Басты бет Ғылым Медицина Суперэйджерлерге ортақ қасиет

Суперэйджерлерге ортақ қасиет

Суперэйджерлердің миы қарапайым адамдардың миынан өзгеше. Ғалымдар 25 жыл бойы зерттеп, не себепті кей адамдардың ой-санасы 80-90 жасқа жеткенде де сергек болатынын анықтады.

Қартайған шақта ой-сананы ерекше сергек ұстауға септесетін әмбебап өмір салты жоқ. Дегенмен жаңа зерттеулер кем дегенде бір мінез-құлық қасиеті бұл жерде маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Ол – көпшілдік. Суперэйджерлердің миын скандау мен қайтыс болғаннан кейінгі зерттеу олардың көпшіл мінезін түсіндіретін бірнеше айырмашылықты көрсетті.
Фотосурет: Джоэл Хёрд, Unsplash

Автор: Анника Хом

Қартайғанда да ақыл-ойды сергек ұстауға бола ма? Жасы сексеннен асқан кейбір адамдарды ғалымдар «суперэйджер» деп атайды, өйткені олардың ойлау қабілеті өзінен ондаған жас кіші адамдардың деңгейімен бірдей.

Нортуестерн университетінің зерттеушілері жүзден астам суперэйджерді 25 жыл бойы бақылап, өмірден озған 77 қарттың миын зерттеген. Жуырда зерттеу нәтижесі Alzheimer’s & Dementia ғылыми журналындағы мақалада ұсынылды. Жаңа зерттеу супер ұзақ жасаушылардың миында ақыл-ой қабілетін сақтауға көмектесетін бірнеше ортақ ерекшеліктің барын көрсетіп отыр.

Өмір салтының қалай әсер ететіні зерттеушілерге толықтай түсінікті деп айтуға әлі де ерте. Әйтсе де олар бір қызық жайтты аңғарған. Суперэйджерлердің бәріне ортақ бір қасиет бар екен: олар адамдармен араласқанды жақсы көреді.

Жиналған мәлімет суперэйджерлерді анықтауға арналған «нейробиологиялық қолтаңбаны» жетілдіруге үлес қосты. Жасыңыз сексенде немесе одан да егде жаста болсаңыз әрі сізге біреу 15 сөзден тұратын тізімді оқығаннан кейін, шамамен 30 минуттан соң кемінде олардың тоғызын еске түсіре алсаңыз, сіз суперэйджерлер қатарынан болуыңыз бек мүмкін.

Түптеп келгенде, бұл зерттеу келешекте нейродегенератив ауруларға қарсы шараларды дамытуға арқау болуы мүмкін.

«Альцгеймерді түсінудің яки оның алдын алудың тапқыр да тың тәсілі – бұл дертке мүлде шалдықпаған адамдарды зерттеу», – дейді осы жұмыстың авторы, Нортуестерн университетінің психиатрия және мінез-құлық ғылымдары бойынша ассистент-профессоры Тамар Гефен.

Сол себепті супер ұзақ жасаушылар ерекше қызық. «Өз қатарластарымен салыстырғанда, олардың есте сақтау қабілеті таңдай қақтырады», – дейді ол.

Суперэйджерлер – көпшіл әрі табанды жандар

Миыңыздың ерекшелігін өзіңіз бақылай алмауыңыз мүмкін. Алайда Нортуестерн университетінің ғалымдары суперэйджерлердің өмір салтында немесе мінезінде ортақ сипаттар бар-жоғын зерттей келе, бір қасиетті анық байқады. Ол – көпшілдік. «Мұндай жандар өз қалауына сай өмір сүреді», – дейді Гефен.

Гефеннің айтуынша, қауымдастықта ерікті болып қызмет етуді, я болмаса зерттеуге қатысқан кейбіреулерде болғандай «бірнеше романтикалық серіктестің» болуын алып қарасақ та – бәрінде бір нәрсе анық: суперэйджерлерді дербестік пен адамдармен байланысқа деген ортақ құндылықтар біріктіреді.

Оның тобы мұндай ерекшеліктердің ықтимал биологиялық негіздерін тапты. Зерттеу көрсеткендей, адамның көпшіл болуына жауап беретін мидағы белгілі бір нейрон түрі суперэйджерлерде қатарластарымен салыстырғанда көбірек екен, тіпті өзінен әлдеқайда жас адамдардікінен көп болып шыққан. Von Economo деп аталатын бұл нейрондар мидың эмоция мен танымдық процестерде рөл атқаратын алдыңғы белдеме қатпарында (anterior cingulate gyrus) орналасқан.

«Мұндай нейрондар кит сияқты әлеуметтік түрлерде ғана кездеседі», – дейді Сан-Францискодағы Калифорния университетінің нейропсихология профессоры Джоэл Крамер. Қазіргі сәтте оның тобы маңдай-самай (frontotemporal) деменциясына шалдыққан науқастарды зерттеп жүр, олар әзірге эмпатиясы төмен науқастарда von Economo нейрондары айтарлықтай «жоғалып кететінін» анықтап үлгерген.

Зерттеу бұл нейрондардың эмоциялық және әлеуметтік тұрғыда жақсы дамыған ірі маймыл, піл және кит пен дельфин секілді киттекті жануарларда кездесетінін атап өтеді. «Күшті [әлеуметтік] байланысы бар жануарлар әдетте қатарластарынан ұзағырақ өмір сүреді, ақыл-парасаты да озық болады. Бұл бір жағынан үйір мәдениетіне келіңкірейді», – дейді Гефен.

Суперэйджерлердің миындағы алдыңғы белдеме қатпарының қалыңдау болуы олардың табандырақ екенін де көрсетеді. Харвард университетінің неврология кафедрасының ассистент-профессоры әрі суперэйджерлерді зерттеуші Александра Туроутоглоу: «Мидың осы бөлігі әдетте жады емес, мотивациямен байланыстырылады. Бұл, бәлкім, суперэйджерлердің қиындыққа тап болғанда көбірек күш салуға дайын тұратынын көрсетеді», – дейді.

Суперқарттардың миын ерекшелейтін не нәрсе?

Нортуестерн университетінің зерттеушілері Сандра Вайнтрауб пен Марсель Месулам 25 жылдан астам уақыт бұрын SuperAging зерттеу бағдарламасын құрған. Бұған Майами университетіндегі Майами ми қоры банкінен (Miami Brain Endowment Bank) алынған 81 жаста қайтыс болған әйелдің миына жүргізген зерттеу түрткі болды. Марқұм әйелдің таным қабілеті 50 жастағы адамның таным қабілетімен деңгейлес еді. Бұл жаңалық «жас ұлғайған сайын, сөзсіз, когнитив қабілет те күрт төмендейді» дейтін кең тараған пікірге күмән келтірді.

Арада ондаған жыл өткенде Нортуестерн университеті де өз ми қоры банкін құрды. Гефеннің айтуынша, ол жерде қайтыс болған 77 адамның миы бар. Аурудың себептері мен дамуын анықтауда аутопсия ең сенімді әдіс саналады, сондықтан ол мұны ерекше қуанышты жағдай деп есептейді.

Зерттеудің маңызды тұжырымдарының бірі – суперэйджерлерде ми қыртысының жұқаруы, яғни мидың кішіреюі қатарластарымен салыстырғанда әлдеқайда баяу жүреді. Бұл олардың деменциядан бастап, Паркинсон ауруына дейінгі нейродегенерация түрлеріне бейімдігінің төмен болуын түсіндіруі мүмкін. 18 ай ішінде суперэйджерлердің ми қыртысының қалыңдығы 1,06 пайызға кемісе, олардың қатарластарындағы көрсеткіш 2,24 пайыз болған. Ғалымдардың болжамы бойынша, суперэйджерлердің ми көлемі олар дүниеге келген сәттен бастап-ақ үлкенірек болған болуы бек мүмкін. Алайда «бассүйек құрылымында айқын айырмашылықтардың болмауы бұл жорамалдың толық жауап бола алмайтынын көрсетеді» дейді олар.

Сонымен қатар, суперэйджерлердегі жад, үйрену және қозғалыс функциясына қатысы бар холинергиялық жүйе әлдеқайда берік болып шықты. Базальды алдыңғы мида (basal forebrain) орналасқан холинергиялық нейрондар қартаю кезінде алғашқы болып зақымданатындардың қатарынан саналады. Олар ацетилхолин атты нейротрансмиттер арқылы өзара байланысады. Крамердің түсіндіруінше, ол сергектікті қамтамасыз етеді.

Мәселен, Крамердің айтуынша, теңіз ауруына қарсы дәрі қабылдағанда адамның «сәл мең-зең сезініп, ойының ұшқыр болмауының» себебі – ацетилхолин деңгейінің төмендеуінде. Ал керісінше, қазіргі заманғы деменцияға қарсы донепезил сияқты дәрілер ацетилхолинэстераза ферментін тежеп, ацетилхолиннің ыдырауын баяулатады. Өз кезегінде, бұл есте сақтау қабілетінің әлсіреуіне тосқауыл болады.

Нортуестерн университетінің зерттеуінде суперэйджерлердің ацетилхолинэстеразаға бай нейрондарында бұл ферменттің мөлшері қатарластарына қарағанда аз екені анықталды. Бұл суперэйджерлерде ацетилхолиннің баяу ыдырайтынын және олардың жад әлсіреуіне төзімдірек болуын аңғартуы мүмкін.

Суперэйджерлердің миы Альцгеймер ауруына байланысы бар өзгерістерге де төзімдірек болып шығуы ықтимал. Нортуестерн университетінің зерттеуінде 92 жастағы суперэйджерге жасалған аутопсия барысында аурудың басты белгісі саналатын нейрофибриллярлы түйіндер табылған. Алайда сонымен бірге оның миынан «едәуір көп» мөлшерде сау әрі тіршілікке қабілетті нейрондар анықталған. Зерттеушілердің пікірінше, бұл нейрондар жадты сақтауда «шешуші рөл» атқаруы мүмкін.

«Бұл маңызды жаңалық, өйткені ол суперэйджерлердің жас ұлғаюына байланысты мида болатын патологиялық өзгерістердің бәрінен қашып құтыла алмайтынын көрсетеді, – дейді Туроутоглоу. – Сонымен қатар, тіршілікке қабілетті, тірі нейрондардың әлі зерттелмеген маңызды рөл бар болуы мүмкін екенін де дәлелдейді».

Өмір салтының әсері бар ма?

Зерттеу нәтижесі тосын жайтты көрсетті. Дұрыс тамақтанып, жаттығу жасаған суперэйджерлер мен керісінше өмір сүргендердің когнитивтік көрсеткіштері арасында айтарлықтай айырмашылық байқалған жоқ.

Десе де, мамандар бұған түсіндірме жасағанда барынша сақ болу керек екенін айтады. Өйткені, бұл зерттеу – адамды жас кезінен бастап ұзақ уақыт бақылаған зерттеу емес. «Сол себепті мұндай әдеттердің пайдасы бар ма, жоқ па – оны толық анықтау мүмкін емес», – дейді Гефен.

Сонымен қатар, өзге зерттеулер өмір салтының ықпалын жоққа шығармайды. Мәселен, 2024 жылы The Lancet журналының комиссиясы жасаған бағалау бойынша, адам тұрақты түрде жаттығу жасап, ішімдікті шамадан тыс тұтынудан аулақ болса, деменция жағдайларының 45 пайызына дейін алдын алуға болады.

«Меніңше, өмір салтының маңызды екені сөзсіз. Бұған дәлел жеткілікті, – дейді Крамер. – Мұндағы мәселе “барлығы жаттығу жасауы керек пе?” дегенде емес. Мәселе – “жаттығу мен өмір салты бәрін түсіндіре алмаса, онда мұны түсіндіретін басқа қандай факторлар бар?” деген сұрақтың жауабында».

Бәлкім, бәрі генетикаға байланысты шығар. Бірақ суперэйджерлерге келгенде әзірге «жауаптан гөрі сұрақ көп», – дейді Крамер.

Бағымызға орай, ғалымдар бұл құбылысты зерттеуді жалғастырып жатыр. Гефенді әсіресе Нортуестерн университетінің ми банкі болашақта әкелетін тың жаңалықтар ерекше үміттендіреді. Оның айтуынша, зерттеу тобы von Economo нейрондарының ерекшелігін және олардың ауруға төзімділіктегі рөлін қарастырып жүр. «Болашақта SuperAging ми банкі нендей жаңалықтарға жол ашатынын елестетіп көріңізші», – дейді ол.

Exit mobile version