..."/>
САЯХАТ

Ұлтты ұйыстырған Ұлы мекен

ХІІ ғасырда сопылық ілімнің белсенді ұстанушысы Қожа Ахмет Ясауи осы қалада жерленгеннен кейін ұлы билеуші Әмір Темірдің бұйрығымен Ясауи бабамыздың басына үлкен мазар тұрғызылады да, ол жер көп ұзамай мұсылмандардың зиярат ететін орнына айналады. Осы күні кесене тарихи-мәдени «Әзірет сұлтан» қорық-мұражайының аумағына кіреді.

Соңғы XV ғасырда Орталық Азия аумағында ондаған қала мен елді мекен жермен-жексен болып, тіршілігін толықтай тоқтатқан. Ал Түркістан қаласы керісінше ортағасырлық қалалар ішінде әр кезеңдерде орын алған шапқыншылықтарға қарамастан, барша түркі дүниесінің рухани орталығына айнала алды.

Және Түркістанның Ұлы Жібек жолы бойында орналасуы, сауда-саттыққа, білім және туристік салаға бейімділігі оны одан сайын тартымды ете түскен. XV-XVIII ғасырларда қазақ хандығының астанасы болған қала талай ән мен жырға арқау болған. Сол себепті ол қалаға деген талас-тартыс еш уақытта толастамаған.

Осыны ескерген Елбасы Н.Ә.Назарбаев өткен жылы Түркістанға облыс орталығы мәртебесін беретін Жарлыққа қол қойғанда қуанбаған қазақ қалған жоқ. Сол жылдың күзінде, яғни 29 қыркүйекте ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев түркістандықтар алдында сөйлеген сөзінде қала жайындағы ойын былай жеткізген: «Тарихымыздың қилы кезеңдерінде ұлтқа қатысты бүкіл маңызды шешімдер осы қалада қабылданған. Сондықтан бұл қаланың тарихы – барша қазақтың тарихы деп қабылдаған жөн».

2017 жылы елімізге шет елдерден 7 миллионнан астам турист келсе, солардың әрбір бесіншісі Түркістан облысында болып қайтқан. Бұл аймаққа туристердің көптеп келуі бекер емес. Себебі мұнда киелі орындар мен табиғаты әсем жерлер жүздеп саналады. Оның ішінде әрине қасиетті Түркістан да бар.

Елбасының осы сөзінен кейін Түркістанның кеткенін қайтарып, өткенін оралту, болашағын заман талабына сай өркенту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бастаған. Түркістан қаласының аумағында орналасқан ежелгі Күлтөбе қалашығында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған бірқатар тың дүниелер соның айғағы. Археологиялық зерттеулер ежелгі Күлтөбе қаласының кем дегенде төрт тарихи дәуірмен түйісетінін көрсетеді. Осыған қарап-ақ бұл қалашықтың сармат-қаңлы кезеңіне жататынын айтуға болады. «Қазіргі күні Күлтөбе қалашығында ежелгі және ортағасырлық қызықты керамикалық құрал-саймандардың жүздеген үлгілері табылып, «Күлтөбе-Ясы қалашығы» жобасының арқасында қазірдің өзінде 180 жаңа жұмыс орны ашылып, өңірлік білім беру құрылымдарымен тығыз байланыс орнатылып отыр», – дейді «Күлтөбе-Ясы қалашығы» жобасының жетекшісі, PhD Андрей Хазбулатов.

Бұл әуенді субұрқақты National Geographic Qazaqstan журналының фотографтары қыркүйектің қоңыр салқын күзінде Түркістанға арнайы барған сапарында құрылыс нысаны сынақтан өткізіліп жатқанда таспаға тартып алған болатын.

Жер аумағы 22,3 мың гектар, ал халық саны 168 мыңнан асатын шаһарда жекелеген адамдардың атсалысуымен жаңа мейрамханалар, сауда және ойын-сауық орталықтары, демалыс орындары мен қонақ үйлердің саны артып, қызмет көрсету сапасы жоғарылай бастаған. Одан бөлек жергілікті билік пен республикалық деңгейдегі мекемелер мақұлдаған жобалар тіптен ауқымды.

Түркістан қаласының бас сәулетшісі Жандос Тасовтың айтуынша, жаңа жоба бойынша қала үш бағытта дамиды. Алғашқысы – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан тарихи аймақ. Екіншісі, «Мәдени-рухани орталық» аймағы. Соңғысы, «Әкімшілік – іскерлік орталық» алаңы. Кесене маңайы абаттандырылады. Түркістан тарихи әрі мәдени қала болғандықтан, ең алдымен, ескі қаланы көркейту жұмыстарына басымдық беріледі. Аумағы 290 гектардан асатын жерге Тұңғыш Президент саябағы, Ұлы дала елі ғимараты, Қожа Ахмет Ясауи мұражайы, кітапхана, Қабылдау орталығы, Арбат, саябақтар, Қазақ драма театры мен Түркі елдерінің бірлігі кешені, Шығыс моншасы және Шығыс базары секілді үлкен нысандарды салу жоспарланған. «Дәл қазіргі уақытта Шығыс базарының жобасымен америкалық «SUM» деген сәулеттік-бюро компаниясы айналысып жатыр. Болашақта ол жерге келген қонақтар сауда жасай жүріп, қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін айшықтайтын көріністерді тамашалап, ұлттық нақышқа толы нысандарды аралап шығуға мүмкіндік алады. Ескі қалашықта, сондай-ақ, Амфитеатр, әуенді субұрқақ, көше бо­­йына арықтар салып, жерасты суларын жіберу, көшет отырғызу, көшелерді кеңейту, жаңа әлеу­меттік нысандар салып, қолданыстағы мәдени ошақтарды жандандыру міндеті тұр, – деді Жандос Тасов. – Солардың кейбірі кезең-кезеңімен халық игілігіне беріліп те жатыр».

Қазір Түркістанда 168 мың халық тұратын болса, 2035 жылы тұрғындар саны
350 мыңға, ал 2050 жылы 500 мыңға жетеді деп күтілуде. Осыдан-ақ бұл қаланың болашағы қаншалықты жарқын, қаншалықты ауқымды екенін аңғару қиын емес.

Қаланы дамытудың екінші бағыты көлемі 750 гектарды құрайтын әкімшілік-іскерлік орталық. «220 мың тұрғынға шақталған алаңқайда заманауи ғимараттар, тұрғын үйлер, әлеуметтік-мәдени ошақтар, Халықаралық әуежай, автовокзал, спорт кешендері, музыкалық әрі Олимпиадалық резервтегі спорт мектебі, Астана алаңы, Халыққа қызмет көрсету орталығы мен түрлі санаттағы қонақүйлер, Медиа орталық және саябақтар халық игілігіне берілетін болады, – деді Түркістан қаласының әкімі Рашид Абатұлы. – Одан бөлек экологиялық, тарихи-мәдени және танымдық бағытта 57 туристік маршрут жасалды. Соның бірі – Қасқасу турис­тік-рекреациялық кешені мен «Ұлы Жібек – жолы» ұлттық қолөнер шеберлері орталығы. Ал үшінші бағыт бойынша жұмыстар үздіксіз жүргізіле береді. Атап айтқанда, «Мәдени-рухани орталық» аймағына 8 нысан түседі және ғимараттардың барлығы тарихтан сыр шертетін Шығыс үлгісінде салынатын болады».

Жергілікті қолөнер шеберлері Түркістан қаласы облыс орталығы болып жарияланғалы бері қолдан жасалған табиғи бұйымдарға сұраныс артқаны байқалғанын айтады. «Бұл бір жағынан табыс көзін молайтса, екінші жағынан қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдарын қалың көпшілікке насихаттауға зор мүмкіндік береді», – дейді олар.

Құрылыс жұмыстарының негізгі бөлігін отандық құрылыс нарығында жақсы қырынан көрініп жүрген «BI Group» пен «Bazis-А» құрылыс компаниялары атқаратын болады. Бір қуанарлығы, еліміздегі әрбір облыс орталығы, Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент секілді ірі қалалар, сондай-ақ ұлттық компаниялар асарлатып, Түркістанға сый ретінде бір-бір ғимараттан соғып беріп жатыр.

Түркістандағы құрылысы аяқталуға шақ қалған мына ғимараттан (облыс әкімдігі) қазақы нақыштағы нышандарды байқауға болады.

Осы мақала жазылып жатқанда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатына қатысып, Түркістанға қатысты мынадай жағымды жаңалықпен бөліскен еді: «ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес, биылғы жылдан бастап Түркістан қаласын жасыл қалаға және ауа-райын қолайлы климатқа айналдыру мақсатында Түркістан қаласының айналасында «Жасыл белдеуді» қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Жасыл белдеудің жалпы аумағы 7 700 гектар жерді құрайды. Бұл жерге 2021 жылдың көктеміне дейін 259 мың, ал 2022 жылға дейін тағы 3,5 млн екпе ағаш пен 500 мыңға жуық бұта отырғызылады. Ал дәл қазір қалада 188 мың ағаш бар, – деді облыс әкімі, – осылайша біз Түркістанның сәлде болса шаңын басып, климатының жұмсаруына қолғабыс ететін боламыз».

Қазақ биі негізінен қол, бас, мойын, көз, иық секілді түрлі дене мүшелерінің қимылдарымен биленеді. Қастерлі сол өнерді осы күні қазақтың тойында тамашалауға мүмкіндік бар.

Осы деректер мен сандарға қарап-ақ болашақта Түркістанның қаншалықты деңгейде түрленіп, көркейгелі түрғанын аңғару қиын емес.

Authorization
*
*



Registration
*
*
*
Password generation