..."/>
ӨШПЕС ЕРЛІК, СӨНБЕС ДАҢҚ

Маршал мемуарындағы Мәденов

Авторы: Жанболат АУПБАЕВ


Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Қазіргі аға буын өкілдерінің қай-қайсысы болсын өздерінің үйлеріне кітапты көп жинайтын заманда туып өскенін, бұл рухани байлық бұлағына сонау бала кезінен ажырамастай бауыр басқанын ерекше мақтанышпен айтады. Ол рас та. Солардың ішінде 60-шы жылдары алыстағы ауылда мектеп оқушылары болып, 70-ші жылдары Алматы секілді ару қалада студенттік шағымызды өткізген біз де бармыз. Иә, үйде телефон жоқ, мектеп теледидардан мақұрым, университет аудиториясы компьютерден ада ол замандағы жалғыз ақпарат көзі, білім негізі тек газет-журнал мен кітаптар ғана болатын. Бұл құндылық біздің жеке кітапханамызға әртүрлі жолмен жиналушы еді. Бұл рухани байлықтың көп бөлігіне туған күн мен мереке-мейрам, мектептегі пәндік олимпиада мен спорт жарыстарында қол жеткізетінбіз. Соның нақты көрінісін 1969 жылы күзде өз басымнан өткергенім бар. Орта мектепті бітіргеннен кейін құжаттарымды КазГУ-ге өткізіп, емтихан тапсыруға кіріскенмін. Ақырғы сынақтан аман өтіп: «Университетке түстім!» – деген қуанышты хабарымды естіген ауылдағы жалғыз әпкемде ес қалмайды. Әлеуметтік қамсыздандыру мекемесінде жұмыс істейтін ол кісі сол күні Нарынқолдан бір шақырым жердегі Қостөбеде жүр екен. Жүгіріп «Сельпоға» кіреді де: «Мұнда сыйлыққа беретін дұрыс не бар?» – дейді аптығып. «Воспоминания и размышления» деген мына кітап, – дейді дүкенші сөреге сәл барлай қарап тұрып. – Құнды, бағалы дүние екенін Ойқарағай заставасындағы шекарашы майор айтқан. Көрген бетте қатты қызығып, қойдыртып кетіп еді, әлі келген жоқ. Қызметінен қолы тимей жүр ме, білмеймін. Егер сіз қажет десеңіз…». «Алайын, – дейді қуанған әпкем. – Әкеліңіз!». Маршал Г.К.Жуковтың атақты мемуарын мен 1969 жылдың күзінде ең алғаш осылай көрген едім. Шыны керек, сол кезде жай қарап шыққаным болмаса, көлемі 734 беттік бұл дүниеге бірден құлап түскенім жоқ. Оқиға қуалап оқитын әдеттен арыла қоймаған кезіміз, сірескен сөйлемдер мен сансыз сілтеме, схемалардан жалығып, жылы жауып қойғанбыз. Қызықтың көкесін бір айдан кейін университеттегі оқу басталғанда көрдік. Аудиторияда отырсақ та, коридорға шықсақ та жұрттың айтып қалатыны: «Жуков… Мемуар», – деген сөздер. «АПН» баспасы «Воспоминания и размышления» кітабын осы көктемде 500 000 тиражбен шығарып еді, – дейді әңгіме иелері. – Ол оқырмандарға жетпей қалыпты. Сосын бұл кітапты тағы 100 000 данамен басуға тапсырма беріліпті. Мәскеудің Калинин проспектісіндегі осы кітап сатылатын дүкенге кезекке тұрғандардың қатары 1,5 шақырымға дейін жеткен». «Мәссаған! – деймін ішімнен мен. – Оқитын, оқылатын туынды болғаны ғой бұл. Мен оны қалай, неге білмегенмін? Қой, үйге қысқы каникулға барғанда мықтап отырайын оған». Бірақ… иә, бірақ ол жолы да оған онша тұшына қоймадым. Өйткені мұнда Бауыржан Момышұлы жоқ, Рахымжан Қошқарбаев айтылмаған, Қасым Қайсеновтің қарасы да көрінбейді. Сонда не бұл?.. Осындай оймен жүргенде «Лениншіл жас» газетінің 1970 жылғы 30 сәуірдегі нөмірінде «Маршал мақтаған қазақ» деген мақаланың жарқ ете түспесі бар ма?! Авторы – Әнес Сараев. Қаламгер ағамыз бұл материалында атақты қолбасшы Г.К.Жуковтың елдің назарын өзіне ерекше аударған «Воспоминания и размышления» атты деректі кітабында лейтенант К.Маденов деген фамилияның аталатындығын, оның қазақ жігіті Кенжебай Мәденов екендігін айтқан. Айтып қана қоймай, майдангердің сол кездегі Орал облысындағы Қаратөбе ауданының тумасы екендігі және соғыстан елге аман-есен келгендігі жөнінде нақты дерек келтіріпті. «Лениншіл жас» газетінің бірінші бетіндегі жоғарыдағы мақаланы оқығанда қатты толқығаным есімде. Оған себеп болған: «Атақты кітапта әйтеуір бір қандасымыздың аты аталыпты-ау!» – деген ішкі қуаныш сезімі еді. Сол керемет, ғажап әсермен маршал мемуарын қайтадан оқуға отырғаным бар. Шынында да өзіміз сөз етіп отырған шығарманың 653-ші бетінде лейтенант К.Мәденовтің ерлігі туралы мәлімет бар екен. Онда былай делінген «Шайқаста танкілер мен өздігінен жүретін зеңбіректерді іске қосуға тура келді. Олардың оқпандарынан зуылдай ұшқан снарядтар Ратушаның зіл батпан шойын қақпасын қақырата құлатып, үй алдындағы алаңқайды түтінді пердемен тұмшалап тастады. Осы сәтті шебер пайдаланып мұнда ең бірінші болып лейтенант К.Мәденовтің взводы басып кірді». …Ол кезде студентпіз. Облыстарға іссапарға шығып, өзің тапқан тақырыбыңды игеріп қайтуға еш мүмкіндік жоқ. Университетті бітіріп, газет-журналдарға жұмысқа орналасқанда да науқандық шаралардан қолымыз босамады. Сөйтіп, К.Мәденов секілді сирек ерлік иелеріне көп мойын бұра алмадық. Қолымыздан келгені «Атақты әскери қолбасшылар мемуарындағы қазақтар» деген топтама әзірлеп, оны «Лениншіл жас», «Халық кеңесі» газеттеріне жариялағанымыз еді. Онда Г.Гречконың партизан Қ.Қайсенов, Н.Якубовскийдің танк полкінің командирі Ғ.Әділбеков, К.Рокоссовскийдің 8-ші гвардиялық дивизиядағы қазақтар туралы пікірлерін келтіре отырып, оған атақты Г.К.Жуковтың өзі жылы лебіз білдірген К.Мәденовті де қосқанбыз. Сөйтіп, білетіндер болса редакцияға хабарласуды өтінгенбіз. Соны оқыған Орал педагогикалық институты қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессор Мәтжан Тілеужанов маған 1992 жылы былай деп хат жазғаны бар. «…Мен Кенжебай Мәденовті 1942 жылдан білемін. Сол уақытта ол Қаратөбеден армияға алынғандарды Оралға апарушы болды. Туған ағайым Әлмұханбет Тілеужанов әскерге шақырылғанда оны да қалаға жеткізіп, ауылға қайтарында сол кісінің облыстық әскери комиссариат жанында түскен суретін маған әкеп бергені есімде. Кенжебай ересек, бізден екі класс жоғары оқыған-тын. Хабарың бар шығар, соғыс жылдары жергілікті жерлерде всеобуч деген болды ғой. Сөз етіп отырған жігітіміз, міне, сонда оқитындарға әскери жаттығу жасатып жүретін. Артынан өзі де Қызыл армия қатарына шақырылып, екеуміз Оралдағы эвакуация лагерінде кездесіп қалдық. Майданға аттанатын нағашыма сәлем-сауқат апарғанмын. Ол сондағы казармада кезекші екен. Мені рұқсат қағазсыз кіргізді де іздеп келген адамыма жолығып шыққан соң, екі аптадан кейін өзінің де «қызыл эшелонға» мінетінін айтты. Қоштасар кезде: «На память. Кенжебай Маденов» деп жазып, бір фотосын бергені бар. Альбомымда 40 жыл сақтаған сол суретті өзіңе жолдап отырмын», деп бір қайырады әңгімесін хат авторы. Содан кейін Мәтжан ағамыз: «Ол құдай оңдап, соғыстан аман-есен оралды», – деп жалғастырады сөзін. – Қаратөбеге келгесін Гүлшат есімді қызға үйленді. Екі-үш жыл отасқаннан кейін Кенжебайдың бұл әйелі қайтыс болып, біраз уақыт өткен соң Аққоян атты аруды алды. Соғысты көрген сақа жауынгер, әскери тәртіптің не екенін білетін тәжірибелі офицер ғой, соны ескерген Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жергілікті бөлімі 50-ші жылдары оны өздеріне жұмысқа алды. Осы салада ширек ғасырдай қызметте жүрген ол 70-ші жылдары Гурьевте өмірден озды. Хатымның соңында мына жәйтті есіңе сала кеткенді жөн көріп отырмын, қарағым! Мен Кенжебаймен майданда бірге болғаным жоқ. Соғыстағы маршал Г.