Автор: Наталья Меса
Кілтіңізді тағы да ұмытып кеттіңіз бе? Әлде емтиханда келетін сұрақтың жауабын жаттай алмай отырсыз ба? Жадыны жақсартудың ең тиімді әдісі – нақты нені есте сақтағыңыз келетініне қарай әртүрлі болып келеді.

Ұмытудың өзі қалыпты нәрсе, бірақ ол өмірді айтарлықтай қиындататыны да рас. Кейде жаңа танысқан кісінің есімін бірнеше секундтан кейін-ақ жадыңыздан өшіріп алуыңыз, кілтті қай жерге қойғаныңызды ұмытып қалуыңыз немесе маңызды туған күнді естен шығарып алуыңыз мүмкін.
Естеліктердің жадымыздан өшуінде де бір мән бар.
Миымызда ұмыту тетігі болмаса, қажет нәрсені еске түсіргіміз келгенде, оны қажетсіз ақпараттың ішінен сұрыптап алу мүмкін болмас еді. «Миды артық, бейберекет ақпаратпен толтырғымыз келмейді», — дейді Дэвистегі Калифорния университетінің нейробиологі Чаран Ранганат.
Жадыны жақсарту үшін дәрігерлер ең әуелі әдеттегі өмір салтын өзгертуге кеңес береді. Мәселен, ұйқының жеткілікті болуы аса маңызды екен. Өйткені, Бостон университетінің нейробиологі Майкл Хасселмоның айтуынша, ми дәл осы уақытта күндіз үйренген ақпаратты қайталап, оны ұзақмерзімді жадқа бекітеді. Сонымен қатар, нейробиолог дұрыс тамақтану мен тұрақты жаттығу да есте сақтау қабілетіне оң әсер ететінін айтады.
Ал азық-түлік тізімін есте сақтау сізге қиынның қиыны болса, қуанышты жаңалығымыз бар: сарапшылардың айтуынша, ақпаратты жаттап, есте сақтауға көмектесетін ғылыми негізделген бірнеше әдіс бар. Сізге қай әдіс тиімдірек болатыны – кім екеніңізге, нені есте сақтағыңыз келетініне һәм не үшін есте сақтағыңыз келетініне байланысты.
Біз есте сақтау қабілетін зерттейтін мамандардан жадты жақсартудың алты негізгі әдісі мен оларды қалай қолдануға болатынын сұрадық.
1. Мағыналық байланыс орнату
Бұл тәсіл жаңа ақпаратты – тіпті кездейсоқ, еш байланысы жоқ деректерді есте сақтауға тиімді
Нейробиолог Ранганат біз жаңа нәрсе үйреніп жатқанда, ми оны бұрыннан сақталған ақпаратпен байланыстыратынын айтады. Сондықтан кез келген нәрсені есте сақтаудың ең жеңіл жолы — оны мағыналы ету. Когнитивтік ғылым саласындағы ондаған жылдық зерттеулер көрсеткендей, мағыналы ақпаратты еске сақтау – еш байланысы жоқ кездейсоқ фактілерді есте сақтағанға қарағанда әлдеқайда жеңіл.
Бұл жердегі «мағына» дегеніміз – жаңа мәліметтің сіз бұрыннан білетін нәрсемен байланыcқаны, белгілі бір жағдай аясында қисынға саятыны немесе жеке өміріңізбен қандай да бір байланысының болғаны. Мысалы, зерттеулер көрсеткендей, адам жаңа сөздерді өз сөзімен түсіндіріп үйренсе, оларды әлдеқайда жеңіл есте сақтайды. Я болмаса біреудің есімін есте сақтағыңыз келсе, оны сол кісімен аттас басқа танысыңызбен байланыстыра ойлаңыз.
Ал табиғатынан мағынасы жоқ нәрселерді – мәселен, сандарды немесе күндер тізімін есте сақтау қажет болса, бұл жағдайда жасанды мағына беру, яғни мнемоника әдісі жақсы көмектеседі. «Мнемоника дегеніміз – жаңа ақпарат пен бұрыннан бар білім немесе көрнекі бейнелер арасында байланыс орнатуға көмектесетін қысқартулар, ұйқастар, аллитерациялар немесе әндер», – дейді Вирджиния университетінің психологі Даниэл Уиллиңгем.
«Мысалы, сіз Нейл есімді біреумен таныстыңыз делік, ал оның мұрны үлкен немесе түр-тұлғасында ерекше бір белгісі бар», – дейді Ранганат, «Сол сәтте: “О, мұрынды Нейл” деп ойласаңыз, бұл сол кісінің есімін есте сақтауға көмектеседі».
Жарқын образдар немесе қызық оқиғалар құру да ақпаратты мағыналы етуге көмектеседі. Мәселен, мектепте жыл атауларын ретімен жаттап алу үшін мынадай өлең жолдарына жүгінген боларсыз:
Түйе сеніп бойына,
Қалған ұмыт жылдардан.
Жатпа қарап, мойыма,
Тайма именіп ділмардан.
Осы өлеңдегі әр сөздің бірінші әрпі мен жыл атауларының бірінші әріптері бір-біріне сәйкес келеді.
2. Араға уақыт салып қайталау және өзіңізді мәжбүрлей еске түсіру
Емтиханға дайындық кезінде, тіл үйрену барысында, фактілерді есте сақтау кезінде тиімді
Егер сіз шетел тіліндегі сөздерді немесе флэш-карталарды жаттай отырып, емтиханға дайындалып жүрсеңіз, зерттеулер араға уақыт сала қайталап тұру – миыңыздың есте сақтау қабілетін жақсартып, ақпаратты тиімдірек сақтауға көмектесетінін көрсетеді. Араға уақыт салып қайталау (spaced repetition) деп аталатын бұл әдіс бірте-бірте арасы ұлғайып отыратын уақыт аралығында қайталау дегенді білдіреді.
Ранганаттың айтуынша, араға уақыт сала қайталаудың тиімді болатын себебі, адам жаңа нәрсені алғаш үйренген сәтте ол ақпарат қысқамерзімді жадта сақталады. Ал оны ұзақмерзімді жадқа көшіру көбірек уақыт қажет етеді әрі ол «офлайн» түрде, яғни демалыс немесе үзіліс кезінде жүреді.
Араға уақыт салып қайталаудың тағы бір артықшылығы – ақпаратты қажет кезінде еске түсіруге көмектеседі. Ранганаттың айтуынша, адамдар қандай да бір нәрсені алғаш үйренген контексіне сай еске түсіруге шебер, бірақ сол контекст өзгерсе, ақпаратты еске түсіру қиындайды. Мәселен, сіз кофеханада отырып емтиханға дайындалдыңыз делік, айналада қуырылған кофенің иісі бұрқырап тұрған. Сол иіс пен орын есте сақтауға көмектесуі мүмкін, бірақ басқа жерге барғанда бәрін ұмытып қалуыңыз ғажап емес. «Ал үйренгеніңізді араға уақыт сала қайталай отырып, жадыңыздағы мәліметтің белгілі бір орынға немесе уақытқа байланып қалмауына септесесіз. Яғни, сіз ол ақпаратты кез келген жағдайда еске түсіре аласыз», – дейді Ранганат.
Оның айтуынша, жадыңызды күшейтудің тағы бір тиімді жолы – өзіңізді тексеру және ұмытқан нәрсені есіңізге түсіруге тырысу. Мысалы, оқулықты қайта-қайта оқи бергенше, өзіңізге сұрақ қойып, оған жауап іздеуге талаптанып көріңіз. Бұл тәсіл «еске түсіру тәжірибесі» (retrieval practice) деп аталады. Зерттеулер осы тәсіл ақпаратты миыңызда бекітетінін дәлелдеген. «Жауапты бірден таппай, қиналып іздеу – миға сол ақпаратты қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді әрі жаңа мәліметті мықтап бекітетін нейрондық байланыстарды қалыптастырады», – дейді Ранганат.
«Сол себепті, бейтаныс адамдардың есімін есте сақтай алмай қиналатын болсаңыз, есімін сұрамас бұрын оны алдын ала болжап көру сізге пайдалы болуы мүмкін. Мысалы, мен сіздің есіміңізді еске түсіруге талпынып, кейін сіз дұрыс есімді айтқан соң өзімді түзетсем, миым енді қате де кездейсоқ байланыстарды құруға, шатасуға бейіл болмайды», – дейді зерттеуші.
3. Дауыстап оқу
Азық-түлік тізімі секілді қысқамерзімді нәрселерді есте сақтауға тиімді
Зерттеулерге сүйенсек, мәтінді іштей оқығаннан гөрі дауыстап оқу немесе тіпті әндетіп айту ақпаратты есте сақтауға әлдеқайда жақсы көмектеседі. Себебі, іштен оқумен салыстырғанда, дауыстап оқу кезінде сезім мүшелерінің көбірек түрі іске қосылады екен. Бұл құбылыс «өндіріс әсері» (production effect) деп аталады.
Хасселмоның айтуынша, сөздерді дауыстап айтқанда, мидың қимыл-қозғалыс пен есту аймақтарындағы нейрондар белсенеді. Естелік бір мезетте мидың неғұрлым көп бөлігімен байланысқан сайын, ол ақпарат соғұрлым ерекшеленіп тұрады әрі оны еске түсіру жеңіл болады.
Дегенмен Хасселмоның айтуынша, өндіріс әсері ұзақмерзімді жад қалыптастыруда мнемоника немесе белсенді еске түсіру (active recall) секілді басқа әдістерге қарағанда әлсіздеу болуы мүмкін. Сонымен қатар, 2024 жылғы қаңтарда жарияланған зерттеу дауыстап оқу есте сақтау қабілетін жақсартатынын көрсеткенімен, мәтінді түсінуге көмектеспейтінін анықтаған. Сондықтан сарапшылар бұл әдісті емтиханға дайындалудан гөрі, азық-түлік тізімін есте сақтауға қолданған тиімдірек дейді.
4. Сезім мүшелерін белсендіру
Өміріңіздің нақты бір сәтін есте сақтағыңыз келсе, бұл әдіс өте тиімді
Үйрену барысында дауыстап оқуға қосымша ретінде басқа да сезім мүшелерін белсендіру – қандай да бір сәтті есіңізде жарқын түрде сақтауға көмектеседі. «Мысалы, кілтті қайда қойғаныңызды ұмытып қалдыңыз делік. Оны табу үшін миыңыз бұрынғы барлық «кілт қойған» сәттер арасынан дәл сол бір мезетті ажыратып, еске түсіруі керек», – дейді Ранганат.
Ол мұны болдырмас үшін келесі жолы кілтті қойған кезде дәл сол сәттің ерекше тұстарына – көрініске, дыбысқа, иіске назар аударуды ұсынады. Осындай сезімдік тәжірибелер ерекше жады қалыптастырып, кейін кілтті қайда қойғаныңызды есіңізге түсіруге көмектеседі.
«Жадыны күшейтудің кілті – оны мида мүмкіндігінше көп нәрсемен байланыстыру», – дейді Хасселмо. Сезімдерге мән беру мидың көбірек бөлігін белсендіреді, сол арқылы ақпарат кеңірек таралып сақталады. «Белгілі бір естелікпен байланысқан айқын визуал көрініс көбірек нейронды белсендіріп, синапстар (нейрондар арасындағы байланыс) көбірек өзгереді», – дейді сарапшы. Ол сөйтіп жадыны әлдеқайда күшті етеді.
Сезім мүшелерін жаттықтыру сіз ойлағандай қиын емес. Сезімдеріңізді іске қосу арқылы есте сақтау қабілетін жақсартудың жолдары жайлы кеңестерді ағылшын тіліндегі National Geographic-тің арнайы материалынан толығырақ оқи аласыз.
5. «Жад сарайы» әдісін қолдану
Ұзын тізім немесе баяндама мәтінін жаттау кезінде тиімді
Есте сақтау мен еске түсіру қабілетін арттыратын ежелгі бір мнемоникалық тәсіл – жад сарайы әдісі. Ол локи әдісі (method of loci) деп те аталады. Зерттеулер бұл тәсілдің тиімділігін дәлелдеген. Оны есте сақтау жарысының жеңімпаздары да жиі қолданады, тіпті кейбіреулері осы әдіспен Пи санының ондаған мың цифрын жаттап алған.
«Әлдебір тізімді немесе баяндама мәтінін жаттап алуды көздесеңіз, оның ең жеңіл жолы – локи әдісі», – дейді Хасселмо.
Әуелі өзіңіз жақсы білетін бір кеңістікті – мысалы, өз үйіңізді көз алдыңызға елестетіңіз. Сол кеңістіктің ішінен жүріп өтіп бара жатқандай болыңыз да, есте сақтағыңыз келген әр деректі сол үйдің нақты бір бөлігімен байланыстырыңыз. Хасселмоның айтуынша, байланыстардың неғұрлым ерекше немесе оғаш болғаны соғұрлым жақсы. Сондай-ақ иіс пен текстура секілді сезімдік элементтерді қосу да есте сақтауды күшейтеді.
Мысалы, азық-түлік тізімінде банан, спаржа мен мұз бар делік. Осыларды есте сақтауыңыз керек. Бұл үшін үйге кіріп бара жатқаныңызды елестетесіз. Есіктен кіре берісте бананды мыжып тастадыңыз, сосын баспалдаққа бір шоқ спаржаны тастап кеттіңіз. Содан кейін жатын бөлмеңіздегі төсекке бір уыс мұзды төгіп кеп жібердіңіз. Кейін осы үш затты еске түсіргіңіз келсе, сол жолды қайта жүріп өткендей болып, бәрін көз алдыңызға елестетесіз.
Хасселмоның түсіндіруінше, жад сарайы әдісінің тиімді болу себебі, бұл тәсіл есте сақтағыңыз келген ақпарат пен миыңызда бұрыннан қалыптасқан, сізге таныс бейнелер арасында байланыс құрады. Ғалымдар мидың есте сақтауға жауап беретін гиппокамп дейтін бөлігі кеңістікті бағдарлауға да жауапты деп есептейді. Сондықтан да таныс орынды елестете отырып есте сақтау – өте қуатты әдіс.
Алайда локи әдісінің тиімділігі ғылыми ортада әлі толық мойындала қойған жоқ. Зерттеушілердің кейбірі бұл тәсілдңі басқа мнемоникалық әдістерден ешқандай артықшылығы жоқ деп есептейді.
«Бұл – ақпаратқа мағына берудің және оны жүйелеудің бір тәсілі ғана», – дейді Ранганат.
Ал Уиллиңгем: «Бұл әдіс сізге жай ғана құрылым, негіз береді», – деп қостай кетті.
6. Әдейі естелік жасау
Әлдебір өмірлік сәтті санаңыздан өшпестей сақтап алғыңыз келсе, осы әдіс ұтымды болатыны анық
Ранганат көпшіліктің жай дерек пен фактілерді емес, өміріндегі маңызды сәттерді есте сақтап қалғысы келетінін алға тартады.
Маңызды оқиға болып жатқан тұста, сол сәтті жадыңыздан өшіріп алмас үшін, Ранганат бұл тәжірибеден нақты нені есте сақтағыңыз келетінін алдын ала саналы түрде ойлап алғаныңыз жөн дейді. Осылайша, сіз сол мезетке толық зейін қойып, сол сәтте болып жатқан оқиғалар мен сезініп жатқан эмоцияларыңызға барынша назар аудара аласыз.
«Көбіне адамдар сауық кешіне барады да, сол сәттің естеліктері өздігінен қалып қояды деп ойлайды. Ал шындығына келгенде, бәрі ондай емес, – дейді Ранганат. – Сондықтан менің сізге берер басты кеңесім, бір оқиғадан нақты нені есіңізде қалдырғыңыз келетінін алдын ала ойланыңыз».







