..."/>
ТАБИҒАТ

Арктика тағысы

Қасқырлар қошқар өгіз қалдығын тіміскілеу­­де. Осы суретті түсіру үшін фотограф Ронан Донован камераны қаңқаның ішіне орналастырды. Талғажау ету үшін үйір жемтікке бір ай бойы оралып отырды.

30 сағат бойы арктикалық қасқырлар үйірімен жалғыз қалған тілшімізге Тундра тағысы ұялатқан сезім…

Арктиканың ала таңының көкшіл тартқан жарығы астында қыңсылай-ырылдасқан жеті қасқыр мұз үстінде хоккей шайбасындай мұз кесегін қуаласты. Дәл сол мезетте тоған аспан әлемінің айнасындай сан түске боялды, қасқырлар да «өз бақыттарынан бастары айналып», өзге әлемнің жаратылыстарындай көрінді. Олар тоған бойымен ерсілі-қарсылы қуаласты, төрт бөлтірік «шайба» соңынан тырбаңдаса, ал ересек үш қасқыр оларды аяқтарынан шалып, жағалауда мұз боп қатқан шөпке сұлатып, бөлтіріктерін сынап көрді. Сақылдаған сары аяздан дірілдеп, оқуға мүлде келмейтін жазумен күнделігіме «есерсоқ» деп түртіппін. Араларындағы ең ірі арланның салмағы шамамен 30 келі. Қасқырлардың дауысы мен мұзды тілген тырнақ дыбысы ғана естілетін тундраның мүлгіген тыныштығын төбеде көлбеңдеген қос қарғаның «келекесі» ғана бұзды.

Біздің түсірілім тобына Сұр Мэйн ретінде таныс бір жасар көкжал үйірлестерін аңға бастап барады. 2018 жылдың жазында олардың соңына түскен документалисттер екі күнге созылып, 100 шақырымдай жерді қамтыған аңшылыққа куә болды.

Ақыр соңында шөпке сырғап кеткен кесек мұзды көксерегі қуалап жүріп, парша-паршасын шығарды.

Қалғандары бастарын бір жанға бұрып, тұрып қалды. Сәлден кейін үйір мүшелері бірінен кейін бірі бастарын бұрып маған қарады.

Жыртқыштардың сені нысана қып, жанарыңды жүрек дүрсілімен жіпсіз байлаған сезімді сөзбен жеткізу қиын. Бұл сәт есімде қазық боп қағылды. Әдетте адамзат бұндай бақылаудың «басты кейіпкері» бола бермейді, алайда денем ойымнан оза шауып, істің мән-жайын түсінгендей. Мен қайтадан селк еттім, бірақ бұл жолы аяздан емес еді. Бірнеше минут бұрын қаншалықты ойнақы мақұлықтай көрінген олар жыртқыш аңның кейпіне ене кетті. Ақ жүндері жұққан қаннан қарайып кеткен. Жақын маңда менен бірнеше есе үлкен, көкірек қуысы айырылған, қабырғалары аспан астында желпуіштей шашыраған қошқар өгіздің мүжілген қаңқасы жатты.

Қасқырлар маған үнсіз қарады, алайда бір-бірімен құлақ қағыстырып, құйрықтарының бұлғаңдарымен өзара «сөйлесуде». Олар шешім қабылдады да, сәлден кейін маған жақындай түсуді ұйғарды.

Осындай сәтті бастан кешкен жер бетінде, бәлкім, ешкім жоқ шығар. Канадалық Арктиканың жоғары жағындағы Элсмир аралына аттанып, деректі фильм түсіру тобына қосылғаным да сондықтан. Ландшафтының алыс жатқандығы мен қысының қытымырлығы соншалық бұл жаққа адам аттап баса бермейді. Батыс жағалауға бекітілген «Эврика» ауа райын болжау станциясында сегіз-ақ адам қызмет етеді. Ал ең жақын елдімекен – оңтүстікке қарай 400 шақырым жердегі 129 тұрғыны бар Гриз-Фьорд қана.