К.Жуковтың мемуарында келтірген деректен басқа оның тағы нендей ерліктер көрсеткенін білмеймін. Білетінім, ауылдағы жағдайлар еді, оны жоғарыда айттым. Егер іздеп жүрген кейіпкеріңнің майданға аттанған, шайқастарға қатысқан, шабуылға шыққан жағдайларынан хабардар болғың келсе, «Жұлдыз» бен «Қазақстан коммунисі» журналдарының 70-80-ші жылдардағы тігіндісін ақтар. Өз көзіммен көріп, оқығанмын, осы екі басылымның біреуінде Кенжебайдың майдандағы өмірін баяндаған мақаласы шыққан. Іздеп тапсаң, шын дерек, нақты мәлімет, нағыз өмірлік факт міне, сол болмақ. Өйткені ол оның өз қолымен жазған, өзінің аты-жөнімен шыққан естелігі ғой».

Мәтжан ағамыздың хатындағы жоғарыдағы деректі оқығаннан кейін дереу Алматыдағы А.С.Пушкин атындағы орталық кітапханаға баруға жиналдық. Міне, оқу залына келіп, тігінділерді қарап отырмыз. «Жұлдыз» журналынан ондай дүние көзге түсе қоймады. Зерттеушілер табылып жатса ескерер, мұндағы соғыс тақырыбына байланысты назар аударарлық шығарма деп генерал-лейтенант Ғ.Б.Сафиуллиннің «Өзен кешіп, тау астық» атты туындысын айтуға болар еді. Бұл кісі татар ұлтының өкілі. Ұлы Отан соғысында Қазақстанда жасақталған 73-ші гвардиялық дивизияға басшылық еткен. «Жұлдыз» журналының 1975 жылғы №1-3 сандарында жарық көрген жоғарыдағы шығармасында автор бізге беймәлім көптеген қазақ жауынгерлерінің есімін құрметпен атап, халқымызға шексіз сүйіспеншілігін білдіреді. Жә-ә, жарты күн отырып шұқшиған «Жұлдыздан» кейін қолымызға «Қазақстан коммунисін» алғанбыз. Жоғымыз, міне, осы журналдан табылды. Мәтжан Тілеужанов ақсақал айтқан мақала бар екен. Ол басылымның 1970 жылғы №6 санында жарияланыпты. «Батыр гвардияшылар» деп аталатын бұл естелігінде Кенжебай Мәденов өзінің мектептегі кезі, туған-туыстары, әскерге аттанып, қай майданда болғаны жөнінде толық жазған. Зер салып қараған адамға сөз етіп отырған мақала кейіпкердің бүкіл болмыс-бітімін көз алдыға елестететін анықтама-өмірбаян сияқты әсер қалдырады. Осы естеліктен біз алдымен оның Өтеген, Алтынбай, Жаулыбай деген ағаларының болғанын, олар соғысқа аттанғанда қарт әке-шешесінің жағдайы қиындап, 9-шы класқа көшкен Кенжебайдың аудандық шикізат дайындау мекемесіне есепші болып орналасқандығын білдік. 1943 жылы Қаратөбедегі бұларға майдандағы Жаулыбайдың ерлікпен қаза тапқаны туралы қара қағаз келеді де, содан көп кешікпей ата-анасына қолғанат болып жүрген біздің кейіпкеріміз де әскерге алынады. Аз-кем дайындықтан өтіп, арнайы курста кіші командир дәрежесін иеленген оның алғаш рет шайқасқа кірген жері 3-Украин майданының 57-ші гвардиялық дивизиясындағы 170-ші полк жауынгерлерінің шабуылға шыққан Кривой Рог түбі екен. «Бұл 1943 жылғы қараша айы еді», – дейді сөз етіп отырған естелігінде Кенжебай Мәденов. Содан ол кезекті бір шайқаста аяғынан ауыр жараланып, госпитальға түседі де одан шыққан соң 5-ші тегеурінді армияның құрамында Молдавиядағы Яссы – Кишинев ұрыстарына қатысады. Соғыс қимылдары саябыр тартқан 1944 жылдың қыркүйегінде полк басшылығы ішінде біздің кейіпкеріміз де бар, бір топ жас жігітті кіші лейтенанттар даярлайтын курсқа оқуға жіберіп, одан келген соң бұларды 1-Беларусь майданындағы 266-шы дивизияның 1008-ші полкіне бөледі. Мұнда взвод командирі болып тағайындалған ол Висла өзенін көктей өтудегі, содан соң Варшаваны азат етудегі әскери қимылдарға қатысып, 1945 жылдың қаңтар айында Германия жеріне келіп кіреді. Қыс, көктем бойы мұнда Одер, Сандомир плацдармдары үшін жан алып, жан беріскен шайқастар жүргені мәлім. Ақыры жау бекіністерінің көбесі сөгіліп, кеңес әскерлерінің өзге бөлімдерімен бірге Кенжебай Мәденов қызмет ететін полк жауынгерлері де 23 сәуірде Берлин көшелерінің шетіне ілінеді. 29 сәуірде Король алаңы маңында қиян-кескі ұрыс жүргізіп жатқан Қызыл армия бөлімдеріне қайткенде де жау ордасының төріндегі Үкімет үйлері – Ратуша мен Рейхстагты алу керек деген пәрмен беріледі. «Жолдас лейтенант! Сізді комбат шақырады деген дауысты естідім», – деп еске алыпты кейіпкеріміз «Батыр гвардияшылар» мақаласында. «Жұмысымды аға көмекшім мордва жігіті Азоркинге тапсырдым да батальон штабына бет алдым. Подвалдағы екінші бөлмеге өткен бойда капитан Иван Бобылевке: «Жолдас, комбат…» – дей беріп едім: «Жарайды… жарайды. Кел мұнда. Отыр», – деді жұмсақ үнмен». Сөйтті де: «Біз саған қиын да абыройлы тапсырманы жүктегелі отырмыз, – деді батальон парторгы Рахметолла Қарамановқа қарап қойып. – Анау қарсы алдымыздағы зәулім үйді көріп тұрсың ба? «Империя кеңсесі» деп аталатын фашистердің Рейхстагтан кейінгі атақты ордасы Ратуша, міне, осы. Қорғанысы өте күшті бұл ғимаратқа шабуыл жасап басып кіруді, оның ішін эсэс баскесерлерінен тазартып, шатырына өзіміздің қызыл ту тігуді сен жетекшілік ететін взвод жауынгерлеріне тапсырамын. Естеріңде болсын, шабуыл барысында жалғыз болмайсыңдар. Сендерді артиллерия қолдайды. Сосын, соңдарыңа тағы бір взвод ілеседі. Бірақ негізгі жауапкершілік өздеріңде». «Түсінікті, – дедім мына сөзді естігеннен кейін комбатқа. – Кетуге рұқсат етіңіз». Штабтан шыққаннан кейін взводыма келіп, жауынгерлерге алдағы міндетімді түсіндірдім. Тапсырманы қалай орындаудың жайын, шабуыл жасаудың жобасын айттым. Алдымызға қараймыз, Ратуша көп қабатты, қызылқоңыр зәулім үй екен. Көзбен шамалағанда ғимараттың қақпасына дейінгі аралық 40-50 метрдей жер секілді. Жақын болып көрінгенімен, тар көшенің екі жағына қойылған пулеметтер мен үй терезелеріне орнатылған фауст патронды қондырғыларда есеп жоқ. Қарап тұрмыз, олардан атылған оқтар Ратуша алаңына жауған жаңбырдай себелеп тұр. Бұл қорғасын нөсерінің күштілігі сондай, асфальт секілді етіп төселген тастарды тесіп өте алмай жоғары шоршып түсіп жатыр. Өстіп тұрғанымызда бізге танкілер мен өздігінен жүретін зеңбірек расчеттері көмекке келді. Өзара ақылдасып, ой бөліскен артиллеристер бір мезетте «Империя үйіне» деген «сәлемдеме» снарядтарын үсті-үстіне ызылдатып жібере бастады дейсің. Түйдектеліп барған олардың бірнешеуі Ратушаның ауыр қақпасын бұзып, үй қабырғаларын опырып жіберді. Осы сәтті, яғни будақтай көтерілген түтін мен шаң-тозаңды пайдаланып