..."/>
NATIONAL GEOGRAPHIC

Әйелдердің өмірі

1800 жылдардың соңынан бергі дүниежүзінің әр түкпірінде түсірілген он миллиондаған сурет қолыңызда делік, бұл фотолар әйелдердің өмірі жайлы қандай сыр шертер еді?

Авторы: Сара Лин

Архивтегі суреттер түсірілген дәуірден сыр шертетін баға жетпес дерек саналады. Журналдың осы беттері және «Әйелдер: National Geographic суреттер топтамасы» кітабы үшін фото табу мақсатында ертеректе түсірілген файлдарды ақтарып отырып, әйелді айшықтау түсінігінің қаншалықты тар болғанына таңғалдық. Суреттер көбіне әдемі, кейде күлкілі немесе мұңды, тіпті, жантүршіктірерліктей, бірақ олар сол уақыттың түсінігі мен дәстүрін паш етеді.

Мұрағатта 1888 жылы National Geographic қоғамының негізі қаланғалы бері жиналған 60 миллионнан астам сурет бар. Олардың арасында жарияланғаны, жарияланбағаны, слайд, негатив, шыны пластина мен басқалары бар.

«ӘЙЕЛДЕР: National Geographic қоғамының суреттер топтамасы» кітабы 30-дан астам елді қамтитын естен тандырарлық 400 фото арқылы бикештердің өмірі­мен таныс­тырады. Онда NG-дің танымал әйел фотографтары туындысы­нан басқа кемеңгер Джейн Гудал, Сильвиа Эрл, Опра Уинфри, Лаура Буш, Нэнси Пелоси мен Мелинда Гейтстердің сұхбаттары бар. Коллекция кітап дүкендері
мен shopng.com/books-те қолжетімді.

Фотография саласының техникалық мүмкіндіктері шектеулі болуы мен батыстық отаршылдық сана тұрғысынан XX ғ. басындағы журналымыздың суреттерінде әйелдер, көбіне, жергілікті халықтың киімін киген не омырауын жалаңаштаған экзотикалық сұлу ретінде бейнеленген. Бұдан камера ұстағандардың көбі ақ нәсілді еркектер болғанын аңғарамыз. Технологияның дамуымен суретте белсенді әйел бейнесі қалыптаса бастады, бірақ әлі де болса оның әпке мен ана ретіндегі дәстүрлі архетипі сақталып келді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде бикештер өндіріс, аурухана мен әскерде қызмет еткендіктен, қоғамдық рөлдері де арта түсті. Соғыстан кейін газет-журналдар қыз-келіншектің үйдегі бейнесіне қайта оралды. 1970 жылдар мен өмірдің боямасыз бейнесін ашқан фотография өнерінің өркендеуіне дейін тағы бірнеше онжылдықта әйелдердің күлімдеген бейнесі сәнде болды.

Смит колледжінің 1921 жылғы түлектері алдыңғы жарты ғасыр­­да әйелдер жеткен жетістіктерді білдіретін транспаранттарды ұстап, қоштасу кешінде саппен салтанат құруда.

Мұрағатта кадрдан тыс қалған санаулы арудың да тарихы  қамтылған. Жазушы әрі фотограф Элиза Скидмор фотограф ретінде алғашқы еңбегі 1907 жылдың сәуірінде жарық көрді. Ол түрлі түсті фотолары журналға жарияланған алғашқы әйел. Оның қолмен боялған Жапонияның суреттері журналда 1914 жылы жарық көрді. Алғашқы штаттық әйел фотограф Кэтлин Ревис 1953 жылы жұмысқа қабылданды. Кейінгі екеуі Бьянка Лэвис пен Джоди Кобб болса, бірі 21, екіншісі 24 жылдан кейін ғана жұмысқа қабылданған. Содан бері журнал өз зерттеулері үшін әйел фотографтарды көбірек іздестіре бастады.

Бикештердің газет-журналда бой көрсетуі үшін көп уақыт қажет болды, себебі ғалым, зерттеуші, шытырман оқиға кейіпкері мен көшбасшының рөлін әдетте еркектер атқаратын. Ертеректе, әйелдер экзотикалық, омырауы жалаңаштанған сұлу ретінде көрсетілді. 1970 жылдан бері әйел өмірі мен маңызы да түрленіп келеді.

Мен 1988 жылы National Geographic журналына фрилансер болып кірдім. 2000 жылы 40-тан астам фотограф өз үлестерін қосқан «National Geographic қоғамының әйел фотографтары» кітабы жарық көрген кездегі толқығаным әлі есімде. Төрт жылдан соң, мен аға фото редакторы қызметіне тағайындалдым. 2013 жылы мен журналдың фотография бөлімінің алғашқы әйел директоры атандым. Алдыңғы беттегі транспарантта жазылғандай: «Біз ұзын соқпақтан өттік, қарағым!»

2007 ЖЫЛ, МОНҒОЛИЯ
Ұланбатырдағы қалалық алаңнан өз қаһарманын, жұртқа сыйлы актерді кездестіріп қалған фармацевт (оң жақта) жайнап сала берді.

Бүгінде, коллекцияның 100 жылдық мерейтойында, біз суреттегі әйелдердің оқиғаларын бұрын-соңды болмаған көптеген фотограф әйелдің көмегімен баяндап жатырмыз. Әйел фотограф ерге қарағанда әлемді басқаша көріп, мән беріп, зерттеуге мүлдем басқа тақырып таңдауы мүмкін. Әйел фотографтардың қырағылығы мен суреттерінің арқасында, біз сіздерге әлемнің жартылай емес, толық бейнесін ұсына аламыз.

Authorization
*
*



Registration
*
*
*
Password generation