..."/>
NATIONAL GEOGRAPHIC

Хандардың ханы – Шыңғыс Хан

 

Ол қазақ хандарының арғы тегі саналады. Барлық қазақ хандарының шығу тегі Шыңғыс ханмен тікелей байланыстырылады. Қазақстан Үкіметі тарихи деректерді әртүрлі ақпарат көздерінен аршып алуға «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы күш салып келеді. Бұл — өте құптарлық іс.

 

Ежелгі Самарқан қаласының солтүстік-батысында керуендерді Ұлы Жібек жолына бастайтын қақпа болатын.

Мен сол қақпадан кірдім. Дәл осы қақпадан 1220 жылы Шыңғыс хан да кірген болатын. Ол Орталық Азиядағы ең үлкен қалалардың бәрін қиратпақшы еді.

Самарқан, Бұқара, Үргеніш, Балх, Мерв, Нишапур, Герат, Газни: Орталық Азияның қалалары бірінен соң бірі Моңғолия даласынан келген шапқынға төтеп бере алмады (картада көрсетілген). Жер жүзі мұндай аласапыран шапқыншылықты сирек көрді.

Шыңғыс хан мен оның балалары мен немерелері құрған алып империяның теңдесі тарихта болмаған, іс жүзінде XIX ғасырдағы Британия империясы ғана одан аса алды. 1280 жылы Моңғол билігі Сары Теңізден Жерорта теңізіне дейін созылды. Алып империя қалай жылдам құрылса, Алтын Орда тәріздес тәуелсіз ұлыстарға да соншалық тез ыдырады.

 

Болашақ ұлы қаған қолында ұйыған қанмен туған деп айтылады. Аңыз бойынша оның рухы басқа сәбимен – киіз үйде жатқан Жаргал Чинзорег сияқты – қайта оралып, Моңғолияны жаңа ұлы жеңістерге бастайды-мыс. Хад отбасы сияқты көптеген көшпенділердің күндері Шыңғыс хан дәуіріндегідей ат бағумен өтуде.

 

Мен 30 жылдан астам уақыт алдымен Бейбітшілік корпусы бағдарламасының қызметкері, кейіннен журналист ретінде арасына уақыт сала отырып, Моңғол империясының құрамында болған жерлерге сапар шектім. Оның ішіндегі Ауғанстан мен «ғашық» болған алғашқы ел еді.

Сол дәуірден бермен 750 жыл өтсе де Ауғанстан адамдары моңғол шапқыншылығы туралы сөз еткенде, күні кеше болғандай дауыстары дірілдейді. Бір кездері сұлу шаһар болған Герат туралы бір қария: «Небәрі тоғыз!» деп айқайлап жіберді. «Мұнда небәрі тоғыз адам ғана тірі қалған екен!» Құдды бір көшеде ат дүбірі әлі естілетіндей…

Әдетте, моңғолдар туралы сұрақ мынадай: «Олар сонда баскесер, қанішер болған ба?» Моңғолдықтардың ойынша олай емес. Моңғолия үшін Шыңғыс хан АҚШ-тың Джордж Вашингтоны секілді – ол біріккен Моңғолияның алғашқы билеушісі. Қытайда оның немересі Құбылай ханды халықтың басын біріктіруші ұлы тұлға деп біледі. Сондай-ақ, олардың ойынша, моңғолдар қазіргі империалистерге қарағанда басқа діндерге әлдеқайда толерантты болған. Шыңғыс ханның өз руында буддистер де, мұсылмандар да, христиандар да, Тәңірі діні өкілдері де (Шыңғыс ханның өзі осы діни сенімді ұстанған) болған. Олар жаулап алған қалаларда адамдардың дініне араласу моңғол саясатына жатпаған.

Дей тұрғанмен, олар қарулы-қарусыз, жауынгер-бейбіт тұрғын таңдамай халықты аяусыз қырды. Олар қиялдарындағы империяны құру үшін миллиондаған адамдарды өздеріне бағындырған. XIII ғасыр тарихта соғыс оты лаулаған ең зұлмат ғасырлардың бірі, ол кездің қатыгездігіне теңесетін дәуір, сірә, жоқ шығар. Крескерлер Киелі жерлерде ат ойнатса, қытай династиялары бір-бірімен қырқысып жатты. Шыңғыс хан жаулап алғанға дейін Орталық Азияны бірнеше соғыс төмпештеп жатты.

Осылай болғанмен, кей қалалар қарсылық көрсетпей, алым төлеп, әскерге адам берумен құтылды – бұл қабылданған тәжірибе-тұғын. Көптеген билеушілер бейбіт келісімге келуді таңдады. Моңғолдар олардың хандықтарынан салықтан бөлек, әскерін олжа етті. Осылайша 1258 жылы Бағдатты қоршаған әскер қатарында грузиндер, армяндар пен парсылар да болды.

 

 

Моңғолдардың қанды қырғынын бастан кешірген бірнеше қала бүгін Қазақстанға айналған. Бұл – 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін тәуелсіздігін алған үлкен мемлекет. Үйінділер үстінде тұрып құмды далаға көз тастадым. Қарсы беттен шауып келе жатқан Шыңғыс ханның салт атты жасағын елестету қиын емес. Саны құмырсқадан көп, тіпті мына шөлдегі құмнан да, жаңбырдың тамшыларынан да.

Осы арифметикалық теңеуді парсы тарихшысы Ала ад-Дин-Ата-Мәлік Джувайни қолданған. Ол Моңғолияның мемлекеттік қызметкері болып жүріп «Әлемді жаулап алушының тарихы» деген кітап жазған. Моңғолияның қирандыларын кезіп жүргенімде Джувайнидің жазғандарын дереккөз ретінде пайдаландым. Тарихшылар оның кітабын Шыңғыс ханның жорықтары туралы маңызды шежіре санайды. Алайда ол, кітабын, бір жағынан, басшыларына жағыну үшін жазған. Сол уақыттың басқа жылнамашылары сияқты ол да асыра айтуға шебер болған. Сондықтан, қазіргі тарихшылар оған сілтеме жасағанда «бәлкім» сөзіне жиі жүгінеді.

Десек те моңғолдар қаптаған шегірткедей болғаны рас. Артында үйір-үйір қосалқы жылқысы бар 80 мың атты әскер, алдарында тірі қалқан ретіндегі мыңдаған бейбіт адам тұрды.

«Бірақ арасында тізе бүккісі келмегендер де болды. Қашқан әскердің кейбірі мешіттерге тығылды. Моңғолдар ол жерге кіруге дәті бармайды деп ойласа керек. Бірақ моңғолдар үшін кімді қай жерде өлтірудің онша қатты айыр­машылығы жоқ-тұғын», – дейді археолог Юрий Буряков.