қалуға тырысқан біздің взвод: «Алға!» деген қуатты дауыспен дүрк көтеріліп, ғимарат іргесіне жетіп жығылдық. Ұрыстың жойқыны іште болды. Алысып жүріп бірінші қабатқа табан тіредік-ау әйтеуір. Жау төменнен түріліп, жоғарыға қаша бастады. Үшінші қабатқа көтеріле бергендегі бір қорқынышты оқиға есімнен кетпейді. Колонна бағанасының тасасынан шыға келген еңгезердей неміс өзінің тұсынан өтіп бара жатқан біздің жауынгердің көк желкесінен қанжар салмасы бар ма? Жас шамасы жиырмалардағы жігіттің Жеңіс сағатының соғуына санаулы сәттер қалғанда қаза табуы өзегімді өртеп жібергендей болды. Ашу-ызамен енді мен оған тап бердім. Ол да ұмтылды, бірақ кеш қалды. Дәлдеп сілтеген мылтық сүңгімнен фриц кескен теректей сұлап түсті. Ратуша ішіндегі шайқас бірнеше сағатқа созылды. Ақырында «Империя кеңсесі» жаудан түгел тазартылып, оның төбесінде біз тіккен қызыл ту желбіреп тұрды. Тапсырманы абыроймен орындаған взводымыз енді жаңа бұйрықтарды орындауға көшті. Ол алға, тек қана алға ұмтылып, Рейхстагқа қарай жылжу болатын».

Міне, кейіпкеріміз өзі туралы өзі осылай жазып кеткен. Туып-өскен жері мен соғысқа дейінгі өмірі, майдан жолдары мен Берлиндегі шайқастың шешуші сәті жөнінде бұдан артық қандай дерек, мәлімет керек?! …2013 жылдың жазы еді. Батыс Қазақстан облысына іссапарға бардым. Мақсатым – жазушы М.А.Шолоховтың Орал өңіріне 1942-1943, 1960-1970 жылдары келген кездерінен деректер жинастыру мен жоғарыдағы маршал Г.К.Жуковтың мемуарында аты аталған қазақ Кенжебай Мәденовтің ұрпақтарын іздестіру-тін. Сондай-ақ, Қазақстандағы 1928 жылғы кәмпеске кезінде Жетісудан Оралға жер аударылған туған атам Абиыр Дәркенбаевтың айдаудағы кезеңіне қатысты мәліметтер жинастыру болатын. Осыларға қатысты ойларды жүзеге асыру үшін «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Темір Құсайын екеуміз алдымен Жымпитыға аттандық. Себебі, атамның 1930 жылы КазЦИК төрағасы Елтай Ерназаровқа жазған, кейін мұрағатқа өткізіліп, бізге аман жеткен хатында сол өңірдің Былқылдақ деген ауылында тұрып жатқанын, мұнда Мұсахан деген ұлының опат болып, жергілікті үкіметтің өздерін енді Астрахань жаққа асырмақ ойлары бар екенін айтқан. Осы деректі негізге алып, Жымпитыдан 20 шақырым жердегі аталмыш ауылға, ондағы қазақ қорымына зиярат еттік. Содан соң атақты жазушы Х.Есенжановтың «Ақ Жайық» романында суреттелетін Аңқатыны бойлаған күйі Шалқар көліне өтіп, Орал іргесіндегі Дарьиинск селосына жеттік. Мұнда соғыс жылдарында М.А.Шолоховтың отбасы көшіп келіп тұрған еді. Майданда жүрген жазушының өзі де 1942- 1943 жылдары осында соғып, «Отан үшін от кешкендер» деген кітабының алғашқы тарауларын қазір музей филиалы болып тұрған іргедегі анау шағын шаруа үйінде жазған болатын. Осылардың бәрін көріп, көңілге түйіп, Оралдағы «Пушкин отель» қонақүйіне келгенімізде, вестибюльде бізді сымбатты келген әскери адам қарсы алды. Өзін: «Подполковник Андрей Владимирович Махорин», – деп таныстырған ол облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментіндегі кадрлар бөлімінің басшысы болып істейтінін айтты. Содан кейін өңірлік билік орындарынан маршал Г.К.