Басты бет Табиғат Флора мен фауна Тропиктен келген көкқарға

Тропиктен келген көкқарға

Осы бір таңғажайып көкшіл құсты Қазақстан жерінде алғаш рет көргеніңізде, ол мұнда кездейсоқ тап болған, адасып ұшып келген, оның Отаны жырақтағы әлдебір тропикалық өңірде деп ойлауыңыз бек мүмкін… Осыдан біраз жыл бұрын табиғатта сейілдеп жүргенімде, Каспий талының (Salix caspica) ұшар басына қонақтаған, көлемі сауысқандай, қауырсыны ашық-көк түсті қанаттыны көргенімде, менің де осылай ойлап қалғаным бар. Бірақ бұл ғажап құстың Отаны өзіміздің Атырау екен!

Мәтін мен фотосуреттердің авторы: Юлия Вахмистрова

Көкқарғаны (ғылыми атауы — Coracias garrulus) жылдың жылы маусымында Атырау облысының кез келген жерінен кезіктіруге болады. Ол Қазақстанның оңтүстігі мен шығысында да ұя басады. Қарғаға ұқсас сұлбасын көріп, оны бірден тани кетесіз. Тұмсығы мен дене тұрқы кәдуілгі қарғаның шағын көшірмесі іспеттес.

Бұл ерекше құс ағаштың қуысын немесе басқа құстар өзен жағасындағы жарқабаққа салған ескі ұяны өзіне баспана етеді. Құрт-құмырсқа, көбелек, инелік, шегіртке секілді ұсақ жәндіктермен қоректенеді. Көкқарға — моногамды тіршілік иесі, яғни жұптасқан соң, сол серігімен өмірінің соңына дейін бірге болады. Олар жылына 2-5 жұмыртқа басады. BirdLife International ұйымының дерегінше, көкқарғаның орташа өмір ұзақтығы — 5,6 жыл.

Көкқарғаның саны неге азайып барады?

Ғалымдардың есептеуінше, көкқарғалардың әлемдегі жалпы саны шамамен 100-500 мың дарақ. Оларға дәл қазір жойылып кету қаупі төніп тұрған жоқ. Әйтсе де кейінгі жылдары популяциясы күрт азайған. Бұрын тұрақты мекендеген Финляндия мен Германия жерлерінде көкқарға біраз жылдан бері еш ұшыраспай жүр. Соған қарағанда, бұл өңірлерден жойылып кеткен. Кейбір есептеулерге сәйкес, кейінгі он жылда көкқарғалардың жалпы санының шамамен 30 пайызы құрып кеткен.

Осынау ғажап құстың күрт жойылуына ормандардың оталуы, жоғары кернеулі электр сымдары, климаттың өзгерісі әсер еткен. Сонымен қатар зиянкес жәндіктерге қарсы пестицидтердің ауыл шаруашылығында жаппай қолданылуы салдарынан олар азықтан қағылып, саны азая түскен.

Көкқарғалар Еуропа мен Азияда ұя басып, Африкада қыстап шығады. Дереккөз: IUCN Red List

Көкқарғалар табиғатынан үркек, сондықтан мен оған автокөлікпен баяу ғана, абайлай жақындадым. Дегенмен арамызда әлі де біраз қашықтық бар. Жануарлар жаяу жүргіншіден гөрі автокөліктен азырақ қорқады. Осы әдіс-айлаға өзім жиі жүгінемін.

Жылдың осы шағында мыңдаған құс жылы жаққа қоныс аударады. Солардың арасында біздің бас кейіпкеріміз — көкқарға да бар. Ол алысқа, оңтүстік өлкелерге қарай қанат қағады. Сонау Оңтүстік Африкаға дейін барып-қайтады. Мұндай әсем құсты енді келер көктемде ғана көре аламыз. Күн қайта жылып, ағаштар қайта жасыл жамылған сәтте, теңіздің қою көк түсін қауырсынына сіңірген көкқарға тропик өңірдің ыстығын өзімен бірге ала келмек.

Келесі көктемде кездескенше, көкқарға!


Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.

Exit mobile version