..."/>
ЖАҢАЛЫҚТАР

Киіктер ұшқышсыз ұшақтармен бақыланатын болды

Бүгін Ақмола облысы аумағындағы Қабанбай ауылында киіктердің санағын жүргізуге арналған ұшқышсыз ұшатын аппаратты Қазақстан биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығына (ҚБСҚ) ресми түрде табысталды.

Шараға ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, «KazEnergy» қауымдастығы төрағасының орынбасары Ұзақбай Қарабалин мен «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ Бас директорының орынбасары Қайыргелді Қабылдин қатысты.

«Жалпы жер бетіндегі киіктердің 90 пайызы қазақ жерінде мекендейтіндіктен бұл аңды өзіміздің ұлттық брендіміз деуге толық негіз бар. Сондықтан оны сақтап қалу біздің азаматтық борышымыз саналады. Ал бұл іске жаңа технологияларды пайдалану көп мәселенің жеңіл шешілуіне көмегі тиетіні анық», – деді шараның ашылуында сөз алған ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.

Ресейдің Ижевск қаласында жасалған «Supercam S350» маркалы аппараттың ерекшелігі әуеге бір көтерілгенде төрт жарым сағат үздіксіз ұшып, 90 шақырым қашықтықты бағындыра алады. Ал аппараттың тұмсығына орнатылған бейнекамера жердегі жан-жануарларды жіті қадағалауға мүмкіндік береді. Ал оның қанатының ұзындығы 3 метр, салмағы 12 келі.

«Қазақстанда 30-40 жыл бұрын киік саны 2 миллионнан асатын. Бүгінде олардың саны 300 мыңнан сәл-ақ асады. Ал кейбір көрші мемлекеттерде осы бір киелі жануар мүлдем жойылып кетті десек те болады. Сондықтан, біз кез келген жануарды аман алып қалу үшін қолдан келгенше көмек көрсететін боламыз. Ал негізінде жануарлар қорын сақтап қалуға ғалымдар мен экологтардан бөлек, бизнес субъектері де атсалысуы қажет деп есептеймін», – деді Қайыргелді Қабылдин. Ол сондай-ақ, сөз арасында «Каспий Құбыр Консорциумы» алдағы уақытта бизнес пен мемлекеттің серіктестігі аясында экологиялық бағдарлама аясында бұдан басқа да жобаларға қолдау көрсету ісі  жалғасатынын жеткізді.

Қазақстанда жыл сайын киіктердің санағы жалдамалы ұшақтармен жүргізілетіндіктен жауапты мекемелерге қымбатқа түседі. Соның салдарынан киіктердің миграциясын толыққанды бақылап, мониторинг жүргізу ісі қосымша қаржы көзі қарастырылғанша ұзаққа созылатыны бар.ал нарыққа ұшқышсыз ұшатын жаңа аппараттардың шығуы қажетті деректерді дер кезінде алуға және толыққанды зерттеу жұмыстарын жүргізуге зор мүмкіндік береді.

Айта кетейік, «Каспий Құбыр Консорциумы» АҚ бұған дейін ҚБСҚ-на киіктерді спутниктен бақылауға мүмкіндік беретін отыздан астам қарғыбау сатып алып берген болатын. 

 

Автор: Дәурен Құдайберген, фото: Ерболат Шадрахов

Authorization
*
*



Registration
*
*
*
Password generation