Автор: Наталия Меса
Сіз қандай әдіспен оқисыз? Кейбір адамдар тек диалог оқыса, басқалары мәтіннің ұзақ бөлімдерін өткізіп жібереді немесе абзацтың алғашқы және соңғы сөйлемдерін оқиды. Енді біреулері ештеңені қалт жібермеу үшін бір бөлімді екі немесе үш рет қайталап оқитынын айтады.

Фото: JP Terlizzi (Джипи Терлици)
Цифрлық дәуір біздің оқу дағдымызға айтарлықтай әсер етті. Зерттеулер көрсеткендей, америкалықтар жылына 30 жыл бұрынғыға қарағанда азырақ кітап оқиды. Дегенмен #BookTok сияқты әлеуметтік желі қауымдастықтарының көбеюі кейінгі бірнеше жылда кітап сатылымын арттырса да, америкалық адам орта есеппен тәулігіне тек 26 минутын оқуға жұмсайды, үш сағатын интернетке немесе теледидар қарауға арнайды.
Сарапшылар уысымыздағы қолжетімді ақпараттың көптігі біздің оны қабылдау тәсілімізді өзгерткенін айтады. Америкалықтар интернеттен тәулігіне 174 газетке тең келетін ақпарат алады, ал мақала оқуға орта есеппен 55 секунд жұмсайды.
Зерттеулерге сәйкес, біз қазіргі таңда көп уақытымызды мұқият оқығаннан гөрі, көз жүгірту мен жылдам әрі үстірт оқуға жұмсайтын болғанбыз. Кейбір сарапшыларды баяу әрі тереңдей оқу қабілетімізді жоғалтуымыз қынжылтса, басқалары бұл машықты аздаған практика арқылы қалпына келтіруге болады дейді. Сонда «дұрыс» оқудың өз әдісі бар ма? Сарапшылардың не дейтінін оқып көріңіз.
Көз жүгіртудің маңызы
Сарапшылардың ойынша, мәтіннің негізгі мағынасын түсіну үшін сөздер мен бөлімдерді аттап, көз жүгірту – кең тараған оқу әдісі. Вирджиния университетінің психологі Дэниел Уиллинхем көз жүгірту мен сканерлеу ақпаратты түсінуге кедергі жасамаса, оның еш әбестігі жоқ екенін айтады.
Оқу сарапшыларының айтуынша, мәтін оқудың тиімді түрін іздегенде ең алдымен одан алатын нәтижені ойлау керек. «Егер мақсатыңыз оқудан ләззат алу немесе аз уақытта аяқтау болса, көз жүгіртіп оқу мәтіннің жалпы не туралы екенін түсінудің тамаша тәсілі», – дейді MGH медициналық мамандықтар институтының кемістіктер және коммуникация ғылымдары кафедрасының профессоры Джоанна Кристодулу. Көз жүгірту әдісі жеңіл оқылатын кітаптарға жарамды, мысалы олар оқиғаның егжей-тегжейіне немесе біз білмейтін күрделі сөздерге үңіліп жатуды қажет етпейді. Оқудағы мақсатыңыз әрдайым айқын болуы шарт емес. «Жылдам оқу сізге бір нәрсені «қысқаша түсіну» мүмкіндігін береді, сондықтан жаңалықтардан қалып қойғыңыз келмесе, түрлі мақаланы бірінен соң бірін көз жүгірте, сканерлеп оқи бересіз», – дейді Кристодулу.
«Адамның оқитын мәтін типімен таныс болуы оның қандай оқу стратериясын қолданатынына әсер етуі мүмкін», – дейді Кристодулу. Мысалы тылсым сырға толы романдарды көп оқитын адам мәтіннің әсері мен құрылымына үйренісіп қалғандықтан, бөлімдерден аттап өтіп немесе парақтап қана шықса да, онда не туралы айтылып жатқанын түсіне алады. Сол сияқты, егер сіз өнер тарихы секілді нақты бір тақырып туралы біраз кітап оқыған болсаңыз, ондағы терминдерді жақсы білуіңіз мүмкін. «Бұл сіздің қаншалықты тиімді оқып, қаншалықты есте сақтап қалатыныңызға оң әсерін тигізуі мүмкін», – дейді Кристодулу. Зерттеулерге сүйенсек, бәрін түсінудің әрі оқу жылдамдығын арттырудың бір жолы – сөздік қорыңызды арттыру.
Мұқият оқу деген не?
Сарапшылар көз жүгіртуді «мұқият» оқумен жиі салыстырады. Мұқият оқу барысында оқырман жаңа ақпаратты бұрынғы таныс мағлұматпен байланыстырып, сұрақтар қойып, мәтінді терең түсінуге барынша тырысады (нақты анықтамасы даулы). Кейбір зерттеулер бойынша, көз жүгіртуден гөрі мұқият оқу сеансы кезінде ми белсендірек жұмыс істейтін көрінеді.
«Мысалы, докторантура студенті келесі жолы қолында болмайтын материалды ұмытып қалмаc үшін ақпаратты мұқият оқиды», – деп түсіндіреді Кристодулоу.
Кейбір сарапшылар мұқият оқу мен жылдам қарау немесе сканерлеу арасындағы айырмашылық соншалықты пайдалы болмауы мүмкін деп есептейді. Ван Де Веннің айтуынша, «мұқият» оқу кезінде оқырмандар өз назарын реттеп, мәтінді түсіну үшін көз жүгірту мен мұқият оқуды қатар қолданады. Зерттеулер көрсеткендей, белсенді әрі кітапқұмар оқырмандар көбінесе романның кейбір бөлімдеріне жылдам көз жүгіртіп өтеді немесе бірден келесі бөлімге өтіп кетеді.
Уиллиңхәмның айтуынша, мәтінді терең түсіну үшін қолданылатын «мұқият оқу» термині әр сөзді рет-ретімен оқуды білдірмейді. Керісінше, бұл процесс мүлдем жолма жол болмауы (nonlinear) және сөздерді немесе кейбір мәтін бөліктерін қайта оқуды да қамтуы ықтимал.
Мұқият оқу дұрыстап зейін қоюды талап етеді әрі көбірек уақыт алады, сондықтан зейінді сақтау да қиынға соғуы мүмкін. «Ал зейін бізге жиі жеткіліксіз болып қалатын нәрсенің бірі», – дейді Тилбург университеті мәдениеттану кафедрасының доценті Инге Ван де Вен.
Кристодулоудың айтуынша, ұзақ зейін қоюды талап ететін мәтінді оқу үшін көңілді алаңдататын нәрселерді азайтып, ыңғайлы жайғасу керек.
Зерттеулер көрсеткендей, көңілімізді алаңдататын ең негізгі нәрсе – телефон, әсіресе ондағы хат-хабарламалар.
Оқу машығымыз нашарлаған ба?
Кейінгі жылдардағы зерттеулер әлеуметтік желілердегі пікірлерден бастап, мақалаларға дейінгі цифрлық медианың басым бөлігі айтарлықтай қысқа мәтіннен тұратындықтан, бәріміз экраннан көз жүгіртіп оқуға бейім екенімізді көрсетеді. Кейбір сарапшылардың пайымдауынша, бұл біздің ұзақ мәтіндерге ден қою қабілетімізді бұзды. Соның әсерінен мұқият оқу азая бастады. Жоғары білім беру саласының зерттеушілері бұл оқырмандардың, әсіресе жастардың когнитив дағдыларына ықпал етіп қана қоймай, зейін қою ұзақтына да кері әсер етеді деп болжап отыр. Дегенмен бұл мәселедегі қызу пікірталас әлі жүріп жатыр. Кейбіреулер оқырмандардың жылдам оқу үрдісінің әсерін анықтауға жеткілікті ақпарат жоқ деп санайды.
«Зейін қою қабілетімізді әлеуметтік желілердің бұзғандығы жөнінде көп айтылады, – дейді Уиллиңхәм. – Ешкім нақты білмейді, өйткені бұл өте қиын зерттеу. Біз оны бақылай алмаймыз».
Уиллиңхәмнің айтуынша, оқу дағдымыздың өзгеруі назардың бұзылуынан емес. Егер солай болса, есте сақтау секілді басқа когнитивті қабілеттерге де әсерін байқар едік. Бірақ ғаламтор шексіз ойын-сауыққа мүмкіндік беретіндіктен, мәтін оқуға деген құлшынысымыз азаюы кәдік. Бұған қоса ол қазіргі таңда ақпарат тым көп, сондықтан оны жылдам тұтыну керек деген түсінік бар екенін айтады. Әйтсе де ол мұқият оқу дағдыларын көпшілік практика арқылы меңгеріп алатынына сенеді.
«Сана әртүрлі нәрселерді байқап, айналада не болып жатқанын білгісі келіп тұрады. Бір нәрсеге ұзақ уақыт бойы назар аудару тіпті де табиғи нәрсе емес, – дейді Уиллиңхәм. – Егер қалың томды әдеби кітап оқып отырып, назарыңыз бұзылса, таңғалудың қажеті жоқ. Адамның барлығы бірдей зейінін ұзақ ұстай алмайды. Алайда басқа да қабілеттер секілді, көбірек жаттықсаңыз, бұл да оңай бола түседі».
Қорытындылай келе, сарапшылар.әрбір адамның оқу қабілеті өзінше ерек екенін атап көрсетеді. Олардың құлшынысы мен дағдылары әрқилы болуы мүмкін, сондықтан адамдардың әртүрлі оқу амалдарын қолдануы таңғаларлық дүние емес, деп түсіндіреді Кристодулу. Көз жүгіртіп оқу мен мұқият оқуды салыстырудың қажеті жоқ та шығар, оның орнына екеуінің де әсіресе цифрлық дәуірде ақпаратты сіңіру және тұтыну үшін аса маңызды екенін түсіну қажет.