..."/>
САЯХАТ

Велосипедпен әлемді шарлаған қазақ

Талғат Жұмабеков фото

 

Танысып қойыңыздар: Қазақстаннан шыққан велосаяхатшы Талғат Жұмабеков.

 

Оның велосипедпен жер шарын шарлап жүргеніне бес жыл болды, осы уақытқа дейін ол қазақ туын 41 елде желбіретіп үлгерді. Бірақ биыл ол мамыр мен қараша айы аралығында әлемді шарпыған пандемия салдарынан АҚШ-тың Лос-Анжелес қаласында «қамалып» қалған еді. 15 қарашада ол өзінің велосаяхатын жалғастырып, Мексика (42-ші мемлекет) шекарасын асты. Сонымен, қазір Талғат Мексикада. Талғаттың бесінші веложорығының бағыты Солтүстік Американың солтүстік нүктесінен басталып, Оңтүстік Американың оңтүстік нүктесіне дейін жетпек. Отандасымыз әлемнің 150 еліне баруды жоспарлап отыр.

 

Талғат Жұмабеков

 


Кейіпкер келбеті: Талғат қым-қуыт үлкен қалаларды, тас орманды ұнатпайды. Ондай қалаларда ұзақ тұра алмайды. Оның жаны табиғат пен саяхатты сүйеді. Ол негізінен жалғыз саяхаттайды, ол – экстремалды саяхатқа бекінген адам. Ол ақша мен дүниеге, материалдық игілікке еш қызықпайды. Бар байлығы – астындағы велосипеді, ол комфорттан бас тартып, тек ең қажетті деген азғантай заттарды қанағат еткен кісі. Ең басты жетістігі – Аллаға сенімі нығая түскендігі. Оның пікірінше, кез-келген мемлекеттің сәні – адамдар. Ол өз жолында қайырымды, қарапайым да ақкөңіл адамдар көп кездесетінін айтудан шаршамайды. Сапары барысында Талғат елшіліктер мен қазақ диаспораларының өкілдерімен, жергілікті халықтармен кездесіп, оларға өзінің елі, халқы туралы көп айтады.


 

Талғат Жұмабеков арғы атасы Баянауылдан шыққан Жезқазғанда туып-өскен қазақ. Жер шарын аралай бастағанға дейін ол бимен, хореографиямен айналысты, өзінің би тобы да болған еді.

Қиын-қыстау тоқсаныншы жылдары көптеген қазақстандықтар сияқты Талғат та коммерциямен айналысып көрді, бірақ одан бизнесмен шықпады. Ол шығармашылыққа қайта оралып, Алматыға көшті. Алматыда Қыдырәлі Болмановпен танысып, бір кездергі атақты «АБК» тобының директоры болып біраз жұмыс істеді.

Сосын ол музыкант, композитор һәм аранжировка шебері, марқұм Қайрат Жәнібековпен танысты. Екеуі жақын достасып, «Дизель» деген топ құрған.

Кейін Талғат продюсерлік жұмыспен айналысып, отандық әншілердің альбомдары мен клиптерін шығарды, ірі компаниялармен жұмыс істеп, той-бизнесті де біраз дөңгелетті, үлкен концерттер өткізді. Ол өзін қашан да шығармашылық адам деп санайтын.

Жеке өмірінде болған біраз ауыр сынақтан соң ол қажылыққа баруды ұйғарды. Осы шешімнен кейін өның өмірінде кілт өзгеріс болды. Ол қасиетті Меккеге жаяу бармақ болып, әлеуметтік желілер арқылы өзіне серік іздеді. Сонда бір танысы «қажылыққа велосипедпен неге бармасқа» деген ұсыныс айтқан екен. Бұл кеңес Талғатқа ұнап қалды. Күндердің күні ол дүкенге барып, саяхатқа қажетті деген заттардың бәрін бір-ақ күнде сатып алды: велосипед, велосөмкелер, палатка, ұйықтау мөшегі мен қалған ұсақ-түйегін сайлап, тас-түйін дайындалды.

 

Талғат Жұмабеков

 

Алғашқы веложорық

Мекке бағытындағы ең алғашқы веложорығына Талғат 2015 жылдың 6 қарашасында аттанды.

– Әлі есімде, мен жолға шыққанда күн салқын, -5 шамасында еді. Сондағы ең алғашқы ойым: «Мен не істеп жүрмін өзі, қайда бармақпын?» Аллаһ-Тағалла маған сынақ жіберген екен солай, жаңбыр да тамшылай бастады. Бірақ мен бастаған істі аяқсыз қалдырмайтын адам едім. Сол-ақ екен, сәлден соң күн ашылып, мен де бейне бір Аллаһтың жылы нұрын сезінгендей, сапарымды жалғастыра бердім.

Ол Қазақстанның оңтүстігін, Каспий жағасын, Ресей, Әзербайжан, Грузия, Түркияны басып өтіп, Ыстамбулға жетті. Сириядағы соғыс кесірінен ары қарай Каирге ұшақпен жетуге тура келді.

Сауд Арабиясына Мысыр арқылы бармақ болған Талғат Каирге ұшып келгесін Қызыл теңіздегі Нуэйба портына қарай тартты. Сол жерде паромға міне бергенде визасының жоқтығынан оны ары қарай жібермей қойды. Содан ол Түркия арқылы Қазақстанға қайтып келді. Ер кезегі үшке дейін демекші, кейін ол өзінің 4-веложорығында үшінші рет тәуекел етіп, қажылыққа барды, бұл туралы әлі айта жатармыз.

Сонымен, жорығының бірінші турында Талғат бес елде болды – Ресей, Әзірбайжан, Грузия, Түркия, Мысыр. Велосипедпен жеті мың шақырымдай жол жүрді. Осылайша велосаяхат оған қатты ұнап қалады. Ел мен жерді, адамдар мен халықтарды тереңірек танығысы келген ол жер шарын айнала саяхат жасауға бекінді.

 

2-веложорық

Екінші веложорық Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды, оның бағыты Батыс Қазақстандағы Атырау қаласынан басталып, Испанияның Барселона қаласына дейін еді. Бұл жолды Талғат өзінің жас досы Асқар Сызбаевпен бірге жүріп өтті. Старт пен финиш аралығындағы уақыт 100 күнге созылды. Сол уақыт ішінде қазақстандықтар 25 мемлекетті, 10 мың шақырым жолды басып өтті.

 

3-веложорық

Бұл саяхат та оңтүстік астанадан басталды. 2017 жылдың 30 сәуірінде Талғатты Республика алаңынан ресми түрде шығарып салды. Ол Астанаға дейін жетіп, одан әрі Семейге, Семейден Омбыға шықты, Ресейді кесіп өтіп, Еуропаға жол тартты. Қазан, Мәскеу, Беларусь арқыры Польшаға кірді, Польшадан Германияға жетті.

– Германияда мені біздің қазақтар күтіп алды, қатты қуандым. Польша шекарасынан өткеннен кейін Одердегі Франфуркт қаласына кірдім, сонда «Ассалаумағаллейкүм, Қазақстан!» деген сөзді естідім. Менің Қазақстаннан екенімді біздің сондағы жерлестер қазақтың көк туынан біліп қойды, мен велосипедіме ту тағып жүремін. Одан кейін де жол бойы көптеген жерлесімді кездестірдім. Олардың бәрі әлеуметтік желілерде топтасып алып, бір-бірімен жақын араласады, қай ірі қалаға барсам да мен туралы хабар сонда тұратын жергілікті қазақтарға жетіп, олар мені күтіп алды. Мен Голландия арқылы Бельгияға кіргенімде де мені біздің қазақтар күтіп алды. Францияның Парижіне келсем, онда да қазақтар шықты алдымнан. Қайда барсам да біздің қазақтар жүр.

Франциядан кейін Талғат Мадридтен бірақ шықты. Испаниямен жүріп өтіп, Гибралтар бұғазына жетті, сол жерден паромға мініп, Африка құрлығына, Мароккоға аяқ басты.

– Марокко да керемет ел екен, ол жерде Қазақстаннан барған студент жастарды кездестірдім. Олар тіл үйрену курсында оқиды екен, мені тіпті қонаққа шақырды.

Мароккодан ол ұшаққа мініп Иордания жеріне қонды, сол жерден умра жасау үшін тағы да Сауд Арабиясына бармақ болғаны сол еді, бұл жолы да әлдебір себептермен Талғатқа Меккеге бару бұйырмады.

Иорданиядан өткен Талғат тағы Түркияға аттанды. Антальяға келді. Атлант жағалауымен Ыстамбулға дейін жүрді, сол жерден Қара теңізді жағалап, тағы да Грузия мен Әзірбайжанға келді.

Ресейге де ат басын тіреп, Солтүстік Кавказ арқылы Мәскеуге барды. Ресей астанасында Талғат қазақ диаспорасымен танысты. «Алтайға соғыңыз, ол жерге соқпай кетуге болмайды» деген кеңес айтылды. Осылайша маршрутқа киелі Алтай да түсті.

Бұл жорық 17,5 айға созылып, Астанада аяқталды.

 

Талғат Жұмабеков велосаяхат

 

4-веложорық

Төртінші велосаяхатында Талғат көптен күткен қажылығына бара алды. Визасы оған Меккеге ұшақпен немесе автобуспен бару мүмкіндігін берсе де, ол шекарадан өзінің қос дөңгелекті темір тұлпарымен өтуге тәуекел етті.

– Мен Біріккен Араб Әмірліктеріне келгенде Сауд Арабиясының өкілі, жас офицер мені тоқтатып, маған менің визам велосаяхатқа арналмағанын айтты. Қайта танысымның көмегі тиді. Ол жаңағы офицерге менің велосипедпен қандай жолдармен жүріп өткенімді, Меккеге қажылыққа осымен үшінші рет талпынып келгенімді араб тілінде жазып берді. Осы тұста тағы бір ғажап орын алды. Басшылықпен ақылдасқан олар мені шекарадан өткізді. Қуанышымда шек болмады. Шекарадан өткен соң құмды дауылға да, қолайсыз ауа-райына да еш мән бермедім, бойыма үлкен күш біткендей еді.

Осылайша Талғат өзінің өмірдегі бір ұлы мақсатына жетті.

Киелі қала Мединаға барар жолда Талғаттың артынан полиция көлігі еріп, бірге жүріп отырды. Оның себебін сұрауға Талғат батпады, жүре келе көзі де үйреніп кетті оларға. Кенет дүлей дауыл тұрып, құм ұшты, қозғалу қиындап кетті. Сонда Талғат жаңағы полицейлерді арттан емес, алға түсіп жүруін сұрады. Олар қажылыққа велосипедпен бара жатқан қазақтың алдына түсіп, ауа-райының қолайсыздығынан қорғады.

4-веложорығында Талғат Өзбекстан, Түрікменстан, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы арқылы 6 мың шақырым жол жүрді.

Ал жалпы төрт жорықтан кейін артта 39 мемлекет пен 55 мың шақырым жол қалған еді.

 

Талғат Жұмабеков

 

5-веложорық

Бесінші велосаяхатқа Талғат 2019 жылдың жазында шықты, Солтүстік Американың солтүстік нүктесінен Оңтүстік Американың оңтүстік нүктесіне дейін жетуді жоспарға қойылған. Аляскадан басталған сапар, Канадада жалғасты. Көптеген жерлеспен кездесуге мүмкіндік туды. АҚШ-ның ірілі-ұсақты қалаларында болды.

Қарапайым америкалықтар Талғатты туған бауырындай күтіп, қонатын жерін, тамағын ұсынды. Қазақ жиһанкезіне сенгені сонша, біреулер тіпті тынығуға үйіне шақырып, өздері жұмысына кетіп қалған жағдай да болған. Ал кешкісін Талғатпен бірге шай ішіп, Қазақстан туралы, қазақтар туралы сұрайды екен.

Аляскада велосипедінің бір педалі түсіп қалғанда жергілікті бір тұрғын жаңа педаль тауып беріп, үйіме қонақ боп кетіңіз деп жалыныпты. «Саяхатшыларды үйіне кіргізетін адамдардан айналдым», – деп Талғаттың әлеуметтік желіде жазғаны бар.

2020 жылдың 6 мамырында Талғат Лос-Анджелес қаласына келді. Сосын пандемия кесірінен осы жерде бөгеліп қалды. Онда жарты жыл жүріп қалып, көптеген адаммен танысты, жаңа достар тапты. Олардыңа арасында атақты жерлесіміз, даңқты былғары қолғап шебері, «Балқаш жолбарысы» Василий Жиров та бар. Бос уақытында ол жиналып қалған видеоматериалды монтаждап, Туран-ТВ телеарнасы мен өзінің YouTube-тегі арнасына (MUSAFIR PUTNIK) дайындады.

15 қарашада ол өзінің жаһандық саяхатын жалғастыра алды. Қазір ол АҚШ-тан шығып, Мексика шекарасынан өтіпті.

Сонымен, бес веложорығы аясында Талғат 41 мемлекет пен 70 мың шақырымдай жол еңсерді. Мексика – оның барған 42-ші мемлекеті.

 

Талғат Жұмабеков

 

Саяхаттың мәні неде?

Талғатты түсінбейтіндер бар. «Еріккен», «Басыңды не үшін қатерге тігіп жүрсің», «Бұдан не табасың» дейтіндер аз емес. Бірақ, бұл Талғаттың қиындықтармен күресудің бір жолы екенін ешкім түсінбек емес.

– Мен Құдайға сенетін адаммын. Алла алдында жаным мен жүрегім таза болса екен деймін. Терең ойлауды үйреніп жүрмін, дүниенің мән-мағынасын түсінетіндер аз. Соны дұрыс түсінгім келеді. Бұрыс емес. Көп жол жүргенде, әлемді кезіп, түрлі адамдармен кездескенде көретін һәм түсінетін нәрселеріңді ешбір кітаптан ұғып-біле алмайсың. Сосын бар құндылықтарыңды қайта бағалай бастайсың. Бұл саяхаттар мені қатты өзгертті. Бұрынғыға қарағанда қазіргі мен өзіме әлдеқайда көбірек ұнайды. Жайлы ортадан мен толық шығып кеттім.

Адам дінге құр жайдан бет бұрмайды, ол да белгілі бір жан зәрулігінен туындайды. Талғат біраз қиындықты бастан өткерген. Ол бұрын музыкалық продюсер еді, елдегі шоу-бизнесте танымал адам еді. Бір сәтте бәрінен айырылды – үй, ақша, отбасынан. Ол өмірім осымен бітті деген еді. Бірақ бітпепті. Исламды қабылдап, білімге жетті, Құдайға сенді.

– Осы сынақ басыма түспегенде мен дінге келмес пе едім. Ал дінге келмесем, қазіргідей болмас едім. «Мен қазір бақыттымын, – дейді Талғат. – Фәнидің жалған екенін жақсы түсінемін, бір Аллаһ бар, алдына бәріміз барамыз. Соған барғанда өмірдегі жақсылығың жасаған жамандығыңнан көп болғаны жөн…»

Талғат велосипедпен жүргенде суыққа да, күннің ыстығына да, сусыз, тамақсыз түрлі сынақтардан көп өтеді. Оның берік діні сондай сәттерде шыңдала түседі. Оның саяхатының басты мәні – сенім. «Әлемді өзгерткің келсе, өзің өзгер, деген сөз бар еді. Сол әлем жақсара түсу үшін мен өзгеріп келемін», – дейді ол.

 

Ақшаны қайдан табады

Талғат ақшасыз жүреді, өз күшімен. Тұрақты қаржыландыратын ешкімі жоқ. Алматыдан алғаш шыққанда қалтасында жүз доллар ғана болған.

Талғат өз жолында қонақ үй, отель-мотельге көп жатпайды. Тек жуыну, жақсылап тынығу қажеттілігі туған кезде ғана олардың қызметіне жүгінеді. Ол көбіне табиғат аясында палаткасын құрып, солай-ақ ашық аспан астында жата салады, жұлдызға қарап, таза ауамен тыныстап, жол бойы кездестірген адамдарымен тілдеседі.

 

Қиындық

Қиындық күн сайын бірнеше рет алдынан шығады. «Қиындық оны жеңіп, саяхатты ары қарай жалғастыру үшін кездеседі», – деп қабылдайды ол.

Талғат велосипедтен талай рет құлады. Алғашқы саяхатында оң аяғынан жарақат алған. Сол жарақат әлі күнге дейін мазалап жүр. Канадада педальға аяғын тағы соңып, сіңірін оңдырмай жарақаттады. Бірақ ондайға Талғат мән беруді қойды.

Ең үлкен қауіп – тас жолдағы автокөліктер. Талғатты талай рет көлік қағып кете жаздады.

«Бәрін тастап, үйге қайта салайын деген ойыңыз болды ма» деген сұраққа Талғат бүй дейді: «Үнемі сондай ой келеді. Бірақ мен күресемін, мен бейне бір жиһад жолында жүргендеймін, менің басты қозғалтқыш күшім сол, күрес».

«Қиындықтан өткен сайын адамға қанат біте береді», – деп санайды ол.

 

Адам жылуы

Талғаттың ойынша, кез келген елдің сәні – адамдар. «Құдай мені тек мейірімді, абзал адамдармен жолықтырады, – дейді ол. – Мұсылмандар ғана емес, түрлі дін өкілдерін кездестіремін, бірақ бәрі бірдей маған көмекке қол ұшын созады. Олардың ешқайсысын ешқашан ұмытпаспын».

 

Талғат Жұмабеков

 

Мен елімді, халқымды сүйемін

– Иә, елім мен жерімді шексіз сүйемін. Қазақстаным көркейе берсе екен деймін. Ата-бабаларымыз сияқты ең қонақжай, ең аңқылдақ, ең жақсы адамдар Қазақстанда көп болса екен деймін. Қазақстанды барша әлемге жақсы жағынан танытқым келеді. Өкінішке қарай, сайқымазақ «Борат» фильмін шетелде бәрі көрген екен, соның теріс әсері байқалады. Қайдан келдіңіз дегенде Қазақстаннан десем, «Аа, Борат» десетіндер бар. Бірақ елдің бәрі емес. Біреулер бұл фильмнің жай ғана комедия екенін білсе, енді біреулер шынымен Қазақстан туралы Бораттан басқа ештеңе естімеген өмірінде. Мен болсам, Қазақстанның ондай емес екенін айтамын оларға, қандай керемет адамдар тұратынын жеткізуге тырысамын…

Талғат енді алдына жаңа мақсат қойып отыр: Қазақстанның туы ілінген велосипедпен әлемнің кемінде 150 еліне бару. Оның үштен біріне Талғат қазірдің өзінде барып үлгерді…

 

PS. Талғат Жұмабековтың YouTube-гі каналы: MUSAFIR PUTNIK. Инстаграмы: talgat_veloman

 

 

Authorization
*
*



Registration
*
*
*
Password generation