Канада солтүстігіндегі құзды тауларда шашырап, сиреп кеткен осынау қасқыр популяциялары Еуропа мен Азия бойында кездесетін cұр қасқырлардың тұқымдасы. Өркениет өкшесін басып, оларды ешқашан ешкім ауламаған және қумаған, азығы арамдалып, уланғанда жоқ, малшылардың да қақпанына түскен емес. Оларды бір жыл қорғап, келесі жылы бастарын қауіпке тігіп, өзгере беретін заң да, машина қағып жүр дейтіндей жол да жоқ. Оларды саусақпен санарлықтай ғана ғалым зерттеген.

Бөлтірік қауырсынды тістеп тұр, ал екіншісі болса үйірдің қартайған аналығы, «Ақ жаулықты» иіскеп жатқан сәті (оң жақтағы шеткісі). Ол қатысқан соңғы қантөгістен кейін «Ақ жаулық» алдымен күшіктерін тамақтандырып, кейін тундраға сіңіп, жоқ болды. Олардың ішінен ұрғашыларының бірі көш бастауға талпынғаны бар.

Бұдан келіп, қасқырлар адамдарға еш кезікпейді деген қорытынды жасау дұрыс емес. Атақты биолог Л.Дэвид Меч 1986 жылдан бастап өмірінің 25 жазын осындағы қасқырларды бақылаумен өткізіпті. Ауа райын болжау станциясының қызметкерлері оларды жиі көреді және қаумалаған қасқырлар тобы станция аумағында жүргендігі хабарланған жағдайлар болған. Түсірілім тобындағы менің достарым үйірдің үздіксіз қозғалысын квадроциклмен айнала аңдып, олардың бір бөлшегіне айналды.

Адамзатпен арадағы осы байланыс оларды аз да болса жабайылықтан құтқарды ма? Жануар жабайылылығының өлшемі адамзатпен арадағы алшақтықпен тең бе екен? Элсмир қасқырлары Айдахо немесе Монтана секілді оңаша ландшафтарында тұратын қандастарынан әлдеқайда шалғай жерде мекендейді. Бұл жерде қасқырларға адамзат қолынан қырылудың еш қаупі жоқ. Бұнда олар адам келеді деп қорықпастан күн кешуде, қорқудың да қажеті шамалы.

Сол күні қатқан тоғанға қасқыр үйірі ауаны иіскелей, асықпай жақындады. Қыркүйектің басы болатұғын, ауа температурасы -3°С. Шолтиған арктикалық жаз бітсе де аспандағы күн тәулік ішінде 20 сағаттай аялдап тұратын. Төрт айға созылар тас қараңғы түн – қыстың түні мен температураның -50°С төмен түсер уақытына санаулы апта қалды.

Қарусыз, жалғызбын. Өмірімде дәл осылай мұзда үстінде жалғыз қалған сәттерім болғанымен, дәл мұндай шарасыз күйге түсіп көрген емеспін.

Қасқырлар айналама түтіндей жа­­йылды. Қысқы жүндері өсіп қапты. Мойын тұсында сұр жүні бар бір жасар бөрісі мен сол жақ көзінің жанары тесілген (бәлкім, қошқар өгізбен қақтығыстан қалған болар) құртқасы жанымнан жүріп өткенде оларды ажыратуға көмектесетін дене белгісі еріксіз көзіме түсті. Бұл белгіні оларды бейнетаспаға түсіру кезінде де байқағанбыз. Көп ұзамай бөлтіріктердің қарайған құйрық ұштары да ағарады. Олар қошқар өгіз қанына малынғандықтан қан иісі мұрныма келді.

Дүрдиген табандарымен ебедейсіз секірген бөлтіріктері қашықтау жерде жүрді. Үлкендері бермен төніп келеді. Екі, не үш жасарлық батыл қаншық қол созым жерге келіп тоқтады. Қатқан қан не «Эвриканың» өртенген қоқыс үйіндісін тіміскілегеннен болар тұмсығы қап-қара келсе де, көздері ашық кәріптастай.

Қыркүйектің ымырт қараңғысында қошқар өгіздің жас төшкесімен тамақтанып болған 12 апталық күшік керіліп тұр. Саяхаттауға жарап қалған күшіктер қыс басталмастан салмақ қосып, аң аулау мен басқа үйірлес­терден алшақ жүру секілді тірі қалудың маңызды дағдыларын үйренуі тиіс.

Кенет, бір қарасам, санаулы қадам жерде түз тағысы маған тесіле қарап тұр екен. Менде еш қозғалмастан оған таңғала қарауды ұйғардым.

Айнала тым-тырыс. Асқазанымның гүрілі үстімнен тура бейне-бір ұшақ ұшып өткендей шулады. Ол басымнан бақайшағыма дейін қарай бастағанда тұмсығы ауада сурет сап жатқандай қозғалды. Сосын ол жақындап келді де күтпеген жерден шынтағыма мұрнын тақады. Тоқ соққандай болды, тұла бойым шіміркеніп кетті. Ол бүйіріне қарай ыршып түсті де қошқар өгіздің қалған қаңқасын мүжуге асыққан отбасының қалған мүшелеріне иығынан асыра көз тастады.

Көзі ақшыл шулан мені асықпай, ұзақ зерттеді. Ол көз контактісін үзгенде басқа аңнан еш көрмеген бірегей ақылына куә болдым. Жаратылысымыздың бөлектігіне қарамастан жүрек түбінде бір-бірімізді танитындай сезім бойды биледі.

Мен қандай да бір жеке байланысты меңзеп тұрғаным жоқ. Әлгі қасқырмен рухани жақындығым жоқ. Менің меңзегенім генетикалық негіз, биологиялық жақындық. Қасқырдың қазіргі адамнан аздап болса да жолы үлкен. Homo sapiens  пайда болғанда, ол толыққанды қалыптасып үлгерген болатын.

Қасқырлар да адам секілді мына ғаламшарда бағы жанған әмбебап жыртқыштардың бірі. Үйірдегі отбасылық қатынас бізге ұқсас деп саналатын приматтардан да жақын келеді. Ауа райының өзгерісі Арктиканы жылы, болжауға келмейтін аймаққа айналдырып жатқандықтан қасқырлар да жаңа өмірге біз секілді бейім­деледі – жаңа мүмкіндіктерді пайдалана отырып, басқа жаққа «жүгін жинап» көшіп жүре береді.

Біршама уақыт бұрын мен Элсмирға келгенге дейін үйір өз аналарынан көз жазып қалыпты. Бүйірі суалған, асықпай орнынан тұрса да көш бастау­дан қажыры таймаған құртқаның жасы бес не алты жас шамасында еді. Тамыз айында кездескенде менің достарым оның әлсіздігін байқаған да жоқ. Ол жіптіктей арлан серігін санамағанда топ ішінде басқа қасқырларға енесіндей еді. Арланы топ бастаған аңшы болса, құртқа оның қазығы еді. Топ басшы қайсысы екендігіне күмән жоқ-тұғын.

Құртқа менің достарыма да, олардың камераларына да аса көп мән бермеген сыңайлы, әйтсе де жаңа туған күшіктеріне жақын келуге рұқсат беріп, кейіннен үйірлестердің маған деген толеранттылығына жол ашқан сабырлық көрсеткен. Түсірілім тобы маған шамамен бір апта бұрынғы шуланның соңғы жанқиярлығы күтпеген әрекет болғанын жеткізді.

Жемтікке зар болған үйір Гриз-Фьордтан қошқар өгіз бен арктикалық қоян іздеп жүр. Қыста фьорд қатқанда олардың аңшылық территориясы арғы беттегі тауларға дейін жетіп, асады.

Бірнеше сәтсіз жорықтан кейін үйір (қасқырлар үнемі олжалы бола бермейді) 100 келіні құрайтын қошқар өгіз төлін құлатып жығады. Бұндай астатөк тағамды көптен жемеген қасқырлар қалжырай, демдерін зорға ала, асқазандары шұрқырап, айнала жиналды. Алайда құртқа қаңқаға үлкендерін жолатпай, тек төрт кішкене күйкі күшіктеріне ғана ауыз салуға рұқсат берді.

Үлкендері жалынып, қыңсылап, құрығанда тіске басардан дәмеленіп, қарындарымен алға қарай жылжыды. Құртқа күшіктері тоя жеп, қарындары боулинг шарының көлеміндей болмайынша ырылдап, тісін қайрап міз бақпады. Бұл олардың жас еттен болған алғашқы асы болуы мүмкін.

Ақыр аяғында қалғандарына да жеуге рұқсат берілді. Қасқырлар өлгенше тоя жеп, қайғысыз, қамсыз күйге енді. Осыдан кейін құртқа көз алдынан жоқ болды. Ол оралмады, оған не болғанын біз де біле алмадық.

Қасқырлар қошқар өгіздің қаңқасын елеместен Канаданың әскери бекінісін шарлап шыққаннан кейін үйір аэродром маңындағы шөп арасынан қоян аулауға кірісті.

Қасқырлардан көз жазғым келмегендіктен тоған басында 30 сағатқа жуық отырдым. Үйірдің басына түскен қиыншылықтарына қарамастан, олар бақытты сәтті бастан кешіп жатты. Олар ойнақ сап, иіскеп, көз шырымын да іліп алды. Дистанция сақтағым келсе де қасқырлар қайта-қайта мені тексеру үшін кеп тұрды. Сұмдық дем мен сұмдық осырық иісін де естіп, сезіп отырдым.

Біртіндеп олардың маған деген қызығушылығы басылды, алайда қатты суықтан сағат сайын өзімді орнымнан күштеп тұрғызып, көлеңкеммен жұдырықтасып, қолдарымды төбемнен асыра шапалақтай, бір орнымда секіре бердім. Абыржып тұрғанымды сезгеннен болар, қыздырылған сайын қызыққұмар әрі батыл итқұстар мені айнала қоршап алатын.

Бірер сағат ұйықтап алу үшін белгілі бір уақыттан соң алшақтау жерге шатыр тігіп алдым. Әбден шөлдеп, мұзды ерітіп отыр­ғанда, жалғыз көзді құртқа шатырды өткір тырнағымен тіліп, бүкіл затымды сыртқа сүйреп, оларды қаздай тізіп, үрмелі көпшігімді алып қашып кетті.

Үш қошқар өгізді көзінен екі елі ұзатпай ұстап тұрған қасқыр үйірі. Салмағы 300 келідей шөпқоректіні жығу үшін үйір алдымен бірігуді үйренуі керек. Қошқар өгіз –­ бірге қорғанатын, аздаған жемтіктің бірі. Қасқырлар табын қорғанынан біреуін бөліп алып кетудің мүмкіндігін қарастыруда.

Ақыр аяғында, қасқырлар жантайып, бөлтіріктері де бейберекет бір-бірінің үстіне жата кетті. Түлкілер мен қарғалар үнсіз. Жыл құстары оңтүстікке бет алып барады. Жазда түлеп, жаңа орған шөп иісі шыққан қошқар өгіздің жүндері жел әкетіп жатты. Айналада шіріп, жерге шөккен қошқар өгіз бен қасқырдың өзге жемтігінің сүйектері шашылып, қынадан сарғайып жатыр. Өзімді бос үйдің бөлмелерін кезген қылмыскердей сезіндім.

Бірнеше сағат өткен соң, үйір оянып, әдеттегідей, түскі көз шырымын алғаннан кейін құйрықтарын шошаңдатып, толассыз бет жаласуға кірісті. Жер түбіндегі махаббат осылай бірнеше уақытқа созылды, ересектері төрт бөлтірігін жаныма тастап, беттерін аң аулау бағытына қарай бұрды. Бұл маған да, оларға да ыңғайсыздық тудырды. Бұл артқан сенім емес, немқұрайлылыққа көбірек ұқсады. Мен олжа да, төнер қауіп те емес, екеуіне де жатпайтын үшіншісі едім, ересек қасқырлар осыны түсінді.

Жас қошқар өгіз жер жастанбас бұрын 20 минут бойы қасқыр­лардан өзін қорғап бақты. Жалғызкөз (сол жақтан шеткі) жемтіктің тұмсығына жармасып тұрғанда өзгелері артқы жақтан шауып жатты. Кейде жемтігі жан тапсырмай жатып, қасқырлар жей бастайтыны бар.

Ересек қасқырдың бірі көзден таса болған күні, бөлтіріктер бой көтеріп, артынан іздеуге бел буды. Мен арттарынан ердім, көп ұзамай бесеуміз де адас­тық. Біз бір сағаттай тентіреп жүргеннен кейін бөлтіріктер белгісіз қырқа бойына шығып алып, ұли бастады, кішкене дауыс­тары жартас арасынан естіліп жатты. Үйірдің қыстан қыстан дін аман шығып, бөлтіріктердің аңға шығып үйренгеніне менің еш шүбәм жоқ.

 

Автор: Нэйл Шэй, фото: Ронан Донован

Authorization
*
*



Registration
*
*
*
Password generation