Авторы: ХАННА НОРДХАУС
Фото: ДЖЕННИФЕР ХЕЙС

ДЭВИД ГУТТЕНФЕЛЬДЕР
Арнасы кең өзен үнсіз ағып жатыр. Желтоқсан айы, Оңтүстік Қазақстан. Сырдария маңы қоңырқай реңге боялған: көктемді күтіп, мүлгіп жатқан шөптер, лай тұнған жайылмалар, жапырағынан айырылған ағаштар. Өзен жағалауы сүреңсіз көрінеді. Бірақ Берни Кухайда іздеп жүрген тіршілік иесі үшін бұл жер таптырмас мекендей көрінеді.
«Бізге дәл осындай орта керек», – дейді Теннесси аквариумы Қоршаған ортаны қорғау институтының су биологі Кухайда. Ол осы өзенде тіршілік еткен, бірақ 60-жылдардан бері көзге түспеген түр – Сырдария бекіресін іздеп жүр. Кеңес Одағы тұсында өзен бойына салынған суқоймалар балықтың уылдырық шашатын мекендеріне жолын бөгеп, Сырдарияның табиғи ағысын түбегейлі өзгертіп жіберді. Бұл өзен Қырғызстанның биік тауларынан бастау алып, бүгінгі күні тартылып бара жатқан Арал теңізіне құяды. Егер бекіре әлі күнге дейін бар болса, оны осы сулардан табуға болады деп сенеді ғалым.

Бұған дейін бірнеше ай бұрын Кухайдаға Re:Wild атты табиғатты қорғау ұйымынан хабарласты. Бұл ұйым кемінде он жыл бойы ешкім көрмеген, бірақ жойылып кеткені нақты дәлелденбеген «жоғалған түрлерді» іздеумен айналысады. Ұйым мамандары Кухайданың Сырдария бекіресін өз көзімен көрген санаулы ғалымдардың бірі екенін білетін. 90-жылдары, магистратурада оқып жүргенде, ол Лондон, Мәскеу және Санкт-Петербургтегі музейлерге барып, уақыт өте ағарып кеткен 27 бекіре үлгісін таспаға түсірген еді. Re:Wild ұйымынан түскен қоңырауды: «Олар маған: «Сіз осының маманысыз ғой» деді. Мен: «Өлі күйінде, құтының ішінде көргенім рас» деп жауап бердім», – деп еске алады ол.
Сырдария бекіресі – өзгеше балық. Ұзындығы небәрі 22 см-дей ғана, бекіренің 26 түрінің ең кішкентайы. Ең ірісі – белуга. Тарихтағы ең үлкені 1827 жылы Еділ өзенінен ауланған, ұзындығы жеті метрден асып, салмағы 1450 кг-дан артық болған. Барлық бекіренің ұзын, жалпақ тұмсығы, судың түбіндегі жемтігін сезетін мұртшаға ұқсас қылтандары мен денесін бойлай тік көтерілген бес қатар сүйекті қалқандары болады. Бұл ежелгі балықты басқа ештеңемен шатастыру мүмкін емес.
162 миллион жыл бойы олар климат өзгерісін, құрлықтардың ауысуын, жанартау атқылаулары мен жаппай қырылуды бастан өткерді. «Олар динозаврларды жойған астероидтан да аман қалды, табиғат пен ғарыш оларға қарсы жіберген бүкіл апаттан өтті», – дейді Кухайда. Бірақ адамзаттан айласын асыра алмады. Бүгінде бекірелер – әлемдегі ең қатерлі жағдайда тұрған балықтар. 1970 жылдан бері олардың жаһандық популяциясы 94 пайызға азайды. Халықаралық табиғат қорғау одағы (IUCN) бекіренің 25 түрін «осал не жойылу қаупі төніп тұр» санатына, 17-сін «жойылу қаупі аса жоғары» санатына жатқызады, ал бір түрі мүлде жойылып кеткен. Сырдария бекіресі мен тағы екі түр мүлдем жойылып кеткен болуы мүмкін деген үрей бар.
Экологиялық тұрғыдан алғанда, бекірелер құрып кетудің аз-ақ алдында. Ал экономикалық жағынан – олар жер бетіндегі ең қымбат жануарлардың бірі. Олардың жойылуына негізінен шамадан тыс аулау себеп болды. Бекіренің мол қара уылдырығы тұздалған күйде бүкіл әлемге сатылып, байлық пен мәртебенің белгісіне айналды. Кей уылдырықтың бір кг-сының бағасы 20 000 доллардан асады.
Ал Сырдария бекіресі сияқты уылдырығы үшін ауланбайтын түрлердің өзін адам әрекеті мен қоршаған ортаның өзгерісі құрдымға жіберді. «Адамзат айналасы 200 жылда бекіре мекендейтін өзендердің бәрін талқандады», – дейді Кухайда. Бұл балықтар 160 миллион жыл бұрын табиғи арнасымен еркін ағып жатқан суларда пайда болған, олар бөгеттердің не екенін білмеген. «Бекіренің бәрі көшпелі», – дейді ғалым. Бірақ қазір олардың жолын кедергіге толы. Бөгеттер, суқоймалар, түбін тереңдету жұмыстары мен ирригациялық тоғандар уылдырық шашу орындарына жетуге мүмкіндік бермейді, ал төменге қарай ағып бара жатқан құртшабақтарды бөгейді. Ауыл шаруашылығынан аққан қалдықтар улы балдырлардың көбеюіне әкеледі, ал құрылыс, ағаш кесу мен кен өндірісі бекірелердің көбею аймақтарын жойып, зиянды тұнбалар түзеді.
Кухайда Сырдария бекіресінің тұқымы тұздай құрымаған шығар деп үміттенеді. Оларды тапса, жасанды жолмен көбейтіп, табиғатқа қайта жібермек. Қазір бөгеттер уылдырық шашу жолын жапқан жерлерде қолдан көбейту және тасымалдау бағдарламалары іске қосылды. Ал бұрын шамадан тыс балық ауланған жерлерге шектеу енгізілді. Тіпті уылдырық индустриясының өзі бекірелерді құрып кетуден сақтап қалуға үлес қоса бастады.
Өзенге келмес бұрын, Кухайда жол жиегіндегі балық сататын жерге тоқтап, музейден түсірілген Сырдария бекіресінің суретін таратты. Бір балықшы суретті мұқият қарап шығып, бірнеше жыл бұрын судан дәл сондай балық аулағанын айтты. Бұл Кухайданың үмітін күшейте түсті.
Кухайда мен әріптесі Дэйв Нили өзенді сүзу үшін арнайы тігілген торларын суға қарай көтеріп келеді. Қазақ балық шаруашылығының үш қызметкері жоғалған балықты іздеу жұмысын бақылау үшін Арал теңізінен ескі кеңестік жүк көлігімен жеткен. Олардың бірі – Тынысбек Барақбаев – көне көлікке сүйеніп, Кухайда мен Нилиге қарап тұр. «Бізде мүмкіндік бар, – дейді ол. – Бірақ өте аз. Тек үміттенеміз».

СӘУІР АЙЫ. Уисконсиндегі Уолф өзені бекіреге толы. Балықтар Шауано бөгетінің суында, жағаға жақын жартастардың арасында жүзіп жүр. Бөгет қағаз фабрикасы мен Шауано қаласындағы «Бекіре саябағының» арасына 1892 жылы салынған. Қазір ол – бекірелер жете алатын ең жоғарғы нүкте.
Жағаға адамдар жинала бастады. Олар көктемнің жыл сайынғы ерекше көрінісіне куә болмақ: мыңдаған бекіре 200 км төменде орналасқан Уиннебаго көлінен жоғары өрлеп, уылдырық шашуға бет алады. Олар көлдегі 40 000-дай ересек бекіренің біразы ғана. Жалпы, мұндағы көл бекіресі – әлемдегі ең тұрақты әрі дені сау популяциялардың бірі.
Бір кездері Солтүстік Американың өзендерінде бекіре аса көп болған, жергілікті халықтың аңыздарына сенсек, олардың үстінен өзенді жаяу кешіп өтуге болатын еді. Шауано бөгетінің етегінде уылдырық шашып жатқан көл бекірелері, ұзындығы екі метрдей ірі балықтар, бұрын Ұлы көлдерден, Хадсон шығанағынан бастап Миссисипи өзені алабына дейін кең таралған еді. Алайда 70-жылдарға қарай олар өзендердің көбінен жойылып кетті.
Уисконсинде бекірелер саны бұдан да ертерек азая бастады, бірақ дер кезінде жасалған шаралар толықтай жойылып кетудің алдын алды. 1915 жылы штат билігі көл бекірелерін аулауға толық тыйым салды. Кейінірек аулауға рұқсат берілгенімен, көлемі мен санына қатаң шектеулер енгізілді. Бұл талаптар әлі күнге дейін сақталып келеді.
Қазіргі таңда осы шектеулерді реттейтін Маргарет Стадиг – Уисконсиннің Табиғи ресурстар департаментінде жұмыс істейтін ихтиолог. Ол Уиннебаго көліндегі бекіре популяциясының күйін қадағалап, федерал үкіметпен бірлесіп, бекірелердің бұрынғы таралу аумағын қалпына келтіру мақсатында арнайы бағдарлама жүргізеді. Бұл оның бекірелердің уылдырық шашу маусымын алғаш рет бақылауы. Ол Уолф өзенінің жағасында тұрып, тастардың арасымен баяу қозғалып келе жатқан,
денесі уылдырыққа толып, ауырлап кеткен аналық бекірені көрсетіп, жанындағы арық әрі жіңішке аталық балықтарды «Торпедаға көбірек ұқсайды» деді. Олар анағұрлым белсенді де, денелері дірілдеп су бетіне шығады да, қайта күмп етеді.
Ұрғашы бекіре уылдырық шашуға дайын болғанда, бірнеше аталық балық оны қоршап, құрсағын құйрықтарымен сабалай бастайды. Содан соң бекіре мыңдаған уылдырығын суға тастайды. Уылдырық судағы аталықтардың ұрығымен араласып, өзен түбіндегі тастар мен қиыршықтардың арасына орнығады. Бір аптадан соң олар құртшабаққа айналып жарыққа шығып, көктемгі тасқынмен бірге өзеннің төменгі ағысына бет алады. «Олар уылдырық шашқанда дірілдейді», – дейді Стадиг. Жергілікті халық осы құбылысты «бекіре күркірі» деп атайды.
Күркір басталған сәтте Стадигтің тобы – бекірелерді санау және сипаттау үшін келген мамандар – жұмысқа кіріседі. Олар бекірелерді аулап, арнайы брезентке жатқызады. Біреуі балықтың басын, екіншісі құйрығын ұстайды, ал үшіншісі оның денесін сканерлеп, бұрын белгіленген-белгіленбегенін анықтайды. Стадиг келесі жылғы аулау квотасын осы белгіленген және белгіленбеген балықтардың санына қарай реттейді. Осындай шектеулердің арқасында Уолф өзеніндегі бекірелер саны популяцияны сақтап қалатын деңгейге жетті. Федералдық билік осы жетістікті негізге ала отырып, мұндағы бекірелерді басқа штаттардың өзендеріне жіберу арқылы популяцияны қалпына келтіруді көздейді.
Әр бекіренің ұзындығы өлшеніп, жынысы анықталып, белгі салынғаннан соң, олар АҚШ-тың Балық және Тұмса табиғатты қорғау қызметінің өкілдеріне тапсырылады. Олар аналық балықтан уылдырық, аталықтан шабақ ұрығын жинап, уылдырықты зақымдап алмас үшін жұмсақ құрылымды күркетауық қанатымен араластырады, сосын ұрықтанғандарын Джорджия штатындағы Warm Springs ұлттық балық питомнигіне жеткізеді. Шамамен бір айдан соң бұл балықтарды Теннеси
аквариумы сияқты мекемелер алып кетіп, арнайы резервуарларда тұзды асшаяндар мен қансорғыш құрттармен қоректендіре отырып өсіреді. Бекірелердің ұзындығы 15 см-ге жеткенде оларды кезінде шамадан тыс аулау, тереңдетіп қазу, ластану және бөгеттер салу салдарынан жойылып кеткен өзендерге қайта жібереді.

2000 жылдан бері аквариум мен оның серіктестері Теннеси және Камберленд өзендеріне 300 000-нан астам көл бекіресін жіберді. Ғалымдар бұл балықтар бөгеттердің арасындағы ағынды бөліктерде көбейеді деп үміттенеді. Алғашқы аналық бекірелер енді ғана жыныстық тұрғыдан жетілді: бұл – көл бекірелері үшін 20 жылдан астам уақыт қажет ететін процесс. Дегенмен Кухайда мен оның тобы әзірге бұл балықтардың табиғи жолмен уылдырық шашып, құртшабақтарының
бөгеттерден аман өткенін дәлелдейтін нақты деректер көрген жоқ. Бірақ ғалымдар үміт үзбей келеді. «Бекіре популяциясын қалпына келтіру бағдарламасын қолға алсаңыз, бұл іске бір ғасыр уақытыңызды арнайсыз, – дейді бекірелердің генетикалық құрамын анықтау үшін Уисконсиндегі топқа қосылған Кухайда. – Бұл – ұзақмерзімді инвестиция».
Стадигтің тобы жұмысын аяқтар алдында Меномини тайпасына 73 бекіре тапсырады. Бұл тайпаның Шауано бөгетінен жоғарыда орналасқан резервациясы бар.
Мыңдаған жыл бойы Меномини халқы көктем сайын дәстүрлі мейрам ұйымдастырып, арнайы рәсім өткізетін. «Ұзақ қыстан кейін біз бекіренің келуін күтіп отыратынбыз», – дейді тайпаның тарихи мұраларын қорғау маманы Дэвид Гриньон.
Алайда 130 жылдан астам уақыт бұрын бөгет салынғаннан кейін, бекірелердің көш жолы жабылып, дәстүрлі рәсім тоқтап қалды. Ғасыр өткен соң, штаттың бекірелерді қалпына келтіру бағдарламасының арқасында Уисконсин билігі тайпамен бірлесіп, жыл сайын бекірелерді бөгеттерден жүк көліктері мен су тасымалдағыш резервуарлар арқылы өткізуді бастады. Осылайша, Меномини халқы дәстүрін жандандырып, бекірелердің өзен бойымен өрлеуін бейнелейтін билерді қайтадан өткізетін болды. Қазіргі таңда тайпа бекірелердің табиғи миграциясын қалпына келтіру үшін бөгеттердің біріне арнайы өткел орнатуға күш салып жатыр.
Қызығы сол – бекіре популяциясын күйреткен дәл сол индустрия қазір олардың қайта көбеюіне көмектесіп отыр. Италияның Милан қаласының маңындағы отбасылық бекіре фермасында Сержио Джованнини металл торлы көпірде тұрып, судағы Кавалло есімді бекірені көрсетіп тұр. Бүгінде әлемдегі уылдырықтың көп бөлігі дәл осындай акуамәдениет фермаларында өндіріледі. Бекіре қорғаушылар мұндай кәсіпорындар Еуропадағы бекіре түрлерін құтқаруға үлес қоса алады деп үміттенеді. Джованнини әулеті 300 000-ға жуық Адриатика, орыс, пілмай, сүйрік бекірелерін өсіріп, оларды әлемдік нарыққа шығарады. Олардың көбі уылдырық пен еті үшін сатылады. Бірақ Кавалло сатылмайды.
Оған су бетіне секіру мәнері жылқыға ұқсайтындықтан, «Кавалло» (итальянша «жылқы») деп ат қойған. Әуелде аталық балық деп саналған Кавалло 2020 жылы, оны бұлақ суымен қоректенетін аймақтан өзен суы бар ферма резервуарларына ауыстырғаннан кейін, 50 жастан асқанда алғаш рет уылдырық шашты. Қазір Кавалло – бекіре популяциясын қалпына келтіруге үлес қосып отырған аналық балықтардың бірі. «Біз бұл ханымға өзен суын береміз. Үш-төрт жылдан кейін нағыз ғажайыптың куәсі боламыз», – дейді Джованнини.
Кавалло мен фермадағы басқа да адриатика бекірелерінің тірі қалғанының өзі – ғажап құбылыс. Серджионың әкесі Джачинто 70-жылдардың ортасында По өзені мен оның салаларындағы балықшылардан Кавалло мен тағы 60 шақты адриатикалық бекірені сатып алған. Олар тірідей қолға түскен соңғы адриатика бекірелерінің қатарында еді; 2010 жылы бұл түр Халықаралық табиғатты қорғау одағы (IUCN) тарапынан жойылып кетуге шақ тұрған, тұмса табиғатта, мүмкін, мүлде жойылып кеткен деп танылды.
Джачинто бақтақ мен шортан өсіруде тәжірибесі болғанымен, бекірелерді қолдан өсірудің қыр-сырын білмеді. Ол кеңес ғалымдарының 60-жылдардан бері Каспий бекіресінің түрлерін жасанды жолмен ұрықтандырып келе жатқанынан хабардар болатын. 40-жылдары олар гипофиз гормондарын егу арқылы уылдырық шашуды қоздыру әдісін ойлап тапты, ал 1969 жылы лапаротомия – адамдағы кесір тілігіне ұқсас хирургиялық әдіс арқылы гаметаларды алуды үйренді.
Джачинто 1978 жылы адриатика бекірелерін өсіру бойынша кеңес сұраған кезде олар көмектесуден бас тартты. Сол себепті ол француз және итальян ғалымдарының жәрдемімен бұл істі тәжірибе жүзінде өзі меңгерді. 1988 жылы жабайы бекіре аулауға тыйым салына бастаған тұста ол алғаш рет инвазив емес «сауу әдісін» – аналық бекіренің құрсағына жұмсақ қысым жасау арқылы уылдырығын «сығып» алу тәсілін меңгерді.
Көп ұзамай ол алғашқы адриатика шабақтарын табиғатты қорғау ұйымдарына таратып, 90-жылдары осы және басқа да бекіре түрлерін уылдырық өндірісі үшін өсіре бастады. Бүгінде әлемдегі барлық
адриатика бекіресі 70-жылдары Джачинто жинаған аналықтардан тарағаны айтылады. Джованниндер адриатика бекіресін аман алып қалды деп сенімді түрде айтуға болады», – дейді Дүниежүзілік тұмса табиғатты қорғау қоры Бекірелерді сақтау бастамасының жетекшісі Беате Стрибель-Грейтер.
Сарапшылар мұндай шаралар Ресей бекіресі, стерлет сияқты түрлерді және олардың ішіндегі ең ірісі әрі ең бағалысы – белуга бекіресін қорғауға көмектеседі деп үміттенеді. Белуга ХХ ғасырда шамадан тыс аулау мен бөгеттердің салдарынан саны күрт азайған кезде, заңсыз сауда гүлдене түсті:
уылдырыққа толы бір аналық белуга үш миллион долларға дейін бағаланған. Бір кездері белуга Солтүстік Италияда кездесетін және ауланатын. Қазір олар Италия өзендерінен мүлде жойылып, тек Каспий мен Қара теңізде аз ғана популяциясы сақталған. Заңсыз уылдырық саудасы әлі де бар болғанымен, акуамәдениеттің кеңеюі оны бұрынғыдай тиімді етпей отыр.
Джованниндер өсірген бекірелер жүк көліктерімен жақын маңдағы Калвисано өнеркәсіптік қалашығындағы Agroittica Lombarda уылдырық өңдеу зауытына жеткізіледі. Бұл кәсіпорын жылына 28 тоннадай уылдырық өңдейді. Өсіру бағдарламасының Джованниндердікінен айырмашылығы – уылдырық алу үшін әлі де бекірелерді сою қажеттігі. Балықтар V тәрізді сойыс науасына жіберіліп, кейін жұмысшылар оларды өңдеу бөлмелеріне апарып, аналық бездерін алып, жылтыраған жүз мыңдаған қара уылдырықты суырып алады. Уылдырық салмағы балықтың жалпы салмағының 25%-ына дейін жетуі мүмкін. Кейін уылдырық жуылып, дәмі тексеріліп, сұрыпталып, өлшеніп, тұздалғаннан кейін банкілерге салынып, престеледі де, сатылымға шығарылады.
«Сіз уылдырықты сатып алғанда, бекіре жұмыртқасын емес, белгілі бір көзқарасты сатып аласыз, – дейді Дүниежүзілік бекіре сақтау қоғамының президенті Паоло Бронци. – Бұл – тек байлар үшін жасалған люкс өнім. Шампан, уылдырық, сұлу қыз». Сұрыптау бөлмесінде жұмысшылардың бірі маған Ресей бекіресінен алынған уылдырықтан ауыз тиюді ұсынды. Шынында да, ол молшылықтың дәміндей екен: өмір, теңіз, тұз, тіршілік.

ҚАЗАҚСТаНДА СЫРДАРИЯДА Кухайда балшықты өзен түбінде тепе-теңдігін жоғалта жаздап, әлек болып жатқанда Қазақ балық шаруашылығы мамандары жағада темекі шегіп, сабырмен күтіп тұр. Кухайда мен Нили ағыс астына ау жібереді. Алғашқы айналымда олар сансыз бұтақ пен тұқылдарды, бірнеше ұсақ балықты тартып шығарды. Өзен жағасында олар ұсталған әрбір түрді пластик контейнерге салып, өлшеп, суретке түсіреді де, қайтадан ағысқа қарай бет алады . Үміттері – 50 жылдан астам уақыт бойы ешбір ғалым көрмеген бекірені ұстап, оның популяциясын қалпына келтірудің негізін қалау.
Мұндай жұмыстардың әсері байқала бастады. Кухайда, Стадиг және Джованниндер сияқты ғалымдар мен акуамәдениет мамандарының еңбегі арқасында бекірелердің саны қайта көбейіп келеді. Солтүстік Американың шығыс бөлігінде Атлант, Мексика және көл бекірелерінің популяциясы қазір қалпына келе бастады. Уисконсиннің Вулф өзеніндегі сияқты қайта жіберілген шабақтар Нью-Йорктен Миннесотаға, Германиядан Қытайға дейінгі өзендерге оралып, кей жерлерде ондаған жылдардан бері алғаш рет уылдырық шашуда.
Өкінішке қарай, Кухайда бұл сапарында Сырдария бекіресін таба алмады. Бірақ ол осы көктемде Өзбекстанға, өзеннің жоғарғы ағысына, суы таяздау және арналарға бөлінген аймаққа қайта оралуды жоспарлап отыр. Ол бекірелердің жойылып кетпегеніне сенеді. Келесі экспедиция кезінде ежелгі, ұзақ уақыт бойы іздеген балық су бетіне шығып, өз көзіне өзі сенбей қалатын сәт туады деп үміттенеді. «Ол судан шыққан сәтте, бірден танимын, – дейді Кухайда. – Сол кезде бақыттан басым айналып кетер еді».

Қадірлі оқырман, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласу арқылы журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.