Мешіт өте үлкен еді. 1980 жылдары оның орнында археологиялық қазбалар жүргізген Буряков оюлы ағаш бөліктері мен балшықтан соғылған 161 де 87 ярд дуалдың қалдықтарын табады. «Моңғолдар отты жебелер атқан. Олар мұнайлы бөшкелер атқан болуы да мүмкін – Шыңғыс хан әскерінде катапульталар болған. Қазба жұмыстары кезінде біз өртенген адам сүйектерін таптық».

«Қала дуалдары мен бекіністер түрлі деңгейлерде болған. Жер астымен су құбыры тартылған», – дейді Буряков. Самарқанның әскері мен халқы «күйреу кесесінен дәм татқан». Буряков «100 000 адам өлтірілген» деп топшылайды.

 

Оларға азық-түлік артатын көлік не қор керек емес, өйткені олардың қойлары, жылқылары және басқа малдары бар және олар солардың етімен ғана өмір сүреді.

 

Осы күмбездер жанында көмір қызып, балға тарсылдайды. Мен Махмуд Джурабаевтың қасына бардым. Ол өзі жасаған балта басына қарап, сүйсініп тұр екен. Мен одан: «Моңғолия­­да тұруға қалай қарар едің?» – деп сұрадым. «Моңғолия?». Ол маған түсінбей қарады.

Сосын оған түсіндірдім. «Егер бүгін моңғолдар қалаңды жаулап алса, олар сені Моңғолия­­ға алып кетер еді, себебі сенің қабілетің бар». «АҚШ болсыншы, – деді ол, – не Жапония, мен самурай қылышын жасауды үйренгім келеді».

Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда Шыңғыс ханды күнде кешкі ас кезінде көремін. Чекті төлеу үшін бірнеше мыңдық тұғрықты шығарсаңыз, валюта бетінен қысықкөз Шыңғыс ханды көресіз. Оның суреті арақтың жапсыр­масында да бар. 1924 жылдан 1990 жылға дейін Кеңес үкіметіне телмірген Моңғолия өзінің тарихы қалай сүртілгенін көрді. Мәскеу­ден қорыққан билік ұлттық мақтаныштың кез келген белгісін жоқ етті. Ұлан-Батырда кеңестік стильдегі кең, естен тандырарлықтай бос бульварлар салу үшін буддист кесенелері мен лама монастырлары құлатылды.

Профессорлар Шыңғыс ханды «қанішер феодал тиран» деп сипаттауға мәжбүр болған. Моңғолия қайтадан бостандығын алған кезде, оның беделі «ел бабасы» ретінде жылдам қайта қалпына келтірілді.

Бұл ол оған дейін ұмытылды деген сөз емес. Бір күні маған жолыққан шопан – үстінде дәстүрлі киім: тізеге дейінгі етік, белдікті күрте – Шыңғыс ханның бала кездегі есімі Темучин екенін, бұл есімнің мағынасы ұста дегенді білдіретінін, оның бауырларының бірі балығын алып қойғаны үшін бір әкеден туған басқа бір бауырын өлтіріп тастағанын біледі екен. «Бұл оқиғаларды бізге ақсақалдарымыз айтқан», – деді шопан.

Мен ол оқиғаны білетіндігімді айттым. Бұларды «Моңғолдардың құпия тарихы» дастанынан оқығанмын. Мұны «Одиссей» поэмасындағы Одиссеймен салыстыруға болады. Осы дастанда Темучиннің иттерден қорыққаны да жазылғанын айттым.

«Бұл туралы естімеппін. Бұған сенбеймін!» – деп шопан бірден қарсылық танытты. Кей тұстарында Шыңғыс хан тұлғасы шынайы сипатталатын Қытайдың мұрағатшылары «Құпия тарих» дастаны атаған шығарма зор дүниеге ұқсайды. «Ол құпия мен аңызға толы», – дейді Индиана университетінде 25 жылдан бері моңғол тарихы пәнінен дәріс беретін Ларри Моузес.

«Құпия тарихта» Темучиннің Ұлан-Батыр­дың солтүстік-шығысына қарай 320 шақырымдай жердегі Онон өзені бойында дүниеге келгені айтылады. Мен ол жерді көргім келді, сол үшін төрт дөңгелегі де жетекші фургон көлігін жалға алдым. Астанадан шыққаннан кейін асфальтты ұмытасың, сондықтан жүргізушім көкжиектегі белгілерге қарап жол тауып келеді. Ағындарды асып өтіп, дала төріне еніп, тәрелке тәріздес жасыл алқапқа келдік. Қазан айының таңында бір сәт кідіріп, жазық далада жүрсең өзіңді осы сарғыш даланың қожайыны сезінесің. Артынша көзің бір мая шөпке түседі: бір қора қой, қасында сабалақ жалды аты бар шопан.

Таяу маңнан гэрді – моңғолдар киіз үйді осылай атайды – көруге болады. Біз шай ішу үшін ыстық су сұрап солардың біріне тоқтадық. Гунга есімді бір әйел қонақжайлылық танытып, пешке шәйнек қойды.

Мен одан неге жерүйде тұрмайтынын сұрадым. Ол: «Жерүйді алып жүре алмайсыз», – деп жауап берді. Құдды бар мәселе осыған тірелетіндей. Ол қолымен көрсетіп: «Мына жерге, ана жерге», – деді. Маған Ганганың үйі барынша отырықшы көрінді: кереуеттер, сандықтар, тіпті, керегеге картиналар да ілінген. Бірақ ол отбасымен сол жылы мал үшін шұрайлы жайылым табамыз деп үш рет көшкенін айтты. Киіз үйді жинауға небәрі бір сағаттай уақыт жеткілікті.

 

Шыңғыс хан мен оның армиясы үшін Қытайға баратын жолда шеті қиыры жоқ Гоби шөлі жатқан-тұғын. Мобильді күшпен, соның ішінде бүгінде қолданылатын екі өркешті түйенің көмегімен хан армиясы және әйел мен бала-шағадан құралған оның логистикалық қолдау шебі Гурван Сайхан тауларынан өтіп, қазіргі Қытайдың Гансу дәлізі арқылы Ся Цзя халқының Тангут патшалығына бет алады.

 

Біз жайылым бойымен солтүстікке қарай сапарымызды жалғастырдық. Мен Америкада ұрпақтарымыз көрсін деп сақталып қойылған пәк далалық жерлерді есіме алдым. Моңғолия­ның жайылымы бес Канзасқа жетеді.

Ақыры біз Онон өзенінен өтіп, Гурван Нуур деп аталатын шетсіз ен далаға келдік. Темучиннің нақты қай жерде дүниеге келгенін ешбір моңғол дөп басып айта алмайды. Бірақ көбісі осы алқапты қасиетті жер деп біледі.

Жазық даланың бір бұрышында Баян-Ову үйшіктер ауылы орналасқан. Мұнда Балдансанжа Чаймдорж есімді жігіт менің жолсерігім болуды мойнына алды. Бұған себеп болған ақша емес, оның – ұлттық мақтанышы. Ол маған кіршіксіз мөлдір бұлақты көрсетті. Ол Тимучинді дүниеге жаңа келгенде анасы осында шомылдырған деп сендірді. Қарағайлы тауды көрсетіп, соның ұшында мінәжат қылып, «ұрыс алдында соғыс туын сол жерге тіккенін» айтты.

Тимучин дүниеге келгенде, 1160 жылдары Моңғолия 30 шақты рудан құралған хандық еді. Ондағы халық саны 1,5-3 миллион арасында болған. Халқының жартысынан көбі моңғолдардың өздерінен бұрын пайда болған түркі тілдес тайпалар еді. Дәл осы аймақтан одан да бұрынғы уақыттардағы тайпалар Қытайға ғасырлар бойы шапқыншылық жасап отырған. Олар ғұндар болса керек.

«Құпия тарих» Темучиннің қалай таққа келгені жөнінде егжей-тегжейлі ақпарат береді. Басында оның өмірі қиын болған. Тоғыз жасында әкесі Есугей баһадүрді татарлар улап өлтіреді. Осылайша олар бір кездері өздерін тонағаны үшін кек алған екен. Күнкөріс үшін Темучин мен оның бауырлары балық, суыр аулап, анасы жеміс-жидек тереді. Ер жете келе ол қасына жақтастарын жинай бастайды. Солардың бірі Жамуха оның «андасына», яғни етбауыр досына айналады. Тағы бірі – Керей тайпасының көсемі Тоғрыл. Мерке тайпасы жорық кезінде оның жасөспірім жастағы келіншегі Бөртені алып қашқанда, осы екі досы оны құтқару үшін қол жинайды. Ересек жасқа келгенде Темучин біртіндеп бірнеше тайпаны жаулап алу не олжа беру арқылы өзіне қаратады. Әкесін өлтірген татарларды жеңгенде, ол аяушылық танытпайды: кіші жастағылардан басқа еркек кіндіктің бәрін өлтіріп, балалар мен әйелдерді құлдыққа салады. Осылайша татарлар жойылып кетеді (Алайда Еуропада ғасырлар бойы моңғолдарды татарлар деп атап келген).

Жақтастар көбейгенде Жамуха мен Тоғрыл достары оның артып келе жатқан күшіне қарсылық білдіреді. Темучин үш күнге созылған шайқаста Тоғрылдың әскерін талқандайды. Артынан 1205 жылы ру ішіндегі ең соңғы мықты дұшпаны Найманды жеңеді. Онымен бірге болған Жамуха тұтқынға түседі. Жылдам өлтіруін сұраған досының сөзін ол екі етпейді.

 

«Әйелдерге құрмет көрсету жағынан Моңғолия Азия елдері арасында ерекше мәдениеті бар ел», – дейді моңғол заңгері Ман-Оргил Ценд. Дене күшінің жетіспеушілігін олар ақыл-оймен толтырады. Әскер қатарында болмаса да, моңғол әйелдері жаралы жауды өлтіріп, шайқас алаңындағы жебелерді жинайтын болған. Олардың көзіне шалынбай қалғандары қазір Ұлан-Батырдағы Моңғол тарихы музейінде моңғол етіктерімен бірге археологиялық жәдігер ретінде сақталып тұр. Етік қонышында тігілген темір қабыршақтар сарбаздың балтырын қорғайтын болған.

 

1206 жылы құрылтайда Темучин ақ киізге көтеріліп, хан сайланады. Халық оған Шыңғыс хан есімін береді. Бұл «мықты билеуші», яғни әлемді басқарушы дегенді білдіреді. Бұл кезде ол шамамен 40 жасында болған.

Ларри Моузес шынымен Темучин, Тоғрыл және Жамуха арасында күрес болған деп ойлайды. «Бұл қытай жазбаларында да бар», – дейді профессор Моузес.

Гурван Нуур даласынан кетпес бұрын айналаға тағы бір көз тастау үшін төбе басына шықтым. Төменде бір бала суды кешіп өтіп, пониге секіріп мінді. Өзін қан майдандағы қаһарман деп ойлайтындай. Тарихшылардың айтуынша, моңғол аттары соғыста басқарылатын снарядқа ұқсайды. Кішкентай болса да шымыр жануар әлі күнге ауыл өмірінің ажырамас бөлшегі болып қалып отыр. Аяқтары әлі де басқышқа жетпейтін ұл-қыздар аттың құлағында ойнайды.

Кім біледі, мүмкін, мен көрген бала келесі Темучин шығар; моңғолдар жаңа Шыңғыс хан шығып, олардың абыройларын қайта көтереді деп сенеді.

Ұлан-Батырға оралғанымда, Шыңғыс хан даңғылына (бұрынғы Ленин даңғылы) бұрылдым. Мақсатым – қазір зейнетке шыққан, тарихшы, Моңғолия ғылым академиясының бұрынғы президенті Ширендев Багаринге жолығу. Мен оған «Шыңғыс ханның әлемді жаулауға деген қалауы қайдан шықты» деген сұрақ қойғым келді.

«Бойыңа күш біткенде басқалары қалай өмір сүріп жатқанын көргің келеді, – деді ол ұлттық қаһарманның ақкөңіл пейілін түсіндірмек болып, – өз елін дамыту үшін оған басқаларының білімі қажет болды». Мәселен, ол көбі сауатсыз моңғолдарға көршілес түркі тайпасының жазуын үйретті.

Шыңғыс ханның әскері алтын, зергерлік бұйымдар, жібек мата, ат және құл олжалау үшін соғысуы қажет еді. Шыңғыс хан соғыс олжасына құнықпағаны байқалады, бірақ көшпенділер арасында соғыс-тартыс ежелгі дәстүр-тұғын. Жылнамашы Рашид-ад-Диннің жазбалары бойынша Шыңғыс хан былай деп жариялаған: «Ер адамның ең үлкен бақыты – жаудың соңынан қуып, талқандау. Олардың қатындарын зар жылатып, малын тартып алу». Басқаша айтқанда, жаулап алу.

Тарихшылар Шыңғыс хан адамдарына азық, астарына ат беру үшін туған қажеттілікпен соғысқа ынталы болған деп айтады. Кей кездері соғыс өшпенділіктен туған (Орта Азияның тағдыры осы еді). «Ол саналы түрде жаулап алушы болуды таңдады деп ойламаймын», – дейді тағы бір моңғол тарихы сарапшысы, Колумбия университетінде және Нью-Йорк университетінде істейтін Моррис Россаби.

Шыңғыс хан таққа келгеннен кейін моңғол армиясы бір орында тұрмады. Шыңғыс ханның Моңғолиядан тыс алғашқы жорығы 1209 жылы Ся Цзяның хандығына қарсы болды. Оның астанасы Нинся қазіргі Иньчуань қаласының орнында еді және оған жету үшін моңғолдарға қатал Гоби шөлін кесіп өтулері қажет болды. Көшпенділер үшін мұндай жорық үлкен кедергі емес еді. Қажет кезде олар бие сүті мен аттың терісінен қан ағызып ішіп жүре беретін.

Тұңғұттар басқарған тибеттіктер елі Ся Цзяда ұсақ тор жасалатын. Профессор Россабидің ойынша, ең маңыздысы олар Ұлы Жібек жолы бойындағы оазисті бақылауда ұстаған және моңғол керуендерінен ауыр салықтар алып отырған.

Шыңғыс хан оңтүстікке қарай бастаған армия кейіннен Еуропа мен Қытайдың ішіне қарай енетін, дисциплиналы күшке айналып жатқан еді. Ол әскерін ондық жүйемен құрды: ең кіші әскери-әкімшілік бірлік – арван он әскерден құралды, жүз әскер – зуун, құрылымның ең ірі бірлігі он мың әскерден құралатын түмен болды. Бұдан бөлек, ол тайпалық иерархияны жойды. Керейлер, меркіттер және басқалары түрлі бірліктер арасында таратылып, әскери бірліктердің басына рубасылары емес, шайқаста батырлығымен көрінгендер қойылды.

Сондай-ақ Шыңғыс хан 10 мың адамдық жеке сақшылар тобын жасақтап, ықпалды отбасылардың балаларын аманатқа алып отырған. Оның халықтың бас көтеруінен сескенгені анық. Іс жүзінде, Ларри Моузестің ойынша, Шыңғыс хан Ся Цзяға жорыққа шығуының себебі – оның көптеген жаулары сол жаққа көшіп кеткен-тұғын.

Ся Цзяның халық саны шамамен бес миллиондай болған және оның армиясында мықты қолбасшы болмағанға ұқсайды. Шыңғыс хан әскері жауға қарсы тау өткелінде бетпе-бет келіп, жау қолын жарып өте алмаған кезде, олар сүйікті әдістеріне салып, артқа қашқан болады. Ся Цзя армиясы олардың артынан қуады. Кенет моңғолдар кері бұрылып, оларға оқ жаудырып, жаудың қолбасшысын тұтқынға алады. Император Сяцоң 1210 жылы бейбіт келісімге шақырып, бас иіп, өзінің қызын Шыңғыс ханға әйелдікке ұсынады. Осылай Ся Цзя оның билігі астына өтеді.

Осыдан кейін моңғолдар Ся Цзяның шығысындағы патшалыққа көз тігеді. Оның халқы кемінде 20 млн еді және бұл елдің байлығы мол болатын. Қазір Қытайдың жері (Шыңғыс ханның немересі Құбылайдың билігі кезінде 1279 жылы біріккен) болып табылатын осы аумақтан шапқыншылар бұрыннан нефрит, жібек және будданың алтын мүсіндері тәріздес дүние-мүлікті олжалап тұратын.

 

Наадам фестиваліндегі садақ ату сайысы. Мына моңғол қызы сайыс­тың финалында өнер көрсетуде. Шыңғыс хан заманында садақ ату ең маңызды өнер еді. Минутына алты оқ ататын 70 мың қолдық моңғол атты әскері Қытайдың солтүстігіне баратын жолда алдарына бөгет болған Цзинь армиясын талқандаған.

 

Шыңғыс ханның дәуірінде батыс Қытайдың байлығы чжурчжэнь деп білінетін адамдардың қолында еді. Олар өз династиясын цзинь (алтын) деп атайтын. Өздерінен бұрынғы династиялар сияқты олар да көшпенділерге алым-салық төлеп, сән-салтанат бұйымдарын, бидай, малдың құрал-саймандары мен терісін беретін. Шарттар осындай жомарт еді. «Бұл көшпенділер шабуыл жасамауы үшін берілетін параның бір түрі еді», – дейді Россаби.

Бірақ цзинь династиясы үшін ауыр заман орнауымен бұл жомарттық қиынға соға бастады. Оның үстіне саяси шиеленіс мәселелері де мазалады. Бұрыннан тұрып келе жатқан қытайлар чжурчжэнь әміршілеріне наразылық көрсете бастады. Әскерде бағынбайтындар пайда болды. Шыңғыс хан осы жағдайды саудагерлерден және қашып кеткен цзинь қызметшілерінен біліп отырды. Сондай-ақ ол цзиньнің 600 мың не одан көп адамдық армиясы Соң династиясымен болған көп жылдық соғыстан кейін биліктің оңтүстіктегі қанатына байланғанын да білді. Іс жүзінде ол басып алған елдердің барлығы да ішкі қақтығыстар мен басқа да проблемалардан әлсіреген болатын.

1211 жылы 70 мың адамдық әскер атқа қонды. Ол кезде біз білетін Ұлы Қытай қорғаны болмағанмен, шағын қорғандар бар-тұғын. Шыңғыс хан оларды оңай бұзып өтті. Қытай жазбаларында, алғы шепке қойылған жасақтардың өзі кейіннен оның әскеріне барып қосылғандығы жазылады.

Бірақ көптеген шайқас әлі алда еді. Шыңғыс хан жауының элиталық сарбаздары Жуйоң өткелінде олардың астанасы Жоңдуға бет алған моңғолдарды қолға түсіру үшін күтіп жатқан. Жоңду бүгінгі жайылып кеткен Бейжіңнің астында қалған. Шыңғыс ханның сенімді қолбасшыларының бірі Жебе кері шегіну айласы арқылы қорғанушыларды тұтқынға түсіреді.

Шыңғыс хан бірден Жоңдуға қарай бет алмайды. Оның атты әскері садақ атуда шебер еді, олар ат үстінде алға-артқа садақ тарта беретін. Бірақ оған дуалының биіктігі 12 метрден асатын Жоңду бекінісіне шабуыл жасау үшін соғыс құралдары керек еді. Сөйтіп, ол әскерін мемлекеттің орталығына жіберіп, қаланы қоршауда ұзақ ұстап тұра алатындай провизия мен жаңа қару түрлерін алып келеді.

Ақыры ол 1214 жылы астананы қоршауға алғанда оның арсеналында қытайдың бомбашылары мен баллисталары болды. Баллис­талар 45 килолық ауыр тастарды бекіністің дуалдары мен қақпаларына құлаштай серпінмен лақтыра алатын. Алайда олардың қажеті болмай қалды. Ішкі проблемалары жетіп-артылатын цзинь императоры Цуанзоң моңғолдар кері шегінсе алтын, күміс мен басқа да байлықтарын беретінін айтады. Шыңғыс ханның көңілі кейін әйеліне айналып, 500 қызметшісін бірге ертіп келген цзинь билеушісінің қызына түседі (оның алты моңғол және жаулап алған елдерінен басқа көптеген әйелі болған).

Бұл Цзинь династиясының моңғолдармен соңғы рет бетпе-бет келуі емес еді. Шыңғыс ханның өзіне қарсы қайта қол жинап жатқандығынан күдіктенген император (бұл оның сылтауы да болуы мүмкін) варвар жауынан алыс кетпек болып, елордасын оңтүстікке қарай Кайфең қаласына ауыстырады. 1215 жылы моңғолдар қалың әскермен нөпірлей келіп, Жоңдуды аштықпен бағындырып, артынша қаланы тонап, тұрғындарын қырып тастайды. Шыңғыс хан императордың бар байлығын тонап алып кетеді. Арада жылдар өткенде бір төбе ақ үйіндіні көргенде, оған мұның Жоңдудың тұрғындарының сүйектері екені айтылады.

Моңғолдар Нью-Йорк штатының аумағындай жерге биліктерін жүргізеді. Көршілес Жоңдудың тағдырынан хабардар Корея өз елшілерін жіберіп, алым-салық төлеп тұруларын ұсынады. Шыңғыс хан солтүстік Қытайдың да салық төлеуін күтеді. Бірақ оны Моңғолияға қосып алу ойы жоқ еді.

Моңғолияға оралғаннан кейін әрбір жорықтан келгендегі әдеті бойынша ол ел астанасын тұрғызуды ойлай бастайды. Ся Цзядан ол 30 мың қолөнер шеберін алып келген болатын. Олардың кейбірі Қарақұрым цитаделін салуға көмектескен болулары керек. Қарақұрымда Моңғолияның жайылымынан өтетін сауда жолдары тоғысатын.

 

Бұқарадағы алып мешіт мұнарасы астына 1220 жылы 20 мың әскер моңғолдардан тығылуға тырысқан. Бірақ олар қолға түсіп, бастары алынды. Шыңғыс хан атымен Жұма мешітіне кіріп, мұсылмандардың қасиетті кітабы Құран көшірмелері салынған қораптарды босаттырған. Содан соң ол қораптарға моңғол аттарының жем-шөбі салынған. Қала отқа беріліп, қабырғалары құлатылады. Осыны көзімен көрген бір куәгер былай деп айтқан: «Олар келіп, сорып, жағып, аударып-төңкеріп, тонап, кетіп қалды». Қанды қырғыннан аман қалған мұнара әлі күнге Бұқарада көкке созылған күйі тұр.

 

Шыңғыс хан Қарақұрымды өзі көрген қытайлықтар мен Ся Цзянь тангуттары тұрғызған қалалардай тұғырлы шаһарға айналдырғысы келген болуы да мүмкін. Ол соншалық алып шаһарға айналған жоқ. Бірақ қалада әмірші мен оның айналасындағыларға арналған қазына сарайы, мешіт, будда храмы мен хрис­тиан шіркеуі (кейбір дерек бойынша) сияқты көптеген ғимарат тұрғызылған. Қытай басқыншылары қаланы 1388 жылы жойып жіберген.

Өкімет құру стратегиясы бойынша Шыңғыс хан ақыл мен кеңес көп құлақ асатын. Мұндай мақсаттар үшін ол Қытайдан ғалым алдыртып, оны өз жағына тартатын. Түркілер оған есепшілік және жазу қызметтерін атқарған. Көп ұзамай салық жинаушылар мен жазба жүргізетіндердің шағын бюрократиясын тудыр­ған моңғол әкімшілері пайда болады.

Бара-бара оның иелігіндегі жердің бір ұшы Хорезмге де жетеді. Сол тұста Шыңғыс хан Мұхамед шахқа көптеген сый жібереді: нефрит, піл сүйегі, алтын, ақ түйе жүнінен жасалған шапандар. Сондай-ақ Шыңғыс хан сауда-саттық қатынасын орнату үшін 450 саудагерден құралған керуен аттандырып, ол Мұхамед шах хандығының шығыс шетіндегі Отырарға ғана жете алады. Ол жерде қала әміршісі керуен ішінде тыңшылар бар деген күдікпен (олардың арасында шынымен де тыңшылар болған болуы мүмкін) керуенді тоқтатып, оларды қырып салады. Джувайнидің айтуынша Мұхамед шах бұған рұқсат берген. Қалай болса да, ол артынан одан да зор қателікке бой алдырады.

Шыңғыс хан елшісін жіберіп, шахтан Отырардың әміршісін жазалау үшін өзіне жіберуін талап етеді. Мұхамед шах елшіні өлтіріп, басын Шыңғыс ханға қайтарып жібереді. «Моңғолдар елшілерге мүлде қол көтеруге болмайтындығына сенетін, – деп Моррис Россаби атап өтті, – оларға қарсы күш қолдану сұмдық қылмыс еді». Осылайша моңғолдардың Орта Азияны қанға бөктірген жорығы басталады. Шыңғыс ханның мақсаты жазалау болса да, мол олжаға кенелуді де көздеген болуы бек мүмкін.

Шүбәсіз, Мұхамед шах өзін қауіпсіздікте сезінді. Оның армиясында 400 мың әскер болған делінеді. Алайда әскердің көбі шахқа адал берілген емес-тұғын. Ол ауыр салықтар салған тайпалар да оған деген адалдықтарымен ерекшеленбейтін. Қайтадан, бұл моңғолдардың пайдасына жараған жаудың осал тұсы еді.

Қазіргі тарихшылардың айтуынша, Шыңғыс ханның армиясы ешқашан 110 мың адамнан аспаған. Хорезмге жорыққа шығар алдында ол өзіне бағынышты Ся Цзядан әскер сұратады. Оған келген жауап тым төте еді: егер Шыңғыс ханның әскері жеткіліксіз болса, онда ол несіне хан болып отыр? Бұл тіл тигізудің де өз кегі кейіннен қайтарылатын еді.

Саны жетіспесе де, 1219 жылы соғысқа аттанған Шыңғыс хан әскерін батыл түрде екіге бөледі. Бір қолы Отырарды қоршауға алса, екіншісі қиыр оңтүстікті шабуылдайды. Шыңғыс хан өзі батыстағы Бұқараға аттанады. Мұхамед шах абдырап қалады. Оның бұл стратегияға қарсы амалы болмай, қалаларын қорғау үшін әскерін көпке бөліп тастайды. Отырарда бірнеше мың әскерден құралған гарнизон бір ай не одан да көбірек уақыт бекініп алады. Моңғолдар баллисталарынан отшарларын ысқырта атқылап, қаланы өртенген нафтамен (күкірт, нитрат пен мұнайдың жанғыш қоспасы болуы мүмкін) бомбалайды. Шыңғыс ханның керуеніндегі саудагерлердің көзін жойған Отырар әміршісі Иналчук (Қайыр хан) қамалдың төбесінен тас лақтырып, соңына дейін шайқасады. Моңғолдар цитадельді жермен-жексен етіп, қала қабыр­ғаларын тегістеп тастайды. Осылайша Отырар қол­өнершілері енді моңғолдарға қызмет ете бастайды.

Аңыз бойынша Шыңғыс хан Бұқараның оңтүстік-батысына қарай жүріп, ені 480 шақырымнан асатын ажал апаны – Қызылқұм шөлін кесіп өткен. Аңыздарда Шыңғыс ханның мүмкін емес мақсатты сәтті бағындыратыны айтылады. Тарихшылардың айтуынша, шындығында ол бос жерлерді айналып өтетін керемет түйсігі олған екен.

Ұсталар, тоқымашылар, құс аулаушылар, бітікшілер, емшілер: Джувайнидің айтуынша, моңғолдар Самарқаннан 30 мың өнерлі адамды дамуы кенде Моңғолияға жұмыс істетуге алып кетеді. Әрине, олармен бірге мыңдаған әйел, бала-шаға да ере кетті.

Самарқандағыдай, қала кеңесінің мүшелері қақпаларды ашқан. Жұма мешітіне жеткенде, оны бір ақсүйектің сарайы деп ойлаған Шыңғыс хан оның ауласына атпен кіреді. «Ол қаладағы барлық әнші-күйшілерді жинатыпты», – деді Бұқара музейінің қызметшісі Баһадүр Козаков. Біз оның шағын кеңсесінде қонақ болдық. Бұл күздің көлбеу түскен күн сәулесі кеңсе ішін жылы әрі жұмсақ атмосфераға бөлеген кезі еді. Шәйнекте су қайнап жатыр. Ол әңгімесін ары жалғастыр­­ды: «Шыңғыс хан музыка тыңдап, шарап пен қымыздан ұрттап отырғанымен ол тойламай бай-манаптардан өзіне байлықтарын әкелулерін сұраған. Алтын-жаухарлары аяғының астына әкелінген кезде, ол әскеріне қаланы тонауына рұқсат берді. Көшпенділер қала тонағанды жақсы көретін. Олар түк қалдыр­мады. Әйелдерді зорлады. Мешітті өртеді. Қаланы өрт басқан болуы мүмкін. Қала толық хаосқа оранды».

Моңғол әскері ары қарай жорықтарын жалғастырып, кескілескен шайқастан кейін Арал теңізінің оңтүстігінде, Әмудария бо­­йында орналасқан Ұлы Жібек жолының үлкен шаһары Үргенішті де бағындырады. Қаланы қорғаған 100 мың адам өлтірілген деп айтылады. Моңғолдар қаланың қалдығын ағызып жіберу үшін өзен арнасын бұрған делінеді.

Артынша олар оңтүстікке қарай қазіргі Түрікменстан аумағында орналасқан Мевр қаласына қозғалады. Оның маңайында бір діндар мұсылман адам мен оның көмекшілері 13 күн бойы әскер санын санаған. Джувайнидің жазбалары бойынша, олар 1,3 миллион әскер санаған және бұл олардың көре алғандары ғана. Ауғанстандағы «Қалалар анасы» атанған Балх шаһары да қоршауға алынады. Оның тұрғындары да әдеттегі дәстүр бойынша жүздеген және мыңдаған адамдық топтарға бөлініп, өлтіріледі.

Осы мұсылман қалаларындағы қанды қырғын туралы бірнеше мұсылманның жазбасында бар. Олардың шығындары аса зор болған. Бір жазбада, Нишапур қаласында, тіпті, иттер мен мысықтар да өлтірілгені айтылады. Жылнамашылар мақтаншақ моңғол қожайындарына жағымпазданып асыра сілтеген болуы да мүмкін. Ол қалалар қанша үлкен болғанмен қазір ешкім олардың халық саны соншалық көп болғанына сенбейді. Моңғолдар шынымен тұрғындарды бір қатарға тізіп, тегіс бауыздаған ба? «Мен олардың осылай уақыттарын жойғанына сенбеймін, – деді Ларри Моузес, – моңғолдар өздеріне қарсы келгендерді қырып-жойып отырған. Көптеген тұтқын шайқаста алғы шепте тірі қалқан болып қолданылғандықтан мен оларды құр әшейін қыра салуы екі талай деп ойлаймын. Қару-жарақтары мен жүктерін тасу үшін де оларға адам қажет болды».

 

 

Моррис Россабидің ойынша, «Қанды қырғын болғаны сөзсіз. Қалалардың барлығы дерлік қиратылған жоқ, бірақ кейбірі басқаларының зәре-құтын қашыру үшін үлгі ретінде қолданылды. Бұл психологиялық соққы болатын».

Басқа бір теория бойынша, Шыңғыс хан дұшпандарына көмектеспесін деген ниетпен қалаларды күйретіп отырған. Әлі де болса Хорезм шахы Мұхамед пен оның ұлы Жалал-ад-Дин бостандықта болатын. Ықпалды көшбасшы Жалал өзінің туы астына мыңдаған адам жинайды.

Мен Гератқа БҰҰ-ның 1978 жылы басталған және әлі күнге мұжаһиттер, яғни еркіндік үшін күресуші топтар арасындағы азаматтық соғыстан әбден қалжыраған Ауғанстанға азық-түлікпен және басқалай көмектесетін бағдарламасы арқасында келіп қалдым. Бір миллионнан астам ауған қайтыс болған деп айтылады. Аптасына екі рет БҰҰ-ның шағын ұшағы Пәкістандағы Исламабадтан Гератқа азық-түлік жеткізуге шығады. Ауғанстанға жеткенде пилот 6,4 шақырым биіктікпен ұшып келеді. Бұл биіктік әлдебір атқыш мұжаһиттің жіберген ракетасы жетпейтіндей қашықта деп үміттеніп келемін.

Гераттың базарындағы темір ұсталарының әлі сол балға ұрып, қызған темірді астауға салып жүргендерін көру ескі күндерді есіме салды. Менің есімде қалған Герат осы еді. Бірақ көптеген үйлер тегістелген. Қала сыртында адамның бас сүйектерін көрдім. Келушілер қарауы үшін ортақ қорым әйнекпен жабылған. Гераттықтардың айтуынша, бұл 1979 жылы наразылық шеруіне шыққан кезде коммунистер қырып тастаған 25 мыңдай адамның мәйіті жатқан жер екен.

«Коммунистер Шыңғыс хан сияқты болды, – дейді бір мұғалім, – олар бәрін қырып-жойып кетті». Моңғолдар Гератқа 1221 жылы келген және басында қалаға тиіспеген. Алайда әскер кеткеннен кейін қалалықтар олар қалдырып кеткен шағын жасаққа қарсы көтірілген. Артынша армия оралған. Одан кейін не болғаны айтпаса да түсінікті.

Шыңғыс хан соғысқан барлық жаулардың ішінде тек Жалал-ад-Дин ғана оның құрметіне ие болған. Жалалдың әкесі Мұхамед шах қарабет болып қашып кеткенде, Жалал оңтүстіктегі Ауғанстанға барып, сол жақтан қол жинайды.

Шыңғыс оның артынан елулік басшыларының бірін жібереді. Кенет Жалал кері бұрылып, қуғыншыларға жойқын қарсылық көрсетеді. Осыдан кейін Шыңғыс хан тізгінді өз қолына алып, Хорезм тағының мұрагерін Инд өзеніне қарай қуады (қазір ол жерде Пәкістан аумағы орналасқан). Жалал шабуылдаған сайын қорқусыз шабуылдай береді. Моңғол құрсауын бұза алмаған ол ақыры өзенге секіріп, жүзіп кете барады. Шыңғыс хан оқ кезеген садақшыларын тоқтатып: «Әкеден ұл туса игі, осындай болса игі», – деп оның өжеттігіне тәнті болады.

 

Моңғолияның ішкі бөлігіндегі Эджин Хоро Ки жерінде орналасқан Шыңғыс хан кесенесіндегі тас мазар монументі – зираты әлі күнге табылмаған адамға қойылған көп ескерткіштің бірі. Бір аңыз бойынша Шыңғыс хан осында, Қытайдың осы аймағында жерленген. Солтүстіктегі атажұртқа қарағанда бұл өңірде басқа этникалық моңғолдар көбірек тұрған. Алайда көптеген ғалымдар оның Моңғолия топырағында жерленген деп сенеді. Солтүстік Қытайдың моңғолдары өз туыстарымен біріккендерін ұлы хан тұлғасы арқылы мерекелейді.

 

Мұхамед шахқа келер болсақ, оны Ираннан Каспийге дейін Жебе мен тағы бір моңғол қолбасшысы Сүбедей қалмай қуалайды. Ақыры шаршап-шалдығып біткен шах плевриттен көз жұмады. Оның билігінің барлық сән-салтанаты жойылып, ол жалшысының жыртық матасына оранып көміледі.

Моңғолдар әрқашан жетілген соғыс өнері қабілеттерін пайдаланған. Олардың жеңіс­тері тәртіпке қатаң бағынатын жауынгерге тәуелді екенін білетін батыр қолбасшылары болған. Қол бастау сеніммен тапсырылған баһадүрлер арасында Шыңғыс ханның ұлдары Жошы, Шағатай, Үгедей, Төле болған. Олардың барлығы оның бәйбішесі Бөртеден туған еді. Алайда ең маңызды көшбасшылар Шыңғыс ханмен рулық тайталас кезінен бірге келе жатқан жолдастары еді. Солардың арасында Жебе мен Сүбедейдің орны бөлек еді.

Каспий теңізіне жеткенде ол екеуі оның ар жағында не жатқанына құмартады. Моңғолия Еуропаға белгісіз болғанындай, Еуропа да оларға таныс емес еді. 20 мың әскермен олар барлау жорығына шығады. Олар Грузияда екі армияны жеңіп, қыста Кавказ тауларынан асып өтіп, шашыраңқы түркі тайпаларының одағын ойсыратады. Олар ел-елді тонап жүргенде русь князьдықтары – ол кезде олар әлі бірікпеген-тұғын – Киев, Чернигов, Ростов және Суздаль арасында бұл хабар тарайды. Князьдар бірігіп, 80 мың әскерлік қалың күш жинайды. Олар осы армиямен 1223 жылы Калка өзені бойынша моңғолдармен шайқасады.

Аспаннан жебе жауып, князьдардың кейбірі асығыс алға шапқан кезде, садақшылар түтін арасына сіңіп, көзден ғайып болады. Моңғолдар қи мен нафта жағып, от қойған екен. Түтін жеңіл қарулы садақшыларды емес, найзалы, қылыш-қалқанды аттылы әскерді жасыру үшін жағылыпты. Русь әскерінің бір бөлігі шатасып, бұрылған кезде басқа жасақтармен соқтығысып, осылайша жеңіліске ұшырайды.

Жеңіске масаттанған Жебе мен Сүбедей үлкен ағаш қораптың үстінде тамақтанады. Ішінде тұтқынға алынған үш русь князі тұншығып жатқан еді. Бұл жау рухын жаншудың бір әдісі болатын.

Жебе мен Сүбедей Еділ өзеніне қарай шығысқа ауысып, тағы екі шайқасты бастан өткізіп, ақыры Орта Азия даласында Шыңғыс ханға қайта қосылады. Олар елден жырақта, шайқастарда жаңа тұлпарларды олжалап, қарсы шыққанның бәрін жайпап, Каспий теңізін осы күнге дейінгі ең жойқын атты әскермен айналып, 13 мыңдай шақырым сапар шегіп келеді.

Арттарында қорқыныш пен не болғанын түсінбеген қара халық қалады. Новгород князьдігіндегі бір шіркеу қызметшісі былай деп жазған: «Белгісіз бір тайпалар келді. Қайдан келді, қай тілде сөйлейді, нәсілдері қандай… ешкім олардың кім екенін нақты білмейді». Өздерінің сорына, олар кейін бәрін білетін болады.

Соңында елге қарай бет бұрған моңғолдар Орта Азиядан есепсіз олжамен қанжығаларын майлайды. Жауынгерлер алтын алқа мен құнды бұйымдармен жарқыраса, аттарына тай-тай жібек мата мен қап-қап теңгелер тиелді. Қираған қалалардың бірнешеуі бұрынғы даңқын қайтадан қалпына келтіре алмады. Кей тарихшылар моңғол шапқыншылығы өркениет дамуын ғасырларға тежегенін айтады.

Шыңғыс хан Ся Цзяның Азияның батысына жорық жасау үшін әскер беруден бас тартқанын ұмытпады. Ол жетпегендей, Шыңғыс хан жорықта болған кезде Ся Цзя моңғолдардың бақылауынан шығуға талпынып көрген. 1226 жылы Шыңғыс хан әскерін тағы бір рет Моңғолияның оңтүстігіне қарай бастап шығады.

Мен Бейжіңнен ұшақпен Ся Цзянның ежелгі астанасының орнындағы Иньчуань қаласына бардым. Шығыс Қытай даласында қаптаған қала, жердің әр нүктесіне бірнәрсе егілген. Ары қарай қуқыл сары жартылай шөл далада қалалар жапа-тармағай орналасқан. Мен ауыл үйлерінің бірегей сары шатырларына көз тастадым. Ұшақ төмендей бастаған кезде мұның құрғату үшін шашып тастаған бидай екенін түсіндім.

Иньчуаньдағы бірнеше ғимарат он қабат салынған және осындай шағын биіктікте олар қалқыған пагодаларға, сирек кездесетін түтін мұржаларына және бірнеше мешіттің мұнараларына жалғасады. Мұнда мұсылмандар көп. Қытай билігі елдегі мұсылмандарға алаңдаушылық танытады. Иньчуаньның батысындағы Синьцзянь аймағында хань этникалық тобының үстемдігін ұнатпаған ұйғырлар биыл әскерге шабуылдап, теміржолдарда бомба жарған.

Иньчуаньдағы хуэй деп аталатын мұсылмандар туралы қандай да бір қозғалыс жағдайын естіген жоқпын. Бірақ Ислам діні жайылып жатқаны көрініп тұр: мен барған бір мешіт жанынан жақында медресе ашылыпты. Оның ұстазы маған мақтана шәкірттерінің Құранның тілі – арабша үйреніп жатқандарын айтты.

Ся Цзя туралы көп уақыт «құпия патшалық» деп айтылып келген. Өткен жүз жылда жүргізілген зерттеуде оның өз жазба тілі болғаны, мұнда жібек мата шығарылғаны және мүсіндер жасалғаны анықталды.

Шыңғыс ханның Ся Цзяға жасаған екінші жорығы туралы түрліше айтылады. Солардың бір нұсқасын мұнда музейдің зейнеттегі құрметті директоры Жоң Каннан естідім. Ол әңгіме айтқан кезде эмоциясын қосып, қолдарын құйындай қозғалта әрі тоқтамай темекісін бұрқырата сөйлейтін жан екен.

Біз Сары өзеннен бастау алатын кең каналдың жағалауында келе жатқан болатынбыз. Ол ағысы жылдам суды меңзей: «Мұның тарихы тым ескі. Ол Шыңғыс хан дәуірінің алдында да болған».

«Ал ана жерде, – деп ол қолын сілтей көрсетті, – қаланың дуалы болған. 460 метрдей жерде. Моңғолдар қалаға кіре алмаған кезде, олар мұнда келген». Оның қолдары қайтадан каналды көрсетті. «Олар бөгетті қиратқан». Жоң тасыған су қорған қабырғасын астынан жеген не осындай қауіп тудырған. Осылайша Ся Цзялықтар берілуге мәжбүр болған.

Моңғолдар арнасынан асырған су канал емес, Сары өзен болуы мүмкін. Дегенмен Жаң бұлай ойламайды: өзен қаладан 45 шақырымда болған. Яки, Ся Цзя армиясы бекініс­тен шығып, шайқаста жеңілгеннен кейін берілген болуы мүмкін.

Не болса да, Шыңғыс хан ажал аузында жатқан еді.

«Құпия тарихта» Ся Цзяға жорық басталған кезде Шыңғыс хан аңға шығады. Түйесі шошып оқыс қимылдағанда ол құлап түседі. «Оның денесі аурудан қатты солқылдайды». Басқа бір жазбада Шыңғыс хан сүзек болып ауырғаны айтылады.

Ол өзінің мұрагері ретінде бәйбішесінен туған үшінші ұлы Үгедейді таңдап қойған еді. Джувайни Үгедейдің әкесінің көзінде дана әрі мәрт адам болғанын айтады. Алайда ол ішімдік пен ойын-сауыққа жақын еді.

Төсек тартып жатып, Шыңғыс хан Ся Цзялықтарға өлім жазасын кеседі. Оның әскерлері аналар мен әкелерді балаларымен, үрім-бұтағымен қоса қырып тастағаны айтылады. Кейбірі құлдыққа салынады. Қалай болса да, патшалықтан дым қалмайды. Осылай Ся Цзя тарих қойнауына сүңги барады.

1227 жылдың тамыз айында Иньчуаньның оңтүстігінде бір жерде Шыңғыс хан көз жұмады. Ол 60 жаста болған шығар. Деректерде оның денесі жерлеу үшін Моңғолияға, Бурхан Халдун деп аталатын тау жанына әкелінгені айтылады. Онымен бірге жерлеу үшін қырық айдай сұлу пәк қыз бен қырық тұлпар өлтірілді деседі. Бұл оның ана өмірдегі ләззаты үшін екен. Тонаушылардан сақтау үшін ол жерленген жер әбден табылмайтын болғанша мың салтты атты адам жерді таптаған екен. Бұл қай жер екені зерттеушілерге әлі күнге беймәлім.

Парсы тарихшылары Шыңғыс ханды қуатты, көреген, данышпан, жанары оттай, қанішер, әділетті, шешімді, дұшпанының мысын басқыш, қорқуды білмейтін, қантөккіш және қатыгез деп сипаттайды. Бұдан асқан теңеу, сірә, жазылмайтын шығар. Тек, оның өз қауымына біріккен Моңғолия мен әлемдегі ең қуатты армияны қалдырғанын қоспасаңыз.

Оның ұлдары мен немерелері осы армия­мен Ресейді, Қытайды, тіпті одан да әрмендегі елдерді жаулап алады. Билік пен байлыққа шомылған моңғолдар кейін өздерінің бір ғана дұшпаны бар екенін түсінеді: ол олардың өздері.

 

Авторы: Майк Эдуардс, фото: Джеймс Л.Стэнфилд

Authorization
*
*



Registration
*
*
*
Password generation