..."/>
САЯХАТ

Жаңа суық соғыс

Канада әскерилері Корнуоллис аралында өткен Арктикада аман қалу оқу-жаттығуы кезінде аймаққа көз тастау үшін Солтүстік полюстен шамамен 1600 шақырым жерде құлаған ұшақ үстімен жоғары көтеріліп барады. Арктиканың жылынуымен және оның болашағына деген таластың қыза түсуіне байланысты Канада мен АҚШ әскерилері аймаққа қадам басты.

Арктика мұзы ери бастағалы бері мемлекеттер арасындағы мұзасты табиғи ресурстар мен теңіз тасымалы жолдарына бақталас қыза түсті. Осылайша ғаламдық жылыну әлемнің солтүстігі үшін қақтығысқа жол ашып отыр.

Қарашаның кеші. Қарасуық келе бастаған шақ. Арктикалық Йоа Хефвен елдімекенінің жаңадан сайланған басшысы Марвин Аткитук қала сыртындағы теңіз мұзы үстінде тұр. Ол нұсқау беру үшін жасағын бір жерге жинады. Суық жел оңтүстік қарын айдап әкелді. Ауа температурасы -20. Салқын, бірақ Арктика үшін аса суық деп айтуға келмейді. Арада біршама уақыт өткенде иықтарына мылтық асынып алған, еркек-әйел аралас жиырмадан астам эскимос айналамызға жинала қалды. Кейбірінің үстінде карибу терісінен тігілген күртеше болса, қалғандары ақ аю жүнінен жасалған «намуктукке» деп аталатын шалбар киіп алған. Аткитук топты бүгінгі күннің жоспарымен таныстырды. Бұл топ Канаданың қарулы күштерінің резервтік құрамдас бөлігі – рейнджер-сақшылар санатына жатады. Олар бүгін төмендегі Кинг-Уильям аралының жағалауда ғана жүретін көлікпен бір апталық патрульдік бақылау жүргізуге аттанады. GPS қолдану тренингінен өткен олар әскери практика, іздеу мен құтқару операциялары бойынша жаттығуларды пысықтап, аңдарды тамашалап, мұзды ойып балық аулауға қарық болмақшы.

Мен кірпіктеріме қатқан мұзды сүртіп, шеңбердің шетінде тұрдым. Суықтан жазуға шамам болмай, олардың бет-жүздеріне қарап, қатып қалған тыртықтарына көз салдым.

Көп ұзамай топ бытырап, түнекке сүңгитін ұзақ сапар алдында соңғы шылымдарын шекті. Аткитук қасыма келіп, тоңбадың ба деп сұрады. Ол ұзын бойлы, екі иығы екі кісі мінердей, езу тартуға бейім жан екен. Көп жыл сақшы-рейнджер қызметін атқарған Аткитук маған жанашырлық танытып, жолда ұйықтап қалмау керектігін ескертті.

АҚШ-тың Аляскадағы Солтүстік әскери жаттығу орталығы. Сарбаздар суыққа қарсы төзімдірек болуы үшін калориясы күшті азықпен тамақтанады. Мұнда армия суық аймақтағы оқу-жаттығуларын өткізеді. Әскерилер Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Финляндия мен Кеңес Одағы арасындағы қысқы соғыстың тактикаларымен машықтанады.

Оның айтуынша, адамдар қарда жүретін көліктерінен құлап кетіп, ізім-қайым жоғалған жағдайлар да болыпты. Аралда және Техас штатынан үш есе үлкен Нунавут аумағында байланыс та жоқ. «Күптеген жерден бөлініп қалсаңыз, біреу кері қайт­қанға дейін қозғолмай отырыңыз, – деді ол, – және ақ аюдың көзіне түсе көрмеңіз».

