..."/>
ӨШПЕС ЕРЛІК, СӨНБЕС ДАҢҚ

Рузвельт жіберген орден

(Ол 1944 жылы аға сержант Жабас Ізбасовқа тапсырылған еді)


…1944 жылдың 23 тамызындағы «Красная звезда» газетіне қызық бір құжат шықты. Ол КСРО-ның екінші дүниежүзілік соғыстағы одақтастары болып табылатын АҚШ пен Англия мемлекеттері басшыларының кеңес офицерлері мен жауынгерлерін өз елдерінің орден-медальдарымен наградтаған тізім еді. Сондағы 324 адамның ішінен жалғыз қазақ көзге шалынады. Ол – аға сержант Жабас Ізбасов. АҚШ президенті Рузвельт қол қойған жарлықта оған Легионер ордені берілгені айтылған. Осы фактіні бірде майдангер-жазушы Сағынғали Сейітов ағамызға айтқанымыз бар.

– Е, ол кісімен мен 1944 жылдың желтоқсанында 5-ші армияның 193-ші дивизиясы штабында әскери тілші болып жүріп кездескенмін. Майдандық қазақша шығатын газетке мақала жазғанмын. Бірақ кейінгі тағдырынан хабарым жоқ, – деді Сәкең.

Жазушы аға редакцияға келесі бір келгенінде майдандық газеттегі сол мақаласының қиындысын әкеліп көрсеткені есімізде. Онда Жабас Ізбасовтың Ақтөбе облысынан екендігі, ауылда шофер, тракторшы, ферма меңгерушісі болып жұмыс істегендігі, МТС директорының орынбасары қызметін атқарып жүріп, 1942 жылы әскерге шақырылғандығы жазылған екен. Ал ол алған жоғарыдағы шетелдік награда туралы аталмыш мақалада: «Оның кеудесіндегі одақтастардың Легионер ордені бес тармақты жұлдыз сияқты. Алтын жалатылған лентасы үш түсті: көк, ақ, қызыл. Лентаның екі шеті көк те, оған жалғасатын қос тұсы ақ, ал нақ ортасы қызыл», деп сипаттама берілген.

«Сол Жабас Ізбасов Жеңіс күніне жетті ме? Елге оралды ма? Оның шетелдік наградаға ие болған санаулы қазақ жауынгерінің бірі екендігін жерлестері біле ме?». Осындай сұрақтарға жауап алу үшін 2000 жылы Ақтөбе облыстық ардагерлер кеңесіне хат жазған едік. Содан кейін көп кешікпей, бізге хат келгені бар. Оны жіберген Жабас ақсақалдың келіні екен. Ол кісі өзінің Алға қаласында тұратындығын, қарияның майданнан аман-есен келіп, ұзақ жыл ғұмыр кешіп барып, осы бертінде қайтыс болғанын айта келе, шетелдік орденнің қазір көненің көзіндей болып үйлерінің төрінде ілулі тұрғанын баяндапты. Бұл хабар қолымызға тигеннен кейін күндердің күнінде Ақтөбе жаққа іссапарға шыға қалсақ, Алға қаласына барып, Жабас Ізбасов ақсақалдың туған-туысқандарымен сөйлесерміз, орденді  көріп, суретке түсіріп алармыз деп ойлағанбыз. Өкінішке қарай, ол жаққа жолымыз түсе қоймады. 2005 жылы, Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында жоғарыдағы жәйттің есімізге келмесі бар ма? Дереу Ақтөбедегі әріптесіміз Бердібай Кемалға хабарласып, мүмкін болса оның Алғаға баруын, Жабас Ізбасовтың келінімен жолығып, аталмыш жәдігерді суретке түсіріп, бізге салып жіберуін өтіндік. Көп кешікпей одан арнайы хат, суретке түсірілген орден мен оның ресми қағазы да келіп түсті. Содан бері ол біздің жеке архивімізде сақтаулы.

 

Авторы: Жанболат АУПБАЕВ, 


Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation