..."/>
САЯХАТ

Өмір өзен…

Кенияның тіршілігі қайнаған биік тауларында қармақ салған фотограф Африканың ең беймаза өңірінің өзінен жұбаныш тапқандай болды.

Алқаптағы соңғы жарық ғайып болып барады. Гүрілдеп аққан судан басқа артық дыбыс жоқ. Содан болар, қасымда ерген итім – Мосидің мазасы қашқандай. Екеу­міз өзен бойымен аяңдап басып келеміз. Балық аулауға келе жатқандаймыз. Бірақ, шын мәнінде, біз әлдеқашан дүниеден озған натуралистер – Джон Берроуз, Джон Мьюир мен Лорен Эйзли және де бүгінде Кения алқабынан алыс тұратын көзі тірі әке-шешем Норман мен Пауланың айтқан кеңесіне құлақ асып келеміз. «Өзен жағасымен орман ішіне кіріңдер, – дейді басымда айланып жатқан олардың дауысы. – Сонда ғана күн ұясына кіре берген осы шақта көзіңнен бұлтылдап қашқан ритмді байқап, құстар мен гүлдер және оларды байланыстырып тұрған құдыретті күш айналасында уайымға батқан санаңмен тіл табысуың мүмкін».

Тас жарған тамшы не жолда кездескен үшкір тастарды типыл еткендей бұл өзеннің күші мазамды алған уайымдарымды тегістеп береді деген үмітпен мен Кения тауларына 2013 жылы алғаш аяқ бастым. Аса эмоцияға беріле бермесем де фотожурналист ретінде Африканың зорлық-зомбылықтан көз ашпайтын аймақтарында істеген жылдарым өз ізін қалдырмай қоймады. Уақыт өте келе камерам арқылы куә болған қақтығыстарды ішімдегі аласапыраннан ажырату қиынға соға бастады. Олар біртіндеп араласып, алаңдаушылық пен дискомфорт сезімі мені ішімнен жей бастады.

Соңғы кездері тым көп уақытымды арнаған осы фотосаладан алған күйзелісімнің шешімі балық аулау болып көрінді. Соңғы рет қармақ салғанымда он жаста едім. Нью Джерси кейін Массачусетсте тұрып, айналамды қоршаған Атлант суында балық аулау үшін жем пайдаланатынмын. Қармақ салудың негізін бұрынғы кәсібінен көңілі қалып, сол кездері АҚШ армиясының арнайы күштерінің тергеушісі болып істеген, мейірімді әрі алпамса келген шешемнің жігіті үйретті. Қас қарайған кездегі қолында қармақ ұстап отырған оның болмысы әлі көз алдымда.

Жұмыс арасында өз басым тұрып жатқан Найробиді жайлаған хаостан мен Рагати және Матиойя су жолдары ортасында орын тепкен Кенияның ойлы-қырлы әрі құнарлы жоталарына барып жүрдім. Баяу аққан Рагати қорғалған орман, ал Матиойя өзені Абердаре тау етегі мен Кения тауының шыңындағы кері шегінген мұздығы маңындағы Кения шай өндірісінің жүрегі арқылы өтеді. Жақын маңдағы кейбір балықшылар кенті мен клубтары қолға алған бағдарламалардың арқасында қос өзенде де қоңыр және құбылмалы бақтақ популяциясы бар.

Мыңдаған өзен суы келіп қосылатын Матиойя жағасындағы қарапайым коттедж екінші үйіме айналды десем де болады. Сол жерде мен ылғалды тастарды бейне бір жас баладай кешіп жүрген 57 жастағы Джон Нгаи Мозесті кездестірдім. Джонның өмірі алқапты әділетсіздік пен конфликт жайлаған кезде басталды. Ол 1961 жылы Британ басқыншыларының азаттық үшін күрескен қарулы қозғалысты жаншып, миллиондаған кениялықтарды, соның ішінде шешесі де қамауға алынған шақта Киамутури ауылында дүниеге келді. Оның бастан кешкені бейпіл жатқан елдің өзін кез келген уақытта зорлық-зомбылық пен қатыгездік жайлауы мүмкін екенін айқын көрсетеді.

Матиойя жағалауында жатқан жаңа ауланған құбылмалы бақтақ. Бұл олжасы қолына түскенге дейін Пит Мюллер қармақ салудың бейқам процесінен ғана ләззат алатын.

Бірде Джон мені ауыл маңындағы балық кідіріп, қоректенетін тынық суға ертіп әкелді. Алғашында мен «шыбынды ұсыну», яғни ағындағы жасанды шыбынды балық шын қабылдайтындай қармақ бауын қатты әрі еркін ұстау секілді қармақ салудың принциптерін білгенім жоқ. Көпшілік сияқты мен қармақ салудың сыры бауды барынша алыс лақтыруда деп ойлайтынмын. Шын мәнінде, қармақ салу бұл балықты өзінің негізгі кәсібі – қорек іздеуде алдап соғу өнері екен. Бұл өзен ритмі мен балықтың қалай қоректенетінін меңгеруді қажет ететін техника мен экология білімдерінің түйіскен тұсы.

Өзенді өткергенде Джон екеуміздің «қармақ салуға» деген көзқарасымыз мүлде бөлек екенін түсіндім. Джон балықпен ойнағаннан гөрі оны ұстағанды ұнатады. Оның әдісі ықпалды болғанымен мен іздеген медитативті мақсаттарға келмейді екен. Джон маған өзен, оның тарихы мен экологиясын үйретсе де қармақ салудың техникалық қулықтарын өзіме қалдырғанды жөн деп шештім.

Осылайша мен үшін кітап пен сайт, байқап көру мен қателесу арқылы әдемі әрі сабыр­­ға шақыратын өнерді тану кезеңі басталды. Алғаш рет төмендегі қапқан балықты сезінген сәтке дейін мен орталық Кенияның өзендеріне ондаған рет барып жүрдім. Жолым бола бермесе де бұл экскурсия маған жеңілдік беріп, қызығушылығымды оятты. Жолға шығып, қармақ лақтырып, асықпай күтіп, қолыма қалам алған сайын балық аулау жаңа бақылау мен зерттеуге себеп болғанын аңғардым.

Және де балық қармақты қапқан сайын өзен маған сұрағанымнан да көп беріп жатқанын түсіндім. Өмірімдегі күйзелістің антидотын табам деген оймен мен тыныштық іздеп келдім. Табиғат «ғибадатханасында» жүріп, кішкентай кезімдегі жазғы уақыттарда құм акуласы мен тікенқұрсақ көргенімде бойымды алатын әуестік пен таңданыс сезіммен қайта қауыштым.

Пит Мюллер фотография мен этнография арқылы қоршаған орта деградациясының эмоционалдық салдарын зерттеумен айналысатын National Geographic жазушысы.

 

 

Фото мен мақала авторы: Пит Мюллер

Жарнама
Authorization
*
*



Registration
*
*
*
Password generation