..."/>
ӨШПЕС ЕРЛІК, СӨНБЕС ДАҢҚ

Қызыл Армиядағы табанды әрі төзімді жауынгерлер қазақтар болды

Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақтар шетелдiк тарихшылар еңбектерiнде қалай көрініс тапқан? Ондағы қандастарымыздың майдан даласындағы қимылдарынан хабардар ететiн нендей деректер бар? Естуiмiзше, Александр Верт деген ағылшын қаламгері болған екен. Сол кiсi соғыстағы қазақтар туралы өте жақсы пiкiр айтып, жылы лебiз бiлдiргенін академик М.Қозыбаев, көрнекті тарихшы ғалым Т.Балақаев өз еңбектерінде қысқаша айтады. Ол кiм? А.Верттің майдандағы бiздiң қандастарымызға не себептi көңiлi ауып, қалай зерттеп жүр?

Осы сұрақтарға жауап іздеп көрсек, мәселе былай екен. Ағылшын журналисi Александр Верт 1941-1946 жылдары Кеңес Одағында тұрып, Англияның iрi газетi «Санди таймс» пен «Би-би-си» радиосының тiлшiсi болып қызмет атқарады. Сонда ол майдандарды аралап, әртүрлi деңгейдегi әскер басшыларымен және жауынгерлермен, сондай-ақ тыл еңбеккерлерiмен тығыз байланыста болады. А.Верт кейiн өзiнiң 1967 жылы Мәскеуде жарық көрген «Россия 1941-1945 жылдардағы соғыс кезiнде» деген кiтабында қазақтардың соғыстағы ерлiктерi туралы: «Қызыл Армиядағы табанды әрі төзімді жауынгерлер қазақтар болды. Осы қасиетінің арқасында қазақтар соғыстың өн бойында өздерін тек жақсы жағынан көрсете білді. Ал от-жалынға оранған Сталинградтың өзіне келер болсақ, ондағы ең таңдаулы жауынгерлер Орта Азия халықтарының өкілдері еді», – деп жазды.

Оқырмандарға түсiнiктiрек болу үшiн: «Александр Верт кiм?» – деген сауалға жауап берiп, оның өмiр белестерiне аздап та болса тоқтала кетейiк. Ол 1901 жылғы 4 ақпанда Петербургте туған. Әкесi ағылшын да ал шешесi орыс едi. 1917 жылы ата-анасымен бiрге Ұлыбританияға көшiп барып, 1922 жылы Глазго университетiн бiтiргеннен кейiн журналистикамен әуестенеді. Сөйтіп Англия, АҚШ, Франция және тағы басқа елдердiң баспасөз органдарында қызмет iстейдi. Жастайынан орыс тiлiн өте жетiк бiлгендiктен, соғыс жылдары, бiз жоғарыда атап өткен «Санди таймс» газетi мен «Би-би-си» радиосының Мәскеудегi тiлшiсi бола жүрiп, Ұлы Отан соғысы кезiндегi кеңес халқының немiс фашист басқыншыларына қарсы күресi жөнiнде iргелi еңбек жазады. Онда қазақ халқы перзенттерінің майдандағы ерлiктерiне де жоғарыдағыдай жылы лебiз бiлдiрдi.

 А.Верт Сталинград маңында жүрiп 1943 жылдың 31 қаңтарында кеңес әскерлерiнiң қолына түскен фельдмаршал Паульстi көрiп, аудармашы офицер Л.Безыменский арқылы онымен тiлдескен адам және генералдар В.Чуйков, Р.Малиновскиймен, әртүрлi әскери құрам жауынгерлерiмен, тiптi соғыс тұтқындарымен де әңгiмелескен жан. Ағылшын журналисiнiң бiз жоғарыда сөз еткен кiтабы 1964 жылы алдымен Англия мен АҚШ-та, одан сәл кейiнiрек Франция, Батыс Германия, Жапонияда жарық көрiп барып, 1967 жылы КСРО-да басылады. А.Верт онда қосымша дерек ретiнде соғыс жылдары маршал К.Рокоссовскиймен Польшада, маршал Г.Жуковпен Берлинде кездескенiн, ал 1946 жылдың қыркүйегiнде И.В.Сталиннен шағын интервью алғанын да айтады. Және Кеңес Одағының К.Симонов, А.Сурков, И.Эренбург, М.Шолохов сияқты көрнектi жазушыларымен таныс байланыста болғанын да әңгiмелейдi. Ол 1969 жылы 5 наурызда Парижде қайтыс болады.

 

Авторы: Жанболат АУПБАЕВ, 


Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation