..."/>
ЗЕРТТЕУ

Ашушаңдық ғылымы

ДАУЫСТАП ШАЙНАУ, МАЗАНЫ АЛҒАН ШЫБЫНДАР, ҰШУ УАҚЫТЫН КЕШІКТІРУ, РОБОҚОҢЫРАУ МЕН ЖЫЛТЫЛДАҒАН ЖАРНАМА… БОЙЫҢЫЗДЫ ӘЛІ АШУ КЕРНЕП ТҰР МА?

Қарбаласқан әуежайдың ұшу қақпасында тұрғаны­ңы­­з­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­ды елестетіп көріңіз. Ұшақ 20 минутқа кешігіп жатса да, таблода «уақытылы» деп тұр.

Сол жағыңыздағы әйел иісі сұмдық бірдеңені шалпылдатып жеп отыр. Оң жағыңыздағы ер адам біреумен телефон арқылы ұрсып жатыр. Дәл төбеңіздегі теледидардан Бибер мен есепсіз Кардашиандар туралы өсек-қауесетке негізделген бітпейтін шоу легі көрсетілуде. Әлдебіреу уақытты өлтіру үшін сізді әңгімеге тартып әлек…

Суреттелгендердің біразы, не көбі, не бәрі жүйкеңізді тоздыртары анық. Әрине, сіз әулие болмасаңыз ғана… Біз ашушаңдықтың не екенін басымызға түскенде білеміз. Дегенмен, ғылыми тұрғыдан ыза деген не? Оны нендей жайт тудырады? Кей дүние бәрінің ашуын тудырса, басқасы кейбірінің ғана жүйкесіне тие ме? Жүйке тоздырмайтын жол бар ма? Ғылым қандай кеңес береді?

Бұл сауалдардың жауабы жоқ, біз оны білмейміз, осымен доғарайық.

Ашушаңдық – адамзат эмоцияларының ішінде ең көп кездесетіні, бірақ ең аз зерттелгені. Бұл мәлімдемемді неге сүйеніп айтып отырмын? Осыдан он жыл бұрын журналист әріптесім Флора Лихтман екеуіміз «Ыза: ашу қоздыр­ғыштар туралы ғылым» атты кітабымызда осындай мәлімдеме жасадық. Әзірге бұл бағытта үлес қосқандар жоқтың қасы. Мін таққандар да некен-саяқ.

Біз бұл тақырып аясында зерттеудің аз екенін айтқалы ғалымдар мәселені қолға алды ма? Бір университетте болсын Ашушаңдық ғылымы факультеті ашылып, оған зерттеу жүргізу үшін арнайы мамандар тартылып, бұл мамандыққа оқыта бастады ма? Жоқ. Ештеңе де ашылмады. Түк те жоқ. Нөл.

Бұл соңғы он жылда қанымызды басымызға шаптыратын дүниелердің ауқымы тарылғанын білдірмейді. Керісінше. Twitter-дің кең таралып, танымал болғаны соншалық, кезінде еш зиянсыз болып көрінген әлеуметтік желі платформасы қазіргі таңда өміріміздің барлық саласына еніп, біздің бас сұқпауымыз керек мәселелерге араласуға итермелеу­­де. Белгілі тұлғалардың әлеуметтік желідегі пандемиясы, робоқоңыраулардың орынсыз мәрттігі мен персонализацияланған не поп-ап (жылт етіп атып шығатын) жарнамалар қаптап барады… Бұлардың арасындағы менің фаворитім – электрлі скутер. Бұл бәлелер қозғалыс кезінде де, тұраққа қойылған кезде де жаяу жүргіншілерге (көбісі байқамай сүрініп құлап жатады) қауіп төндіреді. National Geographic-тің жүйкеміз неден таусылатынына қатысты онлайн сауалнамасының нәтижесі астыда бар.

ҚАЙДАҒЫ БІР НӘРСЕ ҮШІН НЕГЕ АШУЛАНА БЕРЕМІЗ? Сараптама нәтижесінде бұған әсер ететін үш факторды ерекше атап өтуге болады.

Біріншіден, ол физикалық тұрғыдан зиянды болмаса да мазаңды алатын дүние. Шыбынның түбіңізге жете қоюы екіталай.

Екіншіден, ол болжауға келмейтін және тұрақты емес жайттар. Жағымсыз дыбыс не иіс арагідік шығып тұрса, ол ашуды қоздырмай қоймайды. Мәселен, сағаттың қатты тықылдауы не мысықтың дәрет сындыратын қорабының иісі бастапқыда ашуыңызға тисе де, оны үнемі естіп, иіскеген сайын уақыт өте келе ол байқалмай кетеді. Қоздырғышқа біртіндеп төзімділіктің пайда болуын психологтар «бойдың үйренуі» деп атайды.

Қоздырғыштың үзілмелілігі оны болжауды әрі сол арқылы оған дайын болуды қиындатады (тіпті, мүмкін емес). Егер сіз кептелісте тұрып қалатыныңызды білгенде, оны ауыр қабылдамас едіңіз я алаңдамас едіңіз. Бірақ кептеліс аяқасты болғандықтан, өзіңізді қолға алғанға дейін ол сізді ашуландырып үлгереді.

Үшіншісі, әрі соңғысы: әлдененің шынымен ызаңыз­­ға тиюі үшін белгісіз уақыт аралығында үздіксіз орындалуы керек. Ұшу уақыты бір сағат кейінге шегерілсе, төзуге болады. Бірақ ол, расымен, бір сағат болса ғана. Ештеңе түсіндірместен уақыттың қайта-қайта шегеріле беруі қатты ашу тудырады.

Енді, сіз соңғы параграфты оқып алып, өзіңізге: «Бір сәт кідіре тұршы, ұшақтың кешігуі соншалықты да ашуланатындай жайт емес қой», – деуіңіз мүмкін. Менің оқуға қызықты кітабым болса, әуежайда күтуге қарсы емеспін. Бұл – қоздыр­­ғыштың басқа қасиетіне қатысты айтылған әңгіме. Америкалық психологиялық ассоциация­ның бас ғылыми директоры Рассел Шиллингтің айтуынша: «Бұл – «жағдайға тәуелділік». Индивид пен ұлттар арасында құбылмалылық көп». Мәселен, жолаушылардың қанын басына шаптыратын түсініксіз кейінге шегерулер – ұшқыш үшін жұмыстың бір бөлігі ғана.

Бір жағажайда екі бірдей америкалық отбасы демалып жатса, олар сүлгілерін жинақы жайып жайғасар еді. Бұл қоздырғыштардың ұлтқа қарай өзгеретініне қатысты мысал. Кей Жерорта теңізі елдерінде өзге адамдардың жанына жайғаса салу қалыпты жағдай, бірақ бұл көптеген америкалықтардың ашуына тиетін нәрсе.

Шиллингтің айтуынша, мұндай құбылмалылық дүниежүзілік қоздырғыштар сипатын анықтауды қиындатып отыр. Дегенмен, кей жағдайда осындай даралық керек болып қалады. Психиатр досымның айтуынша, оның пациенттері өздерінің жеке арам ойлары жайлы айтуға құлықсыз болғанымен, жүйкелеріне тиетін адам мен жайттар жайлы көсілгенде, ауыздарына ақ ит кіріп, көк ит шығады. Адамдарды ашу қоздырғыштары жайлы әңгімеге тарту – олардың психикасына жол ашудың төте жолы.

Қызықты жайттардың бірі қоздырғыштардың уақыт өте келе өзгеретіндігі. Он жыл бұрынғы зерттеуде әлемде ең қатты ашу келтіретін әрекет – ұялы телефонмен дауыстап сөйлесу болған. Біз мұның себебі – миымыздың о бастан шындықтың толық бейнесін елестетуге бейімдігі деп есептедік. Адам әңгіменің жартысын ғана естігенде, оның толық бейнесін құрастыра алмауы ызасын тудырады деген болжам жасадық.

Сосын, телефонмен біреу сөйлескенде оны еріксіз тыңдап отырған адам ғана көбіне ашуланады екен. Бүгінде қоңырауға жауап беретіндер ашуға булығып жататын секілді. Мен робоқоңырау жайлы айтып тұрған жоқпын. Мен, тіпті, жақын досының күтпеген қоңырауының өзі жүйкесін жұқартатынын айтқан жиырма шақты адамның пікірі туралы айтып отырмын. Ондағысы «жазып жібере алатын кезде несіне хабарласады» немесе «қоңырау соғуға рұқсат па деп жазып жіберуің керек еді» деген ой екен.

Бәрімізге ортақ ашу қоздырғыш бар болса, адамзат физиологиясы оны анықтауымыз­­ға қажетті шешім ұсынатыны анық. Нағыз қауіптілерінен қорғануымыз үшін іске қосылатын әртүрлі рефлексіміз бар. Лоқсу бізді улы болуы мүмкін заттарды жұтып қоюдан, ал көз жыпылықтату жанар қарашығын оған қарай бағытталған қауіптен қорғайды. Мәселен, жүрек айнытатын әтір сепкен біреудің ыза келтіруінің себебі лоқсу рефлексінен болса керек.

Адам мінезі мен қызуқандылығы да үлкен маңызға ие. Холестерин деңгейі жоғары гиперхолестеринемияға шалдыққан адамдарды зерттеу оның деңгейін төмендететін алғашқы дәрілердің шығуына себеп болғандай, мизофония ауытқуына шалдыққандарды зерттеу де біздің сабырға келу жолдарын табуға көмектесуі мүмкін.

Генетикалық және сирек аурулар туралы ақпарат орталығының ұлттық институтына сәйкес, өзгелер зиянсыз деп тапқан дыбыс­тар мизофонияға шалдыққан адамда қатты эмоциялық реакция тудырады. Әлдебіреудің демалғаны, есінегені не чипсы шайнағаны сезімтал жандардың дегбірін қашыруы мүмкін. Жүйке сақтаудың жолы табылса, оның біршама пайдасы бәрімізге тиетіні анық.

Кітап жарыққа шыққалы он жыл ішінде мен қандай да бір жағдайдың жүйкеге тиюінің себебі мен қызбалыққа салынудан өзімізді қалай қорғай алатынымыз жайлы көп ойландым. Әсілінде, жауабы таңғаларлықтай қарапайым: сабыр түбі – сары алтын…

 


Редактордың ескертпесі: Автор әсерлі сөздерді тым көп пайдаланғандықтан, мәтінді редакциялауымызға тура келді. Құрметті оқырмандар, бұл сіздің ашуыңызға тисе, кешірім сұраймыз.

Қоздырғыштар, жалғасы

 

Сөздер Тағамдар
LOL … Жынды … Бері қара … Ықпалды … Еркек бол … Менің қателігім … Жалған жаңалық …
Көңіл бөлмеу … Оян …
«Не де болса – осы».
Сасық ірімшік … Бамия … Ананас қосылған пицца … Жеңілдетілген сыра … Егістік күнзе … Қызылмия … «Асқабақ дәмдеуіші бар кез келген тағам».
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation