Қазақстанның тұзды көлдерінде көне тіршілік иесі – динозаврлардың замандасы – артемия жәндіктері өмір сүретінін білген бе едіңіз? Бұл ұсақ жәндіктердің экожүйедегі маңызы қандай?
Автор: Баян Кожижанова

Артемия (Artemia spp.) – Жер бетіндегі ең көне тіршілік иелерінің бірі. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл организм шамамен 150 миллион жыл бұрын, яғни динозаврлар заманында пайда болған. Алып рептилиялар әлдеқашқан жойылып, тасқа айналып, топыраққа сіңіп кетсе, төзімді артемия жәндіктері әлі күнге тіршілігін жалғастырып келеді.
Артемия – ұсақ шаянтәрізді жәндік. Ол жоғары тұздылық, температураның күрт ауытқуы, оттегі тапшылығы мен құрғақшылық секілді экстремал жағдайларда ерекше әдіске жүгініп, тіршілігін сақтап қалады. Аналық артемия қатты қабықпен (хорионмен) қапталған цисталар (жұмыртқа) түзе отырып, ұрпағын сыртқы факторлардан қорғайды. Бұл жұмыртқалар құрғақшылық пен аязға төтеп беріп, ондаған жылдар бойы өміршеңдігін жоғалтпайды.
Осы ерекше тәсілдің арқасында артемия талай геологиялық дәуірді артқа тастап, бүгінгі күнге аман-сау жеткен.
Қазақстан көлдеріндегі артемия
Қазақстан аумағында тұздылығы 94–280 г/л аралығындағы шамамен жүзге жуық көл бар. Олардың кейбіріндегі судың тұздылығы соншалық, онда балық түгілі, ең төзімді деген өзге де тірі ағзалар өмір сүре алмайды. Ал артемия үшін мұндай орта – нағыз жұмақ. Тіршілік етуге мүлдем қолайсыз жерлерде ұзындығы небәрі 10-15 миллиметр болатын ғажайып жәндік – артемия еш қиналмай тіршілік етеді. Кіп-кішкентай тұрқына қарамастан, ол экожүйелердің тепе-теңдігін сақтауда және әлемдік акуамәдениетте маңызды рөл атқарады.
Жоғарыда атап өткеніміздей, қолайсыз экологиялық жағдайда аналық артемиялар қалың хорион қабығымен қапталған цисталар (ұрықтанған жұмыртқалар) түзеді. Бұл цисталар тартылып, құрғап қалған көл табанында, мұз боп қатқан суда немесе қалың қар құрсауында ондаған жыл бойы өміршеңдігін жоғалтпай жата алады.
Зерттеулер көрсеткендей, мұндай цисталар тіпті 10–50 жыл өткеннен кейін де белсенді күйге өте алады. Қолайлы ортаға түскен сәтте (яғни, инкубация барысында) жұмыртқалардан науплиус деп аталатын дернәсілдер шығады. Сөйтіп артемия жәндігінің тіршілік циклі қайта жалғасады.
Тұзды суда тіршілік етуінің сыры
Бір қызығы, бүгінде тұзды суда еркін тіршілік ететін артемиялар – көне заманда тұщы суды мекендеген организмдердің тікелей «ұрпағы». Қисынға салсақ, ащы суде өмір сүру артемияға еш тиімді емес. Өйткені мұндай жағдайда ағзасындағы артық тұзды шығарып тастауға көбірек энергия жұмсауы керек болады. Яғни олар тұздылығы төмен суда жақсырақ өмір сүруге тиіс еді, бірақ шынайы өмірде мүлдем олай емес. Артемиялар тек өте тұзды суда (40 г/л-ден жоғары) жақсы өсіп-өнеді. Мұның себебі неде?
Бұл сұраққа жауап табу үшін артемияның ағзасында өмір сүретін ішек микробтарына үңілуіміз керек. Зерттеулер көрсеткендей, егер артемия зертханалық жағдайда микробсыз өсірілсе яки табиғи ортадағы балдыр орнына ашытқымен қоректенсе, ол тұздылығы төменірек суларда немесе тіпті тұщы суда да жақсы өсіп-жетіледі екен. Ал табиғи ортадағы балдырмен қоректенген жағдайда, ол тірі қалу үшін міндетті түрде микробтардың көмегіне жүгінеді. Артемияның ішіндегі ішек микробтары болмаса, жәндіктің бір өзі балдыр құрамындағы көмірсуларды ыдыратып, улы заттарды сыртқа шығаруға қауқарсыз.
«Тоқтай тұрыңыз, бұған тұзды судың не қатысы бар?» – дейтін де шығарсыз. Ең қызығы, артемияның ішегіндегі микроағзалар тұзды қатты ұнатады екен. Сондықтан артемия ас қорытуға көмектесетін микробтарға қолайлы жағдай жасау үшін ащы суда тіршілік етуге мәжбүр. Екі түрлі ағзаның бұлай бір-бірімен тығыз, пайдалы қарым-қатынаста өмір сүруін биология ғылымы «симбиоз» деп атайды. Микробтар артемияның ас (балдырларды) қорытуына көмектессе, ал артемия оларға өмір сүруге қолайлы орта (тұздылығы жоғары су) ұсынады. Мұндай ғажап симбиоздың арқасында артемиялар аса тұзды суларға бейімделген.
Кіп-кішкентай жәндіктің үлкен маңызы
Артемия жәндігі экожүйелердегі қоректік тізбектің маңызды элементі саналады. Ол – балықтар мен шаяндардың, құстардың, соның ішінде қоқиқаз секілді қоныс аударатын құстардың да негізгі азығы.
Қазіргі сәтте артемия цисталары акуамәдениетте (балық пен асшаян шаруашылығында) бастапқы тірі азық ретінде кең қолданылады. Бұл – олардың құрамында омега май қышқылдары мен аминқышқылдарының мол болуымен байланысты. Кейінгі жылдары артемия компоненттерін косметология мен медицинада пайдалану бағытында зерттеулер жүргізіле бастады. Ғалымдар одан алынатын биологиялық белсенді заттарды тері күтімі мен регенерация процестерін жақсартуға, сондай-ақ иммун жүйесін қолдауға қолдану мүмкіндігін зерттеп жатыр.
Сонымен қатар, оның ең қатал жағдайларға да бейімделіп, өміршеңдігін сақтап, дамуға қабілетті болғаны ғалымдардың ерекше қызығушылын оятады. Осындай қабілетінің арқасында артемиялар экстремал ортаға бейімделудің биологиялық моделі ретінде ғылыми зерттеулерде маңызды рөл атқарып жүр.
Артемия – тіршіліктің көне куәгері, төзімділік пен мәңгілік жаңғырудың символы. Оның цисталары зымырап аққан уақыт тізбегіне, қақаған аяз бен құрғақшылыққа да төзіп, бір тамшы тұзды суда қайта тіріледі. Ол ең қолайсыз жағдайларда да өмір сүруге болатынын еске салады. Микробтармен симбиоз құрған артемиялар бізге өзара жәрдемдесудің маңызын да түсіндіреді.