4Шіл

Адамнан адам шығу оңай емес

National Geographic

Хьюстондағы Техас балалар ауруханасында былтыр маусым айында кесар тілігі арқылы дүние келген Кейси Отто Хобелт. Ол туған кездегі плацентаның денеге бітуі (бала жолдасы жатыр бұлшықетіне жабысып өсетін ауру түрі) мәселесін шешу үшін 30 жастағы Лорен Дениске Хобелттің шұғыл түрде гистерэктомия жасауына тура келді.

1990 жылдан бері дамыған елдердің екеуінде ғана жүкті әйелдер өлімі көбейсе, солардың  бірі – АҚШ. Ондағы қара нәсілді аналарға төнген қауіп ерекше жоғары. Дамушы елдердегідей негізгі күтім жақсарар болса, жағдай оңалуы мүмкін.

Kira

Тәпішке мен трико киетін уақыт болады. Мәселен, сенбінің кешінде саябақ, жәрмеңке не үйде жүрген кезді алыңыз. Бастысы – ыңғайлылық. Бірақ 2016 жылғы сәуірдің 11-інде 39 жастағы Кира Джонсонның ойы күрт өзгерді.

Жатын бөлмедегі айнаның алдында шашын тарап отырған ол күйеуі Чарльз Джонсон IV-ке: «Жаным, мен Лэнгстон үшін әдемі болғым келеді», – деді. Ертесі түстен кейін олар екінші ұлын дүниеге әкелу үшін Лос-Анджелестегі Седар-Синай медицина орталығына аттанып кетті.

«Өмірлік мақсаты бар, артына із қалдыра алатын, тек айналасындағыларға ғана емес, жалпы қоғам алдында жауапкершілік жүгін көтере алатын азаматтарды тәрбиелеуге ниетті едік», – дейді Чарльз.

2014 жылы кесер тілігі арқылы дүниеге келген тұңғыш ұлдарына үлкен атасының құрметіне Чарльз Спарджон Джонсон V деп ат қойған. Екінші баласына Гарлемдегі ренессанс дәуірінің аңызға айналған ақыны Лэнгстон Хугстың атын қою жоспарланған. Кира баланы үйге әкелу үшін әшекейлері мен көйлегін салып алды. Чарльз де солай киіну керек деп шешті. «Аздап ақылың да, ақшаң да бар екенін көрсететін кез қашан болады екен», – деген Джонсон шорты мен футболканы түймелі көйлек, жеңіл шалбар мен бәтеңкеге алмастырғанын есіне алды.

Сол сияқты АҚШ-тағы белгілі ауруханалардың рейтингісінен шықпайтын Седарс-Синайды да олар ақылмен таңдады. Ана мен баланың денсаулығы жақсы, жүктілік кезінде ерекше қамқорлық жасалып, барлығы ойдағыдай болып тұрғанда сәбиді әлемдік деңгейдегі перзентханада өмірге әкелуге не кедергі?!

Лэнгстон Эмиль Джонсон 2016 жылғы 12 сәуірде сағат 14.33-те дүниеге келді. Жоспарлы кесер тілігі қалыпты өтті, тіпті Кира босана сала баласын емізіп те үлгерген. Содан соң ол Лэнгсонды өзінен 18 ай үлкен ағасына таныстырып, ұйқыға кетті.

Чарльз әйелінің төсегінің қасында отырып катетердегі қанды байқайды. 2017 жылы Седарс-Синай ауруханасына қарсы сотқа түсірген арызға сенсек, ол сағат 16.00-ден асқанда бұл жөнінде медбикеге айтқан. Арызда Кираға көрсетілген көмектің жай-жапсары да жазылған. Сағат 17.30-да оның катетерін ауыстырып, одан соң ультрадыбыстық зерттеу жүргізіліп, қаны тексерілгенде УЗИ ішке қан кету белгісі барын көрсеткен. Ауырсынуды басатын дәрі беріліп, тамырына сұйықтық құйылған. 18.44-те компьютер томографиясын жасауға нұсқау берілген. Қайтадан УЗИ жасалып, қан алынған. Қан құйылған.

Төрт сағат өтті, томография жасалған жоқ. «Ол кезде Кира «бозарып, әлсіреп қалған» әрі «қатты қалшылдай бастайды», – деп еске алады Чарльз. Оның іші қол тигізбейтіндей ауырған. Чарльз: «Аурухана қызметкерлерінен қанның қайдан шығып жатқанын қайта-қайта сұраумен болдым», – дейді.

«Әке әрі күйеу ретінде жақындарыңды қорғау, әсіресе қара нәсілді адам ретінде қызыл сызықтан өтіп кетпеудің арасы тым жақын. Чарльз әйелінің күтіміне кері әсер ететін бірдеңе етіп алғысы келмеді.

Чарльздің айтуынша, оның мазасыздана қойған сұрақтарына медбике: «Сэр, сіздің әйеліңіз қазір біз үшін басты мәселе емес», – деп жауап берген.

Талап-арызға сенсек, компьютерлік томография мүлде жасалмаған. Кираны кесер тілігін жасағаннан кейін арада 10 сағат өткенде ғана операцияға алып кеткен. Ол кезде оның құрсақ қуысы қанға толған еді. Соңғы айтқан сөзі: «Жаным, мен қорқамын».

Әйелінің үрейі Чарльзді шошытты, себебі ол табиғатынан батыл адам болатын. Кира Қытайда тұрған, бес тілді меңгерген әрі жарыс көлігін айдауға әуестенетін.  Күйеуі оны: «Бәрі жақсы болады», – деп қайраған.

Өкінішке қарай Кира сәуірдің 13-і күні сағат 2.22-де көз жұмды.

Чарльз дәрігердің: «Әйеліңізді аман алып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін істедік, бірақ одан көз жазып қалдық», – деген сөзін есіне алды. «Жер-дүние күл-талқан болғандай күй кештім. Бомба жарылғандай, оның анасы жерде құлап жатыр, ағасы айғайлап, бауыры есеңгіреп қалған».

«Біз тыңғылықты дайындалған едік. Бәрі жақсы болады деп ойладық. Барлық жерде ең озығын таңдадық. Бәрін дұрыс жасадық. Ал олар келіп оны «аман алып қала алмадық» деп тұр»,– дейді Чарльз.

Талап-арызға сенсек, мәйітті сою көрсеткеніндей, Кира кесер тілігінен кейін ішке қан кету кесірінен көз жұмған. Арызда нәсілдік алалау туралы айтылмайды. Сот қаңтар айына белгіленген. Қазан айында Калифорния Медицина басқармасы «Кираға қараған кезекші дәрігер Аржанг Наим жұмысына тым салғырт қараған» деген ұйғарым жасады. Наим Кираның өлімі кездейсоқ қайғылы жағдай болғанын және оның операция кезінде қайтыс болады деп еш ойламағанын айтты. «Науқасқа қолымнан келгеннің барлығын жасадым», – деп ақталған соң Наимге төрт жыл сынақ мерзім тағайындалды.

Аурухананың ресми өкілі істің мән-жайы бойынша пікір айтпады, бірақ мәлімдемесінде: «Кира Джонсонның қазасы трагедия болды. Біз науқасқа медициналық қызмет көрсетуге қатысты істердің барлығын мұқият тексереміз. Шыққан нәтиже бойынша науқастарға ең жоғары сапада қызмет көрсетуді жалғастыра беру үшін қажетті шаралар қабылдаймыз. Бұған ауруханадағы процедуралар мен медициналық қызмет көрсетушілердің біліктілігі де кіреді», – деп жазды.

28 бен 25 жастағы Бриттани Кейперс пен ДиАндре Прайс жүктіліктің 34-аптасында қолға алған «сәби тойы». (Туу мерзімі жақындағанда туыстары мен достары жиылып сыйлық беретін дәстүр – ауд.). Кейперс – жүктілік кезінде және бала алты айға толғанға дейін отбасыларға қолдау көрсететінін Mamatoto Village орталығының қоғам денсаулығы қызметкері. Ол өткен маусымда аман-есен ұлын дүниеге әкелді.

Марқұм жұбайы Кира Джонсонның суреттері тұрған бөлмеде 37 жастағы Чарльз Джонсон IV ұлдары Чарльз V мен Лэнгстон үшеуі Атлантадағы (Джорджия штаты) үйінде ойнап отыр. Онша қиын болмаған жүктіліктен соң Кира кесар тілігі арқылы Лэнгстонды дүниеге әкеліп, арада 12 сағат өткенде ішіне қан кетіп, қайтыс болды.

Кираның өлімі жан түршіктіреді, дегенмен бұл жағдай ащы шындықтың да бетін ашып берді. Аурудың ықтималдығын анықтайтын генетикалық сынақтан бастап, қатерлі ісік пен басқа да дерттерді емдеуде медицина үлкен жетістікке жетіп, көз ілеспес жылдамдықпен қарыштап дамып жатса да, АҚШ-тағы ана өлімі әлі де тым жоғары. Мұнда әр 100 мың адамға 14 өлімнен келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының айтуынша, 1990-2015 жылдар аралығында дамыған 46 елдің ішінде тек Сербия мен АҚШ-та ана өлімі көрсеткіші нашарлап кеткен. Бұл статистикаға босанудан кейінгі алты апта ішінде болған асқыну кесірінен көз жұмғандар да кіреді.

Америка Құрама Штаттарында бұл проблема екі бірдей дабыл қағарлық статистикадан байқалады: афроамерикалық әйелдердің жүктілікпен байланысты себептерден көз жұму көрсеткіші ақ нәсілділерге қарағанда үш есе жоғары әрі Ауруды бақылау және алдын алу орталығы (CDC) келтірген мәліметтерге қарағанда, ана өлімі фактілерінің 60 пайызының алдын алуға болар еді.

«Дамыған елдердің көпшілігімен салыстырғанда бізде ана өлімі анағұрлым жоғары, біз әлемде ең үздік болуға лайықтымыз», – деді CDC-дің ана мен бала денсаулығы бөлімінің басшысы Уильям Каллахан. Көп жағдайда CDC жүктілік кезінде не одан бір жыл өткеннен кейінгі ана өлімін осы бала көтерумен байланыстырады.

АҚШ-тағы ана өлімі көрсеткіші Африканың дамушы елдеріндегі көрсеткіштен әлдеқайда төмен. Бұл құрлықтың 20 елінде әр 100 мың босануға шаққанда ана өлімі кемі 500-ді құрайды. Бірақ медициналық құралдары тапшы, негізгі қызмет көрсетудің қолжетімділігі төмен саналатын бұл елдерде 1990 жылдан бері ана өлімі орта есеппен шамамен 40 пайызға кеміген. Бұған, бір жағынан, акушерлерді көбейту, босануға дейінгі және одан кейінгі қамқорлықты арттыру сияқты технология көп талап етілмейтін шешімдер сеп болған.

Әйелдердің көбі босанудан кейін тым көп қан жоғалту, преэклампсия, яки қан қысымының қауіпті деңгейге көтерілуі не инфекциядан болған сепсис сияқты жүктілікпен байланысты өлімге әкелуі мүмкін дерттерге ұшырауы ықтимал. Онда неге афроамерикалық аналардың өлімі соншама жоғары?

Зерттеушілердің айтуынша, экономикалық не әлеуметтік жағдайына қарамастан, афро мен испантекті америкалықтар не үндістер сияқты нәсілдік және этностық азшылықтарда көп кезігетін стресс олардың физикалық денсаулығына кері әсер етеді.

Мичиган университетінің адам денсаулығы бойынша профессоры Арлин Джеронимус бұған «бүлдіру» (weathering) деп ат қойған. Оның айтуынша, нәсілшілдік пен алалаудың кесірінен афроамерикалық әйел денсаулығы ақ нәсілділердікінен әлдеқайда тез нашарлайды. Тіпті орта білімді ақ әйелге қарағанда, жоғары білімді қара әйел арасында өлімнің жиі тіркелуін де осымен түсіндіруге болады.

Атлантадағы (Джорджия штаты) Morehouse медицина мектебінің президенті әрі деканы Валери Монтгомери Райстың айтуынша, қара нәсілді әйелдердің денсаулығына алалау мен нәсілшілдік уақыт өте келе ғана тыйылуы мүмкін.

 

Қызыл киім кигендер – Сомалилендтің Харгейса қаласындағы Эдна Адан университетіндегі акушер мамандығын бітіргендер. Осыған дейін мұндай мамандықты 938 адам алып шыққан. Олардың арасында 18-дегі Худо Мұхаммед Мохамод (сол жақта), 20-дағы Худо Мұхамед Жама (ортада) мен 28 жастағы Ходон Абди Шире (оң жақта) бар. Олар өздері тұратын жерде акушер болып жұмыс істемек.

Дамушы елдерде, ана өлімі өте жиі кездесетіндіктен өмірдің шынайылығына айналған. Денсаулық сақтау инфрақұрылымы өте сирек не мүлде жоқ. Босануға дейінгі және жүктілік кезіндегі сапалы көмек туралы ақпарат шектеулі болуы мүмкін.

Лос-Анджелестен 14 мың шақырым қашықта орналасқан Сомалиленд астанасы – Харгейсадан көлемі жөнінен үшінші ірі қала саналатын – Бораманың арасын жалғайтын шаңдауыт тас жол жебе іспетті көкжиекке қадалып жатыр. Арагідік тікенекті акация ағаштары ұшырасады, ал шақырайған күн жердің апшысын қуырып барады.

Қатқақ жолдан шетке шыға қалсаң, қауіпті әрі ұңқыр-шұңқыр жолдар ең мықты деген қызмет көлігінен басқасының жүріс бөлігін талқандап тастайыны анық. Толғақ қысып, шалғай ауылдан көлікпен я жаяу медицина мекемесіне келе жатқан әйелді көзге елестетудің өзі қиын. Сомалиленд – Африка мүйісіндегі өзін «тәуелсіз аймақ» деп жариялағанымен халықаралық құжаттарда Сомалидің автономиялық бөлігі ретінде қарастырылады.

Сомалилендтегі ана өлімінің басты себептері – эклампсия (қан қысымының жоғарылығынан болған құрысу я қалшылдау), қан кету, инфекция немесе жатырдың жыртылып кетуі. Бұдан басқа себептерге ерте не тым жиі жүктілік, өздігінен босану не әйелдің жыныс мүшесін кесуден («пәк» әрі тұрмысқа дайын болуы үшін қыздың я әйелдің сыртқы гениталиясын кесіп тастау дәстүрі) болатын асқыну. Жарақаттанған тін туу каналын тарылтып, босануды қиындатады.

Сомалилендте кесер тілігін жасау, болмаса қан құю не операция жасау сияқты жан сақтау процедураларын жүзеге асырар кезде әйел үшін қаржылық жауапкершілікті мойнына алар күйеуінің не оның ер туысының рұқсаты керек.

Осы әдемі өңірде ауқатты отбасының тұңғышы (үш ағайынды) – Эдна Адан Исмаил дүниеге келген.

Оның әкесі – Адан Исмаил Британияның 1960 жылы тәуелсіздігін жариялаған бұрынғы протекторатындағы ең жоғары дәрежелі медицина қызметкері болған. Оның анасы бес құрсақ көтерген, бір қыз бала қысқышпен туғызу кезінде шетінеп кеткен, Адан да осы процедурадан өлуге шақ қалған. Ал тағы біреуі акушер қолынан түсіріп алғаннан кейін шетінеген.

Дәстүр бойынша, қыздарға білімнің қажеті жоқ болып саналған. Десе де, Исмаил барлық баласын оқуға ынталандырған. Бір күні іссапардан оралғанда сегіз жасар Аданның анасы мен әжесі оның жыныс мүшесін кесуге да­йындалып жатқанын естіп, қатты долданған.

1954 жылы 17 жасында Адан медбике мен акушердің оқуы үшін Харгейсадан Лондонға аттанады. Адан қыздар мен әйелдерді өз басынан өткерген, өзі «пішу» деп атайтын жыныс мүшесін кесу операциясынан кейінгі жарақаттан құтқарғысы келді.

Қазір Адан 81-ге келді. Ол Сомалиленд «кабинетінің» есігін аттаған ең алғашқы әйел болғанын өміріндегі ең үлкен жетістігі деп санамайды. Оның ең көп тер төккен тұсы – Харгейсадағы Эдна Адан университетінің ауруханасында тұрып, әкімші ретінде жұмыс істеген кезі. Күн сайын таңсәріде тұрған ол кешкі 9-ға дейін перзентханаға келген кісілерді де қабылдай берген.

«Аурухана салу үшін қарыз ақша алдым, өз жиған-тергенім мен зейнетақымды да құйдым», – дейді Адан.

«Кедейлік пен надандық комбинациясы эклампсия мен босанудан кейінгі қан кетуден де көп жүкті әйелдің түбіне жетті, – деді Адан. – Егер Сомалилендте өзі сауатсыз, өзі кедей әйел көрсеңіз, ол – көшпелі әрі ешқашан әлеу­меттік әділдік болмаған ортада өмір сүріп жатыр деген сөз. Бұған бала көтеруге тәні дайын емес кездегі жүктілікті қосыңыз. Біз мұнда 21-баласын босанатын әйелді де алып келгенбіз. Егер Африка құрлығында миллион адамның акушер болуына жәрдемесе алсам, бала туу жайы өзгерер еді. Қаншама әйел мен отбасы тауқыметтен құтылар еді».

 

Бала туғанынан алты ай өткен соң жағдайы нашарлап, Хабасуейн ауылындағы Эдна Адан университетінің ауруханасына түскен 35 жастағы Замзам Юсуф. Оның қан қысымы тым жоғары болып шығады. Юсуфты аурухананың негізін қалаған, 81 жастағы Эдна Адан Исмаилдың жіті бақылауымен 22 жастағы акушер студент Фардуус Мубарак емдеді.

Құрсақтағы шарананы бақылайтын монитордан шығатын «суиш-суиш» деген дыбыстан Джонтелл Голлманның дауысы бәсең естілді. Мамыр айында болған нөсер жауыннан кейін екі қабатты үйін су басып қалған Уашингтон қаласының тумасы арада үш күн өткенде Джордж Уашингтон университетінің ауруханасына түседі. 39 жастағы Голлман жоспарланған жасанды толғақ алдындағы демалысын жаңа тұрғынжай іздеумен өткізді.

Үш баланың анасы мектеп бітіре салып, жиырма жыл бойы сату менеджері болып жұмыс істеген, аптасына 50 сағатқа дейін еңбек етіп, 2015 жылға дейін отбасын еш нәрседен тарықтырмай асырап келді. Көп ұзамай оған бүйрек пен бауырдың поликистозы деген диагноз қойылады. Бұл – осы органдарда сарысулы ісік өсетін созылмалы генетикалық ауру.

Жұмыс істеуге денсаулығы жарамай, АҚШ-тағы табысы төмен отбасыларға көмектесуге арналған Medicaid бағдарламасына сүйенген ол төртінші баласына аяғы ауыр болып, босануға шақ қалғанда бұрын да басынан өткен жоғары қан қысымы проблемасына қайта тап болды. Не көлігі жоқ, ақшасы тым аз оның күні қоғамдық көлік пен жақындарына қарап қалды.

«Бәрін бақылауда ұстау үшін жұмыс істеп жүргендегідей тер төгуге тура келді, өмір мені жарға жыққысы келді, – дейді ол. – Бірақ мен бұған жол бермедім».

Голманның толғағы мен босануы 12 сағатқа созылды. Палатадан шықпай, мұның бәрін көрген кезде еріксіз өз анам Элоиз Блокер Джонсты еске алдым.

Мен – оның 10 баласының тоғызыншысымын әрі ауруханада туған үш баласының бірімін. Біз Иллинойс штатының Кайро қаласында – елдің «нәсілшілдік тарихында» орны ерекше Огайо мен Миссисипи өзендері тоғысқан жерде жоқшылықта өмір сүрдік.

2005 жылы анам қайтыс болғанға дейін одан жүктілігі мен босануы туралы сұраймын деген ой келмепті. Не болса да, ол бес қызын өз-өздерін асырайтындай етіп өсірді. Тұрмысқа дейін бала көтеру жайлы ойлау мүмкін емес еді, бірақ анамның айтуынша, тұрмысқа шыққаннан кейін де өмір сүру оңай болмаған сияқты. Анамнан: «1947 жылы Филадельфиядағы отбасы мен достарынан жырақта жүріп, бар-жоғы 19 жасында үлкен ағамды дүниеге әкелген қалай екен?» – деп сұрағым келді. Ал қазір: «Бала бағу бойынша еш білімі жоқ, «Отбасын құру кеңесі» орталығынсыз әрі медициналық сақтандырусыз байғұс әйел қалай өмір сүрген?» – деп сұрағым келеді.

Medicaid менеджері Голлманға Уашингтондағы Mamatoto Village аналарды қолдау ұйымына хабарласуды сұрағанда ол диетасын жақсартып, энергиясын арттыратын тамақтар туралы кеңес аламын деп ойлады.

Ал Голлман перинаталдық қауымдастықтың денсаулық сақтау бойынша кеңесшісі Бриана Грин есімді «құтқарушыға» кез болды.

Шашы беліне дейін түскен 39 жастағы бұрынғы заңгер «№8 толғақ және босану» бөлмесіне кіріп келді. Балет бишісінің жүрісімен қозғалатын ол Голманға таяп келіп, оны баппен сипап, қолынан ұстады.

«Жағдайыңыз қалай?» – деген ол тұнжыраңқы қабағымен клиентіне мұқият қарады. Грин үнемі 50 шақты жүкті не жаңа босанған әйелдерге ақыл-кеңес беріп, қолдау көрсетеді. Ол дәрігерге клиенттерімен бірге барып, босану кезінде де қастарынан шықпайды.

Грин жылына бірнеше жүз мың доллар табысы бар заңгер қызметі мен риэлторлық жұмысын тастап, перинаталдық жәрдем мамандығын оқуға бел буады. Мұндай шешімге ол өз басынан өткен ауыр жағдайдан кейін келді. Өзінің айтуынша, барлық нұсқаулық бойынша әзірленіп, физикалық тұрғыда дайын болса да, кесер тілігінен соң оған табиғи жолмен босануға рұқсат берілмепті.

«Егер білімі мен қаржылық мүмкіндігі бар афроамерикалық әйелді, яғни мені естіп, көріп, қажетті деңгейді құрметтей алмаса, жағдайы жоқтарға не болмақ деп ойладым? Олардың кемсітуге ұшырайтыны екібастан», – дейді Грин.

 

Mamatoto Village-дағы перинаталдық көмек қызметкері, 33 жастағы Дион Макдональд мамырда Джордж Уашингтон университеті ауруханасында 26 жастағы Мэган Страунға толғақ кезінде құйымшаққа салмақ түсірмеудің жолын көрсетіп жатыр. Страун шұғыл кесар тілігіне жол бермегені үшін Макдональдқа алғыс айтады.

Джессика Флауерс бар-жоғы жеті жаста, бірақ әжесі Николь Блэктың айтуынша, ол – өте қайратты қыз. Блэк 2018 жылдың 4 шілдесін еш ұмытпасы анық. Кенже қызы оны түнгі сағат 1.46-да аяқ асты шақыртып, төтенше жағдайда ерекше сабырлығымен көзге түседі.

«Ол «мамам ваннада құлап қалды, аузынан көбік ағып жатыр» деп айтты», – деп еске алады Флорида штатындағы Тампа қаласында тұратын 53 жастағы Блэк. Оқиғадан бір апта бұрын Блэктың қызы Кристл Гэллоуей үшінші баласын – салмағы 2,8 килограм болатын ұлы Джейкоб Флауерсті Әулие Джозеф ауруханасында кесер тілігі арқылы дүниеге әкелген.

Блэк төсегінен атып тұрып, Гэллоуейдің жақын жердегі пәтеріне құстай ұшып жетсе, 30 жастағы қызы ваннада құлап жатыр екен.

Осыдан бірнеше сағат бұрын ғана Гэллоуей диванда кино көріп, 4 шілде күні пісіретін тамақты ойлап отырған. Кесар тілігінің орны сәл ауырса да, ол екі қыздан кейін ұлды дүниеге әкелгеніне мақтанып, бақыттан басы айналып жүрген.

Флоридадағы Хилсбороу округінің ресми мәлімдемесіне сәйкес, «инсульт болуы мүмкін» деген адамға жіберілген дәрігерлер Гэллоуейдің үйіне келіп, оны үш квартал қашықтықтағы жан сақтау бөлмесіне жеткізген уақыт арасындағы, яғни сол минуттар ішінде нақты не болғанын Хилсбороу округінің ресми орындары тергеген.

Блэктің айтуынша, Гэллоуейдің өмірлік маңызды органдарын тексеріп, ауруханаға жеткізудің орнына дәрігерлер: «Оның отбасы жедел жәрдем үшін 600 доллар төлей ала ма?» – деп сұраған. Блэк қызын жедел жәрдем көлігімен алып кетуді сұрап, дәрігерлерге жалыныпты.

Баспасөз мәслихатында Хиллсбороу округінің басшысы Майк Мерилл тасымалдау бойынша түсініспеушілік болғанын, дәрігерлер мен шериф көмекшілерінің сөзінше, жедел жәрдем бағасы туралы әңгіме, оқиға орнына алдымен жеткен шериф көмекшілері мен Блэктің арасында болған. Мерилдің айтуынша, дәрігерлер: «Ауруханаға апарайық па?» – деп сұрағанда Гэллоуей басын изеген. Мерилдің айтуынша, дәрігерлер науқасты ауруханаға апармауы үшін арнайы бас тарту қолхатын алуы керек еді, бірақ олар мұндай қағаз да алмаған. Блэк қызын шұғыл түрде жедел жәрдем бөлмесіне өз көлігімен алып барады. Одан соң Гэллоуейді Тампадағы бас ауруханаға тікұшақпен жеткізеді, сол жерде ол комаға түседі. Бес күннен соң Кристл Гэллоуей көз жұмады.

Қыркүйек айында Хиллсбороу округі Гэллоуейдің тіршілік белгілерін тексермей, қалыпты процедураны бұзғаны, құжаттарды қолдан жасағаны мен Блэктен ауруханаға жіберуден бас тарту туралы қолхат алмағаны үшін төрт медицина қызметкерін тәртіптік жауапқа тартқанын хабарлады.

Бір медицина қызметкері жұмыстан шығарылып, екеуінің қызметтік дәрежесі төмендетілген. Әлі де штатта жұмыс істеп жатқан үш дәрігер 30 күнге ақысыз демалысқа жіберілді.

 

28 жастағы Синди Лопес үшінші қызын мерзімінен бұрын босануына байланысты ауырсынып жатыр. Кесар тілігінен соң плацентаның жатыр мен басқа органдарға жабысып өсуін тоқтату үшін оған өмірін сақтайтын операция жасауға тура келді.

Жүктілік кезінде және жаңа босанған аналарға сапалы әрі тұрақты медициналық көмек көрсету жүйесі АҚШ-тағы ана өлімін азайтудың ең тиімді жолы болып көрінгенімен, бұл – оңай шаруа емес. Доулалар мен акушерлер өз қызметіне кемінде 1500 АҚШ долларын сұрайды, ал табысы төмен аналардың көбі бұл қаражатты төлей алмайды.

Жүктілік кезіндегі қан кету не преэклампсия сияқты асқынулармен бірге күресу үшін Калифорния штаты аурухана жауапкершіліктерін арттырып, стандартты процедураларды енгізу арқылы, жалпы штаттағы ана өлімін азайту бойынша біраз ілгері жылжыды. Медицина мекемелері кеткен қан мөлшерін есептеу, қан қысымы жоғары болған жағдайда тиісті дәрі-дәрмек беру сияқты преэклампсияның алдын алуға бағытталған процедураларға бей-жай қарап не кешеуілдетіп жатады.

Оның үстіне, Чарльз Джонсон айтпақшы, аналар мен олардың жақындарына құлақ асу да маңызды.

Күн сайын Чарльз жарық бөлмеде ұлдарымен кітап оқып, би билеп, ойын ойнап біраз уақыт өткізеді. Бөлмеде Кираның отбасымен және достарымен түскен үлкен портреттері ілулі тұр. Оның күлкісі күн сәулесінен де артық нұр шашып тұрады. «Ұлдарым «анамыз бұл әнді жақсы көрер ме еді, анамыз мына машинамен ойнағанды қалар ма еді» деп жиі сұрайды», – дейді ол.

Бүгінде ұлдарын жалғыз өсіріп жатқан Чарльз марқұм жұбайы Кираның оқиғасын денсаулық саласының басшылары мен құқық қорғау ұйымдарына, тіпті АҚШ Конгресіне жеткізу үшін барын салуда.

«Біреулердің кесірінен көз жұмып жатқан әйелдеріміз жай ғана статистика емес!» – дейді Чарльз.

«Олар – біздің аналарымыз, қыздарымыз, әпке-қарындастарымыз, достарымыз, – дейді Чарльз. – Олар арттарына мынадай сүйкімді балаларды тастап кетіп жатыр, ешқандай статистикаңыз 18 айлық балаға анасының енді келмейтінін, я болмаса екі жастағы балаға анасының қандай керемет болғанын айтып бере алмайды».

 

Николь Блэк немересі Джейкоб Флауерсті ұстап отыр. Джейкоб кесар тілігі арқылы дүниеге келгеннен бір апта өткен соң оның анасы Кристл Гэллоуейдің жағдайы нашарлап кетті. Блэк 911-ге қоңырау шалған, бірақ жедел жәрдем оны алып кетпеген. Ауруханаға оны Блэктің өзі алып барды. Гэллоуей бес күннен соң көз жұмды. Блэк қызының сүйек күлі салынған қорапты сипап отыр. Немқұрайлықпен қараған медицина қызметкерлері стандартты процедураларды сақтамағаны үшін тәртіптік жауапқа тартылды, біреуі ғана жұмыстан шығарылған.

Тәжірибелі журналист Рейчел Джонс көп жылдан бері Шығыс Африкадағы денсаулық пен даму тақырыптарын жазып жүр. Линси Аддарио «Америкадағы мұсылмандар» мақаласына суреттер түсірген.

 

Авторы: Рэйчел Джоунс

Фотограф: Линси Аддарио

Ескерту: Бұл материал журналымыздың 2019 жылғы қаңтар айындағы санында жарық көрген.