Басты бет Өркениет Лайфстайл Түк істемеудің пайдасы

Түк істемеудің пайдасы

90 минут бойы ештеңе істемей, қол қусырып қарап отыра аласыз ба? Оңтүстік Кореяда бұл спорттың бір түрі. Кореялық қимылсыз отыру чемпионатының жеңімпазы миға «бос кеңістік» беру шығармашылыққа, ой айқындығы мен жан тыныштығына қалай оң әсер ететінін түсіндіреді.

Автор: Сын-ку Ли

36 жастағы панк-музыкант әрі кәсіпкер Бён Чжин Пак Сеулде өткен 2025 жылғы Space-Out жарысында (ештеңе істемей, қимылсыз отыру жарысы) қимылсыз отыр. Ғалымдардың айтуынша, мұндай әдейі әрекетсіздік мидың шығармашылыққа, мәселені шешуге және эмоциялық тепе-теңдікке жауапты аумағы – әдепкі режім желісін іске қосады.
Фото: Ким Чон Ёп

Сеулдік 36 жастағы кәсіпкер әрі инди-панк музыкант Бён Чжин Пак ештеңе істемеудің құдіретін жақсы түсінген.

Мамыр айында ол тобымен бірге 100 қатысушыны артта қалдырып, Оңтүстік Кореядағы 2025 жылғы Space-Out (ештеңе істемей, қимылсыз отыру жарысы) жарысында жеңіске жетті. Бұл жарыс – қатысушылардың 90 минут бойы тыныш әрі қимылсыз отыра алу қабілетін бағалайтын жыл сайынғы іс-шара.

Телефон ұстауға болмайды. Әңгіме-дүкен құруға болмайды. Қалғып кетуге болмайды. Дым істемей отырсаңыз болғаны.

Бұл жарысты 2014 жылы суретші Вупсян заманауи жұмыстағы діңкелеп қажуды сынға алған қоғамдық арт-жоба ретінде бастаған. Бүгінде ол Сеулдің Хан өзені жағасында мәдени дәстүрге айналды. Ерекше сайыс арт-перформанс, зейін жаттығуы және «үнсіздік = тоқырау» дейтін кең тараған түсінікке үнсіз қарсылықты ұштастырады.

Қатысушылар жүрек соғысын бақылайтын құрылғы тағады. Ал жарыс жеңімпазы биометриялық тыныштық көрсеткіші мен көрермендердің дауыс беруіне сүйеніп анықталады.

«Уақыт өте мен қайда отырғанымды ұмыта бастадым, – дейді Пак. – Дене­м жоғалып кеткендей күй кештім».

Чон Ёп Ким тыныш отырып, Сеулдегі 2025 жылғы Space-Out жарысына қатысып жатыр. Сайыста қатысушылардың байсалдығы бағаланады. Нейробиологтердің айтуынша, бұлай қимылсыз отыру мидың шығармашылық, есте сақтау және эмоцияны реттеумен байланысы бар «әдепкі режім желісін» іске қосады.
Фотосурет авторы: Ан Ён Джун, AP Photo

Пактың жеңісі жай ғана әдеттен тыс қызық оқиға емес. Ол у-шуға толы қоғамда тыныштыққа деген терең мұқтаждық бар екенін де көрсетеді. 2014 жылы Вирджиния университеті жүргізген зерттеу анықтағандай, адамдардың көбі бар болғаны 15 минут өз ойымен оңаша қалғаннан гөрі әлсіз электр разрядына төзгенді жөн санайды.

Алайда ғылым ішкі тыныштықтың пайдалы екенін алға тартады. «Дым істемей» отыру мидың нейробиологтер «әдепкі режім желісі» деп атайтын бөлігін іске қосады. Оның шығармашылық, эмоцияны өңдеу және мәселе шешуге қатысы бар.

«Шектен тыс ширыққан қазіргі қоғамда адамның ішкі әлеміне, сезіміне назар аударуы ойы мен әрекетін бақылауға алуға мүмкіндік береді, – дейді психиатр әрі Сеул ұлттық университетінің антропология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Хансон Пак. – Бұл үдеріс күйзеліс гормондарын азайтады, ал ұзақ мерзімде мазасыздық пен торығуды жеңілдетуде де тиімді болуы мүмкін».

Бён Чжиннің жеңіске жету тәсілі – ішпен баяу тыныс алу, бір нүктеге назар аудару және басқа ойларды ысырып тастау. Осы тәсілдер «дым істемей отыру» секілді қарапайым дағдының адамға күтпеген жерден қаншалықты өзгеріс әкеле алатынын көрсетеді. «Бұл барлық мәселеңді шешпейді, – дейді Бён Чжин, – бірақ ойың өзгеріп жатқанын сезесің. Бұл – сергітетін ерекше сезім».

Кореяның ештеңе істемеу чемпионы баяу өмір сүруге қатысты не үйрететінін қарап көрелік.

БЁН ЧЖИН ПАК: Мен үшін бұл – ойларым мен сезімдерімді ретке келтіру тәсілі. Өткен демалыста кеңседе асығыс жұмыс істеп отырғанымда: «Шынымен де бір сәтке бос телміріп отыруым керек екен», – деп ойладым. Көп қоңырау шалдым, талай адаммен жолықтым. Үнемі жұмыс істеу мені тыныштықты аңсауға итермеледі. Әркім кофе ішіп отырып, музыка тыңдап немесе табиғатқа көз тігіп тыныш отыратын осындай сәттерді табуы керек. Бұл шынымен ойды тазартады.

Жарысқа қандай да бір стратегиямен бардыңыз ба?

Басында жеңермін деп ойлаған жоқпын, дегенмен қатты қалағаным рас. Бәсекеге өте құмар адаммын. Қатысушылардың жүрек соғысын экранда көрсетіп тұрды, бірақ біз оны көре алмадық. Әрі қарай әр 15 минут сайын қолмен де тексеріп отырды. Жарыс бойы ішпен тыныс алуды жаттықтырдым, жүрек соғысын өлшеген сайын әдейі өзімді тыныштандырдым.

Біз қызық үшін ғана емес, көзге түсіп, бәлкім, басқа қатысушылардың назарын бөлерміз деген оймен шашымызды тікірейтіп, панк стиліндегі тікен күртеше кидік. Жұрт шулы музыкамыз бен сырт келбетімізге қарамастан, шын мәнінде өте сабырлы екенімізге қайран қалады.

Жарыс кезінде ойыңызда не болды?

Ақыл-есімнің шамамен он пайызы жеңіс жайлы ойлады. Бастапқыда бұл сәтті іскерлік шешімдер ойластыруға пайдаланбақ болдым. Бірақ орныма жайғасқанымда, қатты сөйлеген жүргізуші мен үлкен аудитория ойымның бір нәрсеге шоғырлануын қиындатты. Қызығы сол, бұл керісінше, санамды босатуға көмектесті. Ең қиыны – «бірдеңе істеуім керек» деген ойдан арылу еді. Ештеңе істемей, жай ғана қимылсыз отыру мен ойлағаннан әлдеқайда қиын болып шықты.

Қазіргі кезде адамдардың ештеңе істемей отыруға қиналатынының себебі неде деп ойлайсыз?

Смартфондардың әсері зор. Соны өзім де үнемі, әсіресе, метрода шұқылап отырамын. Кейде телефоныңды бір сәтке тастай салып айналаңдағы адамдарға қараған қызық – олардың бәрі экранға үңілген. Бұрын, жас кезімде, бірдеңені күту бостан-бос телміріп, ойға батуға мүмкіндік беретін. Ал қазір адамдар YouTube Shorts пен Instagram Reels сияқты платформалардан жылдам дофаминге тәуелді болып алды. Біз ештеңе істемей отыруды ұмыттық.

Оңтүстік Корея аса бәсекелі мәдениетімен танымал. Бұл құбылыс ештеңе істемей отыруға деген көзқарасқа қалай әсер етеді?

Біздің қоғам, әсіресе халықаралық клиенттермен жұмыс істегенде, өте жылдам әрекет етеді. Мұндай өнімділік пайдалы болғанымен, шаршатуы мүмкін. Бұдан былай ешкім саябақта жай ғана ойлану үшін отырмайды. Өйткені оған уақыт жоқ. Біреу ойға шомып, бос отырса, оны оғаш немесе мағынасыз іс деп қабылдайды. Жұмыстан тыс кезде де ештеңе істемей отырсаң, қатаң сынға ұшырайсың.

Бұл ерте жастан басталады. Менің он жасар және алты жасар екі балам бар. Өзім бала кезімде қосымша үйірмелерге көп барған емеспін, ал қазір балаларым бірнешеуіне қатысады. Бұл жайында әйелім екеуміз кейде сөзге келісіп қаламыз. Ата-аналардың білім беруге қатысты көзқарасы үнемі бірдей бола бермейді. Балалар шығармашылықпен айналысып, ойнап-күлудің орнына, үнемі үй тапсырмасына батып отырғанын көргенде көңілім құлазиды. Бұл жалпы қоғамның бос отыруға деген теріс пікірінің көрінісі.

Өмірін баяулатуға қиналып жүрген кісілерге қандай кеңес берер едіңіз?

Аптасына кем дегенде 10 минутыңызды ештеңеге алаңдамай өткізуге өзіңізді мәжбүрлеңіз: бұл маған да керек кеңес. Тіпті бес минуттың өзі пайдасын тигізеді. Алғашында мазасызданып, ойыңыз шырмалып, аяқталмаған істер есіңізге түсе бастайды. Бірақ бірте-бірте бәрі басылады. Сонда көп нәрсе айқындалып, кей мәселе сіз ойлағандай маңызды емес екенін түсінуіңіз ықтимал.

Осы тәжірибеден түйгендеріңіздің ең маңыздысы не?

Өз басым, «ояну – жұмыс – отбасы – ұйқы» дейтін тоқтаусыз қайталана беретін күнделікті әдетімді бұздым. Бұрын тіпті зерігуге я болмаса өмірімнің бірсарынды екенін аңғаруға да уақытым жоқ еді. Бірақ бұл жарыс сол шеңберден шығуға мүмкіндік берді.

Алдағы жоспарларыңыз қандай? Ойға шомуды жалғастырасыз ба?

Әрине. Отбасыммен бірге медитация жасағым келеді. Рұқсат етсе, жарысқа келесі жылы да қатыссам деймін.

Exit mobile version