NGS: Қазақстан табиғаты мен мәдени мұрасын зерттеудің әлеуеті зор

National Geographic Society ұйымы ғылымды дамыту, оны дәріптеу, Жерді түсініп, ондағы тұмса табиғатты қорғауды мақсат етеді. Осыған орай ұйым әлемнің түкпір-түкпіріндегі зерттеушілерге грант береді. Әлемде NGS грантын алған зерттеушілер көп, дегенмен Орталық Азия елдерінде бұл көрсеткіш төмен. Сондықтан National Geographic Society-дің Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша атқарушы директоры Янник Кюль Қазақстанға арнайы келіп, ұйым қандай мүмкіндік беретінін таныстырды.

Maqsut Narikbayev University-де өткен дәрісте доктор Кюль қауымдастықтың мақсат-міндеті, жеткен жетістіктері мен негізгі бағыттарын айтты. Іс-шараға университеттің халықаралық журналистика мектебінің студенттері мен MIND ғылыми орталығының өкілдері қатысты.

NGS қоғамының қысқаша тарихы

National Geographic Society өз тарихын 1888 жылы Колумбия округі, Уашиңтонда бастаған. Кюльдің айтуынша, бұл қоғамның басты мақсаты – ғылымды, зерттеулерді дамыту мен дәріптеу, сондай-ақ Жерді түсіну мен қорғау. Олар осы салада білім бөлісуді өз миссиясы ретінде қабылдайды.

National Geographic шәкіртақысының алғашқы иегерлері Уашиңтонға оралып, көпшілікке дәріс оқумен айналысқан. Алайда қазір олардың мүмкіндіктері кеңейді – телевизиядағы бағдарламасы мен әлеуметтік желіде парақшалары, кітап-журналдары бар. Дегенмен дәріс оқу әлі де маңызды іс саналады.

«National Geographic Society ғылымның, зерттеулердің, білім берудің және сторителлиңнің күшін пайдаланып, әлемнің ғажайыптарын таныту және қорғау үшін атсалысады», – дейді Янник Кюль. Ұйым 137 жыл ішінде әлем бойынша 15 мың грант таратқан.

National Geographic Society-дің Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша атқарушы директоры Янник Кюль университетте дәріс оқып тұр. Фотосуретті MNU ұсынды

National Geographic Explorer деген кім?

Дәріс кезінде Кюль National Geographic Explorer сөзіне түсінік бере өтті. Бұл адамдар – пайдалы зерттеулерінің арқасында NGS арқылы қаржылай демеуге ие болғандар. Яғни олар белгілі бір тақырыпта ізденіп, жинаған білімін бөлісу арқылы қаржылай қолдау көреді.

Сонымен қатар Explorer мәртебесін алған зерттеушілер өмір бойы ұйым мүшесі болып қала береді. Бұл мәртебе тек 12–24 айлық жоба шеңберімен шектелмей, ұзақ мерзімді әріптестікке жол ашпақ.

Кюльдің сөзіне қарасақ, ол осы адамдарды мақтан тұтатынын байқаймыз. Шындығына келгенде, бұл адамдар жаңа білімді игеріп қана қоймай, оны басқаларға бөлісіп, осылайша әлемге жағымды әсер ете алады.

National Geographic Society-де арнайы «білім беру» бөлімі бар. Білім мен сторителлиң осы бағытқа жатады. Кюльдің айтуынша, олар жариялайтын барлық ақпарат сторителлиң әдісін пайдаланады. Мысалы, фотография, хат, деректі фильмдер, тіпті комикстердің өзі бұл өнердің бір бөлшегі іспеттес.

National Geographic Society қандай жобаға грант береді?

Қоғам 6 бағыттағы жұмыстарға қаржылай қолдау көрсете алады – шөл, мұхит, табиғат, адамзат тарихы мен мәдениеті, ғаламшарымыздың экологиялық жағдайы және ғарыш. Грант алуға ұсынылған жобалар белгілі бір мәселені қозғауға тиіс.

National Geographic Society ұсынатын грант екі түрге бөлінеді: бірінші деңгейлі шәкіртақы тәжірибесі 5 жылдан аспаған ғалымдарға беріледі. Оның құны 20 мың долларды құрайды. Ал екінші деңгейлі шәкіртақы 24 ай, яғни екі жыл мерзімге ғана беріліп отырады. Көлемі – 100 мың АҚШ доллары.

Доктор Кюль грант алуға өтініш берудің жолдарын түсіндірді. Фотосуретті MNU ұсынды

Доктор Кюль дәріс тыңдаушылары журналистика факультетінің студенттері екенін ескеріп, ағарту бөліміне көбірек тоқталды. Аталған бағытқа БАҚ-тағы жарияланымдар, соның ішінде фильмдер, мақалалар, журналдар және т.б. кіреді.

2023 жылы ұйым 83 елмен жұмыс істеп, 600-ден астам материал жариялаған. Соның арқасында Тынық мұхитының 6,5 миллион шаршы метрі арнайы күзетке алынған. Дәл сол жылы National Geografic Society әлем бойынша қолдаған жоба санына қарамастан, Орталық Азия елдерінде олардың саны аз болған. Осыған байланысты Кюль Қазақстанға арнайы келіп, жергілікті зерттеушілерді грант конкурстарына белсенді қатысуға шақырды.

«Қазақстанда табиғат қорғау, климат мәселесі және мәдени мұраны сақтау саласында орасан зор әлеует бар. Біз бұл бастамаларды халықаралық деңгейде көрсетуге дайынбыз», – деді ол.

National Geographic Society беретін қосымша ресурстар

National Geographic Society зерттеушілерге тек қаржы ғана емес, қосымша ресурстар ұсынады: Impact Story Lab– зерттеушілердің жұмысын қоғамға түсінікті жеткізуге көмектесетін коммуникация сарапшылары; Технологиялық зертхана – дрондар, камералар және өзге де заманауи құрал-жабдықтарды пайдалануға мүмкіндік береді; Білім беру сарапшылары – мектеп мен жастармен бірге жұмыс істегісі келетін ғалымдарға әдістемелік қолдау; Халықаралық қауымдастық – әртүрлі елден келген зерттеушілер арасындағы тәжірибе алмасу мен серіктестік;

Дәріс барысында қатысушылар докторға бірнеше сауал қойды. Мәселен, гуманитарлық ғылымдардың грант алу мүмкіндігі туралы сұраққа Кюль: «Бізде нақты шектеу жоқ. Гуманитарлық бағыттағы жобалар да қарастырылады. Мәселен, тілдердің жоғалу қаупі немесе мәдени мұраны сақтау мәселесі біздің басым бағыттарымыздың бірі», – деп жауап берді.

Дәріске қатысқан студенттер мен зерттеушілер спикерге сұрақтарын қойды. Фотосуретті MNU ұсынды

Тағы бір қатысушы білім беру тақырыбына қатысты сауал қойды. Кюльдің айтуынша, National Geographic Society үшін білім беру – көбіне мектеп жасындағы жастарға арналған бағдарламаларды қамтиды. Дегенмен лингвистика, мәдениеттану және басқа да гуманитарлық пәндер зерттеу немесе сақтау жобалары аясында қолдау табуы мүмкін.

Университет қабырғасында өткен дәрісте қазақстандық ғалымдар мен журналистерге халықаралық деңгейде танылуға мүмкіндік бар екені айтылды. National Geographic Society еліміздегі зерттеу жобаларының көбеюін және жергілікті бастамалардың жаһандық аудиторияға жетуін қолдауға ниетті.

«Бұл – бір реттік кездесу емес, ұзақмерзімді әріптестіктің бастауы. Біз қазақстандық зерттеушілердің әлемге өз тарихын айтуына көмектесуге дайынбыз», – деп түйіндеді доктор Кюль.

Айта кетейік, Янник Кюль Қазақстанға алғашқы сапарын Алматыдан бастап, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ғалымдарымен, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ғылыми техникалық зерттеу университетінің басшылығымен және жас зерттеушілерімен кездесіп, өзара ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Сонымен қатар National Geographic қоғамы ұсынатын гранттар туралы әңгімелеп, ғалымдардың жоба әзірлеуге және ұсынуға қатысты сұрақтарына жауап берді. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне де барып, жас зерттеушілердің алдында дәріс оқыды. Доктор Кюльдің өзі атап өткеніндей, бұл кездесулердің негізгі мақсаты – National Geographic Society ұсынатын гранттар мен түрлі мүмкіндіктер туралы Қазақстанның зерттеушілерін мейлінше кеңінен хабардар ету.

Жанерке ДОСКЕЛДІ, MNU 2-курс студенті


Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.