Күздің бір жылы күнінде Жайық өзенінің сағасында қайықпен экскурсия жүргізген едім. Экскурсия тобымыз шағын ғана: тың дүниелерді танып-білсем деген төрт адамнан тұрады. Біз Жайықты бойлай жүзіп келе жаттық. Әдетте жылдың осы мезгілінде өзеннің суы ашық жасыл түсті болады: тасқын әлдеқашан артта қалған, лай шөгінділері су түбіне тұнып, ағыс баяулаған. Оған қоса «гүлдеп» тұрған фитопланктондар да суды зүбәржат түстес етеді.
Мәтін мен фотосуреттердің авторы: Юлия Вахмистрова
Бұл мезгілде суда жүзіп жүрген балықтарды, тіпті олардың су бетіне ыршып секіріп шыққанын да көруге болады. Дегенмен бұл жолы бізді таңғалдырған тек желбезектілер емес еді. Сағаға қарай жүзіп бара жатқанымызда, қатысушылардың бірі бұл сапарда жалғыз емес екенімізді байқап қалды.

Қайығымызға қатарласа бір жылан жүзіп бара жатты! Тобымыздағылар бұған алуан түрлі реакция білдірді: бірі қорқып қалса, бірі қызыға тамашалап тұрды. Ал мен, әдеттегіше, фотоаппаратыма жармасып, бауырымен жорғалаушыны суретке түсіре бастадым. Мұндай сәт үнемі туа бермейді, жанымызда жүзіп бара жатқан жыланды күн сайын көре бермейміз! Оның сырт пішініне мұқият зер салып, жоны шахмат тақтасын еске түсіретін қара-сұр түсті екенін байқадық. Біздің жанымызда уытсыз бауырымен жорғалаушы — сужылан (Natrix tessellata) жүзіп бара жатқаны сонда ғана түсінікті болды.
Аяқ-қолы жоқ тіршілік иесі бізге «достық ниетін» білдіріп, қайығымызға қатарласа бізбен бірге біраз жерге дейін жүзіп барды. Бізден еш «қымсынып-қымтырылған» да, қорыққан да жоқ.

«Эксукурсияласымыз» су ішінен басын ара-тұра көтеріп, жан жағын барлай қарап қояды. Осы мезетте оның дөңгеленген көзі, дөңгелене келген көз қарашықтары анық көрінді. Бұл – жыланның уытсыз екеніне тағы бір дәлел.
Сужылан бізбен «үзеңгілесе» тағы бірнеше минут жүзді. Соған қарағанда, ол да біз баратын жақты бағыт еткен секілді. Ал сәлден кейін, теңізге шығуға жақын қалғанда, жолымыз екіге айырылды: ол бізден әрірек жүзіп, көзден ғайып болды. Кездесуден алған таңғажайып әсер — жадымызда, сужыланның суреттері — фотоаппаратымызда сақталып, естелікке айналды.
Сужыланның өмір сүру ортасы
Қазақстанда мұндай жыланның екі түрі кездеседі: сарыбас жылан және кәдімгі сужылан. Екеуі де уытсыз. Аты айтып тұрғандай, сужыландар көбіне су ішінде жүреді. Балықтар мен су жәндіктерін қорек етеді. Ол тұзды суда да, тұщы суда да өмір сүре береді. Сужыланды Каспий теңізіндегі аралдарда да жиі кезіктіруге болатынын естігенім бар.
Бұл жыландардың ұзындығы 140 сантиметрге дейін жетеді! Бізге жолыққаны — әжептәуір ірі, ұзындығы бір метрден асатын сужылан еді.
Табиғатта осы бір бауырымен жорғалаушының жауы жетерлік: жыланның басқа түрлері мен ірірек құстар оны түскі ас қылуға еш қарсы емес. Бірде сондай жағдайды өз көзіммен көргенім де бар. Жирен құтан кішкентай сужыланды ұстап алып, ұзақ арпалыстан кейін ақыры оны қылғытып жібергеніне куә болған едім.
Сужыланды қорғау — табиғатты қорғау
Өкінішке қарай адамдар да оған қастық қылып жатады. Көбіне оны улы сұр жылан екен деп, бас сала өлтіріп тастайды. Расында да бұл екі жыланды шатастыру оп-оңай: екеуінің де терісі сұр түсті. Дегенмен зер сала қарасаңыз, оларды оңай ажыратуға болады. Сужыланның жоны шахмат тақтасы сияқты өрнектелген болса, ал сұр жыланда — ирек тәрізді сызық бар.
Дейтұрғанмен тіпті улы сұр жылан да өлтіруге тиіс тіршілік иесі емес. Тұмса табиғатта әр жануардың атқарар рөлі бар. Олардың біреуі болмаса, әлемдегі тепе-теңдік бұзылып кетер еді.
Алда-жалда сужыланға кезігіп қалсаңыз, одан еш қорықпай-ақ қойыңыз. Оның орнына осындай ғажап жаратылысқа тамсана қарап, оның аман-есен кетіп қалуына мүмкіндік беріңіз. Сонымен қатар, әрине, оны фотоға түсіріп алуды ұмытпаңыз!

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Kaspi арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.








