Алматының сәні Алатау болса, Алатаудың сәні – көкке бой түзеген әсем Тянь-Шань шыршасы (Шренк шыршасы). Дегенмен Тянь-Шань шыршаларының табиғат пен адамзатқа пайдасы оның көз тоймас көркімен шектелмейді. Әсем шыршалар топырақ эрозиясы мен қар көшкінінің алдын алып, тау шатқалдары мен экожүйені күшейтеді. Осыны ескерген Shymbulak тау курорты «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркімен бірлесіп, Кіші Алматы шатқалындағы Тянь-Шань шыршалары өсетін орман алқабын сақтап, қалпына келтіруге бағытталған ұзақмерзімді Shyrshaly бастамасын қолға алды.

Неге Тянь-Шань шыршасы?
Тянь-Шань шыршасы (лат. Picea schrenkiana) – Алатаудың символы әрі Кіші Алматы шатқалы экожүйесінің ажырамас бөлігі. Shyrshaly жобасының басты мақсаты – Алатау шатқалдарында осы аймаққа жерсінген шырша санын көбейту, сол арқылы экожүйені сақтау, өсімдік пен жан-жануар дүниесін арттыру, табиғи апат қатерін азайту.
Тянь-Шань шыршасы 2-3 млн жыл бұрын Тянь-Шань мен Памир жоталары түзіліп, климат құрғақ, салқындағанда аман қалған реликт өсімдік. Биіктігі 30 метрге дейін жететін, 3 ғасырға жуық өмір сүретін шыршаның бұл түрі тамырымен жота топырағын табиғи түрде бекітіп, тозудан сақтайды, қар көшкіндеріне тосқауыл болады.
2021 жылғы жараны емдеуге үлес
Shyrshaly Shymbulak – ауқымды экологиялық бастама. Бастапқы кезеңде көшеттер топырақ эрозиясы мен қар көшкінінің алдын алу үшін курорт аумағында отырғызылды. Биыл курорт аумағында 500 Тянь-Шань шыршасының көшеті егілді. Келесі кезеңде бастама шатқалдың басқа да осал бөліктерін қамтиды. Еске сала кетейік, 2011 жылы Кіші Алматы шатқалында болған қатты дауылдан 80 мыңнан астам қарағай опырылып құлап, 480 гектар орман алқабы жалаңаштанып қалған еді. Осылайша, Shymbulak тау курорты Тянь-Шань табиғатын сақтау мен тұрақты дамуға өз үлесін қосуды көздейтін жауапты іс бастап отыр.