Жуковтың кітабына кірген жерлестері Кенжебай Мәденов туралы қала, аудан музейлері мен мұрағаттарындағы материалдарды жинастыру жөнінде тапсырма алып, оның орындалғанын, енді бұл құжаттарды маған беруге келгенін баяндады. Жігітке рахметімізді қайта-қайта айтып шығарып салған соң, ол жинақтап әкелген құжаттарға үңілдік. Көбі бізге таныс дүниелер екен. Әйтсе де, мұндағы екі-үш нәрсені назар аударарлық фактілер деп айтуға болады. Оның біріншісі – Кенжебай Мәденовтің ұрпақтарының бар екендігі. Қаратөбе аудандық музейінің қызметкері Ажар Берікқалиеваның жергілікті баспасөзде жарияланған хабарына қарағанда, көрші облыста тұратын майдангердің ұлы Исатай Мәденов отбасымен әкесінің туған жеріне келіп кетіпті. Осыдан төрт-бес жыл бұрынғы сол сапарында ол музей қызметкерлерімен кездесіп, жаңа экспонаттарды тапсырыпты. Тағы бір дерек – Атырау қаласында Кенжебай Мәденов атындағы көшенің бар екендігі. «Бұл да жақсы жаңалық, игілікті істелген іс екен», – дедік ішімізден біз. Содан соң… иә, содан соң аталмыш құжаттар папкасындағы көңіл бөлерлік нәрсе – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің студенті Дәулет Кәрімовтің Ратуша қаһарманы Кенжебай Мәденов туралы «Отан деп соққан жүрегі» атты курс жұмысын жазуы. Жас ізденушінің тырнақалды еңбегіндегі сөз етіп отырған тақырыпқа қатысты жаңалық не деген сауалға жауап берер болсақ, ол мыналар деп айтуға болады. Бірінші, студент Дәулет Кәрімов өз еңбегінде кезінде жазушы Ғабдол Слановтың да өзіміз әңгіме өзегіне айналдырып отырған Кенжебай Мәденов туралы алғашқылардың бірі болып қалам тартқандығы жөнінде дерек келтіргендігі. Ол очерк «Тайсойған түлектері» деп аталады екен. Бұл туынды қаламгердің 1975-1978 жылдар аралығында «Жазушы» баспасынан шыққан 6 томдығына кіріпті. Курс жұмысының иесі осыны айтады да келесі бір қызық фактіні баяндайды. Ол көп жылдар бойы Қазақстан Жазушылар одағының Гурьев облыстық бөлімшесін басқарған драматург Берік Қорқытовтың естелігі. 1999 жылы «Атырау» газетінде жарияланған «Есімі еленбей қалған ер» атты мақаласында қарт қаламгер былай дейді: «1969 жылы еді. Бір күні Кенжебай үйге телефон шалып; «Сенде Жуковтің кітабы бар ма?» – деп сұрады. «Бар». «Сол кітапты екі-үш күнге берші. Оқиын». «Өзің туралы жазған кітапты әлі оқымай жүрмісің?» «Қолыма түспеді. Оқыған жұрттар да сенің айтқаныңды айтады. Соны өз көзіммен оқиын деп едім». «Кел, алып кет». Кенжебай келіп кітапты алып, екі-үш күннен кейін қайтып әкелді. Басқа бөспе біреу болса, Жуков мен туралы жазыпты деп елдің мазасын алып, даурығып жүрер еді. Кенжебайда ол жоқ, баяғы қарапайым қалпы. «Кітап қалай екен?». «Жақсы екен», – деді де отырмастан нан ауыз тиіп, шығып кетті». Міне, біз бұл өмірлік детальдан кейіпкеріміздің өте мәдениетті, ақылды, жоғары адамгершіл қасиеттерге ие жан екенін білгендей боламыз. …Кей мақалалар болады, өте тез жазылады. Ал, енді бір туындылар ұзақ ізденуді, қолыңда фактілер болса да қосымша деректер жетпейтін сияқты болып сабырлықпен тосуды талап етеді. «Тағы да күте тұрсам, қызық нәрселер тапсам, өзгелер жазған жәйттерді қайталамасам», – дейсің іштей. Ойдағы, көңілдегі бұл тақырыпты енді соза берудің, кейінге қалдырудың еш реті жоқ екенін біліп, жоғарыдағы жолдарды жазып отырмыз, құрметті оқырман. Жеңістің 75 жылдығында қаһарман қазақ Кенжебай Мәденов аруағына арналған ақ ниетіміз, ізгі ілтипатымыз осы деп біліңіздер.

Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation