Басты бет Өркениет Лайфстайл «Жарық күн» — отбасы жылулығы туралы хикая

«Жарық күн» — отбасы жылулығы туралы хикая

Кейінгі кездері отандық телеарналарда адами қарым-қатынас пен отбасы құндылығын дәл, қарапайым әрі жылы жеткізген туындылар жиірек шыға бастады. «Хабар» телеарнасында көрсетіліп жатқан «Жарық күн» телехикаясы – осындай жобалардың бірі. Телехикая ерекше жылы атмосферасы мен шынайы өмірге жақындығының арқасында көрермен көңілін бірден баурап алды. Оның әр эпизоды YouTube желісінде мыңдаған қаралым жинап, онлайн аудиторияның да қолдауына бөленіп жатыр.

Хикаяның өзегі – қарапайым адамдардың өмірдегі таңдауы, шыққан тамырыңнан ажырамау және адам өміріндегі отбасының алар орны. Оқиға ірі компаниядағы кәсіби бәсекеден басталып, біртіндеп отбасылық құндылық секілді бәрімізге ортақ тақырыпқа қарай ойысады. Басты кейіпкер Назар – қолы ашық, жүрегі кең, ешкімге қиянат ойламайтын азамат. Жаңадан тағайындалған қызметі оның өмірін өзгертіп, туған жерде қалған ата-анасынан алыстата бастайды. Тамырынан ажыраған сайын Назар үшін «мен қайдан шықтым?» деген сұрақтың салмағы артады.

Хикая желісі коммуналдық қызметте еңбек ететін Маржанның тағдырымен қабысады. Қала тазалығы – ол үшін жай жұмыстан бұрын, өз орнын тапқысы келетін адамның өмірлік миссиясына көбірек ұқсайды. Әріптестері Маржанды ұстазындай, сырласындай көргенімен, оның жүрегінде сіңлісі Раушанмен айырылысудан қалған өкініштің ізі бар. Екі түрлі өмір, екі түрлі тағдыр — бірақ екеуін байланыстыратын ортақ тақырып бір: отбасынан басталатын мейірім.

Басты рөлді сомдаған актер Абылай Әбдіқали телехикаяның жастар үшін маңызды екенін айтады:

«Бұл телехикая – әлі отбасы құрмаған жастарға арналған жақсы өмірлік сабақ. “Жарық күнде” бейнеленген оқиғалар өмірде де кездесуі мүмкін», – дейді ол.

Маржан рөліндегі Айгерім Уалжанова да жобаның идеялық өзегін ерекше бағалайды:

«Туындыда әр адамға жақын өмірлік маңызды тақырыптар қамтылған. Бұл – адамдық құндылықтар, отбасы мен достық туралы, өзіңнің кім екеніңді және қайдан шыққаныңды ұмытпау жайлы оқиға», – дейді актриса.

Сериалға танымал театр және кино актерлері – Лидия Каденова, Болат Әбділманов, Шынар Асқар, Досжан Жанботаев және басқа да өнер майталмандары түсті. Көрермен кейіпкерлердің шынайылығын ерекше атап өтіп, олардың бейнесінен өзі мен жақындарын танып жатқанын жеткізді.

«Жарық күн» – адам болып қалу, өз тамырыңды ұмытпау және жақындарыңды қадірлеу жайлы жүрекке жылы, тағылымы мол телехикая. Жоба жұмыс күндері сағат 21:45-те «Хабар» телеарнасында көрсетіледі. Телехикаяны ресми YouTube арнада да тамашалай аласыз.

Exit mobile version