Бізбен бірге таңғажайып әлемге саяхат жасаңыз!
National Geographic Qazaqstan – 136 жылдан астам тарихы бар әлемдік National Geographic журналының Қазақстан аумағында 2016 жылдың ақпан айынан бері қазақ тілінде жарық көріп келе жатқан нұсқасы.
Журналды Қазақстанда шығару құқығының иесі – KAZMEDIA HOLDING жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
KAZMEDIA HOLDING – Қазақстанның медиа нарығында 2012 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан компания. National Geographic Qazaqstan журналымен бірге New York Times Turning points журналын да Қазақстанда шығару құқығының иесі. Сонымен қатар көшбасшылық пен басқару дағдыларын дамыту саласында әлемдегі ең беделді шешімдер саналатын Harvard ManageMentor және Harvard Business Publishing Collection цифрлық оқыту платформаларын Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан аумақтарында ұсынады.
Бас директоры – Еркін Жақыпов.
National Geographic Qazaqstan туралы
Журнал ай сайын шығады және бірегей эксклюзивті ғылыми-танымдық контент ұсынады. Ғылымның барлық саласында – тарих пен археология, экология мен климат, биология мен медицина, IT және ғарышты игеру секілді түрлі бағытта жүргізіліп жатқан әлемдік зерттеулер мен жаңалықтарды қалың көпшілікке қарапайым тіл мен көрнекі иллюстрация, жоғары сапалы фотолар арқылы баяндайды. Табиғат таңғажайыптары мен жаратылыс сырларына, экожүйелердің маңызы мен түйткілді проблемаларына, таныстырып, қоршаған орта мен жан-жануарлар дүниесін қорғауға шақырады.
Компания 2015 жылы келіссөздер нәтижесінде National Geographic журналын Қазақстанда қазақ тілінде шығару құқығына қол жеткізді. Сөйтіп, әлемнің 30-дан астам тілінде жарық көретін, 70-ке жуық елде таралатын халықаралық брендті елімізге әкеліп, қазақ тіліндегі тұңғыш нөмірін 2016 жылдың ақпан айында шығарды. Трансұлттық деңгейдегі медиа-брендтің қазақ тілінде жарық көре бастауы қазақ тілінің беделі мен мәртебесін көтеру, қазақ оқырмандарына ағылшын тіліндегі эксклюзивті контентті қазақ тілінде қолжетімді ету тұрғысынан Қазақстан медиа нарығындағы елеулі оқиғаға айналды.
New York Times Turning Points туралы
KAZMEDIA HOLDING New York Times компаниясының Turning Points жылдық шолу журналы мен сайтын қазақ және орыс тілдерінде шығару құқығына 2025 жылы қол жеткізді.
Жыл сайын шығарылатын бұл журнал бүкіл әлемдегі белгілі журналистер, ғалымдар, саясаткерлер мен мәдениет қайраткерлерінің, экономистер мен қаржыгерлердің жаһандық маңызды оқиғаларға деген көзқарастарын қамтиды. Әдетте жылдың соңында жарық көріп, өткен жылды қорытындылап, келер жылға болжам жасайды. Басылымда Нобель сыйлығының лауреаттары, беделді сарапшылар мен белгілі тұлғалардың мақалалары жарияланады.
Бұл да Қазақстанның медиа нарығында үлкен серпіліс тудыратын маңызды оқиғаға айналып, қазақ тілінің мәртебесі мен халықаралық беделін көтереді деп болжанып отыр.
Harvard ManageMentor және Harvard Business Publishing Collection туралы
KAZMEDIA HOLDING компаниясы 2025 жылы Харвард Бизнес Мектебінің еншілес ұйымы – Harvard Business Publishing-мен көшбасшылық пен басқару дағдыларын дамыту саласында әлемдегі ең беделді шешімдер саналатын Harvard ManageMentor және Harvard Business Publishing Collection цифрлық оқыту платформаларын Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан аумақтарында ұсыну туралы келісімге қол жеткізді.
Аталған платформалар контенті Харвард Бизнес Мектебінің жетекші профессорларының, Harvard Business Review журналы авторларының, көшбасшылық пен басқару саласындағы жаһандық сарапшылардың тәжірибесіне негізделіп жасалған. Бұл ресурстар қазіргі таңда Global 2000 тізіміндегі әлемдік алпауыт компанияларда таланттарды дамыту мен басқарушылық қабілеттерді қалыптастыру үшін кеңінен қолданылады.





