..."/>
ЭКСПЕДИЦИЯЛАР

Арнасы тарылған Жайық

КСРО тұсында Атырау облысы Индер ауданында өндіріліп келген борат Жайық өзені арқылы жан-жаққа баржамен жөнелтілетін. Ал қазір өзеннің орнында төрт түлік мал жайылып жүр.

Бәрімізге белгілі, соңғы жылдары еліміздің батыс өңірлеріне ортақ қазына, ихтиофауна өкілдеріне аса бай су қоймаларының бірі – Жайық (Орал) өзенінің тартылуы жалпыұлттық,тіпті бүкіл әлемге ортақ жаһандық мәселеге айналып отыр. Мамандар көлемі жағынан Еуропадағы үшінші ірі өзен саналатын Жайықтың таяздануын экологиялық апатқа балайды.

Жайық өзені бастауын Орал тауларының оңтүстік сілемінен алып, Ресей Федерациясының бірнеше аймағы арқылы Қазақстан Республикасы аумағындағы Атырау және Батыс Қазақстан облыстарын басып өтеді. Бұл өзенінің жалпы ұзындығы 2534 шақырым болса, соның 1173 шақырымы Қазақстанға тиесілі. Өзеннің жылдық орташа ағысы 50-60%-і РФ Орынбор облысындағы Сақмар өзенінің ірі құйылысынан түзіледі. Жайық өзенінің жоғарғы жағында Верхне-Уральское, Магнитогорское және Иректі секілді бірнеше ірі су қоймалары орналасқан. Оған қоса РФ аумағындағы Жайықтың жоғарғы тұсында 80 гидрожелі салынып, өз бетімен 3200 топырақ бөгеттер, бөгендер тұрғызылған, ал өз кезегінде өзендегі су көлемінің күрт кемуіне әкеп соқтырып отыр.

«Жасырын емес әр аймақ бүгінгідей ғаламдық жылыну процесі орын алған шақта өзіне тұщы судың көп бөлігін алып қалғысы келеді. Олар  экологиялық проблема барша азамзатқа ортақ мәселе екенін түсінгісі келмейді, – ресейлік ғалым-эколог, Башқұртстан Республикасы экологтар одағының төрағасы Александр Веселов. – Сол себепті бұл мәселені уақыт создырмай дереу шешудің жолдарын қарас­тыру керек».

Осыдан бірер жыл бұрын ғана балығы тайдай тулаған бұл жерді қатпар басып, суалған.

Бір ғана мысал. Ресейдегі Орал өзеннің басында орналасқан Башқұртстанда Кеңес үкіметі тұсында өзенге құйып келген арналарға соңғы 10-15 жылда ондаған суқойма мен субөгет салынған. Әрине оның қызығын башқұртстандықтар көріп отырғанымен өзеннің төменгі сағасындағы Орынбор қаласы мен Қазақстан тарапы керісінше судан тарығуда. 2010 жылы құрылысы аяқталған Юшатыр суқоймасының жағасынан осы күні балық аулаушыларды жиі кездестіруге болады. Ол бекер емес. Себебі тереңдігі 14 метрге дейін жететін, ұзындығы 6,5 шақырымнан асатын бұл суқоймасында балықтың түр-түрін кездестіруге болады. Алайда ертеректе ол жерден шағын ғана арна ағып жататын. Ал бүгінде бұл суқойма Башқұрт­стандағы ең ірі 5 суқойманың қатарына кіріп отыр. Оның құрылысына Башқұрт­станның табиғат және экология минис­трлігі сол уақыттарда 500 млн рубль бөлген. Одан бөлек башқұрт жерінде, нақтырақ айтсақ, 2004 жылы ғана тереңдігі 18 метрден асатын Сақмар суқоймасы да пайдалануға берілген болатын. Тағы бір айта кететін жайт, жергіліктің билік бұнымен ғана тоқталып қалатын ойы жоқ. Олар 2030 жылға дейінгі даму бағдарламасына өз аумағында тағы да бірнеше ондаған суқоймасын салуға 8 миллиард 144 млн 519 мың рубль бөлуді қарастырып отыр.

Суқоймаларын салу жұмыстары ресейдегі өзеннің төменгі сағасында орналасқан облыс­тарында да жүзеге асырылып келеді. Болашақта суды бөгеу жұмыстары осы қарқынмен жүзеге асырыла беретін болса, онда қазақ жеріне  Жайықтың арнасынан бірде-бір тамшы су келмей қалуы да мүмкін. Әрине ол уақытта оның зардабын Ресейдегі Орск пен Орынбор қаласы да тартатыны белгілі.

2019 жылы Жайықтағы су мөлшері соңғы 50 жылдағы ең төменгі межеге жетті. Салыстыра айтар болсақ, биыл, яғни 2019 жылы өзен деңгейі 240 см құраса, соңғы 50 жылдағы су деңгейінің орташа көрсеткіші 594 см аралығында болған. Өңірдегі қалыптасқан жағдай оңтүстік аудандарда қолайсыз санитарлық-экологиялық ахуалға алып келді, ал ол өзеннің табиғи қалпында сақталып қалуына кері әсерін тигізуде.

Кезінде жүк кемелері жүйткіген өзеннің деңгейі осы күні кез келген адам жаяу кесіп өтетіндей деңгейге дейін түсіп кеткен. Бұндай жағдайды Ресейдің Орынбор облысында да байқауға болатын.

82 шағын өзен құятын Жайық өзенінің қазіргі таңдағы хал-ахуалын шынайы бағалау мақсатында осы жылы әлемге әйгілі «National Geographic Qazaqstan» журналының өкілдері Атырау облысына арнайы экспедиция ұйымдас­тырған. «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ-ның қолдауымен жүзеге асырылған экспедиция барысында мамандар көкейге күрмеуі көп мәселені тоқып қайтты. Жайық өзенінің жағдайын зерттеуге келген редакция ұжымы Атырау облыстық аңшылар және балықшылар қоғамына, Атырау облыстық орман шаруа­шылығы және жануарлар әлемі жөніндегі аумақтық инспекциясына, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватына, Атырау облыстық гидрометеорология орталығына және басқа да үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдарға алдын ала хат жолдап, экспедиция жұмыстарына жан-жақты қолдау көрсетуін өтінген.

Орынбор облысында аумағындағы Иректі суқоймасының құрылысы 1958 жылы аяқталған. Және ол Жайық өзені бойында орналасқан ең ірі суқоймасы болып табылады. Ұзындығы 70 шақырым, ең терең жері
34 метр, жағалауы 581 шақырымнан асатын суқоймасының орнында өткен ғасырдың елуінші жылдары 22 елдімекен болған.

«Каспий құбыр консорциумы» АҚ бас директорының орынбасары Қайыргелді Қабылдин өзінің «National Geographic Qazaqstan» журналына берген сұқбатында былай деген: – «Біздің компания құрылғалы бері еліміз бо­­йынша түрлі бағыттағы әлеуметтік жобаларды үздіксіз жүзеге асырып, жан-жануарлар әлемі мен экологиялық мәселелерді шешуде де жан-жақты қолдау көрсетумен келеді. Соның бір парасы ретінде біз биыл Батыс өңіріміздің басты су артериясы саналатын Жайықтың жайын анықтауды қолға алдық».

Экспедициялық топ Атырау облысының табиғат қорғауға мүдделі ұйымдарымен бірге 6-12 қыркүйек аралығында Жайық өзенінің Батыс Қазақстан облысы шекарасынан бастап, Атырау облысы аумағындағы Каспий теңізіне құятын тұсына дейінгі бөлігін сүзіп өтті. Жергілікті экологтардың айтуынша, Жайық мәселесі жуық арада өз шешімін таппаса, мына картадағы аң-құстың басым көпшілігі мүлде жойылып кетуі бек мүмкін.

Экспедицияның мақсаты – ең алдымен, журнал бетінде Батыс Қазақстанның ең басты су күретамыры – Жайық өзенінің бүгінгі аянышты ахуалын көрсету арқылы қоғамда сілкініс туғызу, уақыт күттірмей, тез шешуді талап ететін күрделі мәселені Қазақстан Республикасы Үкіметіне жеткізу.

Өзен трансшекаралық мәртебеге ие болғандықтан РФ-дағы көршілермен өзара тиімді шешімдер қабылдануы керек. Өзеннің сағасынан төменгі құйылысына дейін оның сулылығына зиянын тигізбейтін, суды үнемді жинақтайтын бағдарламалар қажет.

Экспедиция жұмысы барысында өзеннің тереңдігі өлшенді, суы мен топырағынан сынамалар алынды, флора мен фаунаға мониторинг жүргізіліп, өзеннің оң және сол жағалау­ларын мекендейтін тұрғындармен кездесулер ұйымдас­тырылды. Жергілікті көнекөз қариялардың пікірі тыңдалды.

