..."/>
САЯХАТ

Суық жердің сиқыры

Cmannphoto, Getty Images

Тропик пен шөлді қоя беріңіз, кейбір төзімді адамдар аса суық аймақтарды таңдайды.

Қысқы күні Канаданың Гудзон шығанағының жағалауындағы тундрадан поляр аюларын іздеген бесеуіміз арнайы жасақталған көлігімізді гүрілдетіп келеміз. Қарлы дауылдан дала көрінбеске айналған.

Тундра баггиге отырғанымыз сол еді ол жылу беруі істен шықты. Оны жөндемек болған талпынысымыз нәтиже бермеді. Бізді суықтан жұқа әйнек пен металл ғана қорғап тұрды.

Күн ұясына батып барады. Дала суық.

Дегенмен, біз үшін еш қауіп жоқ. Біз аялдайтын жылы мекен сондай алыс емес. Бара-бара қалың паркамызға тереңірек еніп барамыз. Шарап пен вискидің бір-бір шөлмегін шығардық. Басымызға түскен жайт туралы аздап есірік әзілдер айтамыз.

Күн суық, бірақ, біз бақыттымыз. Ал, мен өз орнымдамын.

Солтүстік мұзды мұхитында мұзжарғышпен мұзды жарып өтуден бастап, Антарктиканың дауылдарымен алысуға, Аляскада лашықта өмір сүруден бастап, солтүстік полюске аяқ тіреуге дейінгі өмірімнің көптеген жарқын сәттері еліртетін күтпеген суыққа қасқая қарсы тұрудан тұрады. Дәл осы жерде, осы ортада ғана мен өзімді нағыз үйдегідей сезінемін. Бұл — мен өмір сүруге бел байлаған, көрсем деп армандаған және мен үнемі қайта оралатын мекен.

Дегенмен, бұл сөзім менің суықта тыр жалаңаш жүре беретінімді білдірмейді. Кейде ақ ұлпаның арасынан жас балаша шаттанып, қыстың қаншалықты сұлу болатынына таңыр­­қайтын кездерім де, мұз боп қатқан құбырларға жылытқышты өлермендікпен қойып, «Гавайиде тұрғанымда ғой» деп армандайтын күндерім де болады. Қыстың мен ұнататын кезі — оның көктемге ауысатын шағы. Мұндай адамдардың, тіпті, хионофилдердің (суықты сүйетіндерге қолданылатын ғылыми атау) арасында мен жалғыз емеспін. «Суық климаттағы тіршіліктің тыныштығын жақсы көремін, – дейді Polar Bears International ұйымының ғалымы, досым әрі Канаданың Йеллоунайф қаласының тұрғыны Алиса Маккол. – Алайда қыстың қақ ортасында далада қалып, автобусты ұзақ күткен кезде «үсіп қалмасам екен» деп жалбарынатын сәттердің болатынын жасырмаймын».

Одан әріге барып, солтүстік пен оңтүстік полюстерде шаңғы теуіп, Эверестке көтеріліп, Гренландияның мұзды қабатын кесіп өткен тағы бір досым бар. «Суықта тоңу ғажап!» – Эрик Ларсеннің ұраны, ол оны электронды поштасындағы визиткасында пайдаланады. «Бірақ, шынымды айтсам, маған жаураған ұнамайды. Жаурағанды жек көремін. Мен суық жерлерде жылы жүргенді ұнатамын», – дейді ыржия ол.

Рас, суықта болудың ең үлкен рахатының бірі – жылы жүруде. Полярлық квестке аттанған команданың қиындықпен бетпе-бет келіп, оны бірге шешуі ерекше серіктестік рухына серпін береді: көздерінен басқа жерлерінің бәрі қымтау­­лы болса да бір ғана бас изеген белгісінен әріптесіңді тани білуің мен оны ымсыз түсіне алуың қарым-қатынастың жаңа деңгейіне жетелейді. Қыстан аман шығып, көктемнің келгеніне куә болып көрсеңіз, бәрін де түсінесіз.

Қарбаласқан әлем үшін мұнда орын жоқ. Ол бізге бәсеңдеуге мүмкіндік беріп қана қоймай, кей орталар секілді өз-өзіміз бен айналамызға көңіл бөлуге мәжбүрлейді.

Эриктің айтуынша қалтыраған суықта қауіп-қатер көп және төмен температура шұғыл әрі тиянақты шешімдерді талап етеді екен.

Алдағы уақытта суық мекендердің жоғалып кету қаупі болмағанымен, олардың ауқымы, суық мезгілдердің ұзақтығы мен тереңдігі қысқаруы мүмкін. Әлем жылынуда. Оның зардабын ең көп тартатын – суық өңірлер.

XX ғасырдың басынан бері АҚШ-тағы қысқы орташа температура жазғыкімен салыстыр­ғанда екі еседей артқан. Соңғы елу-алпыс жылда Арктиканың температурасы шамамен төрт градусқа көтерілген. Бұл – ғаламның өзге бөліктерімен салыстырғанда ең жоғарғы көрсеткіш. Солтүстік мұзды мұхитының жылдық минималды мұз жамылғысы әр онжылдықта 13 пайыздай кеміп отырады. Мен бұл материалды 2019 жылдың жазында жазып жатқанымда, Гренландияның мұз қабаты «2070 жылға дейін түгесілетін» жылдамдықта еріп жатты.

Мен Эриктің Солтүстік полюске шыққан соңғы сапарының алдыңғыларынан өзгеше болғандығы жайлы әңгімесіне ой жүгірттім. Солтүстік мұзды мұхитындағы теңіз мысығын ондаған жылдар бойы зерттеген басқа бір досымның өз баласының мұндай мүмкіндігі болмайтынына қатты қапаланғаны есіме түсті.

Мен суықта өткен тәжірибеме қайтадан ой жүгіртіп, онсыз өмірімнің қаншалықты жұтаң болғанын ойладым. Ойыма 1993 жылдың қаңтарындағы Антарктиданың Росса теңізі, Greenpeace кемесінің өзге де мүшелерімен бірге жартасқа өрмелеп шығып, оның шыңында отырып, аралға көз жүгірткеніміз оралды. Біздің оңайлықпен табыла қоймайтын киттерді аулауға арналған кемелерді іздеп, мұхитты шарлаған экспедицияларымыз ұзақ әрі қиын болды. Осыдан бірнеше күн бұрын Антарктида бар кәріне мініп, кемеміз долы дауыл мен мұзды толқын тозағына түсті. Кемені қалың мұз қабаты қаптады. Дауыл басылып, мұзды тазалағаннан кейін, әріптесім екеуіміз жағалауды аралап қайту мүмкіндігін қарастыра бастадық.

Жүзімізді мойынорағыш пен күләпарамызға қанша тықсақ та дүлей жел бетіміздің ашық тұстарын қарып тастады. Кенет, жел кілт тына қалды. Бір сәтке айналада тыныштық орнады. Біз бір-бірімізге қарап, жымидық.

Ләм-мим деп жақ ашпадық. Оның керегі де жоқ-тын. Біз күлімдеген күйі жай ғана Антарк­тидадағы жартастың шыңына жайғастық. Айнала тым тырыс. Аппақ. Суық.

 

 

Автор: Киран Малвейни

Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation