Ұзақ жұмыс істеудің зардабы

Ұзақ жұмыс істеу жүрек ауруы, бел ауруы, 2-типті қант диабетіне шалдығу қаупін арттырады

Сарапшылар ұзақ жұмыс істеу жүрек ауруы, бел ауруы, 2-типті қант диабетіне шалдығу қаупін арттыра түсетінін ескертеді. Тіпті ол сіз ойлағаннан әлдеқайда ерте басталуы мүмкін.

Автор: Рэйчел Фэрбэнк

Мона (Бельгия) қаласында мейірбикелер ауысым арасындағы үзілісте аз уақытқа тынығып отыр. Пандемия кезінде көптеген медицина қызметкері сияқты ұзақ уақыт жұмыс істеу ағзаға ауыр салмақ түсіреді. Осылайша психикалық денсаулыққа кері әсер етіп, жүрек ауруларына шалдығу қаупін арттыруы мүмкін.
Фото: Седрик Гербегайе, Nat Geo Image Collection

Күйзеліс. Мазасыздық. Белдің сырқырауы. Жоғары қан қысымы. Кеңседе сағаттап тынбай жұмыс істесеңіз, артық жұмыстың денсаулығыңызға қалай әсер ететінін жақсы білетін шығарсыз.

Төрт күндік жұмыс аптасына көшу керек пе, жоқ па деген пікірталас қызып тұрған шақта бірқатар жұмыс орындары кері бағытқа бет бұрып жатыр. Мәселен Грекия шілде айында кейбір жұмыс берушілерге алты күндік жұмыс аптасын міндеттеуге мүмкіндік беретін заң қабылдады. Ал Samsung компаниясы басшылық саладағы қызметкерлерінен аптасына алты күн жұмыс істеуді талап етіп отыр. Бұл жағдай ұзақ уақыт жұмыс істеудің денсаулыққа әсері қандай деген сұрақ тудырады.

2021 жылы Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы (ДДСҰ) мен Халықаралық Еңбек Ұйымы (ХЕҰ) артық жұмыстың денсаулыққа қаупін зерттеген есеп жариялады. Бұл есепке сәйкес, аптасына 55 сағаттан артық жұмыс істеу, яғни жұмыс уақытының ұзақтығы 2016 жылы 745 мың адамның инсульт және жүрек ауруларынан қайтыс болуына себеп болған. Көрсеткіш 2000 жылмен салыстырғанда 29%-ға өскен.

«Артық жұмыс – әлемдегі ең кең тараған кәсіптік ауру екенін дәлелдейтін деректер жеткілікті», – дейді Франциядағы Анже-Инсерм университеті әрі аурухана сының зерттеушісі Алексис Деката. Зерттеулер көрсеткендей, көптен бері жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдік стандарты ретінде қабылданып келген 40 сағаттық жұмыс аптасының өзі денсаулыққа біз ойлағандай тиімді болмауы ықтимал.

Шектен тыс жұмыстың көрінбейтін зардабы

Артық жұмыс денсаулыққа тікелей де, жанама да әсер ете алады. Тынбай жұмыс істегеннен туындайтын стресс денсаулыққа тікелей әсер етеді, өйткені ол ағзаны үнемі «қаш немесе күрес» күйінде ұстайды. Бұл өз кезегінде кортизол деңгейінің жоғарылауына әкеледі, ал ол қандағы қант деңгейіне әсер етіп, иммун жүйесін өзгертеді.

Уақыт өте бұл күй созылмалы сипатқа айналса, денсаулыққа түрлі зиян келтіруі мүмкін. Соның ішінде қан қысымының көтерілуі, бас ауруы, мазасыздық, депрессия, ас қорыту жүйесінің бұзылуы, жүрек ауруы, инфаркт, инсульт немесе ұйқының бұзылуы секілді мәселелер туындауы ғажап емес.

Сізде созылмалы стресс болса, мына белгілерді қадағалаңыз

Ұзақ жұмыс істеудің жанама зияны да бар – ол адамның салауатты өмір салтына арнайтын уақытын «жеп қояды». «Тым көп жұмыс істесеңіз, жақсы ұйықтауға, дұрыс тамақтануға, спортпен айналысуға уақытыңыз қалмайды», – дейді зерттеуші Алексис Деката. Ал жаяу серуендеу, отбасыңызбен бірге уақыт өткізу секілді демалыс сәттерін жұмыспен алмастырсаңыз, денсаулыққа келетін зиян еселене түспек.

Зерттеулер көреткендей, оның денсаулыққа кері әсері бірден байқалмай, жылдар өте келе білінуі мүмкін. ДДСҰ мен ХЕҰ-ның есебінше, артық жұмысқа байланысты өлім-жітімнің басым бөлігі жасы 60-тан асқан адамдардың еншісінде. Бұлар жастау кезінде аптасына 55 сағат немесе одан да көп жұмыс істегенін айтқан.

«Артығымен жұмыс істеудің жинақталған әсері он жыл шамасында айқын көріне бастайды», – дейді Индиана штатының Блумиңтон қаласында орналасқан Индиана университеті Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің зерттеушісі Грейс Сембаджве. Ал қысқа мерзім аралығында ұзақ жұмыс істейтіндер үшін, мәселен, стресі мол жобаны аяқтау кезінде мұның әсері айтарлықтай азырақ болады әрі уақытында тоқтаса, қауіптің алдын алуға болады.

Сембаджвенің айтуынша, аптасына 55 сағаттан ұзақ жұмыс істейтіндерде теріс ықпалы қатты байқалады, алайда мұндай кері әсер 40 сағаттан артық жұмыс істейтіндердің арасында да кездеседі екен.

«Тіпті 40 сағаттық жұмыс аптасының өзі денсаулық тұрғысынан аса тиімді емес», – дейді зерттеуші Грейс Сембаджве. Зерттеулер көрсеткендей, жұмыс уақытын қысқарту өмір сапасының артуы, ұйқының жақсаруы мен күйзелістің азаюына алып келеді. Осыған байланысты кейбір елдер қысқартылған жұмыс аптасы мен ұзақ демалыс күндерін заңмен қорғауға кірісті. Мысалы, Исландияда қызметкерлердің 86 пайызы төрт күндік жұмыс аптасына көшкен. Ал Данияда 37 сағаттық жұмыс аптасы ресми белгіленген әрі жылына бес апта ақылы демалыс беріледі.

Тым ұзақ отыру қауіпті қалай арттырады?

АҚШ-тың Еңбек статистикасы бюросының дерегіне сүйенсек, елдегі азаматтық қызметкерлер күніне орта есеппен 3,46 сағат отырады. Кеңсе қызметкерлері үшін бұл көрсеткіш 8–10 сағатқа дейін жетуі мүмкін. Ал дене еңбегімен айналысатын жұмысшылар күніне бар болғаны 1 сағаттай ғана отырып жұмыс істейді екен.

Кеңсе қызметкерлерінің жұмыс орнында ұзақ уақыт тапжылмай отыруы олардың денсаулығына біртіндеп әсер ете бастайды. Сөйтіп қан қысымының көтерілуі немесе 2-типті қант диабеті сияқты созылмалы аурулардың даму қаупін арттырады. Ал жұмыс уақыты ұзарған сайын мұндай қауіп те күшейе түседі. «Жұмыс уақытыңыз ұзарса, отыру уақытыңыз ұлғаяды», – дейді Ирландиядағы Лимерик университетінің зерттеушісі Эйдан Баффи. Ол кеңсе қызметкерлерінің қозғалысы аз жұмыс стилінің денсаулыққа әсерін зерттейді.

Қанша отыру артық болады? Баффи айтып өткендей, артық отырудың қауіпті шегі күніне 8-10 сағаттан басталады. Ал күніне 11 сағаттан көп уақыт отыру денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндіреді. Қызметкер жұмыс уақытындағы тапжылмай отыруды кешке теледидар көру сияқты енжар әрекеттермен жалғастырса, бұл көрсеткіш күніне 8 сағаттан асып кетуі әбден мүмкін.

Кеңсе қызметкерлері күнделікті ұзақ уақыт отырудың салдарынан мойын немесе белдің төменгі бөлігінің сырқырап ауыруы сияқты артық жүктемеден болатын кейбір жарақаттарға бейім келеді. «Отыру – омыртқа үшін стрестік жағдай», – дейді Оһайо штатының Кливләнд қаласындағы Кливләнд клиникасының физиотерапевті Райан Штайнер.

Денсаулыққа төнетін мұндай қатерді физикалық жаттығу арқылы азайтуға болады. Аптасына орта есеппен 150–300 минутжаттығу жасайтын адамдарда қауіп айтарлықтай төмендейді. Сонымен қатар, күні бойы қысқа үзілістер жасау арқылы, мысалы, бірнеше минут серуендеп немесе түрегеліп жұмыс істейтін үстелге ауысу арқылы да теріс әсерді тойтаруға болады.

Физикалық белсенділіктің парадоксы

Қара жұмыс істейтін жұмысшыларға келер болсақ, жоғары физикалық белсенділік оларға кері әсер етуі мүмкін. Бұл құбылыс «физикалық белсенділік парадоксы» деп аталады. Әдетте бос уақыттағы белсенділік жүрек-қан тамырлары ауруларынан қорғауға көмектессе, жұмыс кезіндегі қарқынды дене қимылы, керісінше, жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін арттыра түседі екен.

Зерттеушілер бұл қарама-қайшылықтың сырын әлі де іздестіріп жатыр. Дегенмен оның бір ықтимал түсіндірмесі мынадай: жұмыс кезіндегі іс-әрекеттің демалыс кезіндегі іс-әрекеттен айырмашылығы, жұмыс барысында адам физикалық белсенділіктің ұзақтығы мен қарқынын өзі реттей алмайды.

«Мұндай жағдайда адам ағзасы аздап созылмалы стресс күйінде болады, – дейді Баффи. – Оның үстіне, келесі күні қайта жұмысқа шығуы керек, осыған байланысты ағза толық қалпына келе алмайды». Созылмалы стрестің әсері өмір салтындағы дұрыс тамақтанбау, ұйқыны екінші орынға ысыру сияқты факторлармен бірге одан әрі күшейе түседі.

Ал кәсіби спортшыларға тоқталар болсақ, жоғары физикалық белсенділік олардың денсаулығына зардап тигізбейді. Мұның себебін олар спорттық көрсеткіштерін сақтау үшін жұмыстан тыс уақытта демалысқа, қалпына келуге және дұрыс тамақтануға басымдық беретінімен түсіндіруге болады.

Жұмыс шарты аса маңызды, икемділіктің рөлі орасан

Сіздің жұмыс орныңыз ұзақ уақыт жұмыс істеуден туындайтын күйзелісті күшейтуі де, керісінше, оның зиянын азайтуы да мүмкін.

Зерттеулер көрсеткендей, жұмыс ортасын бақылау мүмкіндігі жоғары жұмысшылар (мысалы, жұмыс қарқынын немесе қабылдайтын міндеттер санын бақылай алатындар) мұндай мүмкіндігі жоқ әріптестеріне қарағанда стрессті аз сезінеді. Бұл өз кезегінде жүрек аурулары қаупінің төмендеуі сияқты денсаулыққа жақсы нәтижелерге алып келеді. «Біз жоғары талап қоятын, бірақ басқару еркіндігі аз жұмыс түрлерінің жүрек-қан тамыр ауруларымен тығыз байланысты екенін жақсы білеміз», – дейді Сембаджве.

Жұмыс кестесін өз қажетіне қарай бейімдей алатын, әсіресе отбасылық міндеттеріне икемдей алатын қызметкерлердің психикалық саулығы өз кестесін бақылай алмайтын әріптестерінің психикалық саулығымен салыстырғанда әлдеқайда жақсырақ болады. Зерттеулер көрсеткендей, бұл айырмашылық тіпті апталық жұмыс сағаты бірдей адамдардың арасында да байқалады.

«Жұмыс сағатының санына немесе ақылы демалысқа қарамастан, егер адамның жұмысында икемділік болса, оның депрессияға немесе мазасыздыққа шалдығу қаупі төмендейді», – дейді Арканзас штатының Литтл-Рок қаласындағы Арканзас медицина ғылымдары университетінің зерттеушісі Перл МакЭлфиш. Оның айтуынша, икемді жұмыс тәртібі бар адамдарда депрессия мен мазасыздық деңгейі төмен болады.

Демек, жұмыс істеу үшін өмір сүру емес, өмір сүру үшін жұмыс істеу тұрғысынан қарастырсақ, қысқарған әрі икемді жұмыс аптасы бәрімізге пайдалы болмақ.