..."/>
ЗЕРТТЕУ

Короновирус балалардың көбін есіркейді.

АВТОРЫ: КАТЕРИНА Дж. В.,

2020 жыл, 25 наурызда жарияланған


Жаңа короновирус география, жыныс пен мамандық талғамайтын жұқпалы ауру. Ерте анықталғанына қарамастан, COVID-19 вирусқа иммунитеті өзгеріссіз қалатындай көрінетін балаларды қосқанда, жалпыға бірдей әсер ететіндей көрінеді. Ауру былтыр қылаң берген Қытайдың соңғы көрсеткіштерін алып қарасақ, 18 жастан төмен балалардың патогенді жұқтыру деңгейі ересектердікімен салыстыруға тұрарлық екеніне көз жеткізуге болады.

Бірақ, шындығы сол, оны жұқтырған балалардың ауыр науқастану ықтималдығы әлдеқайда аз. 90 пайыздан астам педиатриялық жағдайда ауру орташа, жеңіл не еш симптомсыз өткен. Жас ағзаның мұндай қасиеті мұның алдында желшешек секілді инфекциялық аурулардан да байқалған.

Осыған дейін пандемияға айналған SARS-CoV-2 вирусына скринингтен өткендердің көбі – ауру симптомдары байқалғандар. Симптомдары жеңіл не байқалмағандар тексерусіз қалуда. Жаһандық тестілеу әрекеттері көбейген сайын балаларда тіркелген ауру әсері әлі де өзгеруі мүмкін.

24 наурызда Лос-Анджелес округінің қоғамдық денсаулық сақтау өкілдері жасөспірімнің өлімін хабарлады. Бұл АҚШ-тағы коронавируспен байланысты алғашқы кәмелетке толмаған азаматтың өлімі саналады. Инфекциялық ауруды зерттеуші әрі Гарвардтық қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің дәрігері һәм Жаңа Англия медициналық журналының бас редакторы Эрик Рубиннің айтуынша, әлі де болса, алдыңғы тестілеу нәтижелері бізге «балалар азырақ жұқтыратын секілді» екенін айтады.

Осыған ұқсас жағдай SARS пен MERS шарпыған кезде де байқалған. Коронавирустың себебінен пайда болатын бұл екі ауыр тыныс алу жолдары ауруларының негізінен балаларды қатты аяйтыны байқалған. Ғалымдар мен дәрігерлердің жаңа вирус пен иммундық жүйенің одан қалай қорғанатыны туралы әлі үйренері көп. Алайда, SARS-CoV-2-нің неліктен балаларда жеңіл өтетінін анықтау мамандарға аурудың тарауының алдын алудың жаңа жолдарын табуға көмектесе алар еді.

«Вирусқа соққы берудің бірден-бір жолы – оның биологиясы мен ағзамыздың оған қалай жауап беретінін шынайы түсіну, – дейді Гонг Конгтағы Қытай университетінің педиатриялық пульмонологы және COVID-19-дың балаларда таралуын зерттейтін жаңа зерттеудің авторы Гари Уинг Кин Вон, – Сол кезде, біз оны барлық деңгейінде ауыздықтай аламыз».

 

Иммундық жүйенің нәзік тепе-теңдігі

Барлық инфекциялық аурулар денеде қатерлі микробтар мен иммундық молекулалардың зор әскерімен биологиялық соғыс жүргізеді. Мінсіз жағдайда, иммундық жүйе сау адам жасушаларына аса зақым келтірместен, патогендерді денеден қуып шығады. Алайда, көптеген факторлар бұл нәзік тепе-теңдікті бұзуы мүмкін. Әлсіз немесе тозған иммундық жүйе қажетінше төтеп бере алмай, инвазивті микробтардың хаос орнатуына мүмкіндік береді. Кей жағдайда, тым белсенді иммундық жүйе патогендерге қарағанда көбірек зиян келтіруі мүмкін.

Рубиннің айтуынша, ересектер COVID-19-дың әсерін балаларға қарағанда ауырлау өткереді, себебі, олардың иммундық жүйесі жеткіліксіз жауап пен тым қатты реакцияның орта тұсын таба алмайды.

