..."/>
ЗЕРТТЕУ

Кешегінің көзі, бүгінгінің өзі: Уақыт тоқтап қалған жер


1954 жылы Мексика шығанағында ауланған үш жартытұмсық балық (Hyporhamphus unifasciatus) биолог Роял Д.Сутткус коллекциясының кеңдігін көрсетеді. Ол аймақтағы балық популяцияларының 50 жылдағы өзгерісін құжаттаумен айналысқан.

Луизианалық биологтың судағы тіршілік иелерінен құралған үлкен әрі сұмдық коллекциясы адамзаттың кейбір мақұлық түрлерін жойылуға қалай мәжбүрлегенін көрсетеді.

Бұл қорқынышты фильм режиссерінің қиялынан туған коллекцияға ұқсайды. Жаңа Орлеан штатынан оңтүстік-шығысқа қарай 15 шақырым жүрсеңіз, Миссисипи өзенінің иілген тұсында орналасқан, «Жабайы қабан жолы» деп аталатын соқпақ жол бойындағы жартылай батпақ, жартылай орманды алқапқа тап боласыз. Ал сол жердегі ну орманда аллигатор мен боз жылан қаптап жүр. Оң жақта А3 нөмірлі қару-жарақ бункері орналасқан.

Коллекция жетекшісі Джастин Манн атлантикалық бекірені (Acipenser oxyrinchus) ұстап тұр. Бөгеттер олардың уылдырық тастау үшін баратын жерлеріне тосқауыл болып, қауіп төндіріп отыр. Зерттеушілер бұл коллекцияны құнды санайды, өйткені ол қоршаған ортаның өзгеруі балықтарға қалай әсер еткенін көрсетеді.

Шамамен 160 гектарлық алқапта осындай 26 бункер бар. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде АҚШ теңіз күштерінің кемелері жорыққа шықпас бұрын осы жерде аялдайтын. Кейіннен ОББ бұл жерді кубалық партизан дайындау лагері ретінде пайдаланды.

Қазір бұл аумақ Тулейн университетінің қарамағында және мұнда келушілердің дені биологтар. Оларды А3 және А15 бункерлеріндегі сегіз миллиондай өлі балық қызықтырады.

Бункер ішінде мұқият жабылған көлемі әртүрлі, ішінде спирті бар банкілер бар. Онда балықтар сақталған. Банкілер биіктігі үш метр, ұзындығы 11 метрге дейін жететін сөрелерге қойылған. Сынамалардың кейбірі өзге әлемнен әкелінгендей көрінеді. Жартылай мөлдір қанаттарын көкке жайған 19 литрлік бөтелкедегі жиырма төрт ескектұмсықтың қалпы өзгеғаламшарлықтардың мінәжатындай көрінеді. Негізгі коллекциядағы 22 қатардың тоғызы тұқы, яғни талма балықтарға тола. Коллекция шынымен қарапайым балықтардан құралғандай.

«Бұл әлемдегі ең ірі балық коллекциясы», – дейді 38 жасар оның жетекшісі Джастин Манн. Көбейіп кете беретін өңезге тойтарыс беру үшін Ман көп уақытын қабыр­ғаларды қайта-қайта бояумен өткізеді. «Түрі емес, сынамалар санының көптігі бо­­йынша бұл ең ірі коллекция, – деп қосты ол, –  іс жүзінде, бір миллионнан астам сынама жалғыз Cyprinella venusta түріне (иә, бұл талма балықтың бір түрі) тиесілі. Коллекция құрамында сонау Индонезия сияқты шалғай жерлерден әкелінген экзотикалық түрлер де бар. Алайда балықтардың көбі АҚШ-тың оңтүстік-шығысынан – Техастан Каролинаға дейінгі шығанақ жағалауынан ауланған.


1. Зебра-меруна, Gymnomuraena zebra. 2. Қалта акуласы, Mollisquama mississippiensis. 3. Кәдімгі қылыш балық, Trichiurus lepturus. 4. Спот, Leiostomus xanthurus. 5. Америкалық хиломикт, Chilomycterus schoepfii. 6. Қанатты зебра, Pterois volitans. 7. Солтүстік америкалық тереңсу мерлузасы, Merluccius albidus. 8. Бразилиялық нарцина, Narcine brasiliensis. 9. Америкалық ұзынтұмсық акула, Rhizoprionodon terraenovae. 10. Дәукөз синодонтис, Synodontis ocellifer. 11. Ескектұмсық, Polyodon spathula. 12. Мурена-дракон, Enchelycore pardalis. 13. Тауық-ауызды пони-балық, Secutor ruconius. 14. *Gulf logperch, Percina suttkusi. 15. Қара краппи, Pomoxis nigromaculatus. 16. Паралихт, Paralichthys lethostigma. 17. Қара теңіз алабұғасы, Centropristis striata. 18. Шынжыр балық, Syngnathus louisianae.


1950 жылы жас өршіл балық биологы Роял Д.Сутткус келген кезде Тулейн коллекциясында небәрі екі-ақ қатырылған балық болған. Сутткус «көзбен көріп, зерттемейінше суасты әлемін түсіне алмайсың» деген принциппен жағдайды өз қолына алуға бел буды. Ал түсінбеген затты қорғау неғайбіл емес пе? Сутткус шаршамайтын далалық биолог еді, алдағы елу жылда ол қасына магистратура студентін діртектете ертіп, үш метрлік аумен аймақтағы су бассейндерінің түгел ой-шұңқырын кезіп шығады. 

Басқа биологтар көбіне қызық нәрсе іздеп бір жерден екіншісіне көшіп-қонып жүрсе, 2009 жылы көз жұмған Сутткус, ондаған жылдар бойы бір жерді айналып келіп зерттей берген. Жұмысы барысында ол қағаз фабрикалары мен басқа да ластаушылардың қоршаған ортаға ықпалын тексеруді еш ұмытпайтын. Өзенді толық сүзіп шыққаннан кейін олжаны ортаға қойып, ішінен сақтауға тұрарлықтарын таңдап алып, қалғандарын суға қоя беру балық биологтарының дәстүрлі практикасы б.т. Сутткус үшін керісінше ауға түскеннің барлығы шыны құтыдан бір-ақ шықты.

Бұл өзге биологтарға ұнамады. Сұмдық көрінсе де, жылына бір рет, бір жерден шамадан тыс үлгі жинаудың балық популяциясына зиян келтіру ықтималдығы аз. Сутткусты «жинағыш машина» атап, өлең арнағандар да болды. Қалай болса да жүйелі түрде, судан шыққанның бәрін құтылайтын әдіс Роял Д.Сууткус пен оның балық коллекциясының атын шығарды.

«Бұл коллекция кешегінің көзі», – дейді Чаттануга қаласындағы «Теннесси аквариумы» ұйымының су тіршілігін сақтау жөніндегі биолог маманы Берни Кухажда. Оның айтуынша, балық зерттеушілерінің көбі «егер он балық қана түссе, ең ірілерін таңдайды». Қабыршақ пен жүзбеқанат тікендерін санау арқылы балық түрін нақты анықтауға болады. «Сутткустың барлық балықты жинау әдісі арқылы сол кездегі және сол жердегі мақұлық туралы бүкіл дерекке қол жеткізуге болады, мәселен, популяциялардың сау не ауру болғанын анықтау үшін ол жинаған барлық жас категорияны зерттей салсаң жеткілікті. Дерек құндылығында күмән жоқ», – дейді ол.

Қоянерінді чукучан (Moxostoma lacerum) жойылып кеткен балық түріне жатады. Ғалымдардың айтуынша, Оңтүстік-шығыс­та ағаш отау мен ауыл шаруашылығының
қанат жаюы кесірінен қоректену жерлерін балшық басып қалғандықтан балықтар аштан қырылған.

Несімен пайдалы? Бюджеттерді «гламурдырақ» жолдармен бөлудің амалымен колледж администраторлары осы сұрақты қазір жиі қояды. Луизиана университетінің Монро колледжі жуырда екі күн бұрын ескертіп, балық коллекциясын оқу орнынан шығарып тастауға тырысқан. Өйткені басшылардың спорттық нысан салуды көңілдері қош көреді. Институттар консорциумы, соның ішінде Тулейн институты да бар, коллекцияны құтқаруға септігін тигізіп, Сутткус бункерлерінің біріне тағы 11 қатар (ақырғы орнықтыруға дейін) сынама қосты.

Бұл коллекция өткен шақтағы нақты бір кезеңге терезе бола алады. Сутткус сынама жинап жүрген кездері гидроэлектростанциялар енді салынып жатқан еді. Көп жағдайда судың ластануы аса тексерілмейтін. «Солтүстік Алабамада химия­лық фабрика ашылғаннан кейін, қолымызға түскен айбалық желбезектерінен қан сауғалап қоя бергені әлі есімде», – дейді 1970 жж магистр ретінде Сутткустың қасында болған Джон Карусо.

Қазір ХХІ ғасырдағы екпінді дамудың Оңтүстік-шығысқа әсерін зерттеумен айналысатын биологтар не болғанын білу үшін Сутткус коллекциясына бас ұрады. Олар коллекцияны виртуалды түрде де, келіп те қарай алады, өйткені Ұлттық ғылым қоры әрбір жәдігердің деректері мен орнын онлайн желіге жүктеп, коллекция­­ны алғашқы табиғат тарихы музейлерінің біріне айналдыруға көмектесті.

АҚШ Геологиялық қызметі бастаған осындай зерттеулердің бірі Алабама өзеніне арналды. Мұнда ауық-ауық келген Сутткус 1960-шы жылдардан ғасыр соңына дейін балық түрлерінің 66 пайызға дейін кемуін көрсететін тайм-лапс түсіріп отырған. Сол мерзім ішінде салынған бөгеттер бұрын еркін ағатын өзенді 16 су қоймасынан құралған жүйеге айналдырып тастаған болатын. Ауылшаруашылық сарқынды су, урбанизация, тазалау нысандары мен ашық шахталардан шыққан лас су да өзенге әсер етпей қоймады.

Коллекциясының басым бөлігін аймақтағы тұщы су балықтары құрайды. Басқа жақтардан келген үлгілерге Гавайидың терең тұстарынан ауланған мына теңіз сайтан-балығы (Lophiodes miacanthus) жатады.

Құрдымға кеткендер арасында ежелден қалыптасқан миграция жолына бөгеттер кедергі болған алабамалық пен қазіргі уақытта көп бөлігі жойылып кеткен америкалық бекіре де бар.

Алабамалық шад (Alosa alabamae), сепкілді есалаң (Noturus munitus) мен жарық түсті аммокрипталардың (Crystallaria asprella) көп бөлігі құрдымға кетті. Мобильдік чаб (Macrhybopsis boschungi) тәріздес талма мен өзеннің жылтыр балығы (Notropis edwardraneyi) бұрын Сутткус аулаған жерлерде қазір жоқ. 2005 жылға қарай федералдық үкімет өзендегі балықтың 10 түріне «қауіп төнген» айдарын тақса, сарапшылар кемінде тағы 28 түрді «осал» не одан да нашар топқа жатқызып отыр. Зерттеу нәтижелері балықтарды сақтау іс-шараларын жүзеге асырмайынша «жойылатыны анық» деген баға беріліп жатқан түрлер өте көп.

Осылайша нағыз қорқынышты оқиға Сутткустың коллекциясы емес, адамзаттың қоршаған ортаны қиратып, құртуында болып отыр.

 

 

Автор: Ричард Коннифф, фотограф: Крейг Катлер

 

 


Ричард Коннифф «Жалпыұлттық журнал» марапатының иегері әрі журналымызға жиі мақала жазып тұратын автор. Крейг Катлердің соңғы еңбегі нақты медицина тақырыбына арналды.

Жарнама
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation