Өткен демалыста таңғаларлық әрі күтпеген кездесу өтті! Атырау облысындағы Дамба ауылының жанындағы Приморский айлағында тұрып, Жайық өзенінің арғы бетінен бірнеше жануардың сұлбасын байқадым…

Мәтін мен фотосуреттердің авторы: Юлия Вахмистрова

Бастапқыда қой немесе ешкі жайылып жүргендей көрінген. Бірақ олардың біреуі – тым ірі, ал қалғандары үй малынан әлдеқайда ұсақтау еді. Объективті бағыттап, фотоаппарат зумын ұлғайтқанда ғана жабайы шошқалардың «отбасын» байқадым: екі ересек қабан мен бес кішкентай торай! Шамасы, олар мұнда су ішуге келген. Ата-анасы асықпай, момақан қалпынан танбай, су ішіп, ара-тұра жас торайларға қарап қояды. Ал торайлар болса, балаша жүгіріп, асыр салып, тіпті суға күмп беріп жатты.

Торай мен қарғаның ойыны

Кенет бір торай жағадағы қарғаны байқап қалды. Сірә, ол да шөлін қандыру үшін ұшып келген, я болмаса балық пен өзен мидиясын жеп қалуды көздеген болар. Бірақ қарғаның ойлағаны іске аса қоймады! Торай ойнақтай жүгіріп келіп, құсты танауымен нұқып қалды. Қарға қанатын қағып, әрірек жерге барып қонды. Алайда кішкентай тентек осымен қоя салмай, әлгі әрекетін тағы қайталады. Біраз уақыт бақылап тұрып, балақайдың жай ғана ойнап жүргенін түсіндім. Ол қарғаға қайта-қайта шауып барады, ал сосын кері бұрылып, өзі одан қашқандай болады. Сырттай қарағанда, қабандар семіз әрі ебедейсіз көрінгенімен, шын мәнісінде мүлдем басқаша екен: біздің кейіпкеріміздің шабысы тайдың шабысынан еш кем емес!

Қабан туралы қызық деректер

Қабан сирек ұшырасатын жануар қатарына жатпайды, олар әдетте қамыс тоғайларды мекендейді. Жабайы шошқалар түрлі ауа райы жағдайына жақсы бейімделген, қорек те талғамайды. Олардың ас рационы алуан түрлі: өсімдік өскіндері мен түйнектері, жеміс-жидектер, дәнді дақылдар, ұсақ сүтқоректілер, құстар, балық, жұмыртқа, сондай-ақ өлексе мен қалдықтарды да жей береді.

Торайлар жолақты «киім» киген күйі дүниеге келеді: жүніндегі көлденең сызықтар жас төлді жыртқыштардың назарына ілігуден сақтайды. Уақыт өте жолақтар жоғалып, жүні тұтастай бір түске айналады.

Табиғатты бақылаудың ләззаты

Әдетте қабан адамнан аулақ жүреді, бөтен біреуді көре сала қашып кетеді. Бірақ ұрпағыма қауіп төніп тұр-ау деп ойласа, ештеңеге қарамай шабуылға көшуі мүмкін. Сондықтан бұл дүлей аңмен бетпе-бет кездеспей, тек алыстан бақылаған жөн. Жан-жануарды өз табиғи ортасында бақылау ерекше ләззатқа бөлеп, жан дүниеңе шаттық пен тыныштық сыйлайды.

Мұндай сәт көпке дейін жадымызда сақталып, тұмса табиғат дәл жанымызда екенін еске түсіріп отырады. Бар болғаны, төңірегімізге байыппен зер салуымыз керек.


Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.