5Мам

Қызғалдақтың отаны

Қызғалдақтың отаны – Қазақстан. Бұл тұжырымның негізгі дәлелдерінің бірі – селекциялық жолмен өсіріліп, әлемге таралған көптеген қызғалдақ түрінің түп атасы саналатын өсімдіктердің Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-шығыс өңірінің кей жерлерінде ежелден табиғи түрде өсетіндігі. Бүгінде еліміздің аумағында қызғалдақтың 40-қа жуық түрі бар екені белгілі. Олардың ішіндегі 18 түрі сирек кездесетіндіктен, мемлекет қорғауына алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.

Қызыл кілем – қызғалдақ

Қытымыр қыстан кейін қарайып жатқан даланың ажарын ашып, сәнін кіргізетін де осы гүлдер деуге болады. Өйткені олар көктем туа ерте гүлдейді. Көп шоғырланған аумақтарда дала төсін қызыл-сары түсімен құлпыртып, қалы кілемдей жабады. Көрген жанның көзін сүйінтетіндей ғажайыпқа айналады. Алайда мұндай тығыз шоғырланған қызғалдақ алқаптары  көп емес. Кей жерлерде аумағы тарылып, азайып барады. Сондықтан да оларды қорғау, табиғи алқаптарын сақтау өте маңызды.

Мамырдың 2-3 күндері Жамбыл облысы әкімдігі ұйымдастырған  «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі осы гүлдерді табиғат берген ғажайып сый ретінде сақтау мәселесіне назар аударуды мақсат еткен айтулы ісшараның біріне айналды.

Фестивальдің бірінші күні алыс-жақын шетелден – Нидерланд, Германия, Украина, Қырғызстан елдерінің ғалымдары мен ЮНЕСКО өкілдерінің қатысуымен ғылыми-практикалық конференция өтті. Оның барысында қызғалдақ өсетін табиғи ландшафтарды сақтау және экотуризмді дұрыс ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Бұл орайдағы негізгі ұсыныстың бірі – қызғалдақ алқаптарын қорғаумен бірге туризмнің дамуына серпін беретін геопарк құру бастамасы болғандығын айта кеткен жөн.

«Соңғы деректерге қарағанда әлемде қызғалдақтың табиғи түрі мен алуандығы бойынша 78-ден 139 дейінгі түрі бар деп саналады. Ал  Қазақстанда қызғалдақтың 41 түрі бар, соның 13-і эндемик, 18-і Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген», – деп атап өтті осы конференцияда баяндама жасаған «Ботаника және фитоинтродукция институты» РМК бас директоры, биология ғылымдарының докторы Гүлнар Ситпаева. Оның айтуынша, қызғалдақтың көрші қырғыз елінде – 20, Тәжікстанда – 25, Өзбекстанда – 32, Түрікменстанда 10 түрі бар.  

«Көптеген адамдар қызғалдақтың қайдан шыққанын, тарихын біле бермейді. Түрлі нұсқалар бар, бірақ оның шығу тарихында Жамбыл жері басты рөл атқаратыны сөзсіз. Мұны табиғи жағдайлар да, ғылыми зерттеулер де растайды. Ең бастысы, осы табиғи байлықты сақтап, мәдени-туристік жобаларға сауатты түрде енгізу – өте маңызды», – деп атап өтті конференция барысында  «HBM» (Нидерланд) компаниясының менеджері Пична Марсели.

Конференция қорытындысы бойынша қарар қабылданды. Грейг, Кауфман және Регель қызғалдақтарын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік табиғи мұралар тізіміне енгізу, кейіннен Қазақстан қызғалдақтарының бірегей генетикалық қорын сақтау үшін Кіші Қаратау аумағында геопарк ұйымдастыру туралы тиісті органдарға ұсыныс жасалды.

Қызғалдақтың Жамбыл облысындағы шоғырлана өсетін жерлерінің бірі – Қаратаудың етегі. Мұнда ғалымдардың айтуынша, негізінен Грейг, Регель және Кауфман қызғалдақтары өседі. Өкінішке қарай, биылғы көктем қуаң болғандықтан, тау етегінен төменірек өсетін қызғалдақ гүлдері ерте сола бастаған. Бірақ сәл жоғарырақ белдеудегі алқызыл алқап әлі де көздің жауын алады.

Жамбыл облысының әкімдігі осы Қаратаудың етегіне, қызғалдақ алқабына жақын маңда арнайылап этно-ауыл  орналастырыпты. Мұнда келген халыққа қазақтың дәстүрлі қымызмұрындығы мен ұлттық спорт ойындары, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, ұлттық тағамдар мен сусындар ұсынылып жатты.  

Бір атап өтерлігі, қызғалдақ көруге күткендегіден де өте көп халық жиналыпты. Есей би ауылынан қызғалдақ алқабы жақта құрылған этно-ауылға дейінгі аралықта адам тасыған көліктерді күтуге шыдамы жетпей, жаяу тартып бара жатқан жұрттың да қарасы көп болды.

«Қызғалдақ – ұлттық мақтаныш пен мәдени мұраның символы. Дәл осы жерден, қазақ даласында оның тарихы басталып, дүние жүзіне таралып, голландия бақтарын қоса алғанда, әлемдік бақтардың сәніне айналды. Бұл туған жеріміздің ұлылығы мен байлығының жарқын көрінісі»,  – деді көпшілікке сөз арнаған облысы әкімі Ербол Қарашөкеев.

Этно-ауылда сондай-ақ облыстың киіз басу шеберлері қызғалдақ гүлінің суреті басылған ең үлкен киізді Қазақстанның рекордтар кітабына ұсынды. Бұл киіздің көлемі – 200 шаршы/метр.

Жамбылдық қолөнер шеберлері жасаған 200 шаршы метрлік текемет

Украинадан келген ботаник, В.Н. Каразин атындағы Харьков мемлекеттік университетінің ботаникалық бағы директорының орынбасары Александр Алехиннің айтуынша, қызғалдақтардың азюына, олар өсетін табиғи алқаптар аумағының кішіреюіне ауылшаруашылық жұмыстарынан бастап, климат өзгерісіне дейінгі көптеген фактор әсер етеді. Мысалы, қуаңшылық болған жылдары гүлдемей жатып қурап қалуы мүмкін. Кейде гүлдегенімен, тұқымы жетілмей немесе шашылмай қалатын жағдайлар да кездеседі. Ал қызғалдақ түбір-пиязынан емес, тұқым шашу арқылы көбейеді. Тұқымынан өніп, алғаш гүл ашқанға дейінгі уақыт аралығы 4-5 жылға созылуы мүмкін.

Сабағын немесе түбір-пиязын азық қылатын жан-жануарлар да баршылық. «Біздің жақта қызғалдақ алқаптарына көп жағдайда малшылардың зардабы тиіп жатады. Мал жегенімен қоймай, тұяғымен таптап кетеді. Сосын малшылардың ескі қауды өртеуі де қызғалдақтардың тұқымы мен түбіріне едәуір зиянын тигізеді. Сіздерде осы қызғалдақ алқаптарын қорғау, сақтау мәселесіне назар аударылып жатқаны қуантады», – деді бізге Қырғызстаннан келген геоботаник,  Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі Алмагүл Кендірбаева конференциядан кейін.

Оңнан солға қарай: қырғызстандық ғалым Алмагүл Кендірбаева, Германиядан келген профессор Фрейтаг Ерих Хельмут және National Geographic журналының шеф-редакторы Айбын Шағалақ

Конференция барысында айтылған геопарк құру ұсынысы болашақта қызғалдақтарды қорғау мен өңірге турист тарту ісін оңтайлы шешуге септігін тигізеді деген үміт бар. Бұл енді уақыт пен жергілікті атқарушы органдардың еншісіндегі мәселе екені анық.

Фотолардың авторы Ерболат Шадрахов


Қадірлі оқырман, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласу арқылы журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.