..."/>
САЯХАТ

Жартастағы мешіт

Шақпақ ата жерасты мешіті… Маңғыстаудағы осы бір тылсым сырға толы жер туралы қаншама аңыз-әңгіме бар десеңізші. Ғасырлар бәйгесінен озып келген сол әфсаналардың негізінде бүгіндері бізге жинақталып жеткен екі танымдық туынды бар. Оның біріншісі жазушы Сәтімжан Санбаевтың «Аңызды аңсағанда…» атты әдеби көркем шығармасы да, екіншісі көрнекті ғалым Алан Медоевтің «Тастағы таңбалар» деген ғылыми-зерттеу еңбегі. Сондағы пайымдауларға жүгінсек, олардан төмендегідей мәліметтерге қанығарымыз анық.

Иә, Маңғыстаудың Сарытас шығанағы маңындағы борлы қыратта жерасты мешіті бар. Сай беткейіндегі жартасты ойып тұрып жасаған бұл ғимарат кешегін ХIV ғасырда пайда болған. Оның иесі – ислам дінін уағыздаушы Шақпақ ата атты қасиетті адам. Өзі емші, өзі көріпкел ол сол өңірдегі ауыл балаларын жинап, оқыту ісімен шұғылданады. Оларға діни ілім ғана емес, жаратылыстанудың негіздері болып табылатын өзге де білім түрлерін үйретеді. Алланың құлы, пайғамбардың үмбеті бұл адам осындай ізгі ниетпен ғұмыр кешіп жүргенде, ел шетіне жау тиеді. Аз уақытта-ақ ішке дендей енген басқыншыларда бейбіт жұртты аяп, есіркеу деген болмайды. Бәрін қырып, жояды. Солардың қатарында Шақпақ ата мен оның бейкүнә шәкірттері де бар еді. Жау қолынан қаза тапқан олардың мүрделерін қазір мешіт іргесінен әудем жердегі көне қорымнан байқауға болады. Беткейдегі бетегемен бірдей дерлік төмпешіктер міне бұл ұлық ұстаз бен оның балаларының бейіті. Мәңгілік ұйқыдағы жербесігі.

Жартастағы осы ғибадат орны қазір бізге Шақпақ ата мешіті деген атпен белгілі қасиетті жер. Мұнда келген адам алдымен сай жиегіндегі жолмен беткейге өрлейді. Сөйтеді де көз алдына өткен ғасырлардағы өзіміз сөз еткен оқиғаларды елестете отырып, көне ғимаратқа жетеді. Есігі шығыс жақтан ойылып жасалған оған келіп кіргенде, қарсы алдыдан әрі дәліз, әрі шағын алаң іспетті үлкен бөлме кездеседі. Ондағы бұрыштарда борлы қабырғалардағы тастардан қашалып жасалған төрт бағана бар. Олардың арка тәрізді маңдайшалары төңіректегі қосымша бөлмелерге қарай өтетін жолды меңзеп тұр. Осы жерде жан-жағына байыптап қараған жан болса, онда оған мына кеңістік жиектері аумағынан айшық тәрізді көзге көрінер-көрінбес белгінің байқалары анық. Ол осы ғимарат кешенінің бәрі орталық бөлме құрылымымен жымдаса байланысып тұрғандығын білдіреді. Ал оның жоғары жақтағы күмбезінің төбесіндегі шаңырақ тәрізді етіп ойылған тесік ше?.. Бұл да өте ғажап көрініс. Мамандардың айтуынша, көлемі киіз үйдің туырлығындай бұл «аспан терезесінің» кереметтігі сол, жаздағы аптап ыстықта ғимараттың теңіз жақ қапталындағы есіктен самал соғып тұрса, төбедегі шаңырақ тектес ойық әлгі кірер жерден келген жел лебін жоғарыға тартады да мұндағы ауа тазарып, мешіт іші бірқалыпты қоңырсалқын температураны ұстап тұрады. Сондай-ақ күз бен қыста төбедегі аталмыш тесік имандылық үйі ішін ызғар мен ылғалдан сақтап, суық ауаны сыртқа қарай айдап отыратын болып шықты.

Өзіміз сөз етіп отырған жерасты мешітінде жоғарыдағы айтылған жәйттерден басқа да назар аударарлық жәдігерлер көп. Солардың бірі ғимараттың тас қабырғаларындағы кітап қоятын сөрелер, бөлмелерге қараңғы түскенде пайдаланатын шырақ орындары дер едік. Бұлардың бәрі имандылық үйінің ыңғайлы деген жерлеріне қуыс сияқты қашалып жасалған. Сондай-ақ мұнда келушілерді орталық алаңқай секілді фойе қабырғалары мен бағаналардағы әртүрлі ою-өрнектер, есік маңдайшаларындағы көне түркі мақал-мәтелдері мен аяттар, түрлі қару-жарақ сұлбалары мен жан-жануарлар суреттері де терең ойға жетелері анық. Мешіттегі ондай жазу-сызулардың саны 250-ден асады. Бұларды элиграфиялық тұрғыдан зерттеген ЮНЕСКО сарапшылары Шақпақ ата жерасты ғимаратының XIVғасырда салынып, XVIII ғасырда ол Каспий бойы ойпаты ғана емес, Еуразия аумағындағы ислам дінінің ірі орталығы болғаны жөнінде тұжырым жасады. Оған атақты ғалым Алан Медоевтің: «Шақпақ ата жерасты мешіті Орта Азия елдері мен Қазақстандағы тұтастай тастан қашалып жасалған және де бүгінге дейін бүлінбей, сол күйінде сақталып отырған бірден-бір құнды ескерткіш», – деген пікірін қоссақ, мәселенің мәнісіне толық көз жеткіземіз.

Мақала авторы: Жанболат Аупбаев

Фото: Ерболат Шадрахов

Авторизация
*
*
Регистрация
*
*
*
Генерация пароля