Зерттеу жұмысыма байланысты кітапхана кезіп, архивтерді ақтарып жүргенде тақырыбыма тікелей байланысты болмаса да, елеусіз қалдыра алмайтын неше түрлі қызықты мәліметтер, кейде тіпті тарихи жазбалар мен құжаттар кездесіп жатады. Әлбетте, олардың көбі дерлік туған елге қатысты дүниелер – жекелеген авторлардың өз кітаптарына өзек қылған деректер, саяхаттап жүріп куә болған нақты бір ахуал туралы қалдырған ақпараттар. Сондай қызықты деректердің бірнешеуін алыстағы Аустралияның газеттерінен кездестіріп қалып, бөлісе кеткенді жөн көріп отырмын.
Сонау алыс қиырдағы Аустралия газеттері Кеңес Одағын ғана емес, оның құрамындағы Қазақстанды да назарда ұстаған сыңайлы. Оған мына газеттеріндегі 1940–70 жылдар аралығында жарық көрген ақпараттар айғақ.
Қос снайпер
1943 жылы 19 қазанда жарық көрген Сиднейден шығатын «Айна» газетінде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақ мергендері туралы шағын ақпарат жарияланыпты. Толық мәтіні мынадай: «Қызыл снайперлердің қаһарлы жеңісі, қазақ Сиязбеков күнде төрт-бес фашисті өлтіреді. Ресей майданындағы нақты ұрыс көріністері кезінде түсірілген бұл фотосуретте Сиязбеков (оң жақта) қар басқан орыс даласында жайлы жерге жасырынғаны анық. Оның қасындағы қызыл әскер Жәкеев те снайпер». Осы деректі оқыған соң, интернеттен қазақ снайперлері туралы ақпараттар іздеп көрдік, мардымды ештеңе таба алмадық. Соған қарағанда, бұл алда зерттеуге татитын тың тақырыптың бірі сияқты. Газет бетіне екі батырдың снайпер мылтығына сығалап тұрған сұсты да айбынды келбеті берілген.
Жау тылындағы қазақ
Ал 1943 жылы 21 мамырда Аустралияның Аделайне қаласынан шығатын күнделікті газеттің үшінші бетіне тағы бір қазақ азаматы жөнінде ақпарат жарияланыпты. Толық мәтінде «Қызыл армия барлаушыларының бірі – қазақ Әбу Темербаев, суреті төменде. Оның міндеті – жаудың іс-әрекетін бақылау. Ол орталық майданда жұмыс істейді, онда үлкен шайқастар кез келген сәтте қайталанады». Аустралия газеті атын атаған қазақ батыры туралы іздендік, ол жөнінде де ештеңе кездестіре алмадық. Газет бетіндегі суретте ол барлаушының қысқы ақ киімімен тұр.
Қазақтар енді түрме салмайды
Тағы бір аустралиялық газет 1962 жылғы 25 сәуірдегі нөмірінде «Қазақтар үшін енді түрме салынбайды» деген шағын ақпарат берген. Бұны аталған басылым сол кездегі КСРО ішкі істер министрі Панковтың сөзіне сілтеме бере жариялайды. Ол мәлімдемесінде «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасында соңғы 20 жылда салынған жаңа қалалардың ешқайсысында түрме салу жоспары жоқ» деген.
Қарағанды легерінде 374 тұтқын отыр
«Аман қалғандардың өте маңызды жаңа тізімі» атты шолуда Қарағандыдағы лагерьде отырған соғыс тұтқындарының тізімі туралы жазған. «№ 284 тізімді UJORF кеңсесінің ақпараты бойынша алдық. қазір Қарағандыдағы Азаматтық интернация лагерінде (Қазақ КСР Кеңес Одағы) 374 тұтқынның бар екені белгілі. Олар Германия мен Аустриядан барғандар».
Беймәлім мәдени қорық
1966 жылы тамыздың 8 күнгі санында «Канбера таймс» газеті қазақ ғалымы Кемел Ақышев туралы «Белгісіз мәдениет жәдігерлері табылды» деген ақпарат жариялайды. Толық мәтіні мынадай: «Кеңестік Орталық Азиядағы археологтер бұрын беймәлім мәдениеттің жәдігерлері деп есептелетін қалалар тізбегінің қирандыларын тапты. Қазақстан ғылым академиясының экспедициясы Сырдарияның шағын саласы, республиканың негізгі өзендерінің бірі – Арыс өзенінің алқабындағы қирандыларға кездесті. Археологтер алдын ала жүргізілген зерттеулер арқылы біздің дәуіріміздің VI-XIII ғасырларына дейінгі көне қоныстар болуы мүмкін екенін топшылады. Ұзындығы 25 мильдей алқапта жиырма бес елді мекеннің жұрты ашылды, ал кейбір қирандылар бес қабатты үйге тең. Профессор Кемал Ақышев осы зерттеу жұмысының жетекшісі, ол қазақстандық археолог әрі басқарма басшысы. Экспедиция мүшелері бұл табыс Кеңес Одағындағы ежелгі қоныстардың ең тығыз шоғырлануы екенін айтты. Оның командасы отырықшы аймақтың солтүстік-шығысында Орталық Қазақстан даласынан көшпелілердің кенеттен басып кіруінен қорғанатын 41 миль қашықтықта салынған бақылау мұнараларының тізбегін тапты» деп жазған.
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,
Джордж Уашиңтон университетінің шақырылған зерттеушісі