Сақшыларды «Канада солтүстігінің көз-құлақтары» деп атайды. Олардың патрульдік топтары 1940 жылдардан бері бұл елдің ең шалғай аудандарын күзетіп келеді. Қиыр солтүстіктегі рейнджерлердің көбі жылдар бойы барлаушы қызметін атқарып келе жатқан еріктілер. Олар соғыс жаттығуларына қатысып, тұрақты әскерлерге иглу жасауды, тундрада жол тауып, жалпы суықтан аман қалудың амалдарын үйретіп келді. Қаржы тапшылығының кесірінен олар әлі күнге дейін көне құрал-саймандарды пайдалануға мәжбүр. Арсеналдың арасында Британия тәжінің суреті бейнеленіп, мөр басылған 1940 жылдары жасалған мылтықтар да бар.

Алғашқы жасаған сапарым кезінде Канада үкіметі рейнджер қызметінің маңызын қайта бағалап жатқан еді. Арктиканың жылынуы мен ондағы адам қолы тимеген ресурстарды игерудегі мемлекеттер арасындағы талас-тартыс туралы әңгімелердің арқасында Оттавадағылар жасақтағы еріктілер санын еміс-еміс көбейтіп, керек-жарақпен де жабдықтай бастаған. АҚШ әскери шенділері де мұндай бағдарламаға қызығушылық танытып, Аляскада осыған ұқсас бастаманы қолға алып жатыр.

Аткитук мұндай өзгерісті жылы қабылдады. Себебі Арктика оның туып-өскен жері әрі артынан ұлы да өсіп келеді. Сондықтан ол алыстағы үкімет доспейіл қарым-қатынастан ұмытшақтыққа ауысып кетуі мүмкін екенін түсінеді. Арктиканың планетамыздың басқа жерлерімен салыстырған жылдам жылынып бара жатқанын жылдар бойы мойындамай келген Канада ақыры есін жия бастады.

Аляскадағы Форт-Грили елдімекенінің маңы. Шамамен 400 америкалық сарбаз парашютпен секіру шеберлігін шыңдап жатқан сәті. Канада қарулы күштері де қатысқан көпұлтты жаттығу әскерилерді экстремалдық ауа-райы шарттарында кең масштабты үйлестірілетін операциялардың қиындықтарына дайындайды.

«Біздер, инуиттер көп уақыттан бері климат өзгерісі туралы айтып келеміз, – деді Аткитук маған тундраға жол тартар алдында, – үкімет мұны енді түсінгендей болды. Олар біздің күзеткенімізді қалайды. Несі бар, қараймыз. Біз намысшыл канадалықпыз. Біздің сұрайтынымыз сол, телефон байланысына қол жеткізе алсақ, шіркін».

Мамыр айының басында АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Финляндияның қиыр солтүстігіндегі провинцияға барып, Арктикамен шекаралас сегіз мемлекет пен осы аймақтың байырғы халық өкілдерінен құралған Арктика Кеңесі алдында сөз сөйледі. Жиырма жылдай уақыт бойына осы кеңес климат өзгерісі бойынша коллегиальдық пікірталас, ынтымақтастық пен прогрессивтік көзқарасты қолдап келеді. Мұндай оймен келіспейтін администрация эмиссары ретінде Помпеоның мұндай жиынға келуі ыңғайсыз жағдай тудырды.

«Бұл Американың арктикалық мемлекет ретінде және Арктика болашағы үшін орнынан тұратын сәті, – деп ол ресми жиналыс алдындағы кешкі шарада жария етті, – өйткені, ол көпшілік ойлаған түгі жоқ шалғай ел емес. Арктика – зор мүмкіндіктер мен қойнауы қазынаға толы жер».

Оның сөзі Арктиканың он жылдан бергі ерекше «ребрендингіне» нүкте қойғандай болды. Бұл Арктика келбетінің соңы еді. Бір кездері қатып қалған пайдасыз құрлық деп танылған жер енді жаңа ресурстар ретінде қарастырыла бастады. Бір сөзбен айтқанда Арктика үлкен бизнеске есігін айқара ашты.

Адамзат тарихының көп бөлігінде ендіктен 66 градус жоғары тұрған дүние кең көлемді коммерциядан тыс қалып келді. Зерттеушілер, спекулянттар мен ғалымдар Арктиканың мұзы мен қар құрсауында мол табиғи байлық пен оны тасу жолдары жасырын жатқанына ұзақ уақыт сеніп келді. Сақылдаған сары аяз, сұр бұлт түн қараңғылығы мен қашықта орналасуы мұз құрлығын эксплуатациялауға тосқауыл болып, қазынасын сақтап келді.

Бүгін Арктиканың ландшафтысы жасыл желекке айналып келеді. Мұнда карибу мен бұғы азайып, шыбын-шіркей молайған. Жазы да әлдеқайда жылы бүгінде. Ең көзге ұрар әрі құт қашыратын өзгерісті теңізге қарап-ақ көруге болады – мұнда жаздың теңіз мұзы өте жоғары жылдамдықпен еріп барады.

Мына қалқып жүрген мұз қабаты жаз айларында жұқарып, суық кездері қайта өссе де, мұздың көз алдында жоғалу қарқыны бұрын болып көрмеген деңгейге жеткен. Кей зерттеушілер бұл процестің үдей түсетінін айтып отыр. НАСА ғалымдарының есептеуінше, Арктикадағы мұздың кемуі жылына шамамен 54 000 шаршы шақырымды құрайды. 2014 жылғы Ұлттық климат болжамын дайындаған сарапшылар Солтүстік мұзды мұхитта 2050 жылға дейін-ақ жаз мезгілінде мұз болмайды деп жорамалдап жатыр.

Аляска штатының Уткиакик қаласы. Теңіз жаяу әскері АҚШ-тың қиыр солтүстіктегі ғимараттардың бірінде басып алу жаттығуын өткізуде. АҚШ теңіз жаяу әскерінің қолбасшысы, генерал Роберт Неллер жуырда сенаторларға көп жыл бойына Таяу Шығыс пен Тынық мұхитқа аударылған назарды енді «суық өңірге қайта бұру керектігін» айтты.

Бақталас жаңа территория үшін болмайды. Шамалы даулы учаскелерден бөлек теңіз табаны, соның ішінде Солтүстік полюс­тің өзінде шекара сызылып қойылған. Бәсеке мемлекеттер мен корпорациялар арасында триллиондаған долларлық пайдалы қазбалар үшін болады. Алтын мен гауһар сияқты сирек металдардан бөлек, бұл өңір мұнай мен газ қорларына бай болуы мүмкін, сондай-ақ потенциалдық кірісі мол бағыттардың бірі жаңа кеме жолдары мен балық шаруашылығы.

Ресей мен Норвегия ең белсенді арктикалық мемлекет болып отыр. Олар өткен онжылдықта табиғи газ бен мұнай инфрақұрылымына, терең сулы порттар мен Солтүстік мұзды мұхиттың әлі де мұзды суында жүзуге қауқарлы кемелерге миллиардтаған доллар жұмсаған. Ал Қытай Ресейдің газ жобаларына қаржылай қолдау көрсетіп қана қоймай, басқа да арктикалық мемлекеттерге несие беруге ниеті бар екенін білдіріп жатыр. Және олар өздерінің мұзжарғыш кемелер флотын құру жолдарын да қарастыра бастаған.

Ал кейбір батыс елдері, соның ішінде екеуі, яғни Арктика жағалауының жартысына жуығын бақылауда ұстап отыр­ған Канада мен АҚШ іс жүзінде солтүстікті елемей келді. АҚШ-та небәрі бес жарамды мұзжарғыш кеме бар (салыстырар болсақ, қазірдің өзінде Ресейде 51 мұзжарғыш кеме бар) және Арктикалық полярлық шеңбердің солтүстігінде ешбір терең сулы порты жоқ. Мұндағы тың жерлерді игеру таласты қыздырып, тіпті қақтығысқа – жаңа «Суық соғысқа», яғни «Қырғи қабақ соғысқа» әкеп соғуы мүмкін. Помпеоның Арктика кеңесіне келуінің негізгі себебі де осы қорқыныш еді.

«Бұл аймақ қуат пен бәсекелестік аренасына айналды және де сегіз арктикалық ел бұл шындықты мойындауы керек, – деді ол, – біз стратегиялық қарым-қатынастың жаңа дәуіріне қадам басып келеміз. Ол Арктика мен оның қазынасына және бәріміздің осы аймақтағы мүддемізге төнген жаңа қауіп-қатерге толы».

Кинг-уильям аралында рейнджерлер қарда жүретін көліктерінің ұзын тізбегімен батысқа қарай жылжып, азық-түлік, құрал-сайман мен әскери жабдықтары тиелген ауыр шаналарды сүйреп келеді. Мен бұл көшке бірнеше сағат суық жолда жүріп өткеннен кейін барып, жалға алған көлігіммен қосылдым. Біз Какивактурвик деп аталатын қатқан көлге келіп жеттік.

Резервтегі Канада рейнд­жерлері Сюзи Хигинит (сол жақта) пен Энди Иссигайток (жоғарыда) көптеген инуиттермен бірге борышын өтеп жүр. Олар аң аулау, бағыт-бағдар анықтау және мұз үңгірлерін салу сияқты дәстүрлі инуит әдістерін үйрете отырып, Арктикада аман қалу білімімен бөліседі.

Маңдайшам мен фарының жарық сәулесімен рейнджерлер көл үстінде бытырап, мұз бетіне үлкен кенеп күркелерін тіге бастады. Карибу терілері мен брезенттер жайылып, поролон матрастар мен азық-түлік салынған ыдыстар шығарылды.

Көп кешікпей күркелерде шам жанып, керосин пешінің дыбысы естіле бастады. Буы бұрқыраған шай құйылған кеселер айнала үлестіріліп, иттер туралы азын-аулақ әңгіме айтылды. Артынша олар қайтадан сыртқа шықты. Рейнджерлер шағын топтарға бөлініп, көл үстінде таралып, жарты метр қалыңдықтағы мұзды ойып, суға ау салды.

Канада Арктикасында жүріп, патрульдік рейнджерлер әскери жаттығуларын аң мен балық аулау сияқты дәстүрлі саятшылықпен араластырады. Қиыр Солтүстікте бұл әлі де өмірдің ажырамас бөлігі. Осылайша алдағы бірнеше күнді Марвиннің тобы осы қорек іздеу жолдары мен навигациялық және GPS құрылғылардың көмегімен өткізілетін жаттығулар арасындағы балансты іздеумен өткізеді.

Ұйытқыған жел қатқан теңіз үстінен ұра соғып, тундра үстінен қалың тұман мен бұлт ұзақ төніп тұрды. Ауа температурасы бір-екі рет су қату нүктесіне қарай көтерілгенімен, артынша қайта түсіп кетіп отырды. Мұндағы қарашаның көрінісі осындай.

Күндеріміз ау салумен басталып, ау тартумен бітетін. Ауға түскен qalupik, яғни арктикалық голец балығының молдығы сондай, көп ұзамай әрбір шатыр маңы қалың қарға қадалып, құйрығы ғана көрініп тұрған алқызыл балықпен толды. Қарнымыз ашқанда есіктен қол созып қана, балықты ала беретінбіз. Ара-тұра сорпа да жасаймыз. Көбіне оны тілімдеп турап, шикілей жейтін едік. Марвин оны қатқан суши деп атайтын.

Балық аулаудан бөлек, уақытымыздың негізгі бөлігі түрлі тапсырмалар орындаумен өтетін. Жарығы жоқтың қасы шамалы ғана сағатқа созылатын бір тәулік ішінде пеш жағып, ауыз су үшін мұз ерітіп, шатыр орнын ауыстыру керек болатын. Қарда жүретін көліктеріміз қытымыр аязға төзе алмай, ауық-ауық істен шығып та отырды. Бір күні лагерь жанында екі қонжығы бар ақ аю пайда болды.

Осы сапар кезінде бір шатыр астында Марвин Аткитук пен оның әкесі Джейкобпен бірге жататынбыз. 74 жастағы Джейкоб Йоа-Хейвиндегі ең құрметті аңшылардың бірі. Джейкоб Аткитук дүниеге иглу ішінде келген әңгімесін айтып, ағылшыншасы анекдот айтуға да жетіп отырды. Ол өз өмірінде түрлі қақаған қыс, талай ашыққан аю көргенін, кеме апаттарын, тіпті, көптеген инуиттіктердің тағдырын жалмаған аштықты да бастан кешкенін есіне алды. Ол күн сайын таңсәріде бәрімізден бұрын оянып алып, кең матрастың шетінде ұннан жасалатын тәтті нан пісіріп отырып, инуктикут тілінде ескі шіркеу әндерін айтып жүрді.

Аляска солтүстік әскери оқу-жаттығу базасы. Шаңғы киіп, үстіге қарай ұмтылған АҚШ сарбаздарының жаттығуы. Экстремалдық климатта олар 90 келілік шананы сүйреп, қарда мылтық атуды үйренеді.

Кештердің бірінде ұйқы қаптарымызға кіріп жатқанымызда Марвин өзінің кезінде Арктикадан кетуге бір мәрте әрекеттенгінін айтты. Алайда бұл шешімге Джейкоб қарсы болыпты. Өйткені бұған дейін басқа бір ұлын Канададағы мектеп-интернаттардың бірінде оқытқан ол жергілікті халықтың салт-дәстүрі аяққа тапталғанына куә болған. Әкесі Марвиннен қалуын, ескі салт-дәстүрді үйреніп, отбасы бүтіндігін сақтауын өтінеді.

Марвин осы шешімді қабылдағаны үшін өкінген емес. Сол кезде оның өзі де әке еді және ол Йоа-Хейвинде ерікті өрт сөндіруші болып істейтін. Ол телефон желілеріне техникалық қызмет көрсететін бір компаниядан жұмыс тауып, Джейкобтан үйренгендерін жайменен ойға түйіп жүрді. Бірақ Джейкобтың өзі кейде бұрынғы емес жаңа Арктика дәуірі келгенін ұмытып кететін.

Бүгінгі Арктика, кешегісі емес. Мүмкіндіктер азайғаны былай тұрсын керексіз дүниелер көбейген. Әлеуметтік желілер мен интернет пайда болды. Марвин Арктиканың әлдебір жаңа әлемге айналып бара жатқанын түсінді. Ол мұздың еріп жатқанын және солтүстік үшін жаңа соғыс оты тұтануы мүмкін екенін де біледі.

«Негізінде, осы жайттардың барлығы орын алып жатса да, – дейді ол маған өңірдің қазба байлығын өндіру үшін жаңа инфрақұрылым салып, жұмыс орындары ашылады деген болжамдарға сілтеме жасай отырып, – соншалықты бір өзгерістерді көріп отырғаным жоқ».

Келесі күні таң ата біз карибу іздеп шықтық. Қасымда Аткитукттықтар мен тағы бірнеше адам бар. Сол кезде Джейкоб GPS пен ішкі түйсігіне жүгіне отырып, лагерьге қайтар жолды бастап жүрді. Көзілдірігімнің ішкі жағына мұз қатса да қармобильді тізгіндеген мен Марвиннің артынан жаймен жүріп отырдым.

Бір жерге келгенде бетімдегі маскам жылжып кетіп, терімнің шамалы бөлігі ашық қалды. Біреу келіп иегіме ыстық тиын басқандай болып есімде қалыпты сол бір сәт. Бірақ жүріп келе жатқандықтан оған қарауға мұрша болмады. «Ештеңе етпейді», – деді бірнеше сағаттан кейін күркемізге оралған соң Джейкоб.

