8Ақп

2022 жылдың соңындағы итбалықтардың қырылу себептері анықталды

Былтыр 7 қараша мен 3 желтоқсан аралығында Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында Каспий теңізінің жағалауында жүргізілген рейд нәтижесінде 172 итбалықтың өлексесі табылды.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті итбалықтардың қырылу себептерін анықтау үшін Каспий итбалығын зерттеу және қалпына келтіру орталығы, Гидробиология және экология институты, Микробиология ғылыми-өндірістік орталығы және «Вирусология» ЖШС, «Қазақстандық қолданбалы экология агенттігі» ЖШС секілді ғылыми ұйымдарға, сондай-ақ Маңғыстау облысы экология департаменті, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық бөлімшелеріне жүгінді.

Ғылыми ұйымдар мен құзырлы органдардың өкілдерінен құралған топ итбалықтардың көпшілігі вирустық жедел пневмониядан өлген деген қорытындыға келді. Пневмония жануарлардың теңіздің қазақстандық бөлігіне күзгі шоғырлануы кезінде аралас тұмау мен морбилливирустық инфекциялардың өршуінен туған. Теңіз жануарларының иммунотоксикалық элементтермен және қосылыстармен үздіксіз улануы олардың иммунитеті мен жалпы дене төзімділігін төмендетеді. Нәтижесінде олар жұқпалы ауруларды тез жұқтыруға бейім болады.  

Қорыта айтқанда, теңіз жануарларының мекендейтін ортасының ластануы мен олардың вирустық инфекцияларды жаппай жұқтыруы пневмония індетін асқындырып, Каспий итбалықтарының қырылуына әкеп соқтырған.  

Фото: Сәкен Ділдахмет