Басты бет Өркениет Тарих Шыңғыс ханның қабірін табуға озық технология көмектесе ала ма?

Шыңғыс ханның қабірін табуға озық технология көмектесе ала ма?

Моңғол билеушісінің жұмбаққа айналған 800 жыл бұрынғы қабірін іздеу барысында озық технология нені анықтады? Заманауи ғылым Шыңғыс ханның сүйегін табуға көмегін тигізе ала ма?

Автор: Парисса Джанги

Моңғол тарихындағы көрнекті тұлға – Шыңғыс ханның «Юань императоры альбомында» мынадай портреті берілген. Оның басшылығымен моңғол елі қуатты әскери мемлекетке – алып империяға айналды.
Сурет: Art Collection 3, Alamy

Шыңғыс хан 1227 жылы қайтыс болғанда, артына ұлан-ғайыр империя – біртұтас Моңғол мемлекетін және әлі күнге шешімі табылмаған бір жұмбақты қалдырып кетті: оның мәңгілік мекені қайда екені беймәлім. Ұлы хан өлгеннен кейін мені ешкім мазаламасын деп, қабірі орналасқан жерді құпия қылуды тапсырған.

Арада сегіз ғасыр өтсе де, ғалымдар ханның қайда жерленгенін табудан әлі үміт үзген жоқ. Қабір табыла қалса, ол тарихтағы ең ықпалды, қарама-қайшылығы мол тұлғалардың бірі – Шыңғыс ханның өміріне қатысты пікірталастарға нүкте қоюға көмектеспек. Мәселен, кейбіреулер оны Моңғолияның негізін қалаушы деп еске алса, енді біреулер қан мен темір арқылы империя құрған қаһарлы жаулап алушы ретінде сипаттайды.

Сарапшылар, Шыңғыс ханның қабірі әлі де сақталған болса, ол әдет-ғұрып бойынша да, заң бойынша да баруға шектеу қойылған қияндағы бір таудың басында орналасқан болуы керек деп топшылайды. National Geographic зерттеушісі Альберт Лин сынды кейбір зерттеушілер жаңашыл, инвазив емес (яғни топырақ қабатына еш зақым келтірмейтін, жерді бұзбайтын) әдістерді пайдаланып, жерлеу орнын табу үшін озық технологияға жүгініп көрді. Десек те ғалымдардың кейбірі көне қабірді іздеу бос әурешілік деп есептейді. Оның үстіне, мұндай әрекет Шыңғыс ханның қалауына қайшы.

Зерттеушілер Шыңғыс ханның қабірі туралы қандай дерек тапты? Оның нақты орнын анықтай аламыз ба?

Шыңғыс хан кім болған?

Оның Шыңғыс хан атанбай тұрған кездегі есімі – Темүжін. Шамамен 1160 жылы дүниеге келген. Руы – Бөржігін.

Ол заманда Моңғолия жеріндегі көшпелі тайпалар бытырай бөлініп жатқан еді. Олар билікке таласып, бір-бірімен жиі-жиі соғысатын. Әкесі Есугей әскери шеберлігінің арқасында даңқ пен беделге бөленген баһадүр еді. Бірақ мұндай қабілеті оған атақ-абырой әкеліп қана қоймай, көп бақталас тауып берді. Темүжін шамамен тоғыз жаста болғанда, дұшпандары әкесін у беріп өлтіреді.

Есугейге өштескендердің бірі – меркіттер еді. «Темүжін ержеткенде, меркіттер оны да қудалай бастады», – дейді Лин. Олар келіншегі Бөртені қолға түсірсе де, Темүжіннің өзін ұстай алмай қалған. Жаулары оны қуып Шығыс Моңғолиядағы Хэнтий жотасының бір бөлігіне жататын Бұрхан Халдун қасиетті тауының басына дейін барады. «Сол таудың ұшар басында Темүжін төрт тарапқа кезек-кезек қарап, Көк Тәңірге дұға еткен деседі, содан бастап ол әйтеуір бір амалын тауып, дұшпандарының тұзағынан сытылып шыға бастаған».

Темүжін таудан аман оралғанымен, жұбайы жау қолында қалған. Ол меркіттерді талқандап, Бөртені қайтарып алмақ ниетпен одақ құра бастайды. Одақтастары меркіттерді жеңіп қана қоймай, тай-тұяғын қалдырмай жойып жіберді.

15-ғасырдағы «Жамиғ ат-Тауарих» (Жылнамалар жинағы) кітабындағы мына суретте Шыңғыс ханның шайқастағы сәті бейнеленген.
Фотосурет: Fine Art Images, Bridgeman Images

Осы кезден бастап Темүжін аймақтағы ру-тайпаларды біріктіре бастады. Қол астына әскер мен ресурс жинаған сайын абыройы да арта түсті. 1206 жылы тайпа көсемдері Темүжінге «Шыңғыс хан» дейтін атақ берді. Линнің айтуынша, мұның мағынасы – «бәрінің патшасы» дегенге саяды. Шыңғыс хан Моңғолия жеріндегі көшпелі тайпалардың басын қосты. Жер аумағы Орталық Азиядан басталып, қазіргі Ресей, Қытай, Иран жерлеріне дейін созылып жатқан Моңғол империясының іргесін қалады.

Шыңғыс хан «ұлттың негізін қалаушы, моңғолдардың әкесі, – дейді америкалық антрополог, «Шыңғыс хан және қазіргі әлемнің қалыптасуы» (Genghis Khan and the Making of the Modern World) кітабының авторы Джек Уезерфорд. – Ол біртұтас ел құрып, оған ат берді, әліпбиі мен заңдарын бекітті».

Шыңғыс ханның қазасы мен құпия жерленуі

Шыңғыс хан 1227 жылы Қытайдың солтүстігіндегі Таңғұт империясына қарсы жорықта жүріп, кенеттен көз жұмады. Өлімінің нақты себебі белгісіз. Хан қайтыс болғаннан кейін жазылған негізгі дереккөз – «Моңғолдың құпия шежіресі» бізге ханның ажалы жөнінде азғантай ғана мәлімет береді. «Онда бар болғаны “Доңыз жылы [1227] Шыңғыс хан көкке көтерілді” дейтін бір сөйлем кездеседі», – дейді Уезерфорд.

Кейініректегі жылнамашылар оның өліміне қатысты түрлі аңыз таратқан: бірі аттан жығылып ажал құшты десе, енді бірі жебеден жараланды немесе тіпті кастрациялаудан мерт болды деп жорамалдайды. Ал кейінгі уақыттағы ғалымдардың кейбірі Шыңғыс хан обадан ажал құшуы мүмкін деп тұжырым жасаған.

Нөкерлері хан мүрдесін жасырын жерлемек болып, моңғол жеріне апарған деседі. Бір аңызда мазардың орны құпия қалсын деп, жерлеуге қатысқандардың бәрі өлтіргені айтылады, тағы бір аңызға сай, қабірді қорғау үшін ханның нөкерлері өзен арнасын бұрған-мыс.

«Бұлардың ешқайсысы дәлелге негізделмеген», – дейді Уезерфорд.

Дегенмен сарапшылардың пайымдауынша, ханның жерленгені туралы жазбалардың ұшыраспауы кездейсоқтық емес, әдейі істелген дүние. Дұшпандары қабірін қорламасын, хан рухын мазаламасын деген оймен жасалған болуы бек мүмкін.

Лин: «Біреудің жерін я рухани күшін тартып алғыңыз келсе, оның ата-бабасы жерленген зиратты қиратуға тиіс едіңіз, өйткені мұндай жерде сол адамның рухани күші сақталып тұратын», – деп түсіндіреді.

Шыңғыс хан қалай жерленген болуы мүмкін? Бонн университетінің тарихқа дейінгі археология және ерте тарих археологиясы бойынша профессоры, археолог Ян Бемманн сынды сарапшылардың пікірінше, XIII ғасырдағы моңғол ақсүйектері ағаш табытқа салынып, «алыс аймақтағы таулардың басына» жерленетін.

Оның айтуынша, жоғары дәрежелі моңғол ерлері, мәселен хандар жауынгерлігін көрсететін бұйымдарымен бірге, айталық, «жебе толы қорамсақ» немесе «ат әбзелімен» қатар жерленер еді.

Уезерфордтың ойынша, Шыңғыс хан жай ғана киізге оралған күйі жер қойнына тапсырылған болуы ғажап емес. Өйткені ол сарбаздары секілді қарапайым өмір сүргенін үнемі мақтан тұтатын.

Тағы бір жорамалға сай, Шыңғыс хан мүлдем жерленбеген болуы да ықтимал. Моңғолдарда «көкке жерлеу» дейтін ғұрып та болған. «Бұл – көшпенділердің қайтқан кісіні таудың басына шығарып, сол жерде қалдыратын дәстүрі», – дейді Лин.

Шыңғыс ханды қалай жерлегеніне қатысты алуан түрлі болжам айтылғанымен, қайда жерленгеніне қатысты пікірлер негізінен ортақ нүктеге түйіседі. Көп адам оның мәңгілік байыз тапқан мекені – моңғол халқы үшін қауіпсіздіктің, өзгеріс пен руханияттың киелі тауы саналатын, қазіргі сәтте ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Бұрхан Халдун деп сенеді.

Ықтимал орын белгілі болса да, археологтер ол тауды оп-оңай зерттей алмайды. Линнің түсіндіруінше, Бұрхан Халдун – император әулетінің қасиетті орны, сондықтан тыйым салынған аймаққа жатады. Оған бару үшін мемлекеттен арнайы рұқсат алу қажет. Мұндай рұқсат әдетте бақсылар мен моңғол шенеуніктеріне ғана беріледі.

Озық технология көмегімен іздеу

2008 жылы Лин Бұрхан Халдунның топырағын бұзбай-ақ егжей-тегжей зерттеу үшін озық технологияларды – жерсерік, дрон, георадар мен электромагниттік индукцияны қолдануды ұсынды. Оның зерттеу тобы краудсорсиң науқанын жүргізіп, ажыратымдығы жоғары жерсерік суреттерін көпшілік көмегіне жүгініп, қарап шықты. Табиғатқа зиян тигізбейтін осындай тәсіл тауға кіруге рұқсат алуда маңызды рөл ойнады.

National Geographic Society қаржыландырған «Хандар алқабы» жобасы аясында Лин мен оның зерттеу тобы Шыңғыс хан қайтыс болған кезең мен одан кейінгі заманға тән мыңдаған жәдігер тапты. Олардың қатарында шатыр тақтайшалары, күйген ағаштар, жылқы тістері де бар.

Сонымен қатар, Лин «қорым» мен «үлкен ғибадат орны» деп сипаттайтын тау басындағы құрылыс қалдықтары табылған. Ол: «Моңғолдар көшпенді болғандықтан, тұрақты құрылыс салмаған», – деп түсіндіреді. Тауда тұрақты құрылыстың болғаны оның күнделікті қолданысқа емес, арнайы рәсімге арналғанын білдірсе керек.

Бұл нысан Шыңғыс хан жатқан қорымның бір бөлігі болуы мүмкін бе? Лин жерді қазып зерттемейінше, оны анықтау мүмкін емес дейді.

«Меніңше, мәселе қазіргі моңғол халқының шешіміне тіреліп тұр: олар бұл құрылымның астында не бар екенін білгісі келе ме, жоқ па – соны өздері айқындап алуы керек. Әйтпесе қазба жүргізуге техникалық тұрғыдан ешқандай кедергі жоқ», – дейді ол.

Қабірді іздеудің әлі де маңызы бар ма?

Шыңғыс ханның қабірі бүгінгі күнге дейін сақталған болса, ол жай ғана жерлеу орнынан әлдеқайда ауқымдырақ мәнге ие болмақ. Ал Линнің пайымынша, ол моңғолдардың көпшілігі үшін «Шыңғыс ханның рухын әлі де бойына сіңіріп тұрған тірі дүние іспеттес» болар еді.

Моңғол наным-сеніміне сәйкес, «зиярат ету – рухты Көктен қайта шақыру» дегенді білдіреді, –  дейді Уезерфорд.

Тіпті арадан 800 жыл өтсе де, моңғолдар мемлекет негізін қалап кеткен бабасын әлі қорғаштап келеді. Мұны олардың қабірге қатысты көзқарасынан да байқай аламыз.

Абердин университетінің аға оқытушысы, археолог Джошуа Райт: «Моңғолия халқы үшін бұл – мұра мәселесі, – дейді, – ол жақта ешкім ханның қабірі қазылып, сүйегі ашылғанын қаламайтын сияқты».

Райт заманауи археологияда жергілікті қауымдастықтардың мүддесін ескере отырып жұмыс істеу  – қалыптасқан тәжірибе екенін айтады. «Қазіргі моңғол халқының Шыңғыс ханның сүйегін қазып алуға құлқы болмаса, бұл іске ешкім аттап баспайды», – дейді ол.

Моңғолияның қабірді қазуға ынтасыздығы оны ашқанда не тауып, нені жоғалтатынымызға қатысты сұрақтар тудырады.

Уезерфорд: «Біз оның қабірін іздемеуіміз керек, – деп тұжырымдайды, – “Денем өлсін – Халқым жасасын!” деп, Шыңғыс хан өзі айтып кеткен. Ол өсиетін қалай салмақты айтқан болса, моңғолдар да оны солай байсалды қабылдайды. Бұл ырымшылдық емес, бұл – құрмет».


Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.

Exit mobile version