Аңа кен орнының ашылуын ресейлік екі сүңгуір кемесінің Солтүстік мұзды мұхиттың 4000 метр тереңдіктегі табанына түсіп, Солтүстік полюске титаннан жасалған ту тігуімен байланыстыруға болады. Бұл 2007-нің үнсіз тамызында болған жағдай. Орыстың үш жолақ туының су астына қадалғанын дәлелдейтін суреттер әлемге тарағанда Батыс­та қызу талқылау басталып кеткен еді.

Бұл осы уақытқа дейін тіркелген ең ыстық жыл болыпты. Ал жер серігі арқылы мұхитқа мониторинг жүргізіп отырған ғалымдар мұздың бұрын-соңды болмаған деңгейде азайып кеткенін жариялады. «Арктика мұзының осыншалық көп мөлшерде еруі адамзат тарихында болмаған және ең агрессивтік климат модельдерінің өзінде мұндай жағдай болжанбаған-тұғын, – дейді Оңтүстік Калифорния университетінің профессоры Джонатан Маркович, – осындай жағдай кей елдердің жаңаша іс-әрекетке көшуіне түрткі болды».

АҚШ пилоттарының ұшақтың құлауы не мәжбүрлі қонуы жағдайында сигналдық от тұтатуды меңгеріп жатқан кезі. Миллиондаған шаршы шақырым құлазыған әрі қонақжайлылықтан ада Арктика зерттеу және құтқару операция­ларында үлкен логис­тикалық кедергілер тудырады.

Бүгін, көптеген параметрлер бойынша Ресей Арктиканың басым бөлігіне ие болып отыр. Оның қолында жыл он екі ай қатаң климатта пайдалануға қауқарлы әлемдегі ең ірі флоты бар және ол Арктика шеңберінде ондаған әскери база салып тастаған. Ал АҚШ-тың Арктикада жалғыз ғана әскери базасы бар екен. Оның өзі Гренландияның солтүстігінен жалға алынған әуе айлақ.

Ресей солтүстікке жаңа жасақтар әкеліп, суасты белсенділігін арттырды және Арктика көгіне соғыс ұшақтарын қайтарған. Бұл ұшақтардың НАТО әуе кеңістігінің тыныштығын бұзуы әдеттегі жағдайға айналды. Бірақ Маркович пен тағы бірнеше зерттеуші маған Ресейдің солтүстіктегі әрекеті жаһандық амбицияға қарағанда көбірек ішкі жоспарға ұқсайтынын айтты.

Ресейдің арктикалық аумағында екі миллион адам тұрады. Мұнда Мурманск пен Норильск сияқты бірнеше ірі қалалар орналасқан. Канада мен АҚШ-тың Арктикадағы халық санын қосар болсақ, аталған мөлшердің төрттен біріне де жетпейді.

Марковичтің түсіндіруінше, Ресей экономикасы негізінен қазба байлыққа арқа сүйейді. Сол себепті болар ол ел Арктиканы «болашақ стратегиялық ресурстық база» ретінде қарастырады.

Уашингтон қаласындағы Стимсон орталығында істейтін Юн Сунның айтуынша, Қытайды жаңа ресурс қызықтырып отыр екен. Қытай Ресейдің мұнай мен газ кәсіп­орындарына инвестиция салудан бөлек, жаңа теңіз жолдарына шығуға мүдделі.  Бұл Азия порттары мен Еуропа нарықтары арасындағы тасымал уақытын екі аптаға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.

Өткен қаңтар айында Қытай үкіметі өзінің солтүстіктегі жоспарын білдіретін үкіметтік ақпарат құжатын жариялады. Осы құжатта Қытай өзін коммерция мен зерттеу жұмыстарына арналған «Полюс­тік Жібек Жолын» салуда басқа елдермен ынтымақтастыққа үміт артатын «Арктика маңайындағы ел» деп сипаттады.

Ондаған жылдар бойы АҚШ пен Канада солтүстіктегі аумақтарын дамыту және сол өңірдің адамдарына инвестиция құюда селқостық танытып келді.

Мұндай қарым-қатынас, көбіне, арктикалық жергілікті халықтың намысына тиеді, тіпті, жүректерін ауыртады. Канаданың Нунавут өңірінің басшысы Джо Савикатаак жаңа Арктикаға қатысты инуиттердің жоспардан тыс қалуын тілге тиек ете отырып, Марвин Аткитуктің сөздерін қайталады: «Біз Канаданың бір бөлшегі болғанымызға қуанамыз және мұны мақтан тұтамыз. Бірақ біз өзімізді бәрінен құр қалған бала сияқты сезінеміз», – деді.

Мұзблок ойып жатып, жертасада демала тұрғанды жөн көрген канадалық ұшқыш Саймон Джин. Жертасалар қарапайым пана қызметін атқара алады, ал мұз кірпіштерден иглу жасау­­ға болады.

Савикатаак солтүстіктегі ағайынның оңтүстіктегілермен салыстырғанда артта қалған бірнеше категорияны санап шықты: денсаулық сақтау, жұмыс орындары, технология мен жоғары және арнаулы оқу орындары. Артынша ол солтүстіктің кемшін тұстарын тізбектеп берді: мұздың жоғалуы, күнкөріс құны, климаттың жылынуы, өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіші. «Қандай шешім қабылданса да ең әуелі біз зардап шегеміз. Біз жай ғана бақылаушы болуға мәжбүрміз, – дейді Савикатаак, – қолымыз­дан бар келері жылдам бейімделу ғана».

Рейнджерлердің сапарына қосылғанына бір аптадай уақыттан соң күн әйтеуір ашылды. Марвин «орыстарға» оқ ататын уақыт келді деп шешті. Бұрынғы жаяу әскер, рейнджерлер бағдарламасына инструктор болып алынған сержант Дин Лушманмен бірге қоңырқай тартқан қағаз нысаналарды алып шығып, бес-алтауын лагерь сыртындағы қарға апарып қадады. Әр нысанада айқайлап аузы ашылған, мылтық ұстаған адам бейнеленген. Лушман оларды «коммунистер отряды» деп атайды.

Бұл «Қырғи қабақ соғысы» кезінен қалған, НАТО әскері үшін әзірленген нысаналар еді. Алдағы бірнеше шақырым аралықтағы ең биік нысан болғандықтан ба, қар фонында серейген бейнелерден мүлт кету мүмкін еместей көрінеді.

Аткитук 100 метр қашықтықта жасақ жауынгерлерін тізіп, әрқайсысына бір-бір уыс оқ таратты. Итбалық терісіне тізерлей отырып, рейнджерлер ескі мылтықтарынан ата бастады.

Ауғанстанда бірнеше рет соғыста болып қайтқан Лушманнан солтүстіктегі бұл өңір жаңа қақтығыс ошағына айнала деп сұрадым. Ол күліп: «Бауырым, айналаға қарашы, – деп құлашын жайып бос тундраны көрсетті, – мұнда кім соғыса алады? Танкілер, ұшақтар ма?». Ол Аткитукке бұрылып: «Марв сен не ойлайсың?» Қойын дәптерінен көз алмаған күйі Аткитук мырс етіп күліп: «Машақаты тым көп», – деді. «Қарапайым іспен шұғылданамыз деп қанша уақыт өткізгенімізді өзің көрдің. Көлігіміз қанша мәрте бұзылды. Мұнда ешбір соғыс бола қоймас?» – деді Лушман.

Оқу-жаттығу аясында АҚШ Арнайы жасақтары мен теңіз жаяу әскері елдің қиыр солтүстік нүктесі – Аляскадағы Барроу мүйісіндегі Арктикалық радар станциясын басып алуға дайындалуда. Станция зымыран ұшыруда және Ресей ұшақтарының әуе кеңістігіне ену жағдайын қадағалауда басты рөл атқарады.

Канадалық рейнджер жасақтары сонау Қырғи қабақ соғысы кезінде құрылған. Стратегтер ол кезде баллистикалық зымырандар мен ғарышты игерумен әлек болған. Олар Арктикаға қарап, оның артқы осал есік екенін байқаған. Десе де рейнджерлер ешқашан басқыншы армиялармен соғысуға арнайы еш дайындалған емес.

Ату жаттығуына қатысқан рейнджерлердің бірі Пол Икуаллак ерікті ретінде бағдарламаға қатысқанына шамамен 30 жыл болыпты. «Бұл бір үйлеспеген іс болды», – дейді Кеңес Одағы дәуірінде НАТО жасақтарын дайындауға көмектескен Пол.

Кең төсті, қатаң тәрбие көрген Икуаллак та солтүстікке соғыс келеді дегенге сенбейді. Ол осы жылдар аралығында жаттықтырған еңгезердей сарбаздардың бәрі үйлеріне саусақтарын үсіріп қайтқан екен. Бұл сұмдық соғыстың арты неге әкеп соғатынын паш ететін жарқын мысалдардың бірі іспетті.

Мен сөзге тартқан НАТО-да қызмет ететіндердің ешбірі Ресейдің солтүстікте соғыс бастайтынына сенбесе де, бірнешеуі оңтүстікте басталған әлдебір қақтығыс­тың арты, Арктикаға жетуі мүмкін екенін айтты. Ресейдің Қырымды зұлымдықпен тартып алғанын және де Аспан асты елінің Оңтүстік Қытай теңізіндегі агрессивтік әрекеттерін тілге тиек еткендер болды.

Арктиканың мүлде басқа тағдыр күтіп тұрғанына үмітпен қарайтындар да көп. Бұл, әсіресе, ешбір әскерге қатысы жоқ адамдар. Олардың ойынша, Арктика соғыс алаңы емес, керісінше халықаралық келісімдер мен саяси күрестің қарқынын басатын орынға айналады екен.

«Жердің басқа бұрышында келісімге келе алмаған елдер салқын әрі қараңғы осы бір жерде тіл табысуы мүмкін», – дейді Колумбия университетінің профессоры Майкл Байерс.

U.S.S. Connecticut сүңгуір қайығы мұзды жарып, Бофорт теңізі бетіне шығып тұр. Ондаған жылдар бойына АҚШ пен Ресей әскери кемелері Арктиканы бақылауда ұстау үшін тайталасып келді. Бұл таласқа енді Қытай да түсуге дайын. Мұздың еруінен жаңа, потенциалдық пайдасы мол кеме қатынас жолдары ашылатындықтан, Қытай мұзжарғыштарға көптеп ақша бөліп жатыр.

Лагерьдегі соңғы түн. Күн ұясына кіруге шақ қалған кез. Жас инуиттіктер тобының бірі қармобильге мініп алып, орманды айнала жөнелсе, өзгелері карибу аулап жүр.

Кенеттен арамызға бір жігіт жүгіріп келді. Ол сүйреп келе жатқан шанадан бір жас жігіт түсіп қалыпты. Ол тундра ішінде қалып қойса керек. Рейнджерлер жаттыққан іздеу-құтқару операциясына кезек келген кез. Екі рейнджер киініп алып, көліктеріне мініп, бірден аттанды.

Олардың маңдайшамдары қараңғылыққа сіңіп барып артынша жоқ болды. Осыдан кейін көбіміз күркелерімізге оралдық. Қайтып келе жатқан көліктердің дыбысын аулап жатырмыз. Шай қойдық. Марвин қатты болмаса да алаңдап жатқаны көрініп тұрды. Жоғалған инуит осы жерде туып өскен. Ол әлдеқалай мұзда қалып кетсе, не істеу керектігін біледі. Бір-екі күн бұрын көзіміз шалған аюлар туралы ойладым. Ол жігіт ана жақта не істеп жатыр екен? Бәлкім, әнұран айтып отырған болар…

 

 

Автор: Неил Ши, фото: Луи Палу

Authorization
*
*



Registration
*
*
*
Password generation