Атырау облысы аумағындағы Жайық өзені алабында сүтқоректілердің 47 түрі тіркелген, соның екеуі Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген. Олар: Шұбар күзен және Бобринский жарқанаты. Сонымен қатар, өзен алабын құстың 292 түрі мекендейді, олардың 110 түрі ұя салады, 76 түрі қыстап шығады және 106 түрі ұшып өтеді. Қызыл кітапқа құстың 36 түрі енгізілген, балықтың
95 түрінің ішінен 5 түрі Қызыл кітапқа кіргізілген, өсімдіктердің 227 түріне сипаттама беріліп, олардың 4 түрі Қызыл кітапқа енгізілген, жәндіктердің 4000-нан аса түрі бар.

Экспедиция жұмысына Ресей, Тайланд, Қытай және Қазақстан мемлекеттерінен үздік фотографтар мен кинооператорлар тартылды. Атырау облыстық аңшылар және балықшылар қоғамынан экспедиция жұмысына танымал жергілікті биолог-аңтанушы, орнитолог және зоолог Ивасенко Александр Николаевич қатысып, аталмыш жобаның үйлестіруші-жол бастау­шысы болды.Сондай ақ «Қазгидромет» РМК өкілі Надеж­да Каткова мен жергілікті эколог, PhD докторы Рауан Әбдинов Жайықтың жағасында су мен топырақтың құрамын анықтауға өз үлес­терін қосты. Экспедиция жұмысына Д.А.Баймағамбетов жетекшілік ететін Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануар­лар әлемі жөніндегі аумақтық инспекциясына қарас­ты Индер және Махамбет бөлімшелерінің қызметкерлері де көмек көрсетуден аянып қалған жоқ. Бұл бөлімшелер экспедицияға КС-10 базасындағы су көлігімен қамтамасыз етудің нәтижесінде Жайық өзенінің сағасын толық зерттеуге мүмкіндік туды. Жалпы ұйымдастыру мәселелерін Атырау облыстық аңшылар және балықшылар қоғамы басқармасының төрағасы А.А.Испусинов дер уақытында шешіп отырды.

Өзінің есімін айтпауды өтінген Махамбет бөлімшесінің инспекторы осы жылдың жаз айларында көрші ел территориясынан түсі қою көк борсыған су ағып келгенін, ал ақшыл көк таза су тек тамыз айының соңында ғана үзік-үзік келіп отырғанын айтты.

Ұйымдастырушылар экспедиция жұмысын өте нәтижелі өтті деп бағалап, жинақталған бай материалдар «National Geographic Qazaqstan» журналына кезең-кезеңімен жария­ланып отыратынын айтты.

Өзен суының тартылуына байланысты жағалаудағы орман-тоғайлар да қурай бастаған. Жайықтағы су деңгейінің төмендегені соншалық, жағадағы ағаштардың да тамыры ырсыйып сыртқа шығып қалған.

Иа, Жайықтың жайы туралы материалдар бұған дейін де түрлі басылымдар мен телеарналарда жарияланып, жарық көрген, екі елдің Парламентаралық, аймақтық деңгейде жергілікті билік, тиісті мекемелер арасында да келіссөздер жүргізіліп, зерттеу жұмыстары ұйымдастырылған. Алайда ол жұмыстардан еш нәтиже шығар емес.

Жайық мәселелеріне арналған семинар 2019 жылы шілде айында Орал қаласында өткен болатын. Қазақстан мен Ресейден келген мамандар сол күндері сол баяғы өзен суының аздығы, ластану деңгейі, балықтың жойылуы, өзен алабының құрғауы, ормандардағы өрт мәселесі көтергенімен нақты шешімге келе алмаған.

Жасыратыны жоқ өзеннің басында отырғандар өзеннің төменге ағып өтуіне құлықсыздық танытуда. Ал егер Каспий теңізінде су тапшылығы туындайтын болса, онда ол бүкіл әлемдік проблемаға айналары сөзсіз.

Сол себепті жаһандық маңызы бар Жайық өзенінің жағдайы жақын арада түзелеріне сенгіміз келеді.

Көнекөздердің айтуынша, дәл осы жерден өткен ғасырдың сексенінші жылдары салмағы 800 килограммға дейін жететін бекіре оқтын-оқтын ауланатын. Ал қазір ол жерден ұсақ қара балықтардың өзін аулау қиындық тудырады.

Авторлары: Дәурен Құдайберген, Александр Ивасенко.

Фото: Сасин Типчай, Александр Перевозов, Екпін Хасенжан және Мурат Кужахметов

Authorization
*
*



Registration
*
*
*
Password generation