Автор: Айбын Шағалақ

Таңмен таласа тұрған Әділбек дүрбісімен мал қарап, барар бағытын шамалап тұр. Ол таңғы сағат 10-ға дейін алысқа ұзап кеткен жылқы үйірлерінің етек-жеңін жинап, түгендеп қайтуы керек. Күндегі әдеті – осы. Фото: Айбын Шағалақов

Тамыз таңы. Күн әлі шыға қоймаған уақыт. Бірақ дала жарық. Табиғат әлдеқашан оянып алған. Әділбек Мұратұлы да таңмен таласа ұйқысынан тұрған. Оны ерте тұрғызған күнделікті әдеті – өріс қуалап, тым шығандап кеткен жылқы үйірлерін түгендеп қайтуға тиіс. Таңғы 5-те үйінен шығып, сағат 10-ға дейін кемінде 100 шақырым жерді шолып қайтады.

Әділбектің інісі Оңалбекпен бірге мал шаруашылығымен айналысып жүргеніне 6-7 жылдың жүзі болып қалған. Жайлауы да, қыстауы да осы жерде – Ерейментау тауларының шығыс жақ етегін ала орналасқан. Жота-төбелі, сай-салалы әдемі жер. Әкесі Мұрат ақсақал ауылдан шалғай болса да, жазда шөбі шүйгін, ал қыста сай-саласы ықтасын, қары жылқының тебініне жеңіл болады деп өзі таңдаған. 

Әділбектер кейінгі 2-3 жылда ет бағытында сиыр мен қой да өсіре бастаған.

Жер танып үйренген адамның болжамы қиыс кетпепті. Жайлаулары шынымен де жылқыға өте жайлы болып шығады. Солтүстік өңірдің басқа шаруалары мен ауылдарының жылқысы қыстан шығынға ұшырап шығып жатқанда, бұлардың малы көктемге күйлі-қоңды  жетіп жүрген. Бірақ соңғы екі жылда жағдай, дәлірегі, қыс өзгере бастағаны байқалған.

Бүгінгінің жылқышылары ат ұстамайтын болған. Жазда мотоцикл, қыста мотошана мінеді. Ыңғайлы әрі жылдам.
Енді бір-екі айдан кейін мына мотошана жылқышының негізгі көлігіне айналады.

Расында да, климат өзгерісі еліміздің оңтүстігі мен батысында қуаңшылық түрінде әлдеқашан білініп жатқанымен, орталық және солтүстік өңірлерде аса бір өзгеріс жоқ сияқты.  Жауын-шашын түсімі де сол бұрынғыдай. Бір қарағанда солай көрінеді. Алайда бұл жақта да климат өзгеріп жатыр. Оның басты белгісі – қыстың жұмсаруы. Қыс ортасында жаңбыр жауу жағдайларының қайталана бастауы.  Ал қыста жауған жаңбырдың қалалы жерде айтарлықтай зияны болмағанымен, мал баққан ауылдық жерлерде малшыға тигізер залалы көп болуы мүмкін.

Мәселен, 2024 жылдың ақпаны  Ұлытау, Ақмола, Павлодар облыстарының малшыларына жайсыз болғаны белгілі. Әсіресе Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында жылқыға ауыр тиіп, ақпан-наурыз айларында тебіндегі мал шығынға ұшырады. Ақпарат құралдары өрісте табылған жылқы өлексесінің саны 500-ден асқанын хабарлағанымен, нақты саны одан көп болуы мүмкін екені айтылды. Жағдайды зерделеумен айналысқан комиссия жылқы малының бұлай қырылуына, бірінші кезекте, жайылымда шөп жетіспеуі – қыс ортасында жылымық болып, қардың мұз боп қатуынан тебіндеп жайыла алмауы – себеп болғанын алға тартты.  Бұған 2023 жылғы қуаңшылық та өз «үлесін» қосқан.   

«Былтыр қыс ортасында жаңбыр жауды. Бұрын ауа райының мұндай құбылысын көрмеген едік, әрі таңданып, әрі қорқып қалдық. Бірақ әйтеуір жерге тез сіңіп кетті де, жылқы қиындық көрген жоқ, – деген Әділбек  табиғат тосын мінезін биыл да қайталағанын айтады. – Қыс ортасында тағы жаңбыр жауды, артынша аяз күшейіп, қар қатып қалды».

Бұл жағдай жылқыға өте ауыр тиіп, үсті кеуіп үлгермеген жабағы-тайлар мен буаз биелерге суық өтіп кетті. Ол аздай, қатып қалған қар мен мұз малдың шашасын қиып қанатып, тебіндеп жайылуға мүмкіндік бермеді.  «Шөп жинап қойған қыстауға жете алмаған малға шөпті трактормен апарып, жан сақтадық. Соның өзінде 25 бас жылқы шығын болды», – дейді Әділбек тамыз айының басына жетпей-ақ сарғайып кеткен сары далаға көз тастап.

Жалпы малшыға да, диқанға да шаруашылығына төнуі ықтимал табиғи апаттардан сақтану үшін ауа райына қатысты дәл, сенімді болжам беретін метеорологиялық қызметтердің маңызы өте зор. Бұл орайда, Әділбек пен Оңалбек алдағы 3 күндік, 10 күндік күн райн болжамдарын телефон қосымшасынан қарап отырады. «Ертерек қам қылу тұрғысынан ыңғайлы, бірақ кейде дәл келмей қалып жатады», – дейді Оңалбек.

Ералиев ауылындамыз. Астанадан 500 шақырымдай қашықта жатқан ауыл еліміздің орталық өңірінде – Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында орналасқан.  

Бүркіт Ғалымұлы жылқыға GPS құрылғы тағып қойған. Үйірдің қай маңда жүргенін телефондағы қосымшадан алдын ала анықтап алады. Фото: Ерболат Шадрахов

Бұл жақта да бүгінгі жылқышылар мал қарауға шығарда ат емес, мотоцикл немесе джип мінгенді жөн көреді. Шаруа қожалығының басшысы Бүркіт Ғалымұлы да әдеттегідей азанмен ерте тұрып, сауын биелер үйірін іздеп, дүрбі салып тұр. Түнде жаңбыр жауғандықтан жылқыға жол талғамайтын джип көлігімен шыққан. Өзінің айтуынша, ол осы шаруа қожалығын 2010 жылы құрған. Қазір жылқы, сиыр және қой өсіреді.  Бие байлап, қымыз өндіреді. Жалпы, осы ауылдағы барлық үй дерлік кемі бір үйірден жылқы ұстайтындықтан, қымызымен танымал ауылдардың бірі.

Ақмола облысымен салыстырғанда, оңтүстігірек жатқан бұл жаққа климат өзгерісі ертерек білінген.

«Соңғы жылдары қар көлемі азайды, біздің бала кезіміздегідей қар қазір жоқ. 3-4 жыл болып қалды, қыс ортасында жаңбыр жауатын болды. Әсіресе былтыр қиын болды, жылқы тебіндеп жайыла алмай, көктемге титықтап жетті. Ауданда көп жылқы қырылды», – дейді Бүркіт  Ғалымұлы. – Өткен қыс та қиын болды, дегенмен, шығынсыз шықтық».

Бұл жақтағы климат өзгерісі қыста жауған жаңбырдан ғана емес, көктем мен жаздағы шөп шығымынан да байқалып отыр. «Жылда осы кезге дейін мал азығына 2000 рулон шөп  шауып, жинап алатын едік. Міне, тамыздың ортасы болып қалды, шапқан шабындығымыздан 800 рулон ғана шықты», – дейді Бүркіттің үлкен ұлы Қасымхан. Ол республикалық газеттің облыстағы меншікті тілшісі болғандықтан, аудандарды жиі аралайды. Осы жағдай басқа ауылдарда да байқалып отырғанын айтады.  

Қасымханның айтуынша, әкесі күн райын райын телефонындағы Samsung Weather қосымшасынан қадағалап отырады. Онсыз болмайды, – дейді ол. – Қосымшаның болжамы дәлме-дәл келіп отырады. Малшы үшін бұл өте маңызды.

Фото: Ерболат Шадрахов
Малшыға жол талғамайтын көлік те аса қажет. Фото: Ерболат Шадрахов

Қазгидромет қызметі кейінгі 30 жылда Қазақстанда орташа жылдық температура +1°C өскенін айтады. Ал 2050 жылға дейін бұл көрсеткіш +2,4°C-ға жетуі мүмкін деп болжайды. Яки Қазақстанда да климат өзгеріп жатыр. Шаруалар оған дайын ба? Ойландыратын мәселе. Өйткені, кейбір шаруалар климат өзгерісінен бейхабар болса, көпшілігі ауа райына, жер жағдайы мен басқа да аграрлық мәселелерге қатысты өзекті зерттеулер мен мәліметтерді пайдаланбайды немесе білмейді.

Сізге мына материал да қызықты болуы мүмкін: Ғалымдарымыз бен фермерлеріміз екі жақта.


Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.