Осы күнге дейінгі COVID-19-ды жұқтырған егде кісілердің көз жұмуының негізгі себебі иммундық жүйенің әлсіреуі. Диабет не жүрек ауруына шалдыққан ересектер санын балалармен салыстыруға келмейді. Бұл олардың тәнінің аурумен күресу қабілетін әлсіретеді.

«Қартайып жатқан дене 15 жыл айдалып, тозығы жеткен көлік секілді, – дейді Вон. Басқыншы келіп, оның бұзылуын тездетуі мүмкін».

Аса жетілмеген иммундық жүйелерге де қауіп төніп тұр, себебі, олар көптеген патогендерге қарсы реакция қалыптастырып үлгерген жоқ. Сәбилер арасында COVID-19 жағдайлары әртүрлі болғанымен, Қытайда ауруға шалдыққан 2143 балаға (18 жасқа толмаған) жасалған зерттеу қорытындысы бойынша ауыр не қиын жағдайлардың көбі бес жасқа дейінгілерде байқалған.   

Бірақ, біраз есейген соң балалардың иммундық жүйесі қажетті деңгейге жетіп, инфекциямен қауіпті реакцияға түспестен, оны тізгіндеп ұстай алатын болады. Ересектердегі COVID-19-дың ең сұмдық жағдайлары гипербелсенді иммундық реакциядан туындайтын көрінеді. Ол инфекция жұқтырған жасушалардың сау жасушаларды жоюымен тәмамдалады. Бұл балаларда сирек кездесуі мүмкін. Вон бұл кедергісіз шабуылдарды үйге ұрлыққа түскен екі ұрыға бүтіндей танкі батальонын жібергенмен тең екенін айтады: «Соңында, сіз бүкіл ауылды жоясыз».

Алдын-ала жұқтыру көмектеседі не залалын тигізеді

SARS-CoV-2 – адамға жұғатын жеті коронавирустың бірі. SARS пен MERS те өлімге апарып соқтыруы мүмкін. Қалғандары салыстырмалы түрде жеңілдеу, көп жағдайда жалпы суық тиюге апарып соғуы мүмкін.

Мельбурндегі Питер Доэрти инфекция мен иммунология институтының вирусологі әрі педиатриялық инфекциялық аурулар дәрігері Канта Суббараодың айтуынша жеңілдеу коронавирусқа алдын ала шалдығу (мәселен COVID-19) ересектерге қарағанда балалар үшін маңызды болуы мүмкін. Мектеп ауласындағы ортада балалар тұрақты түрде мұндай ұсақ-түйек патогендерге антиденелер бөлетіндіктен, ол жаңа коронавируспен күресте де жан-жақтылық танытуы мүмкін.

Дегенмен, алдыңғы тәжірибе коронавируспен күресте үнемі дұрыс болмауы мүмкін. Патоген организмге шабуылдағанда, антиденелер дәл сол микробтың бірегей қасиеттерін байқап, оған жабысып, оны жоятын ақ қан жасушасының аранына жібергенге дейін қарусыздандырады. Егер антиденелер вирустарға мінсіз сәйкес келсе, бұл әдіс аса тиімді. Бірақ, егер бұл патогендер вирусты жартылай ғана таныса, олар оны істен шығара алмауы мүмкін. Содан соң, вирус оны тұтынатын ақ қан жасушасына жұғып, аурудың таралуын жеделдетуі мүмкін.

Бұл иммундық жүйе байқаусызда вирусқа сау жасушаларды зақымдауға жәрдемдесетін Троя жылқысы іспетті феномен – антиденеге тәуелді инфекцияның күшеюі (АТИК) деп аталады. Бұл процесс денге вирусы мен Зика вирусынан байқалған. Алдыңғы бірнеше зерттеуде коронавирустың да солардың кебін киюі мүмкін екенін айтылған.

Егер солай болса, тап осы АТИК, инвекцияға қарсы иммундық жүйесі күшейген ересектер үшін жаңа коронавирустың неге аса қатерлі екенін түсіндіруге көмектеседі. Алайда, маманның айтуынша, бұл үрдістің дәлелі анық емес. Рубиннің айтуынша, оған қоса, SARS-CoV-2-нің, әдетте вирустар осы әдісті қолданып нысанаға алатын басты суб-топ – ақ қан жасушаларын зақымдауға икемділігі жоқ сияқты.

 

COVID-19-дың таралуындағы негізгі протеин

Жаңа коронавирус нысанаға алатын жасушаларды жақындату арқылы ғалымдар аурудың неге ересектерге көбірек зардап шектіретінінің басқа теориясына қол жеткізді. Оның ағайыны SARS-CoV-1 (SARS-ты қоздыратын) секілді, SARS-CoV-2 ACE2 атты протеинді ұрлау арқылы инфекцияға серпін береді. Ол протеин денедегі жасушалардың бетінен табылады, бірақ, әсіресе, өкпе мен аш ішекте кездеседі.

Кей ғалымдар бала өкпесінің азырақ, тіпті, өзгеше пішінде ACE2 протеиндерін бөлетінін айтады. Егер бұл рас болса, балалардың дамуындағы бұл қисынсыз қасиет жасушаны зақымдап, көбеймек болған вирустың көзін оп-оңай жоя алар еді.

Біраз, Чапель Хиллдегі Солтүстік Каролина университетінің эпидемиологы әрі коронавирусқа маманданған вирусолог Рейчел Граамның айтуынша, коронавирустарға жасушаға ену үшін көп ACE2 керек емес, оған қоса, протеиннің аздығы үнемі жақсы бола бермейді. ACE2-нің көп қызметтерінің біріне тіннің жойылуына үлес қосатын ферментті істен шығару арқылы біздің тыныс алу жолдарымызға шабуылдайтын вирустарға қарсы қорғанысты күшейту кіреді. Кеміргіштерді зерттеу де ACE2 деңгейінің жас ұлғая азаятынын көрсетеді. Бұл егде адамдардың тыныс жолдары ауруларымен күресу қабілетін төмендетеді.

 

Алғашқы күндері

Балалардың COVID-19-ға төзімділігін түсіндіретін бұл теориялардың дұрыс-бұрыстығы жайлы ғалымдардың нақты дәлелі жоқ.

 «Меніңше, бұл ашық ойын алаңы, – дейді Рубин, – біз анығын білмей жатырмыз».

Адамның генетикасы, жергілікті қоршаған орта, дәрі-дәрмек пен жасқа қатысы жоқ өзге көптеген факторлар жағдайды күрделендіре түседі. «Бұл факторлардың әрқайсысы соңғы нәтижеге жауапты болуы мүмкін, – дейді Вон. – Биологиялық жүйені анықтауға уақыт кетеді». Алайда, солай жасау пандемияны, бәлкім, алда қайта пайда болуын тізгіндеу үшін маңызды болмақ.

«Жануардан адамға тараған бұл ауыр індет тудырған үшінші коронавирус, – дейді Суббарао, – Болашаққа жақсырақ дайындалу үшін біздің мұны ұғынғанымыз өте маңызды». «Әзірге біз, балалардың қатты ауырмайтыны (көбіне) туралы ақпаратпен жанымызды жұбата аламыз. Бұл ата-ана жанын тыныштандырады», – дейді ол.

Дегенмен, Суббарао мен басқа мамандар жеңіл немесе ешқандай симптомы байқалмайтын жандар да вирусты тарата алатынын ескертеді. Вонның айтуынша, олар пандемияны таратуда маңызды фактор болуы мүмкін.

Граам ата-аналардың балаларын ақпараттандырып, олардың гигиенаны дұрыстап сақтауға итермелеуі керегін айтады. Мектептер мен бала-бақшаларды жабу көбейген сайын, балалардың бір-бірімен қарым-қатынасы азаяды, бірақ, балалардың ата-әжесі секілді осал топтағы жақындарымен қатынасты шектеу аса маңызды.

Бұл мінез-құлыққа қатысты өзгерістер оңай болмағанмен, балаларды солай істеуге ынталандыруға болады. «Балалардың жанашырлыққа деген ішкі түйсігі бар, – дейді Берклидегі Калифорния университетінің Үлкенірек ізгі ғылым орталығының даму психологы әрі балалар тәрбиесі бағдарламасының директоры Мариям Абдулла. – Апат адамдардың теріс пиғылын сыртқа шығарады деген пікір жалған. Уақыт өткен сайын қолдау көрсетіп, қол ұшын созғысы келетін балалар көбеюде. Қазір һәм мәңгі сақтап қалуымыз керек дүние – осы».

 

ФОТО: PIXABAY.COM

Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation