21Шіл

Аяқтыбалықты көргеніңіз бар ма?

Білетін жұрт аяқтыбалық атап кеткен мына бақатіс – Қазақстанның кызыл кітабына кіргізілген, жойылу қаупінде тұрған, өте сирек кездесетін тіршілік иесі.

Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау ассоциациясының қызметкерлері 14-28 маусым аралығында Жоңғар Алатауының оңтүстік жотасындағы Жоғарғы Көксу қаумалындағы жайылымның жағдайын зерттеген болатын. Бұл аумақ эндемикалық құйрықты қосмекенді — Жетісу аяқтыбалығының тіршілік ортасы. Оның санына, тіршілік ортасына, популяциясының өсіміне жайылымдағы малдың көптігі теріс әсерін тигізіп отыр. Бұл туралы www.acbk.kz сайты жазды.

Жетісу аяқтыбалығы – Жетісу Алатауының таза сулы шағын жылғаларында ғана мекендейтін, қосмекенділер тобына жататын сирек кездесетін жануар. Қазақстанның Қызыл кітабына және Халықаралық Қызыл кітапқа (IUCN) енгізілген, жойылып кету қаупі төнген жануарлар қатарында. Соңғы кездерде малдың көп жайылуы аяқтыбалық мекендейтін жердің күйін күрт нашарлатып, тіршілік ортасының бұзылуына әкелді. Соның салдарынан жылғалар ағыны азайып, мұздықтар аумағы да қысқарып жатыр.

Зерттеу жұмыстары теңіз деңгейінен 1667 және 2510 метрге дейінгі жоғары шыңдарда, Көксу сайында – Көксу және Қазан өзендері аңғарында, Қытаймен шекараға дейінгі жерде жүргізілді.

Жайылымды зерттеу екі іргелес сегменттен тұрады: жерүсті және ғарыштық. Жерүсті зерттеуі барысында:

а) шөпті шабу әдісі арқылы биомассаны анықтау – белгілі бір аумақтағы шөп шабылып, салмағы өлшенеді;

б) жалпы проекциялық жамылғын көзбен шамалау, яғни жасыл өскіннің жер қыртысын қаншалықты жауып жатқаны айқындалады;

в) шалғынның желінбейтін және аз желінетін бөлігі – улы және жарамсыз өсімдік түрлері анықталады.

Содан соң жерүсті зерттеуінен алынған мәліметтер өзекті жерсеріктік деректері бар бағдарламаға енгізіледі және модельдеу арқылы жайылым жағдайы бағаланады. Шыққан нәтижелер жайылымның жағдайын картаға түсіру және белгіленген аумаққа шығатын мал басының тиімді санын бағалау үшін қолданылады.

Жайылымның жай-күйін тыңғылықты зерттеу оған түсетін салмақтың оңтайлы мөлшерін анықтауға және аяқтыбалықтың тіршілік ортасын сақтауға, таулы жердегі жайылымдарды тиімді пайдалануға арналған бірқатар шараларды әзірлеуге мүмкіндік береді.

Бұл жұмыстар күрделі жағдайдағы экожүйені сақтау жөніндегі ынтымақтастық қорының (CEPF) «Жетісу дәлізіндегі биоалуандық» жобасы аясында екі жыл бойы жүргізіліп келеді.

Фото: Дмитрий Малахов, Евгения Сеняк / www.acbk.kz сайтынан алынды.