәрсені ойға түйгенбіз. Соның негізгісі, «Дермене» шаруашылығының Орта Азия мен Қазақстандағы шипалы шөптерді жинастырумен, өсірумен шұғылданатын жалғыз еңбек ұжымы екендігі және оның бір ғана дерменені емес, дәрілік қасиеті бар 12 түрлі өсімдікті дайындаумен шұғылданатыны. Бұған кеңшардың жақсы мамандағаны білініп тұрды. Мәселен шаруашылықтың сол кездегі облыс орталығы Шымкентте өз шикізаттарын, өнімдерін зерттеуден өткізетін аналитикалық лабораториясының бар болуы оның жұмысты ғылыми тұрғыдан шебер ұйымдастыра білетінін анық та айқын көрсеткен.

…Ал қазір ше? Әңгімені 1994 жылғы бір көріністен бастайық. Күз кезі еді. Бөген мен Арыс өңірінде көрнекті ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың 90 жылдығы аталып өтілетін болды да Алматыдан келген қонақтардың қатарында газет қызметкерлері біздер де осы аймақты аралап жүрдік. Бір елді мекеннің тұсынан өтіп бара жатқанымызда, ол көзімізге оттай басылды. Бұл осыдан 14 жыл бұрын өзіміз болған, тіршілік тынысымен танысқан «Дермене» кеңшары еді. «Шаруашылық қазір бар ма? Өтпелі кезеңнің мынадай өлара шағында мұндағы ауыл ададары немен шұғылданып жатыр?» – деді автобус терезесінен сыртқа көз тастаған ғалым ағамыз Рахманқұл Бердібай жолбасшы міндетін атқарушы Төлепбек Назарбеков ақсақалға. «Жоқ, кеңшар тарап кетті, – деді қария. – Бұрын мұнда дәрілік өсімдіктердің мол шикізат қоры жасалатын. Оны Ресей, Украина, Өзбекстан алатын. Қазір ол байланыс үзіліп қалды. Ал іргедегі өзіміздің Шымкент фармацевтика зауыты болса, қаржы тапшылығынан бұлардың өніміне тапсырыс бере алмай отыр. Осыдан соң ұжым таралмағанда қайтеді».

Мына сөзді естігенде біз селк ете түскенбіз. Өйткені, көз алдымызға бұдан біраз жыл бұрынғы дәулетті де сәулетті кеңшар келген еді. Ендігі жағдайын ақсақал жасырмай айтып отыр. Ішіміз удай ашыды дейсіз…

Содан арада 24 жыл өткен. Таяуда, яғни, сәуір айында біз іссапармен Шымкентке барғанбыз. Діттеген шаруамыз шешімін тапқан соң, бір кездері осы шаһардағы тұңғыш зауыт атанған сантонин кәсіпшілігінің шикізат көзі – Бөгендегі дермене өсімдігі ойымызға қайта оралды. «Соның жағдайы қалай екен?» – деп Шымкентте көптен бері тұратын жазушы Мархабат Байғұт ағамызбен тізе қосып, сол боз жусан тағдырын білуге тырыстық. Сонда мынадай жәйттер белгілі болды. Біз білетін «Дермене» кеңшары қазір Дермене ауылдық округі деп аталады екен. Ауыл әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан Асылбеков кеңестік кезеңде мұндағы шаруашылық Ресейдің Красноярск, Украинаның, Житомир, өзіміздің «Шымкентхимфармге» дәрілік өсімдіктерді дайындап өткізумен айналысқанын растайды. Бірақ, қазір бұл жерден сондағы басты өнім – дермене жиналмайды екен. Себебі, жекешелендіруге көшкен 90-жылдардан бастап мекемелер арасындағы үзілген байланыстарды жалғастыратын, жұмысты ұйымдастыратын, шикізатты өткізумен шұғылданатын ешкім болмаған. Мұның сыртында осы шикізатқа бірден-бір тапсырыс беруші «Химфарм» қазіргі медицинада дермене препаратына балама дәрі табылғандықтан, оған деген сұранысты тоқтатқан. Бұл жағдайға қоса соңғы жылдары осы өңірде дәрілік шөптерді қорғау жөніндегі қоғамдық қозғалыс өмірге келіп,белсенді жұмыс жүргізе бастаған. Олардың мақсаты-мия мен дерменені өсімдік браконьерлері тарапынан жабайы түрде жұлып, қопарып пайдалануды тоқтату. Сондықтан жергілікті тұрғындар бұл жерде енді түйе, қой, ешкі шаруашылығына көшкен жөн деп, соны мықтап қолға алыпты. Ел қазір міне, осы кәсіппен күн көруде.

Иә, мұндағы жұрттың бұл тіршілігіне қай-қайсымыз да: «Неге олай?» – деп айта алмаймыз. Өмір талабы осылай-ау шамасы. Уақыт та соны дұрыс көріп отырған шығар. Бірақ: «ХІХ-ХХ ғасырларда Шымкент шаһарының даңқын шығарған дермене шөбі дәрі-дәрмектерінің ХХІ ғасырда неге бағы жанбай қалды?» – деген сауалды әлеумет алдына қоюға біздің де құқымыз бар сияқты. Неге десеңіз жазушы Сәуірбек Бақбергеновтің мұрағатындағы дерекке ден қойсақ, 1913-1918 жылдары Шымкенттен Германияның Гамбург қаласына кетіп жатқан аталмыш өсімдік өнімінің әрбір пұты (1 пұт – 16 килограмм, -авт.) 200 сом алтын ақшаға бағаланған екен. Сондай құнды фармацевтикалық шикізатты бүгінгі нарыққа ыңғайлайтын кәсіпкердің табылмағаны ма? Мәселе тәртіп пен реттілікте.Үнем мен ұқыптылықта. Алқапқа ашкөздікпен қарамауда. Қарағандыда Арқаның тықыр жусанынан ракка қарсы арглабин дәрісі өмірге келіп жатыр ғой. Дермене жусанының әлеуеті одан кем емес. Мақсат-шикізатты жанашыр көзқараспен пайдалану, қазіргі заманда үйлестіре білу. Егер үлгі болатын үнемді істің үйлесімі табылып жатса, мұның ең алдымен сол жердегі халықты жұмыспен қамтуға себі тиер еді ғой. Сөйтіп ел нәпақасын мал шаруашылығымен бірге дермене жусанын дайындаудан да тауып жатса ол біреудің тақиясына тар келе ме? Дүниеде жоқ жаман. Ал бар зат бізге артық етпесі анық. Осыны ұмытпайық.  

 

Авторы: Жанболат АУПБАЕВ, журналист.

Authorization
*
*



Registration
*
*
*
Password generation