Басты бет Басты тақырып Неліктен Жетісуды жер жәннаты дейміз?

Неліктен Жетісуды жер жәннаты дейміз?

Бір ай бұрын, тамыздың соңында, National Geographic Qazaqstan редакциясының экспедиция тобы Жетісу өңірінің ең ерекше жерлерін танып-білуге аттанды. Тревел-блогерлер, фотографтар мен видеографтардан құралған жиырма адамдық топ жол талғамайтын көліктермен Қазақстанның оңтүстік-шығыс өңірін аралады. Мақсат – жер жәннаты саналатын киелі мекеннің тұмса табиғатын өз көзімізбен көріп, табиғат пен тарих тоғысқан жерді көпшілікке таныстыру. Бүкіләлемдік туризм күні қарсаңында экспедиция мүшелері көріп қайтқан ғажап орындарды – Жетісу жерінің інжу-маржандарын назарыңызға ұсынамыз.

Жасылкөл

Фото: Фархат Қабдықайыров

Жасылкөл – жан-жағы таумен қоршалған, сондықтан да сырт көзге көріне бермейтін, Жоңғар Алатауының құшағында жатқан жасырын қазына. Бірден ескерте кетейік, көлге жету оңай емес: жол талғамайтын көлікпен екі сағаттай жүрген соң, тағы екі сағат жаяу көтерілуге тура келеді. Бірақ табиғаттың ғажайыбын көргенде, жолдағы қиыншылықты, шаршап-шалдыққаныңызды әп-сәтте ұмытып кетесіз. Жасылкөлдің сұлулығын сөзбен сипаттап жеткізу мүмкін емес. Ең дұрысы, оны өз көзіңізбен көрмек керек. Бұл орын – алған бетінен қайтпайтын нағыз қайсар саяхатшылар баратын жер.

Фото: Фархат Қабдықайыров

Экспедициямызға қатысқан дрон операторы Самғар Уәлихан Жасылкөлге ерекше тәнті болғанын айтады: «Жасылкөлдің жап-жасыл суы мен жағасындағы табиғи тыныштық адамға шынайы демалыс сыйлайды», – дейді ол. Бұл жердің тыныш болу себебі, мұнда келетін туристер саны аз. Жасылкөл – адам аяғы сирек басатын санаулы орындардың бірі.

Бұрхан-Бұлақ

Фото: Фархат Қабдықайыров

Жасылкөлге бару үшін көлігіңізді орта жолда қалдырып кетуіңіз керек болса, Бұрхан-бұлаққа көлікпен тікелей бара аласыз. Бірақ жаяу жүрмейді екенмін деп, жол жеңіл болады деп ойлап қалмаңыз. Жол талғамайтын көлікпен тау-тастың ішін кезіп, ауыр асулардан асып, сынаққа төзе білген адам ғана табиғаттың ғажап сыйына куә болады. Бұрхан-бұлақ – Орталық Азиядағы ең биік сарқырама. 168 метр биіктен құлдилап аққан тау суының гүрілін естіп, табиғаттың құдіретін сезінесіз. Бұл жерді асқақ арманы, биік мақсаты бар саяхатшылар міндетті түрде көруі керек. Тұмса табиғаттан қуат алып, ойыңыз сергіп, жігерленіп қайтарыңыз анық.

Экспедиция тобымыздың мүшесі, блогер Глеб Пономарев: «Қаладағы күнделікті күйбең тіршіліктен шаршағанда демалыс алғанды ұнатамын. Бұрхан-Бұлақ сарқырамасы мені ерекше тынышандырды, гүрілдеп аққан су жағасында медитация жасап жатқандай сезімге бөлендім. Ал сарқырамаға жақындағанда денеңе тиетін салқын тамшылар жағымды сезім сыйлайды. Айнала күнделікті өмірдің у-шуы, адамдардың дауысы, көлік гүрілі естілмейді: мұнда ТАБИҒАТ және СЕН ғана».

Тамшыбұлақ

Фото: Артём Орлянский

Бұрхан-бұлақтың гүрілі бойыңызға қуат бітіріп, шабыт сыйласа, Тамшыбұлақтың сыбдырлаған үні жаныңызды тыныштыққа бөлейді. Елестетіңізші, сәт сайын мыңдаған тамшы су бірінен соң бірі мүк жамылған жартастың арасынан тынбай ағып жатады. Бойындағы дертінен арылғысы келетін, жүрек түкпіріндегі тілегі орындалғанын қалайтын адамдар Тамшыбұлаққа жиі барады. Халық аңызы бұл жер қосыла алмаған ғашықтардың көз жасынан пайда болған дейді. Қысы-жазы қатпайтын мөлдір суын жұрт ертеден емдік қасиеті үшін пайдаланып келеді.

Шоқан Уәлиханов экспедицияларында осы жерде шөл қандырған, ал ағылшын саяхатшысы Томас Аткинсон әсерленгені соншалық, ұлына «Тамшыбұлақ Аткинсон» деп ат қойған. Жетісуға жолыңыз түссе, сіз де Қапал ауылындағы осы ерекше бұлаққа барыңыз!

Баянжүрек

Фото: Александр Кузнецов

Баянжүректің табиғаты да, тарихы да бай. Ол жер қаладан, елді мекендерден жырақта орналасқан. Сондықтан түнде жарық шуы болмайды. Аспан астында жұлдыз санап, қиялға берілгенді ұнатсаңыз, шеті-жегі жоқ ғарышты бақылап, аспан әлемін фотоға түсірем десеңіз, бәрін тастап Баянжүрекке барыңыз!

Біздің экспедициямыз осы жердегі жалғыз шопанның үйінде қонып, дастарқанынан дәм татты. Табиғат аясында қазақтың ұлттық тағамдары тіпті дәмді болады екен!

Фото: Артём Орлянский

Баянжүректің табиғи сұлулығын айттық, енді тарихи құндылығына тоқталайық. Мұнда ата-бабамыз тасқа қашап кеткен мыңдаған жыл бұрынғы суреттер, яғни петроглифтер бар. Экспедиция кезінде оларды көрудің сәті түспеді. Бірақ тарихи салмағы одан кем түспейтін жерге бардық. Бізге Жетісу жерін таныстарып, тарихын баяндап берген гидіміз – Visit Zhetysu ақпарат орталығының қызметкері Әлішер тұрғындар «жер компасы» деп атайтын жерді көрсетті. Оның айтуынша, мұнда ежелгі заманда обсерватория болған. Бұрынғы шақтың адамдары осы жерде бақылау жүргізіп, жыл мезгілдерінің ауысуын, табиғат құбылыстарын болжаған.

Жетісудың тағы қай жерлерін көруге болады?

Жетісу жеріндегі тағы бір таңғажайып мекен – аты аңызға айналған Алтын-Емел ұлттық паркі. Алтын-Емелдің ең әйгілі құбылысы – «Айғай құм» деп аталатын алып барқан. Биіктігі 150 метрге жуықтайтын осы құмтөбе құрғақ ауа райында желмен толқып, қайталанбас үн шығарады. Құлақ түрсеңіз, құм сусып қозғалған сайын әндей әуезді гүріл естіліп, тылсым бір сазға бөлейді. Күннің аптап ыстығында ми қайнатар шөлдің ортасында құдды бір табиғаттың өзі ән салып жатқандай әсерде қаласыз. Бұл құмды төбе жел бағытына байланысты кейде бірде баяу, бірде қатты дыбыс шығарып, талай саяхатшыны таңғалдырған. Құмға құлағыңды тосып тыңдасаң, даланың әуенін естігендей боласың.

Фото: Ерболат Шадрахов

Экспедицияға қатысқан кәсіби фотограф Фархат Қабдықайыров Жетісуға қатысты естелігін былай бөлісті: «Бұл өлкеге бұрын да келгенмін, Жасылкөл мен Бұрхан-Бұлақты жиі суретке түсіремін. Бір қызығы, Жетісудің ландшафты өңдеусіз-ақ кадрда әдемі шығады. Әсіресе маған ең қатты әсер қалдырғаны – Айғай құм, Іле өзені жағынан ерекше көрінеді. Қыста бетіне қырау қонған сексеуіл мен алып барқан таңсәріде ертегідей кейіпке енеді».

Фото: Ерболат Шадрахов

Алтын-Емел паркіндегі табиғат көріністері мұнымен бітпейді. Барқанның солтүстігінде қашықтан көз тартатын алып жоталар – Ақтау мен Қатутау созылып жатыр. Әр қабаты әртүрлі түске боялған бұл ғажайып жоталардан миллиондаған жыл бұрынғы бор, полеозой, мезо-кайнозой дәуірлерінің ізін көре аласыз. Ал Іле өзені жағасында орын тепкен Бесшатыр қорғандары көне сақ дәуірінің мұрасын сақтаса, ел аузында «700 жылдық тал» атанған қарт ағаш климаты құбылмалы өңірдегі өмірдің беріктігін аңғартады.

Жетісу өңіріндегі ең танымал бағыттардың бірі – шығысындағы кең жазықта орналасқан Алакөл көлі. Кең көкжиекпен астасып жатқан алып су айдыны алыстан мұхитты елестетеді. Көл суының түсі күн райына байланысты құбылып тұрады: кейде көгілдір, кейде қою көк, кейде сұрғылт тартады. Бұрын Алакөлге тек төңіректегі тұрғындар келсе, қазір бұл орын бүкіл ел бойынша сұранысы жоғары нағыз туристік орталыққа айналды. Жөндеуден өткен Алматы-Өскемен тасжолымен мұнда жылдам жете аласыз.ё

Жетісудың тарихы да, табиғаты да бай. Бұл жаққа жолыңыз түсіп жатса, Таңбалытасты, Балқаш көлін, Жаркенттегі қытай стилінде ағаштан салынған мешітті көруге болады.

Біздің экспедицияға қолдау көрсеткен Toyota Kazakhstan мен Visit Zhetysu туристік ақпарат орталығына алғыс айтамыз.

Exit mobile version